Бабалар тұмаққа салған

2017 жылғы жазғы маусымда жабылып ЭКСПО-ны өткіздік. Ұшақ, электровоз, автобус атаулыға басылған таңбасын күн жеп, жел кеміріп көмескіленіпті. "Мынау бізге ЭКСПО-дан қалды" дерлік жаңалық көп емес. Әлем тарихын байқастасақ, баршылық екен.

Мысалы, үлкен әуежайлар мен дүкендерде жылжымалы жолдарды жиі көрдік. Алып ғимараттарды аралағанда жүрісті өндіріп алатын жедел жеткізгішті 1893 жылы Чикагода Бүкіл дүниежүзілік мамандандырылған көрме үшін іске қосқан. Демек, көрменің ішіне қойылатын техника мен құрал-жабдықтар ғана емес, оған дайындықтың өзі көп жағдайда жаңалық әкеледі.

1939 жылы Нью-Йоркте ұйымдастырылған EXPO көрмесінің жарқын оқиғаларының бірі – жаңа ақпарат саласы телевизияның таныстырылуы. Мұнда телевизия саласындағы RCA жетістігі жұртқа жария етілді. Сиэтлдегі 1962 жылғы Халықаралық көрмеде алғаш IBM компаниясы өз компьютерін ұсынды. Ел электронды кітапхана дегенді естіді. 1970 жылғы Осака көрмесіне АҚШ өздерінің "Аполлон – 12" ғарыш кемесімен ұшқан астронавтар Жерге жеткізген Айдың тасын қояды. 2011 жылы Германияның Ганновер қаласындағы Халықаралық мамандандырылған көрме кезінде Industry 4.0 қандай болмағын автомобиль өндірісіне бірегей бөлшектер жасайтын немістің Bosch компаниясы жарқырата көрсетті.

Керек десеңіз, Халықаралық көрме әрбір жолы жаңа азық-түлік түрлерін таныстырып, кейін ол бүкіл әлемге кеңінен тараған. Мұз қосылған шай алғаш рет 1904 жылы Сан-Луис көрмесіне қойылған. Түтікшеге салынған балмұздақ та жер бетіне EXPO көрмесінің арқасында мәлім болды.

Денсаулық сақтау саласы да әрбір ЭКСПО сайын дүр сілкінеді. Қазақ шала туған баланы тұмаққа салып, керегеге іліп жетілдіріп алған. Ал тұмағы жоқ мына әлем қайтеді? Шала туған нәрестеге арналған инкубаторды Бүкіл дүниежүзілік көрмеден көрген әлем елдері дереу өз перзентханаларына сатып ала бастапты.

Мысал жеткілікті. Ал, экологиялық және экономикалық тиімді тақырып – сарқылмас қуат көздері туралы жаһандық көрме өткізген Астананың әлі көмір жағып, желтоқсанның тымық күні қара түтінге тұншығып тұрғаны өкінішті. Инкубатор жайында айтып, шала туған сәбиді тұмаққа салып қойған әпенді сияқты.

КСРО бөтелке көмген

Қуаттың сарқылмас көздерін іздеу әріден басталған. Он тоғызыншы ғасырдың соңында-ақ Еуропа елдерінде мәңгі мұз бен сарқырамаларды осы мақсатқа пайдалану туралы идеялар айтылды. 1889 жылы Парижде өткен Бүкіл дүниежүзілік көрмеде су мен ауа ағысын пайдалану арқылы жұмыс істейтін турбина қондырғылары көрсетілді.

Ал ХХ ғасырдың парағы ашылар кезде француз суретшілері мен өнертапқыштарына еркін қиялдауға мүмкіндік берілді. 1900 жылы ел астанасында кезекті ЭКСПО өтерде тақырыптық пошта маркаларын шығару үшін олардың ортасына "болашақта қандай техникалық жетістіктер мен өзгерістер болады?" деген тақырып тасталды. Онда да жақын уақыт емес, бір ғасырдан соң. Болашақты бейнелеу үрдісі 1910 жылға дейін созылған.

Француздар арасында ерекше қозғалыс басталды. Бұрын кітап болып шықса, енді фантастиканы жанр ретінде суретпен салу қызығушылық тудырды. Оның үстіне сурет пошта маркасы ретінде басылып, көпке тарайды. Сонымен бірге темекінің қорабына жапсырылған.

Беріде зерттеушілер картиналардың барынша шабытпен және бояуды молынан қолдана отырып салынғанын айтады. Науқан барысында барлығы 87 түрлі пошта маркасы шығарылыпты. Оларды Париждің бірнеше баспаханасы жедел басып берген. Бірқатары бүгінге дейін сақталып, өте құнды жәдігерге айналды. Ең қызығы – бірқатар қиялдардың жүзеге асқанында.

