Прямой эфир Новости спорта

Ең ерекше репортаж

Фото автордікі
Фото автордікі
Қазақ журналистикасындағы теңдесіз репортаж бұдан бір ғасыр бұрын Семей қаласында жазылған деп білеміз. Авторы – Сұлтанмахмұд Торайғыров.

Қазанның соңы мен қарашаның басында Семейде қар аралас жаңбыр жауған. Тротуары тозып, кей тұсында бордюрімен бірге жерге сіңіп кеткен, көп көшесіне мүлде салынбаған қалада аяқты балшыққа батырмау да арман екен. Қазір біз тротуар іздеп паңданып жүрміз. Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ қауымы аяқ жолы тұрмақ асфальты жоқ көшенің лайсаңына қарамай. үлкен оқиғаның куәгері болуға ағылған еді.

Бұл туралы кезінде керемет репортаж жазылып, бір газеттің екі нөміріне жарияланды. Бірақ, оны жетпіс жыл бойы ешкім оқи алмады. Журналистика факультеті студенттері үшін үлгі болуға тиісті шеберлікті танытқан шығарма кейіпкерінің атымен бірге қамауда ұсталды. Авторы Сұлтанмахмұд Торайғыров "Алаш" партиясына қатысы бардың бәріне қырғидай тиетін саяси қуғын-сүргінге дейін қайтыс болғандықтан сталиндік "қара тізімге" ілінбеген. Бірақ, Алашқа қатысты туындыларына коммунистік цензураның "оқуға болмайды" деген таңбасы басылды. Соның бірі – "Сарыарқа" газетінің 1917 жылғы қазан айының 30-ы мен қараша айының 13-і күнгі нөмірлеріне жарияланған "Әлиханның Семейге келуі" атты репортажы.

Ғалымдар оны "мақала" деп үкілейді, біздің пайымдауымызша, бұл – репортаж. Бірінші сөйлемінен бастап жанры танылып тұрады: "Кешке жақын Семейде 21-октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, "Бостандық үйіне" қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. "Сегіздегі бала да, сексендегі шал да қалмай" дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейі үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандары көрініп тұрушы еді."

Репортаж бірден қазақтың басынан бұрын-соңды өтпеген көрініске жетелей жөнеледі. Халық не үшін қуанған? Неге жүздері жарық, еңселері көтеріңкі? Оқырманды осы сұрақ ынтықтырып, әрі қарай асыға көз жүгіртері сөзсіз. Сұхтанмахмұдтың шеберлігі сонда. Жалпы Торайғыров туралы роман жазылып, шығармалары жайында зерттеулер жасалғанмен, оны тарихи биік тұғырына қондыра алмай келеміз.

Есте жүрген есім: Сұлтанмахмұд өмірі – бүгінде "ұлтқа қызмет етем" деушілерге үлгі. Бір мысалмен шектелейік. Ол кезде Қазақ ұлттық университетінде оқимыз. Орыс бөлімінде Олег Никанов деген студент бар. Кейін парламент депутаты болған. Ол бізге "неге Мұқағалиға тәнтісіңдер? Одан да Сұлтанмахмұдты дәріптемейсіңдер ме?" дейтін. Арада қырық жыл өткенде орыс тілді курстасымыздың бірдеңені біліп айтқанын аңғардық. Бажайлап оқығанға ақынның әрбір өлеңі осы заманда да өміршең екен.


Осы тұсқа "Сарыарқа" газетінің сарғайған данасын қойса, шіркін!

Осы тұсқа "Сарыарқа" газетінің сарғайған данасын қойса, шіркін! / Фото автордікі


Хош, енді ХХ ғасыр басындағы Семейге оралайық. Көпшілік не үшін жиналып жатыр, неге қуанып жүр? Сұлтанмахмұдтың репортажын әрі қарай оқығанда жауабы шығады. Бұл жолы пристав пен стражниктер жоқ, болыс пен ауылнайлар жоқ. Автор біріншісін "жұртты қойша иіріп сабайтын" деп суреттесе, екіншісін "етектері далиып, мойындарына бір-бір сары жезін салып жүретін" деп суреттейді. Иә, патша қазақтың ең мықтыларының мойнына түрлі орден, медаль тағып, жарылқап тастаған. Мұны ақын кезінде:

Ол рас, аталарың шенге алыпты,

Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.

Апыр-ай, қалай бұлдап сатқандарын,

Оқа, түйме, сылдырмақ, теңге алыпты, – деп аяусыз шенеген.

Сол мысқылдың жұқанасы репортажда сақталған. Жай сақталмаған, дәл суретке пайдаланылған. Сонымен приставтан именбейтін, болысқа бой бермейтін кімдер десек, автордың айтуынша: "ерікті қазақтар, елге еңбегі сіңген ерін тосып жүрген қазақтар еді".

Репортаждың сиқыры үстемелеп жаза білуде. Көптеген журналистеріміз осыны меңгере алмай келеді. Бір ғасыр бұрын қалам ұстаған, әрі журналистика факультетінің есігін ашпаған Сұлтанмахмұд оны қалай меңгерген десеңізші. Бұлар алдымен – ерікті қазақтар, сосын – елге еңбегі сіңген ерін тосып жүрген қазақтар!

Бір ғасырдан кейін жиындарға мұғалімдер мен студенттерді зорлап кіргізетін жәйттер орын аларын ескергенде, ропортаждың мәні еселеп арта түседі. Автор одан әрі ынтазар етіп, "Ол ері кім еді?" деп сұрақ қояды да, келесі сөйлемде оған жауап береді. Міне осы жауап ретіндегі жолдар көркем және дәл жазылған. "Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит-бүрге, қандалаға қанын берген, ... түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір іс үшін жалданбаған, "қайткенде алаш көркейер" дегеннен басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов еді".

Қандай құйылып түскен сөздер бұл! Сипаттаудағы шындық өз алдына. Негізі репортажды ақынға жазғызған жөн. Сол заманда Семейде "Сарыарқа" газетін шығарған Халел Ғаббасұлы ұлт көсемі Әлиханды қарсы алу туралы репортажды Сұлтанмахмұдқа тапсырғаны – редактор ретіндегі көрегендігі деп топшылаймыз. Егер тапсырған болса... Әлде кездесуден қатты әсерленген Сұлтанмахмұд еш міндетсіз көсіліп жаза салуы мүмкін. Қалай болғанда да нағыз репортаж ақынның қаламынан туады.

Арада елу-алпыс жыл өткенде осыны дәлелдейтін тағы бір мысалды білеміз. Алматының "Қайраты" КСРО чемпионатының жоғары лигасының кезекті ойынын өткізерде жастар газетіне репортаж жазуды спорт бөлімінің меңгерушісі Сейдахмет Бердіқұлов жас ақын Тұманбай Молдағалиевке тапсырады. Бұған газет басшылары реніш танытады. "Бекер болды, ақын адам футболдың қыр-сырын білмейді ғой" деп уәж айтады. Ертесінде Тұманбай ақын репортажын әкеледі. Соның ішіндегі "гол кіргенде стадион мөңкіп кетті" деген бір сөйлемі үшін-ақ кеше күмән келтіргендер Сейдахметті құттықтайды.

Есте жүрген есім: Бірнеше жыл Сейдахмет Бердіқұловтың қарамағында қызмет еттік. Репортаж жанрына сол кісі баулыды. Спорт бөлімі өз алдына, бірде Шаруа жастар бөлімінің арнайы нөмірін репортаждармен шығардық. Ауылдың таңғы тірлігінен түнгі күзетіне дейін қамтыдық. Бүкіл облыстарда төл алған, жылқы баққан, техника жөндеген, тұқым сепкен, арық тартқан дегендей сан қилы іспен айналысқан жастар бейнесін осы жанрда жеткіздік. Сол жолы редактор арнайы нөмірлер арасындағы бәйгені Шаруа жастар бөлімінің қанжығасына байлап еді.


Алаш алыптарына бір тақта арналыпты

Алаш алыптарына бір тақта арналыпты / Фото автордікі


Енді өзіміз ізімен жүріп келген оқиғаға оралайық. Сұлтанмахмұдтың репортажы екі күнді қамтиды. Бірінші күні жұртшылық Томскідегі Сібір автономиясын құрушылар съезінен қайтқан Әлиханды қалай қарсы алғанын аңғартқан автор екінші күнгі оқиғаны сол әсерден шықпаған қалпы шалқып суреттейді. Әлихан Бөкейханов қазақтың болашағын белгілеп баяндама жасауы керек. Бұл жолы көпшілік кешегіден кеңдеу ғимаратқа бармақ. Ол кездесу Ертістің арғы жағасындағы, сол тұстағы Алаш қаласында өтеді. Міне паромнан көсемін қарсы алған халықтың Сұлтанмахмұд репортажындағы көрінісі: "Алдыңғы ретте көңілі өсіңкі аттылар қолында "күнім туды, күн астында мен де..., мен де..." деп көкке қарап, көкірегін керген Алаш туы көзге бұрын түсуші еді. "Көтерілген туым бар, көтеретін өрім бар..." дегендей қиылып, көңілі босап көздеріне жас алған отағасылар, ақсақалдар бір рет еді. Балапандарын шұбыртқан үйректей шәкірттерін қатарлап алдарында, қолдарына түрлі түстегі ту алып бастаған мұғалімдер бір рет еді. Мұғалімдік курс шәкірттері де туын желкілдетіп бір рет еді".

Автор халықтың көптігін "Алаш қаласында ең кеңі осы деп таңдап даярлаған үйге халық сыймады, көбі сөзін естуден бұрын көруге құмар еді" деп суреттейді. "Есікке сыймағаны, терезеге үймеледі" дейді.

Мұншалық құрметті бейнелеген автор енді кейіпкерінің оны қалай қабылдағанын жазуы қисынды шығар. Сұлтанмахмұд мұны ұмытпапты, репортажында Әлиханның көптің ықыласын көрген соң айтқанын келтіреді: "Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайықты еңбегім сіңді деп мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын!"

Есте жүрген есім: Әлихан Бөкейханов – қазақ үшін тар заманда ту көтеріп шыққан тұлға. Өз басының емес, туған елінің қамын ойлайтыны сан мәрте танылды. Сот, абақты еш жасыта алмады. Көсемдік оған байлық пен дәулет үшін қажет болмады. ХХ ғасыр басындағы ұлтта төнген зор қатерлер: қазақтың құнарлы жерден ысырылуы, надандықта қалып тек діннен пана іздеуі, соғыстағы әскер соңында жүретін қара жұмысқа алынуы, патша тақтан түскен соң кімнің қандай мақсат көздегенін біліп болмайтын Азамат соғысының басталуы Әлиханды еркінен тыс ұлттың жол бастаушысы етті. Сол асыл мұрат жолында қаза тапты.


Тарихи ғимарат қақпасындағы мекен-жай "ул. Ленина 5" деп көрсетіп тұр

Тарихи ғимарат қақпасындағы мекен-жай "ул. Ленина 5" деп көрсетіп тұр / Фото автордікі


Әлі тротуарға жарымаған Семейде Алаш рухы сақталған. Сол тарихи ғимараттар да сақталған. Сұлтанмахмұдтың репортажында халық бірінші күні Әлихан Бөкейхановты қарсы алатын үй бүгінде облыстық тарихи өлкетану музейі екен. Тек сырт қақпасындағы "ул. Ленина 5" деген жазудан тіксіндік. Осы көшеге "Алаш" аты лайық емес пе. Ал халық екі жағынан көсемін қарсы алған жағалауға Әлихан Бөкейханов аты берілсе, марқұмның мерейі пейіштің нұрында шалқитын шығар.

Қазіргі музей ғимараты оған дейін де, одан кейін де тарихи оқиғаларға куә болған. Мұнда 1917 жылғы сәуір айындағы құрылтайда Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданған. Ұлт абызы Шәкерім оған қатысып, сөз сөйлеген.

Сұлтанмахмұд репортаж жазған оқиғадан кейін мұнда большевиктер былығы басталғанша Земство басқармасы орналасады. Оған ұлтымыздың марғасқалары Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасұлы бірінен кейін бірі басшы болған. Иә, сол кісі, Сұлтанмахмұд репортажын жариялаған "Сарыарқа" газетіне редактор болатын Ғаббасұлы.

Өкінішке қарай, бұл ғимаратты айналып шыққанымызда, осындай тарихи оқиғалардан хабардар ететін ескерткіш тақталар көзімізге түспеді. Енді дайындалып жатса, өкпеміз жоқ. Ал мұражай ішінде Алаш көсемдеріне ені жарты құлаш тақта ғана бөлінгенін қомсынып қалдық. Сұлтанмахмұд туралы беріде шыққан бір кітап қойылыпты. Одан гөрі "Сарыарқа" газеті, ондағы мақаласы, ең болмаса солардың көшірмесі тұрса, әлдеқайда әсерлі болар еді деп ойладық. Жалпы Алаш алыптарының бұл қаладағы іздері бір тақта, жарты сөреге сияр ма, сірә?!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров