Прямой эфир Новости спорта

"Ортақ өгіздің" өрісі

Коммуналар бір елдерде ұмыт қалып, ыдырап жатса, енді біреулерінде қалыптасып, гүлденіп келеді.

"Егіз еменнің" көлеңкесінде

Әлемде мемлекет заңдарына, үкімет тәртібі мен экономика талаптарына бағынғысы келмейтіндер жиналар жер де бар. Түрме мен абақты емес. Коммуна.

Ең белгілісі – АҚШ-тың Вирджиния штатындағы "Твин Оукс", қазақшалағанда "Егіз емен". Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары құрылды. "Тұтыну қоғамын" тәркі еткендер діни немесе хиппи негізінде оңаша топ құрып, жұрт көзінен жасырын өмір сүруге құлшынды.

Коммуна мүшелері 180 гектар алқаптағы егінді бірге өсіріп, жинайды. Сиыр сауады, бірақ малдың етін жеуге тыйым салынған. Астық, жеміс, көкөніс сатып, пайда табады. Оның сыртында түрлі тұрмыстық бұйымдар жасайды. Жеке көліктері жоқ, ортақ автомобильге мінеді. Айтпақшы, бала табуға қауымның рұқсаты керек. Құрып кетсін, насихаттайтын нәрсе емес.

АҚШ-тағы заңдарға мойын ұсынғысы келмейтіндердің және бір тобы "Еркін штат" атты жоба жасады. 2003 жылы бұл жобаны 5000 адам қолдады. Осы топтағылар Нью-Гэмпширдегі тұрғыны аз аймақты таңдады. "Еркін штат" коммунасында 2000 адам тұрады. Жалпы жобаны жиырма мыңға жуық адам мақұлдаған.

Ортақ заңға бағынбау – түрлі мемлекеттерде бой көрсетіп қалатын құбылыс. Оның көпшілігі тәртіптің қаталдығынан, адамдарға биліктің ұнамайтындығынан туындайды.

Тағы бір мысалды Испаниядан келтірейік. Франко режимі келмеске кеткен соң Маринелад қалашығының тұрғындары күн сайын кешкілік жиналып, әлеуметтік әділеттік жоқтығына налиды. Үкіметтің дәрменсіздігін сынайды. Ақыры қала іргесінде бос жатқан немесе иелері бар, бірақ өңдемейтін алқапты басып алады. "Кім өңдейтін болса, жер соныкі болуы тиіс" деген ұранды ұстанады. Бастапқыда полиция келіп тұтқындайды, соттайды. Бірақ бүкіл қала аштық жариялаған, жолды жауып тастаған. Не керек бір мүшел бойғы тынбаған теке-тірестен соң үкімет қауым меншігіне 1250 гектар жер берді. Осылайша 1975 жылы коммуна қалыптасты.

Ортақтасып өмір сүруді насихаттаған неміс ойшылы Дитер Дум идеясын қолдаған адамдар тобы 1991 жылы Германияда талпыныс жасады. Олар испандар сияқты ашынып жерді басып қалмады, заңды жолмен сатып алды. Сөйтіп "ZEGG" атты коммуна құрды. Мақсаттары – қала қарбаласынан аулақ, табиғат қойнауында ештеңеге алаңдамай еркін өмір сүру.


Германиядағы "ZEGG" коммунасының мүшелері

Германиядағы "ZEGG" коммунасының мүшелері / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жүзден астам мүшесі бар коммуна жерді өңдемейді. Фестиваль, семинар, тренинг өткізіп, ақша табады. Бір жағынан пайда, екінші жағынан өз ұстанымдарын өзгеге сіңіреді. Әлгі, "апама да барайын, тайымды да үйретейіннің" кері. Коммунаның бала бағатындары, бақша күтетіндері, сантехникаға жауап беретіндері бар. Табысты бөлу, жаңа мүшелер қабылдау дауыс берумен шешіледі.

Коммуна капиталистік елден гөрі коммунистік бағыттағы елде өміршең болуы керек еді. Осындай коммунистік партия басқаратын Қытайда олар азайып келеді. Ең белгілісі – Наньцзы. Ел нарық экономикасына көшкенде коммуна Мао өсиеттеріне адал болып қалды, яғни, тиесілі жерді бірге өңдейді. Түскен өнім мен оны сатқандағы пайданы тең бөліседі. Киім мен жиһаз бәріне ортақ. Бүкіл Қытай халқы дәулеттенген қазіргі кезде бұлардың тұрмысы төмен, бірақ соған риза.

Келесі "Күн балалары" коммунасы да Мао ұраны аясында құрылған. "Күн балаларының" мүшелері тең жалақы алады. Ай сайын әрбіріне 1 келі ет, 15 жұмыртқа, 10 шөлмек сыра тиесілі. Коммуна мүшесі Лю Лянь өздерінің әлемдегі ең әділ тәртіп орнатқандарына сенімді. Бірақ, жоғары жақтан бұл коммунаны тарату туралы түскен нұсқау бәрінің қырық жыл бойғы көтеріңкі көңіл күйін бұзыпты.

Бостанның бір күні

"Бір күнгі танысыңа – мың күнгі сәлем" дейді қазақ мақалы. Бір күнгі таныстарымыздың арасында Мәриәм Бостан да бар. Жасының жетпістен асқанына қарамастан қатардан қалмай, ертелі-кеш елмен бірге еңбек ететін. Израильдегі кибуцта.


Автор Израильдегі кибуц қақпасының алдында

Автор Израильдегі кибуц қақпасының алдында / Сурет автордың мұрағатынан алынды


Бұл ерекше құрылымның тарихына көз салсақ, он тоғызыншы ғасыр соңында Еуропаны "коммунизм елесі" кезіп жүрген кезде Маркс пен Энгельсті қызыға оқитын жас еврейлер жаңа орта жасауға құлшыныпты. Тек латын сөзін ұнатпай, "коммунаны" "кибуц" атайды. Иврит тілінен аударғанда жаңағы "қауымнан" алыс емес, "топ" деген сөз.

Мәриәм Бостанның "қауымы" 1920 жылы құрылған. Төртінші ұрпақ өзінің өмірін осында өткізіп жатыр. Осы жерге сәби кезінде келген Мәриәм Бостанмен сөйлесе келсек, ол – Қырымның тумасы екен. Ата-анасы ол кезде жиырманың ішіндегі жастар. Қырымдағы бір қарт пірәдуар еврей барлық қандас жастарды жинап, "көне қонысқа барыңдар, соны гүлдендіріңдер" деп уағыз айтады.

Мұнда барлық адамға бірдей жалақы беріледі. Кибуц ішінде мектеп, мәдениет үйі, суға шомылатын әуіт, кітапхана және басқа игіліктер ортақ. Балаларға жоғары білім әперу мен жылдық табысты қалай бөлуді кибуц мүшелері дауысқа салып шешеді.


Кибуцте балаларды еңбекке баулиды

Кибуцте балаларды еңбекке баулиды / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Барлық мүлік ортақ меншікте. Қандай өнімді қаншалық көлемде өндіруді ақылдасып шешеді.

Жеміс ағаштарын көп өсіретіндіктен жинар кезде коммунаның өз шамасы жете қоймайды. Сырттан жұмыс күшін шақырады. Еңбектері төленеді. Бірақ келімсектердің дауыс беруге хақылары жоқ.

Кибуц ішін трактормен араладық. Үлкен астауларда сәндік алтын балық пен азықтық балықтың небір түрі өсіріпті. Бір тұстан асыл тұқымды жылқы үйірін көрдік. Желіндері жер сызған табын сиын тағы тұрды. Бидай алқаптарын қоршап қояды екен. Сол қоршау қабырғалары толы фотосуреттер. Кибуц тарихы, оны қорғап қаза тапқандар бейнесі ілінген.

Тырқылдаған трактор бір тұста қаз-қатар кактус алқабынан өтті. Бұл өсімдік Жерорта теңізі жағасында өспейді. Кибуцтың бір мүшесі кактуске құштар болыпты. Ортақ қордан арнайы бөлінген қаржыға Оңтүстік Америкадан әлгінің түр-түрін әкеліпті.

Осындай жүрген ізіне шөбіңіз не, ағаш шыққан азаматтар қауым ішінде аз болмаған. Кибуц ішінде тура орманда жүргендей сезінесіз. Айнала қалың тоғай, алуан түрлі өсімдік.

– Менің бала кезімде мұнда бір түп бұта жоқ еді, – дейді Мәриәм.

Мынау аспен тіреген пальмаға, дарақ, бұталарға қарап, адам қолымен егілген дегенге нанбайсыз. Керісінше адамдар қалың жыныс ішінен үй-жай салғандай әсер береді.

– Менің Бостан сойын алуымның сыры бар, – деген Мәриәм кейуана. – "Бостан" – Қырымдағы халықтардың тілінде "бақ" дегенді білдіреді.

Кибуцтың басты табысы цитрус бағынан түседі. Жастарды көне қонысқа баруға уағыздаған Қырымдағы қарт пірәдар қолдарына бір жеміс көшетін беріпті. Кейін сол көшеттен Шмуэль атты ерекше апельсин түрі өсіпті. Соны көбейтіп сата бастағанда кибуц пайдаға кенелген. Қаз-қатар сап түзеген жеміс ағаштары тамшылатып суғару тәсілімен өсірілген. Бұл теңдесіз технология қазақ жерінде там-тұмдап қана тәжірибеге еніп жатыр.


"Шмуэль" апельсині өскен бауды аралау

"Шмуэль" апельсині өскен бауды аралау / Сурет автордың мұрағатынан алынды


Кәдімгі жер үйлерді көргенде ауылға келгендей әсерлендік. Шатыры мен терезесі басқаша болғанмен, қабырғасы біздің ауылдардағы тоқал тамдармен бірдей. Сары балшықты сабанға араластырып, илеуі қанған соң қабырға етіп құйған. Қыста жылы, жазда салқын. Экологиялық жағынан таза үй деп саналады. Шетелдіктерді сонысымен қызықтырады.

Не керек, нағыз коммунаны Израильден көргенде, өз даламыздағы коммуналардың қай кезден тарих қойнауына түскенін саралауға мәжбүр болдық.

Толстойдың тұяқтары

Негізі, шіркеу мен мемлекеттен оңашада топтаса жер өңдеп, бір-бірімен тең өмір сүру идеясы орыс жазушысы Лев Толстойдың ілімінен басталды. ХХ ғасырдың басында Ресейдің әр шалғайында күш пен құралды ортаға салу арқылы құрылған ауыл шаруашылық топтары пайда болды. Оны "толстовство" деп атаған.

Бұл қозғалыс мемлекет пен дінді басқарғандарға ұнамады. Ресей шіркеуі Толстой ілімін "зиянды" деп жариялады. 1901 жылы оны шіркеуден ажыратты. Атақты жазушыны Суздаль монастріне қамау жоспары жасалды. Сонымен "ортақ еңбек – ортақ пайда" идеясы тоқтады.

Патша тақтан құлап, билікті большевиктер алған соң бұл идея енді "коммуна" деген атаумен қайта оралды. Қазақстанда алғашқы 1918 жылы құрылды. Оны құрған жергілікті қазақтар, тіпті ел ішінде "кержақ" аталған кезінде шіркеу шоқыну тәртібін ауыстырғанда оған көнбей қашып кеткен "ескі иланымдағы" орыстардың ұрпақтары да емес.

Қозғалысты бастаған – Петроградтағы Обухов және Семянников зауыттарының жұмысшылары. Олар Ленинге жолығып, Сібір мен Қазақстанда ауыл шаруашылығы коммунасын құруға рұқсат алды. "Бастама керемет екен, жан-жақты қолдау көрсетілсін". Кеңестер көсемі Егіншілік халық коммисариатына осылай тапсырды. Оларға 200 шатыр, 6 жорықта ас пісіру пеші, наубайхана, темір мен ағаш жонатын станоктар, құрал-сайман, қару-жарақ, киім-кешек берілді. Жүгі 28 вагонға артылған жұмысшылар Ертістің бір саласы Бұқтырма өзенінің жағасына жетті. Осылай алғашқы үш коммунаның қазығы қағылды.


Кеңес Одағындағы "Луч света" коммунасының мүшелері 1919 жылы

Кеңес Одағындағы "Луч света" коммунасының мүшелері 1919 жылы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Сол 1918 жылы Жетісу облысында 86 коммуна құрылған. Келер жылы Ақтөбе уезінің өзінде 30, Бөкей губерниясында 19 коммуна ұйымдасты. Оның көбі Азамат соғысы барысында ыдырады. Әлгі Бұқтырма бойындағы коммуналарды ақ гвардияшылар талқандады. 28 коммунарды төрағаларымен қоса тұтқындап әкеткен.

Азамат соғысы біткен соң енді коммуна емес, ауыл шаруашылық артелі ұйымдасатын болды. Қазақ оны "мойынсерік" деп атаған.

Толстойдан қалғаны бар, Лениннің құрғызғаны бар коммуналардың сарқыншағы 1930 жылға дейін жетті. Бұдан колхоздастыру басталды. Коммуна заңсыз деп табылып, мүлкі колхоздарға өткізілді. Негізі оларды жоюдың себебін экономикадан емес, саясаттан іздеген дұрыс.

Өйткені, коммуна өз ішкі тәртібімен өмір сүрді. Кейде ол тәртіп мемлекеттің заңынмен үйлесе қоймады. Азамат соғысы мен одан кейінгі жоқшылық уақытта азық-түлік өндіріп, сатып отырған коммунаға билік төзімділік танытты. Аз да болса демократия сақталған мемлекет 1927 жылдан соң сталиндік диктатураға көшті. Шаруашылық пен мәдениеттегі әралуандық жойылып, дін қудалауға түскенде коммуналар таратылды.

Кейбіреуі қудалауға ұшырады. Себебі, жекелеген коммуна салық төлемеді. Өз балаларын әскерге жіберуден бас тартты. Армияны жабдықтау жөніндегі тапсырмаларды орындамады.

Қауғасы мен құдығы

Шағын мемлекет Данияда бір кезде коммуна көп болған. Елде 1970 жылдан әкімшілік реформалар жүргізілді. Бұрынғы 270 коммунадан 98-і қалды. Осылардың ішінде Баренбю аталатыны көп назарын өзіне аударады. Копенгагенге барған сапарымызда осы атақты мекенге ат басын бұрғанбыз.

Несімен ерекше дегенде келсек, коммунаға қарасты үйлер шеңбер тәсілімен жоспарлаған. Тай шаптырым аумақты циркульмен сызғандай дөңгелек етіп белгілейді. Ішіне жиырма-шақты үй салынады. Олар шеңбердің ең шетіне жағалай орналасқан. Әрбірінің ішке қарай созылған ауласы болады. Шеңбердің ең ортасында көлік қоятын тұрақ бар. Жіңішкеріп басталған аулалар төрлеген сайын кеңейе береді. Онда көкөніс, гүл, жеміс ағаштары жаппай егілген.


Даниядағы "Баренбю" коммунасының төбесінен түсірген көрінісі

Даниядағы "Баренбю" коммунасының төбесінен түсірген көрінісі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынд


Коммунаны аралағанда оның дөңгелек түрінде топтасқан үйлері онша байқалмайды. Қызығы – жоғарыдан қараған. Бізде үстінен қарауға мүмкіндік болмады. Тек жоғарыдан түсірілген суреттерін көріп, оны көпшіліктің неге "бақбақ" атайтынын түсіндік. Шынында, әрбір шеңбері бір бақбақ гүлі сияқты көрінеді екен.

Бұл коммунаның төлтаңбасы – тасқұдық. Үстінде қауғасы бар. Бажайлап қарағанда мұндағы әрбір аула құдық сияқты. Кірер аузы – қақпасы. Одан әрі тереңдей де, кеңи де береді.

Коммуна ел астанасының құрамында. Копенгаген әлемдегі таза қалалардың көшін бастайды. Бүкіл тұрғындары велик мінеді. Мына Баренбю "бақбақтарының" ортасында автотұрақтар болғанмен, бос қалыпты. Керісінше әр аула алдындағы великті қоятын тұрақтар толы.

Дания – жер жүзіндегі бақытты елдердің де біріншісі. Басқа емес, БҰҰ өлшемдері бойынша. Адамның барлық мұқтаждықтары бұл елде қалтқысыз орындалады. Бір ғана мысал келтірелік. Тағы бір коммуна Бренсхада... қарт тұрғындарға жезөкшені коммунаның ақшасына шақырып береді.

Сонымен коммуналар әу-баста әділ деген қоғамдарда: лениндік КСРО мен маолық Қытайда жаппай құрылғанмен, ақырында нарық қатыныстары дамыған Израиль, Германия, АҚШ, Дания және басқаларында орнығыпты. Бұл да адамзат дамуындағы кереғарлықтың бірі шығар. Қазақтың "ортақ өгізден – оңаша бұзауым" дейтін нақылы да кейде керісінше көрініс табады екен.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров