АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?
Неге АҚШ университеттері?
Интернетте әлемдегі ең үздік университет рейтингтерін іздесеңіз, аты әлемге танымал Гарвард, Йель, Стэнфорд, Колумбия университеттері немесе Калифорния технология (Caltech) және Массачусетс технология (MIT) институттары топ басынан шығады. Ал бұл оқу орындарының барлығы АҚШ-та орналасқанын білесіз бе? Неліктен америкалық университеттер рейтингі бәрінен жоғары?
Оған бірнеше фактор негіз бола алады. Біріншіден, АҚШ-тың танымал университеттерінің басым бөлігі – жекеменшік және үкімет қаржысына тәуелді емес. Сонымен қатар, АҚШ университеттерінің әкімшілігі оқу орнының дамуына сырттан үнемі қосымша қаржыландыру іздейді. Субсидия ретінде қайтымсыз көмек беретіндер қатарында көбіне сол университет түлектері болады.
Оқи отырыңыз: Америкада тегін оқуға ауыл баласына да жол ашық
Екіншіден, әр университет белгілі бір ауқымды салаға бағытталып, соны тереңдетіп оқытады. Мысалы, MIT өзінің физика және математика салалары бойынша ғылыми-лабораториялық орталықтарымен әйгілі болса, Гарвард қоғамдық ғылымдар бойынша маман дайындаудан алда. Одан бөлек, Стэнфордте IT, Сaltech институтында ғылыми инжиниринг (биоинжинерия), Колумбия университетінде халықаралық қатынастар, Йельде компьютер ғылымы салаларына сұраныс артып тұр.
Бұл университеттерге түскісі келетіндер қатары да көп болған соң, бәсекелестік тым жоғары. Мысалы, бір орынға мың адамнан 10 мыңға дейін үміткер таласуы мүмкін. Ал университет әкімшілігі білім сапасын төмендетпей, білікті маман дайындау үшін тек үздіктердің үздігін таңдайды. Олардың қатарында "Болашақ" бағдарламасының студенттері де бар.
"Болашақ" бағдарламасы иегерлерінің басым бөлігі АҚШ университеттерін таңдауы да олардың сұраныста екендігін білдіреді. Оқу ақысы да тым салыстырмалы түрде жоғары болса да, америкалық немесе шетелдік талапкерлер банктен "студенттік несие" алып оқуға түсу амалын жасайды. Ал "Болашақ" студенттерінің қаржыландыру бойынша ең қиындығы жоқ. Себебі бағдарлама оқу ақысы мен басқа да шығындарды толық жабады.
Оқи отырыңыз: Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Литваның, Қытайдың жоғары оқу орындары қазақстандықтарға білім гранттарын ұсынды
АҚШ университеттеріне өз қаржыңыз болып тұрса да, түсу оңай емес. Ол үшін сіз қаржы мүмкіндігіңіздің бар екенін емес, оқуға талабыңыздың жоғары екенін дәлелдеуіңіз керек. Одан бөлек, университет әкімшілігін неліктен сізді таңдауы керек екенін дәлелдей алуыңыз қажет. Осы және оқуға түсу үшін қажет болатын басқа да құжаттарды дайындау мен емтихандарға дайындықтар жайлы "Болашақ" студенттері айтып бермек. Сонымен, әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде білім алғыңыз келсе, төмендегі кеңестер сіздер үшін.
Мадина, Колумбия университеті, Білім беру саласы
Университетті таңдау
– Университетті таңдау оңай емес. Ол үшін сіз алдымен өзіңіздің академиялық білім алу бағытыңызды анықтап алуыңыз қажет. Мысалы, мен білім беру саласы бойынша магистратура оқуды мақсат еттім. Демек университеттердің осы салаға қатысты бағдарламаларын қарап шығуым қажет. Оның ішінде бағдарлама кіріктірілетін сабақтар мен оларды өтетін профессорлар жайлы көбірек мәлімет іздеуім керек. АҚШ-тағы ЖОО-дары арасында Нью-Йорк университеті мен Колумбия университетінің бағдарламалары ұнады. Екеуіне де тапсырып, оң жауаптарын алдым. Содан кейінгі таңдау мен үшін ең қиыны болды, яғни мен осы аталған екі университеттің бірін таңдауым қажет болды.
Оқи отырыңыз: ЕҰУ-дан Колумбияға дейін. АҚШ-тың үздік университеттерінің біріне түсудің жолы
Таңдаудан бұрын мен екі университеттің жақсы және жаман жақтарын жаза бастадым. Негізі екеуі де білім беру саласындағы университеттер рейтингінде жоғарыда болды. Сол үшін де мен бағдарлама мерзімі мен профессорлар құрамына назар аудардым. Мысалы, Нью-Йорк университетіндегі мен таңдаған бағдарлама 3 семестрге жоспарланса, Колумбия университетіндегісі 5-6 семестрге бағытталған. Мен үшін уақыт айырмашылығы үлкен негіз болды. Себебі 5-6 семестрде көбірек білім алып, зерттеумен айналысуға мүмкіндігің болады. Сол үшін де Колумбия университеті – менің таңдауым болды.
Фариза, Солтүстік-батыс университеті (Чикаго), Инжиниринг саласындағы менеджмент
– Өздеріңізге белгілі, IELTS – ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын халықаралық емтихан. Егер сіз ағылшын тілінде оқытпайтын университетті тәмамдамаған болсаңыз және оқуыңызды шетелде жалғастыруды ойласаңыз, осы емтиханды міндетті түрде тапсыруыңыз керек. Себебі IELTS академиялық білімді ағылшын тілінде алуға қабілетті екеніңізді дәлелдейді. Америкалық университеттер TOEFL емтиханының нәтижесін де қабылдайды. Таңдау өз қолыңызда.
Оқи отырыңыз: Шетелде бакалавр оқу үшін дайындықты 9-сыныптан бастау керек
IELTS/TOEFL
IELTS емтиханы академиялық (Academic) және жалпы (General) болып екіге бөлінеді. General халықаралық компанияларға жұмысқа тұруға немесе ағылшын тілді елдерге көшуді мақсат еткендерге арналған. Ал оқу орнында білім алатындар Academic түрін тапсырады. Шетел университеттерінде бакалавр деңгейін алғыңыз келсе, IELTS емтиханынан 6 балл, ал магистратураға 7 балл жинауыңыз қажет.
IELTS емтиханын тапсыру үшін ағылшын тілінде әдеби шығармаларды оқып, күрделі тіркестер мен терминдерді жаттаудың қажет жоқ. Мұнда тестің форматына мән беру керек. Ол төрт модульден тұрады. Емтихан барысында сіз өзіңіздің ағылшын тілінде тыңдау (Listening), оқу (Reading), жазу (Writing) және сөйлеу (Speaking) қабілетіңізді сынайсыз. Әр модуль түрлі тапсырмалардан тұрады. Кейбіреулерге Speaking модулі қиындық тудырған болса, тағы біреулеріне Writing қиындау болған. Мысалы, маған ең күрделі болған модуль – Reading.
Reading. Сізге берілген мәтіндегі әрбір сөздің мағынасыз білу маңызды емес. Сосын тақырыпты сізге таныс емес болғанның өзінде, жауапты дәл табуға болады. Себебі тапсырма жауаптары мәтіннің ішінде беріледі. Тек уақытты ұтымды пайдаланып, қажет кілт сөздерді дұрыс қолдана білсеңіз болғаны.
Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы
Сосын берілген тапсырмаларды орындау үшін мәтіндерді толық оқып шығудың да қажеті жоқ. Ол үшін жылдам мәтінді қарап шығу (skimming), мәтінді көзбен сканерлеу (scanning) және кілт сөздер берілген абзацты толық оқу (detailed reading) үш түрлі әдісті қолданасыз.
Мен абзацты толық оқу әдісін True/False/Not Given тапсырмасында қолдандым. Студенттер жиі осы тапсырма бойынша көп қателік жібереді. Онда менде де болды. Оқу модулін 55 минутта бітіруге бейімделдім. Себебі 5 минутты жауапты көшіруге қалдыру қажет.
Listening. Мұнда 4 секция бар. Тапсырмалар бірден төртке қарай қиындай түседі. Тыңдау модуліне дайындықты ағылшын тілінде радио тыңдап, фильмдерді көруден бастадым. Көбіне британдық радио бағдарламаларды тыңдағаныңыз жөн. Себебі IELTS емтиханында тыңдау тапсырмалары британдық ағылшын тілінің акцентімен беріледі.
Тапсырманы орындаудан бұрын оның ережесін мұқият қарау керек. Себебі ереже бойынша бір сөз жазуға міндетті болсаңыз, жауабыңыз дұрыс болса да, екі сөз жазсаңыз, жауап қабылданбайды. Сол үшін ережеге баса назар аударыңыз, Содан кейін тапсырмада берілген мәтіндегі жасырын сөздің қай сөз табы екенін алдын ала анықтап алыңыз. Бұл да сізге тыңдау барысында дұрыс жауапты табуға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Колумбиядағы қазақ студенті: "Стереотиптерді жойып, кез келген оқу орнына түсуге болады"
Жалпы тыңдау секцияларында монолог, диалог және полилог болады. Бастапқыда монолог оңай көрінуі мүмкін. Бірақ монологта әдетте күрделі мәселелер талқыланып, сізге бейтаныс сөздер жиі айтылады. Ал диалог пен полилогта кейіпкерлер сізді шатастырудың амалын жасайды.
Нақтырақ айтсақ, тек мұқият тыңдау арқылы бірінің жауабын екіншісімен шатастырып алмайсыз. Сіз таспаны бір рет ғана тыңдайсыз. Сондықтан тапсырмалар оңай болса да, мұқият тыңдауға бейімделіңіз.
Writing. Жазу да маған оңайға соқпады. Бұл модульде сізге екі эссе жазу міндеті қойылады. Екіншісі біріншісіне қарағанда күрделірек және оның бағалау салмағы да біріншісінен екі есе көп. Сондықтан біріншісіне аздау уақыт жұмсауға үйрену керек. Жалпы екі эссені жазуға сізге 1 сағат уақыт беріледі.
Бірінші эсседе сізге белгілі бір статистикалық мәліметті көрсететін диаграмма немесе кесте беріледі. Оның маңызды бөліктерін ғана суреттеп шығуыңыз қажет. Мұнда сіздің жеке пікіріңіз болмауы тиіс. Ал екінші эссе көбіне бір мәселенің шешімін талап ететін немесе қоғамдық пікірталасты тудырған аргумент төңірегінде болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Нью-Йорктағы Kazakhtown. Америкадағы қазақтың 10 жылда өзгерген өмірі
Сіз берілген тақырыпты толық ашып, оның дұрыс және бұрыс жақтарын жазуыңыз қажет. Бірінші эсседе қорытынды жазу міндетті емес. Бірақ екінші эсседе кіріспесінен бастап, қорытындысына шейін барлық бөлігі болуы тиіс. Эсселердің біріншісі 150 сөзден, екіншісі 250 сөзден аз болмауы тиіс. Бағалау кезінде бұл да ескеріледі.
Speaking. Бұл модульге көп уақыт жұмсамайсыз. Сөйлеу уақыты небәрі 11-15 минутқа созылады. Десе де, мұнда өзіңіздің тіл білу біліктілігіңізді көрсетіп үлгеруіңіз қажет. Әйтпесе, емтиханның ортақ балына әсер етері анық.
Speaking модулі үш бөлімнен тұрады. Біріншісінде сізге өзіңізге қатысты сұрақтар қойылса, екінші бөлімде берілген тақырып бойынша 2-3 минутқа созылатын монолог жасауыңыз қажет. Тақырып әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жан-жақты ақпараттанған болуыңыз өзіңізге тиімді.
Ал үшінші бөлімде сізге күрделі мәселелер жөнінде сұрақтар беріледі. Ол психологиялық немесе логикалық ойлауыңызға қатысты болуы да мүмкін. Модуль барысы толығымен таспаға жазылады. Сосын жазба Ұлыбританияға жіберіліп, сол жақта бағаланады.
Жалпы IELTS емтиханында 6-6,5 балл жинауға дейін жету қиын емес. Ал 7 балдан асу қиынның қиыны. Себебі әр модульдегі тапсырмалар кезегімен қиындай береді. Сәйкесінше, ол жоғары балл жинау үшін күрделі сұрақтарға да дұрыс жауап беру керек. Ал уақыт тығыздығы мен тапсырмалардың күрделі болуы сіздің емтиханға дайындығыңыздың қай деңгейде екенін көрсетеді. Сондықтан жоғары балл алу үшін көп сағат дайындықтан өтудің қажет екенін ұмытпаңыз.
Оқи отырыңыз: Work and travel. АҚШ-қа сапар. Таным да, табыс та болады
Еркебұлан, Колумбия университеті, Халықаралық қатынастар
GRE емтиханы
– GRE емтиханы америкалық университеттерде магистратура немесе докторантураға түскісі келетіндерге арналған. Тестте сіздің тіл білу деңгейіңіз бен сөздік қорыңыз (Verbal Reasoning), математикаға қабылетіңіз (Quantitative Reasoning), сыни және талдау біліктілігіңіз бен жазу (Analytical Writing) тексеріледі. Бұл емтихан шетел студенттері мен америкалықтарға бірдей міндеттелген. Тіпті ағылшын тілін жетік меңгерген америкалықтардың өзі GRE тапсыруға арнайы дайындықсыз бармайды. Оның күрделілігін осыдан біле берсеңіз болады. Одан бөлек, магистратураға арналған GMAT деп аталатын емтихан да бар. Ол көбіне техникалық сала бойынша оқитын студенттерге арналған. Мен оны тапсырмадым. Сондықтан тек GRE жайлы айтайын.
Verbal Reasoning. Мұнда сізге көптеген жаңа сөздер жаттауға тура келеді. Көп жылдан бері ағылшын тілін оқып жүрсеңіз де, дәл осы емтиханға келгенде сіз білмейтін сөздердің әлі көп екенін аңғарасыз. Себебі Verbal Reasoning бөлігінде академиялық деңгейде көбірек қолданылатын, көбіне латын тілінен көшкен күрделі ғылыми сөздер кездеседі. Оған дайындықты сөз жаттаудан бастаңыз. Мен өзім интернет арқылы Academic Word List деген кітапты тауып, жаттадым. Одан кейін, емтиханның Verbal Reasoning бөлігінде берілетін тапсырмаларға дайындалу қажет. Ол жерде мәтін арасында түсіп қалған сөзді табу немесе сөзді мағынасына қарай таңдау сияқты түрлі тапсырмалар болады. Сонымен қатар, сөздердің синонимдері мен антонимдерін табу да кездеседі.
Quantitative Reasoning. GRE емтиханның бұл модулі маған қиынға соқты. Өзім математикаға бұрыннан қызыққан емес едім. Мүмкін сол үшін де дайындық барысы күрделі көрінген болар. Ал шын мәнінде модульде мектеп кезінде оқытылған математика тапсырмалары келеді. Алғашқы сұрақтар оңай болғанымен, соңына қарай күрделі алгебра дискриминанттары, геометрия және тригонометриялық есептер кездеседі. Тапсырмалардың ағылшын тілінде келетінін ескермесек, мұндағы математикалық есептер қазақ мектептерінде білім алған студенттерге оңай. Себебі қазақ білім беру жүйесіндегі математика салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіште тұр.
Оқи отырыңыз: Шет тілін үйрену үшін шетелден тіл курстарын қалай таңдауға болады?
Analytical Writing. Бұл модульде сіз екі эссе жазасыз. IELTS емтиханында эссені қағазға жазсаңыз, мұнда барлығын компьютерге теруіңіз қажет. Сондықтан мұнда компьютер пернетақтасын тану да маңызды. Бірінші эссе тақырыбы белгілі бір мәселені шешуге бағытталса, екіншісінде қоғамдық түсініспеушілік тудырған аргументке қатысты оның дұрыс және бұрыс жақтарын қарастырасыз. Мұнда сіздің жеке пікіріңіз аса маңызды емес. Бастысы сіз аргумент не мәселе төңірегіндегі ойды дамыта алуыңыз болып саналады. Қорытынды жазуды да ұмытпаңыз. Мұнда берілетін уақыт саны аз (30 минут – ред.), бірақ сөз саны көп (500-600 сөз – ред.).
Интернетте Analytical Writing модуліне дайындық ресурстар жеткілікті. Мысалы, мен "They say, I say" деп аталатын кітап арқылы академиялық эссені қалай жазу керек екені жайлы көп үйрендім. Эсседе мәселені талдау кезінде әртүрлі аргументтерді, логикаға қисынсыз әрі сыни көзқарастағы мысалдарды да пайдалану қажет. Бір сөзбен айтқанда, тақырыпты толықтай ашып, талдауға міндеттісіз. Ол үшін сіздің жан-жақты ақпараттанған болуыңыз да қажет.
Әйгерім, Пенсильвания университеті, Білім беру саласы
Statement of Purpose – жоғары оқу орнына құжат тапсыру үдерісіндегі ең маңызды эссе. Кейде міндеттелген емтихандардан төмен балл алып қалсаңыз, бірақ жазған эссеңіз университет әкімшілігін ынталандыра алса, оқу қабылданасыз. Эссе жазудағы талаптар шеңберінен өтпеуіңіз керек.
Оқи отырыңыз: ҚБТУ, MIT, сосын NYU. АҚШ-тың үздік университеттерінде оқып, алып компанияға қалай жұмысқа тұруға болады?
Оқуға түсу мақсатын баяндайтын эссе (Statement of Purpose)
Мысалы, әр университет сізге сөзге немесе жазылатын бет санына қатысты шектеу қояды. Сіз сол шектеуден көп те, аз да жазбауыңыз қажет. Шектеу 500, 750, ал кейде 1000 сөз болуы мүмкін. Орынсыз, мағынасы жеңіл не тақырыптан алыс сөздер мен тіркестерді жазбайсыз. Бір сөзбен айтқанда эсседе "Сіз кімсіз?", "Не үшін осы университеттің дәл осы мамандығына түскіңіз келеді?" және "Неге олар сізді оқуға қабылдауы тиіс?" дейтін үш негізгі сұраққа жауап жазуыңыз керек.
Өзіңіз туралы жазған кезде оқуыңыз, жұмыс тәжірибеңізге тоқталасыз. Бірақ кәсіби жолыңызды егжей-тегжейіне дейін суреттеудің қажеті жоқ. Тек өзіңізді өзге талапкерлерден артық және ерекше етіп көрсететін бөліктерін қосқаныңыз жөн. Эссенің екінші бөлігінде не үшін дәл сол мамандықты таңдағаныңыз және алған білімді қалай іске асыратыныңыз жайлы жазасыз. Нақты мақсатыңызды жүзеге асыруда сіз таңдаған университет қандай рөл ойнайтыны жайлы да тоқталып өтуіңіз қажет.
Егер өз өмір жолыңызда сіздің ойлау принциптеріңіздің өзгеруіне итермелеген кезеңдер жайлы эссеге қосқыңыз келсе, сол қиындықтар мен өзгеру кезеңдерінен қалай өткеніңізді нақты суреттеуіңіз қажет. Оқырман үшін оның әрбір бөлшегі маңызды.
Оқи отырыңыз: Жоғары оқу орындарына реформа емес, контекстпен жұмыс істеу қажет
Бұл эссені бір отырғанда жаза салу мүмкін емес. Кейбір талапкерлер оған бірнеше ай жұмсаса, тағы біреулері жылдар жұмсайды. Эссені күнде өңдеңіз, аз болса да күнде жазуға тырысыңыз. Себебі сіздің ойыңызға күнде әртүрлі ой келеді. Өз эссеңізді қайта оқып, өңдеген кезде оның тартымдылығы артады. Одан бөлек, эссені академиялық білімі жоғары мамандарға немесе АҚШ университеттеріне тапсырған студенттерге көрсетіп, олардың нұсқаулықтары мен өңдегендерін ескеру қажет. Себебі ол кісі сіздің грамматикалық қателіктеріңізді ғана емес, жалпы эссе идеясын дамытуға да тиімді кеңес бере алады. Бұл сіздің оқу орнына түсуіңізге негізгі себеп болуы мүмкін. Сондықтан эссені жазу үшін бір жыл ерте дайындала бергеніңіз жөн.
Эссеңіз бір адамның монологына ұқсап қалмасын. Эссе оны оқыған адам сізді бірде-бір рет көрмеген болса да, сізді іштей танып, жақын болғандай сезімге енетіндей жазылуы тиіс. Бастапқыда сөз санына қатысты көп ойламаңыз. Шектелген санынан асып кетсе, оны соңына қарай өңдеуге болады. Сосын университетті таңдау себебін жазудың қажеті жоқ. Сіз одан да өзіңіз оқитын факультет жайлы, сол жерде зерттеу жобалары мен сол саладағы профессорлар жайлы тоқталып өткеніңіз жөн.
Қазыбек, Texac A&M университеті, Ядролық физика
– Америкалық университеттерге оқуға түсу кезінде эссе өте үлкен рөл ойнайды. Олардың қатарындағы уәждемелік эссе бәрінен бұрын сұралады. Өз басым, бұл эссені жазу үшін бірнеше ай уақытымды жұмсадым. Одан бөлек, оны америкалық достарыма көрсеттім, өзгерту не дамытуды қажет ететін бөліктерін жасадым. Өз тәжірибемнен келіп шығып, эссе жазу кезінде мына 4 өлшемшартқа баса назар аудару қажет екенін айтқым келеді.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та Қазақстанның дипломымен де жұмыс істеуге болады
Уәждемелік эссе немесе биографиялық эссе (Motivation Letter or Personal Statement)
– Эссе көшірме болмауы керек. Егер эссеңіз интернеттен жартылай немесе толық көшірілген болса, сіздің өтінішіңіз бірден тізімнен алынады. Америкалық университеттерде плагиатқа қатаң қарайды. Интернетте сіздің эссеңізді тексеретін арнайы онлайн құрылғылар бар. Әрбір сөзіңізге дейін нақты тексеріледі. Сондықтан, эссе идеясы мен оның синтаксистік құрылымын өзіңіз құрғаныңыз абзал.
– Эссе жазу стиліңіз де тартымды болуы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда мектеп немесе университетте эссе жазуға аса көп талап қойылмайды. Сондықтан оны жазу бізге біршама қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ оның негізгі құрылымы мен әдістерін интернеттен үйрене аласыз. Эссенің әр адам әртүрлі жолмен бастайды. Бірі өз өмірінде қызық оқиғамен бастаса, тағы бірі оқырманды күлкіге шақыратын әзілді таңдайды.
Мысалы, мен өз эссемді "Мен Завод көшесінде туып-өстім. Аталуы кезінде мықты өндіріс отаны болған ауылданмын" деген сөйлемдермен бастадым. Бір оқыған адамға бұл түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ бір жағынан бұл оқырманды ары қарай оқуға итермелейді.
– Сторителлинг керек. Эссеңіздегі абзацтардың бір-бірімен байланысы болуы қажет. Мысалы, сіз уәждемелік эсседе өзіңіз таңдаған сала бойынша академиялық білімді не үшін алғыңыз келетінін дәйектейсіз. Ол үшін өміріңіздегі әртүрлі оқиғалар мен оқу және жұмыс тәжірибеңізді ескере отырып, маңыздысын суреттеуіңіз керек.
Бастысы сіз эссе арқылы не үшін осы мамандық бойынша дәл осы университетте білім алғыңыз келетінін дәлелдеп шығуыңыз қажет. Ол сіз зерттеген сала осы университетте тереңдете зерттелген болуы немесе осы саладағы белгілі ғалым сіз таңдаған университетте жұмыс істеуі мүмкін. Сіз оның бәрін эсседе нақты келтіріп өтіңіз. Ал эссені жазбай тұрып, сол университет ғалымдарымен байланыс орнатқаныңыз да жөн. Бұның сізге көмек болары анық.
– Эссеге қойылатын шектеулер. Әрбір америкалық университеттің сайттарында эссе құрылымына қойылатын талаптар жазылады. Мысалы, эссе 500 немесе 750 сөзден аспауы тиіс. Демек, сіз осы шектеуді ескере отырып, ойыңызды сыйдыра білуіңіз қажет. Сіздің эссеңізді оқитын маман сізді танымаса да, жазылған эссеңіз арқылы сіздің сол университетте білім алуыңыз міндетті деп шешуі тиіс.
– Сізді университетпен байланыстыратын дәйектер. АҚШ-та университеттер көп. Олардың барлығына бір эссені ұсына алмайсыз. Әрқайсысы әртүрлі жазылуы тиіс. Себебі олар сіздің дәл сол университетке неліктен тапсырып жатқаныңызды пайымдауы қажет. Ол үшін эссе әр университетке бөлек жазылуы тиіс.
Егер эссеңізде өзіңізді таңдаған оқу орнымен байланыстыратын дәйектер мен аргументтер аз болса, сіздің қабылдануыңыз екіталай. Ондай дәйектерге сіздің зерттеген салаңыз, ол саланың сол университетте қай деңгейде зерттелетіні мен ғалымдар құрамы сынды факторлар маңызды болып келеді.
Мысалы, мен оқуға түскен университет техникалық ғылым салаларына тереңдете оқытады. Сол үшін мен ғылыми зертханалардағы тәжірибем мен оны осы ЖОО-нда жалғастыруға жағдайдың толық жасалғанын ескердім.
Мадина, Пердью университеті, PR
Америкалық университеттерге түсу үшін қажет болатын құжаттар қатарында резюме де бар. Ол қысқа әрі нақты болуы тиіс. Оған нені жазу керек екенін және нені қоспауға болатынын айтайын. Мысалы, академиялық мақсатта дайындалған резюмеде сіздің суретіңіз болмауы тиіс.
Одан бөлек, жасыңыз, азаматтығыңыз, отбасы жағдайыңыз сынды өзіңізге қатысты жеке ақпараттарды да қоспаңыз. Мұның бәрі олар үшін маңызды емес. Резюме екі беттен асып кетпеуі тиіс. Ал мүмкіндік болса, бір бетпен шектелгеніңіз абзал.
Резюме (CV)
Сонымен резюмені қалай бастаймыз? Жоғарғы жағында тегіңіз бен атыңызды жазасыз. Оның астына электронды поштаңызды, байланыс нөміріңізді және тұрақты мекенжайыңызды келтіресіз. Одан бөлек, скайп аккаунтыңыз болса, артық етпейді. Одан кейінгі бөлімде сіздің алған біліміңіз жайлы мәлімет берілгені жөн.
Мұнда тек өзіңіз оқыған университеттер тізімін емес, академиялық жетістіктеріңізді тізімдеп келтіре аласыз. Бірақ мұнда орта мектепте алған біліміңізді келтіру қажет емес. Одан кейінгі бөлімде жұмыс тәжірибеңіз келтіріледі.
Егер көптеген компанияларда жұмыс істеген болсаңыз, соңғы жұмыс орныңыздан бастап 4-5 компанияны көрсетуге болады. Одан кейін қосымша мәліметтер бөлімі келеді. Мұнда сіз біліктілігіңізді арттыру мақсатында алған курстар немесе трейнингтер жайлы жаза аласыз.
Талғат, Нью-Йорк университеті, журналистика
Интервью университетке түсу процесінің негізгі құрамдас бөлігі деп айта аламын. Себебі сізден сұралатын эсселер мен емтихандарға таныс достарыңыз көмектесуі мүмкін. Мысалы, мен өзім де эсселерімді жазып болған соң, АҚШ университеттерінде оқыған достарыма бір рет тексерттім. Оның жасыратыны жоқ.
Ал интервьюде сізге ешкім көмектесе алмайды. Ол жерде сіз скайп арқылы университет маманының сұрақтарына лезде жауап беріп отыруыңыз қажет. Әр университет әкімшілігінің сұрақтары әртүрлі. Сондықтан кез келген жағдайға дайын бола біліңіз.
Академиялық интервью
Университет әкімшілігі интервьюді сізді жақыннан тану үшін және сіз жіберген эсселерді қаншалықты өзіңіз жазғаныңызды анықтау үшін бекітеді. Одан бөлек, сіздің сол университетте академиялық оқу барысында немен айналысуды жоспарлап жатқаныңыз жайлы көбірек сұралады.
Өз тәжірибемнен айтсам, Мен Нью-Йорк университетіне түсу үшін екі интервьюден өттім. Өзім таңдаған сала бойынша жыл сайын небәрі 9-10 студент қабылданады. Сондықтан интервьюдің үлкен рөл атқаратынын алдын ала білдім.
Менен интервьюді бағдарлама директорының орынбасары алды. Сосын директордың өзі алды. Олар маған нақты мен оқитын бағыт бойынша сұрақтар қойды. Мысалы, сіз адам құқықтарын қорғау бағытын таңдасаңыз, олар нақты қандай құқықтар бойынша зерттеу жүргізгіңіз келетінін немесе қай аймақтағы адам құқықтарын қорғауды мақсат еткеніңізді сұрайды.
Одан бөлек, сізден интервью алатын маман жайлы алдын ала көбірек мәлімет жинап алыңыз. Ол қай салада еңбек ететіні, биографиясы немесе жазған кітаптары мен мақалаларын бір шолып шыққаныңыз жөн. Себебі оның принциптеріне абайсызда қарсы келіп қалуыңыз мүмкін.
Мысалы, менен феминист профессор интервью алды. Сондықтан интервью кезінде оның ыңғайына қарай бейімделгеніңіз жөн. Себебі сіз абайсызда оған қарсы келіп, университетке түсе алмай қалуыңыз бек мүмкін.
Интервью кезінде құрылымы күрделі сөздерді қолданып, академиялық ағылшын тілін білуіңізді көрсетуге тырыспаңыз. Мұндай жағдайда сіздің жауаптарыңыз белгілі бір деңгейде жатталғандай көрінуі мүмкін.
Сондықтан сұрақтарға әдеттегі жауап беруге үйреніңіз. Сұрақтар арасында оқудан кейін қоғамға қалай көмегің тиетіні жайлы бір сұрақ болады. Себебі университет әкімшілігінде түлектер жайлы мәлімет жинақтайтын бір маман болады. Олар үшін сенің академиялық оқудан кейінгі өмірің де маңызды.