Қазақстан жетпіс жыл құрамында болған Кеңес қоғамында бір ғасыр алдағы болашақ туралы сурет салу құптала қоймаған. Оның есесіне болашаққа хат жазу жаппай сәнге айналды. Қазақ даласының өзінде ондай капсула жеткілікті. Мезгілі жеткенде ашылуы керек. Одан тілек жазылған сөздерден басқа мардымды ештеңе шыға қоймас.

Дубайдағы джетпакты дәл тапты

Бір ғасырдан кейін, яғни 2000 жылы адамзат қандай мүмкіндікке жетеді деген қиялдың талайы орындалды. Әлемнің әр шалғайынан естіліп жатқан жаңалықтар бір кездегі ретро-футуристік деп бағаланған маркалардың ақиқатқа айналғанын аңғартады.

Айталық, бір суретші мынадай машинаны қиялдапты. Бір жақта денесінің өлшемі алынған адамға автомат ешкім араласпай-ақ киімін тігіп жатыр. Тек машинаға маталар бір шеттен жайылып беріледі. Қазір бұл – қиял емес.

Киім тіккен не, 3D принтер арқылы үй салына бастады. Ұлыбританиядағы Лафборо университетінің инженерлері принтер арқылы шығатын құйма қоспа жасады. Ол барлық түрде: томпақ, ойық, бұрыш-бұрышты, тікше, жұлдызша түрінде құйыла береді. Шанхайда үй сала бастаған 3D принтер құрылғысының аумағы ересен: ұзындығы 150, ені 10 метр. Бірнеше сағатта биіктігі 6 метрлік үйді құйып береді.


"Киім тігетін шеберхана" маркасы

"Киім тігетін шеберхана" маркасы / Интернеттегі ашық көздерден алынды

Тағы бір суретшінің ойы қалай орындалған деңіз? 87 суреттің бірінде жердегі өртті аспанда тұрып өшіретін машина бейнеленген. Ол заманда өртті аспаннан жаңбыр ғана сөндіретін. Міне, ондаған жылдар болды Ресейде Сібірдің, АҚШ-та Калифорнияның, Испанияда Перинейдің орманы өртенсе оны ұшақ пен тікұшақпен сөндіріп жүр. Жарнамашылар айтатындай, ол да ештеңе емес, Дубайға барғанда тігінен де, көлденеңінен де, көкке де өрлеп шыға беретін, джетпак деп аталатын бір кісілік өрт сөндіргіш аппаратты көруге болады. Көкке ұмтылған зәулімі көп Әміреттер елінде осындай реактивті қозғағышы бар 20-дан астам джетпак жалынды сөндіру мен адамдарды апаттан алып шығуға пайдаланылады.


Дубайдағы джетпак мінген құтқарушы

Дубайдағы джетпак мінген құтқарушы / Интернеттегі ашық көздерден алынды

Тағы бір маркада мына жағынан жұмыртқа кіріп, ана жағынан балапан шығып жатқан сурет бар. Ғалымдар оны жүзеге асыруға суретті көре сала кіріссе керек, инкубатор көп кешікпей-ақ пайда болды. Суретте машинаға оншақты жұмыртқа салып, екінші жағынан сол шамалас балапан шығып жатса, қазіргі қуатты құс фабрикаларында бір сәтте 10 мың балапан шығады. Ал шаңсоғыш туралы суретке қарап, тіпті оңай жүзеге асқанына езу тартасың.


Суретші инкубаторды осылай көзге елестеткен

Суретші инкубаторды осылай көзге елестеткен / Интернеттегі ашық көздерден алынды

Қазір көптеген кітаптар аудио форматта шықты. Өзіміз "Абай жолы" эпопеясын осылай тыңдап рахаттанып жүрміз. Міне бір ғасыр бұрын аудио пішіннің қалай жүзеге асатынын қиялдаған суретші бар екен. Аудиторияда профессор кітапты әлдебір машинаға салып жатыр. Машинадан кітаптың мәтіні дыбыс түріне ауысып, әрбір құлаққа құйылып жатыр.

Не керек, көп қиял жүзеге асқан. Жүзеге аспағандары су астындағы тіршілікке қатысты көрінеді. Теңіз жылқысын ат сияқты мініп жүргендерге күлкіміз келді. Шортанды такси сияқты пайдаланған суретті көрдік. Киттің бауырына трамвай байлап, саяхаттауды ойлаған екен. Әлемнің әр жерінде жағаға шығып қалған киттер туралы естісек де, китке байланған күйме туралы естімедік.


"Су астындағы қоғамдык көлік" маркасы

"Су астындағы қоғамдык көлік" маркасы / Интернеттегі ашық көздерден алынды

Чарлиде он автомобиль болған

Суреттердің бір парасының тақырыбы – автомобиль. Ол кезде іштен жану қозғағышы бар алғашқы автомобильді көршілес Германияда Даймлер жасап қойған.

Сөйте тұра француз қиялшылары тың талпыныстарға ерік беріпті. Париждегі SID және Herald аталған баспаханалар шығарған "Желкен керген Чарли" және "Құйындай ұйытқыған Чарли" атты маркалар әлі күнге сақталған.

Бәрінде қалпағынан бұйра шашы шығып, желден қорғайтын көзәйнек киген бала келешектің көлігін жүргізеді. Он маркіде бірдей киімдегі Чарли бейнелепті. Оның нақты кім болғаны жайында дерек жоқ, шамасы жиынтық бейне болса керек.

Бір суретте автокөліктің қозғалуы мен шәйнектегі шайдың қайнауы үйлестірілген. Енді бірінде Чарли желкен керген көлікпен замырап келеді. Сосын магнитті полюстерді пайдалану арқылы автомобиль жүргізген. Төртіншісінде шеңбер ішімен тынымсыз жүгіруге тиісті тиіннің күшін пайдаланыпты.

Кез-келген қозғалыстан қуат шығатынын және оны кәдеге жаратуға боларын Астанадағы ЭКСПО-2017 барысында Австрия мамандары жақсылап көрсеткені есте. Бізде оны жүзеге асыруға форум мен жиындардан қол тимей жатса керек.


"Шәйнегі қайнаған Чарли" маркасы

"Шәйнегі қайнаған Чарли" маркасы / Интернеттегі ашық көздерден алынды

Футуристік картиналарды салған суретшілердің ішінде танымалы Жан-Марк Коте көрінеді. Оның даңқы асқаны сонша, Бүкіл дүниежүзілік көрмеге арналған маркалар сериясынан соң арнайы қолқалаумен Мәскеуден бір-ақ шыққан.

Өкінішке қарай, Жан-Марк Коте мен басқа суретшілер бір ғасырдан соң Парижде электр қуаты арқылы қозғалатын автокөліктің боларын болжай алмапты. Біз француз астанасының көшелерінен желкен керген, тиінді зырылдатқан, магнит тербеткен автомобильді көрмедік. Олар жалпы жасалған жоқ, есесіне ойға келмеген электр көліктерінің дәуірі басталыпты.

Тоқтай тұрыңыз, маркалардың бірінде жұртшылық батареясы бар роликтермен серуендеп жүр. Қазір көліктің мұндай түрлері әлемде жеткілікті.

Мәскеуде кәмпиттен қорабы қымбат

Мәскеуден бұрын Киевтегі бір жәйтті сөз етелік. Украина астанасында атақты жазушы, мистикалық жәйттердің шебері Михаил Булгаковтың музей үйін араладық. Оның "Ақ гвардия" романында қалаға кіретін әскерден қорыққан инженердің асыл тастары мен алтынын тығатыны бар. Бағалы заттарды "Эйнемъ" кәмпитінің қорабына салады.

Осы "Эйнемъ" өнімінің қораптарын безендірген жоғарыдағы біраз марканың авторы Жан-Марк Коте көрінеді. Ресей кондитер өндірісінің негізін қалаушы Фердинанд фон Эйнемнің фабрикасы Мәскеудің ортасында Кремль мен Құтқарушы Христ шіркеуі арасында тұрды. Әрине, большевиктер билікке келген соң өндіріс орнын тартып алды. Қазіргі "Красный Октябрь" аталатын фабрика – сол.

Саудасы жүріп тұрған патша заманында Эйнем өз өнімін қаңылтыр қораппен шығарған. Әрі әрбір өнімге арнайы сурет салғызған. Қиял-ғажайып жанрында. Шамасы, Париждегі футуристік маркілерді көріп, өзіне ой түскен. Ерекше суреттері бар өнімі халық арасында танымал боларын қапысыз сезген.

Не керек, Парижде болашақтың машиналарын салған Жан-Марк Коте мұнда да талай қиялға берілген. Бір қорапта аспандағы көліктердің көптігі соншалықты, бір-бірін өткізбей кептеліп тұр. Аспанды қайдам, Мәскеу жолдарындағы кептелісті қалай болжады екен? Тіпті, Шереметьево мен Домодедово әуежайларында мұндай кезек күту болатынын білеміз.

Тағы бір суретте Тула қаласының дүкендеріне шоколад тасыған дирижабль салынды. Бұл қиял кешікпей кеңес заманында жүзеге асты. Тулаңыз не, Солтүстік полюстегі мұз құрсауында қалғандарды құтқаруға кеңес өкіметі дирижабль аттандырған.

Міне, ғасыр бұрынғы қиялдар әлеміне біз де саяхаттап қайттық. Бүкіл дүниежүзілік көрме қарсаңында Францияда шыққан маркалар мен Мәскеудегі "Эйнемъ" фабрикасының кәмпит қораптары арқылы.

Болашақта Астанада ЭКСПО-2017-ден қалған белгі деп нені көрсетер екенбіз? Біздікі киттің бауырына байланбай қалған күйме сияқты ма, өзі?!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter