Тікелей эфир

Колумбиядағы қазақ студенті: "Стереотиптерді жойып, кез келген оқу орнына түсуге болады"

Сурет жеке мұрағаттан алынды
Сурет жеке мұрағаттан алынды
АҚШ-тың ең үздік университетіне грантқа қалай түсуге болады? Және халықаралық ұйымдарда тәжірибе арттыру үшін не істеу керек? Айжанның әңгімесіне құлақ түріңіз.

Future Leaders Exchange

Көкшетау қаласының тумасы Айжан Қапышева 17 жасында АҚШ мемлекеттік департаменті қолдауымен ұйымдастырылатын Future Leaders Exchange бағдарламасына өтініш түсіріп, АҚШ мектебінде бір жыл академиялық білім алуға мүмкіндік алады.

– Дүниетанымымның кеңеюіне АҚШ-қа жасаған алғашқы сапарымның септігі тиді десем болады. АҚШ-тың Мэн штаты Бат қаласындағы америкалық отбасымен бірге бір жыл өмір сүрдім. Америкалық мектепте ерікті (волонтер) болудың тиімді жақтарын тани түстім. Мысалы, Көкшетаудағы мектептерде де әртүрлі ұйымдар жұмыс істейтін. Бірақ АҚШ-та бұл институттық деңгейде дамытылған. Құрылымдық жоспарға ие бағдарламалар мен мемлекеттік емес ұйымдар кез келген еріктінің қоғамның дамуына үлес қосуына жағдай жасайды, – дейді Айжан.

Біз осы қоғамда өмір сүретіндіктен, сол ортаның жақсаруына әр қайсысымыздың да үлесіміз болуы тиіс. Осындай идеяны дамыту арқылы америкалық мектептер баланың жас кезінен жеке тұлға екенін танытып, өсуіне септігін тигізеді.

Ал Айжан өзінің потенциалымен мектептің көптеген іс-шараларына атсалысып, АҚШ Президентінің атынан арнайы еріктілер үшін берілетін сыйына (The President's Volunteer Service Award) лайық деп табылады.

Назарбаевтан Колумбияға дейін

Америкалық жасөспірімдердің еркін өмір сүретінін Айжан айрықша байқаған. Мысалы, олар 18 жасқа толған соң, әке-шешесінен бөлек шығып, үлкен өмірге өзінің жеке жоспарына сай қадам басады. Өміріндегі барлық маңызды шешімдерді өздері қабылдайды. Бұл белгілі бір деңгейде адамның толық қалыптасуына септігін тигізеді.

– Ал, Қазақстанда, әсіресе қыз балалар, тұрмысқа шықпайынша әке-шешесінің қанатының астында болады. Мектептен кейін АҚШ-тың ЖОО-ның бірінде білім алуды жоспарладым. Кәмелет жасына жеткен соң, Астанаға көштік. Назарбаев университетінде оқу үдерісі басталғанға дейін жергілікті фармацевтикалық компанияда аудармашы болдым, – дейді Айжан.

Қазақтың талапты қызы студенттік өмірінде де ерікті ретінде тәжірибе арттыруды жалғастырған. Бірінші курс барысында UNICEF ұйымының балалар қорында тәжірибе арттырған.

Екінші жылы Назарбаев Университетінде ұйымдастырылған Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымында тәжірибеден өтуге іріктеуге қатысып, екінші курстан кейінгі жазғы демалысын аталған ұйымда өткізеді.


Айжан Қапышева Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен аймақтық конференциясына қатысу сәтінен

Айжан Қапышева Тəжікстанда өткен Гуманитария форумында Орта Азия жастарының өкілі ретінде қатысқан сəтінен / Сурет Айжанның жеке мұрағатынан алынды


– Осы тәжірибе Колумбия Университетінің грантын жеңіп алуыма септігін тигізді, – дейді Айжан. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жазғы тәжірибе аяқталғаннан кейін жаңа жобаны жүргізуді ұсынды. Бұл – Қазақстандағы емделушілер мен дәрігерлердің өзара коммуникациясын жақсартуға бағытталған жоба болатын. Соңғы үш жылда жоба аясында Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы барлық емханаларында болып, коммуникациялық байланыс туралы семинарлар мен кездесулер ұйымдастырдық.

Айжан Назарбаев Университетінде Саясаттану мамандығы бойынша білім алған. Магистратураны "халықаралық даму" бағыты бойынша жалғастыруды жөн деп шешеді. Себебі бұл Қазақстан сынды кез келген елде әлі шешілмеген мәселе.

– Расында Қазақстанның өзін алып қарасақ, елдің материалдық ресурстары бар, адами капиталы мен салыстырмалы түрде жоғары білім беру жүйесі бар. Ал елдің дамуында серпін жасау үшін не жетпейді?! Міне сол үшін де осы бағыт бойынша білімімді жетілдіруім керек деп түсіндім, – дейді Айжан.

Айжан "халықаралық даму" (Master of Public Administration in Development Practice) саласы бойынша үздік университеттерге талдау жасап, 7 университетке тапсырған. Олардың бірі Германияда болса, қалған алтауы АҚШ-та орналасқан.

Бұл саланың ең үздік мектебі Колумбия Университетінде еді. Себебі аталған университеттегі халықаралық дамудың академиялық бағдарламасы терең зерттеулерді талап ететін теориялық білімге емес, тәжірибе жүзінде белгілі бір елдің дамуына септігін тигізетін нақты қадамдарды табуға негізделген болатын.

– Колумбия Университетінің менің өтінішімді қабылдау коэффициенті өте төмен болатын. Сондықтан өз мүмкіндігімді сақтандыру үшін ТОП рейтингте жоқ Орегон университетіне де тапсырдым. Бір қызығы, мен таңдаған үздік алты университеттің барлығы маған оқуға шақыру гранттарын берді. Ал толық сенім артқан Орегон университетінің сарапшыларына менің талабым жеткіліксіз болып көрініпті, – дейді Айжан.

Стереотиптерге сенбеңіз

– Шетел университеттері біз үшін үнемі қолжетпестей көрінеді. Қазақстандағы ең үздік университетте оқысам да, менде сондай стереотип болды. Ал шындығында олай емес. Колумбия Университетінде күн не түн демей, кітапханадан шықпай оқитын шығармын деп ойлайтынмын. Расында Назарбаев Университетінде алған білімім мұндағы академиялық оқу үдерісіне ілесіп кетуіме толықтай негіз бола алды. Тіпті оқудан бөлек біршама жобалармен айналысуға уақыт таба аламын, – дейді Айжан.

Ал университет Нью-Йорк қаласында орналасқандықтан, мұнда айналысатын қызық жобаларды тауып алу мүмкіндігі жоғары.


Айжан Колумбия Университеті Халықаралық қатынастар факультетінің ұжымымен

Колумбия Университеті Халықаралық қатынастар факультетінің ұжымымен бірге/ Сурет жеке мұрағаттан алынды


Неге АҚШ университеттері ең үздіктер қатарында?

– АҚШ-та білім алатын студенттердің басым бөлігі өз оқуына өздері төлейді. Ал сома айтарлықтай үлкен болғандықтан, алатын білімнің де салмақты болуын талап етеді. Мысалы, студентке сабақтың өту барысы немесе профессордың әдісі ұнамаса, ол бұл туралы ашық айта алады. Ал университет әкімшілігі оны ескеріп, студенттердің жағдайын жақсартудың амалын жасайды. Осы кері байланыс үдерісі АҚШ университеттерінің алдыңғы шепке шығуына жетелеп отыр, – дейді Айжан.

Айжанның айтуынша, студент наразылық танытпаса да, үнемі анонимді түрде бағалау үдерістері іске асырылады. Профессор да кез келген сынды дұрыс қабылдап, даму үстінде еңбектенеді.

– Тек Назарбаев Университетінде ғана білім алғандығымнан, маған салыстыру өте қиын. Себебі Назарбаев университетінде де кері байланыс үдерісі өте жақсы жолға қойылған болатын. Ал өзге университеттердің тәжірибесін білмеймін, – дейді Айжан.

Теория мен іс жүзіндегі тәжірибе

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Айжан соңғы екі жылда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы аймақтық жобасымен айналысқан.

Өткен жылы Колумбияда оқып жүрсе де, Қазақстанға алты рет ұшып, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарының аудандарында болып, медицина қызметкерлерінің коммуникациялық біліктіліктерін арттыруға қатысты іс-шараларды ұйымдастырған.

Ал жоба нәтижесін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған конференцияда көрсетеді.

Human Rights Watch

Айжан Қазақстандағы жобасын аяқтағаннан кейін Нью-Йоркта өз саласы бойынша тәжірибесін тағы да арттыру үшін жаңа жоба іздестіре бастаған. Көп өтпей, халықаралық мемлекеттік емес Human Rights Watch ұйымынан ұсыныс алады. Аталған ұйым дүние жүзі бойынша адам құқығын қорғауға қатысты мәселелермен айналысады.

– Бұл ұйымда мен Еуропа мен Орта Азия аймағына жауапты секторда жұмыс істеймін. Біз осы аймақтардағы адам құқығының қорғалуына баса назар аударамыз, – дейді Айжан.

International House

Оған қоса, Айжан – Нью-Йорктағы әйелдердің дамуына өз үлесін қосатын International House бағдарламасының осы жылғы ұйымдастырушысы. Ол – өткен жылы осы бағдарламаға өтініш білдіріп, іріктеуден өткен Нью-Йорктағы ең үздік 25 студенттің бірі атанған.

– International House аясында аптаның демалыс күндері көшбасшы болуға, кәсіби дамуға, мақсатын анықтауға бағытталған сессиялар өткіземіз, – дейді Айжан.

Columbia Eurasia Group

Мұнымен, қазақ қызының айналысатын жобалары біткен жоқ. Ол жоғарыда аталған жобалардан бөлек, Columbia Eurasia Group студенттік ұйымының президенті қызметін қоса атқарады. Бұл ұйым Колумбия Университетінде білім алатын посткеңестік елдерден шыққан студенттердің басын қосады.

– Columbia Eurasia Group мүшелері екі аптада бір рет бас қосып, ТМД елдерінде болып жатқан әртүрлі мәселелерге қатысты дискуссияға қатысады. Әр кездесуде кем дегенде 10 елдің өкілі қатысады. Олардың әрқайсысының пікірі өзіндік артықшылыққа ие, – дейді Айжан.

NBA кеңесшісі

Айжан жақында өз әріптестерімен университеттегі сабағына байланысты тағы бір жобаны ұйымдастырған. Құрылған сарапшылар тобының бес мүшесі бар.

Олардың қатарында инвестициялық банкир, ойын-сауық өнідірісінің өкілі, Колумбия магистранты әрі кәсіби журналист пен АҚШ-тың Олимпиада құрамасының ұйымдастыру комитетінің мүшесі бар.

Ал бесінші сарапшы – Айжанның өзі. Бұл АҚШ-тың Ұлттық баскетбол қауымдастығына (NBA) корпоративтік-стратегиялық даму бойынша кеңес беріп отырады.

– Баскетбол қауымдастығымен жұмыс істеу АҚШ-қа келгелі бері ойымда болған. Себебі Назарбаев Университетінде 4 жыл бойы университет құрамасында өнер көрсеттім. Ал өзіме ұнайтын спорт қауымдастығының дамуына қатысу мен үшін таптырмайтын тәжірибе, – дейді Айжан.


Айжан Назарбаев Университеті баскетбол құрамасының сапында

Айжан Назарбаев Университеті баскетбол құрамасының сапында / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Ақпараттың қолжетімдігі

Колумбия университетінің студенттері профессорлардың лекцияларын тыңдаумен ғана шектелмейді. Олардың басым бөлігі дәрісханадан тыс жобалармен белсенді түрде айналысады. Университет басшылығы да әртүрлі сарапшылардың студенттермен арнайы кездесуін жиі ұйымдастырады.

"Колумбия Университеті өтініш білдірген үміткерлердің орта есеппен 7-8 пайызын оқуға қабылдайды. Бұл – әлемдегі ең үздік, өз саласында тәжірибесі мол студенттердің басын қосудағы тамаша үрдіс. Ал олармен ортақ әңгіме құрып, пікірталас ұйымдастыру –терең білім игерудің тағы бір жолы, – дейді Айжан.

Университет студенттері Қазақстанды зерттеп жүр

Колумбия Университетінің Халықаралық және қоғамдық Қатынастар факультетіндегі Master of Public Administration in Development Practice бағдарламасының құрылғанына 10 жылдың төңірегі болған. Ал Айжан – осы сала бойынша Орта Азиядан Колумбия университетінде оқып жатқан алғашқы студент.

Айжанның айтуынша, осы жылы Қазақстан мемлекеті зерттеу кейсі ретінде бағдарламаның оқу жоспарына енгізіліпті.

– Біздің лектегі 70 студент Қазақстанның тұрақты даму стартегиясын зерттеуді бастады. Ал мені оларға кеңесші әрі көмекші ретінде шақырып отыр, – дейді Айжан.

Колумбия Университетінің түлегі атанудың артықшылығы мол

2016 жылдың көктемінде Колумбия Университетінің арнайы шақыру хаты келген кезде, Айжан бұл артықшылықты сезінгенін айтады. Ол сол жылдың жазында Қазақстандағы Колумбия Университеті түлектерінің қауымдастығының кезекті отырысына қатысу мүмкіндігіне және Нью-Йоркқа келмей тұрып мол ақпаратқа ие болған.

– Колумбия университетінің студенті болу Нью-Йорктың өзінде де жоғарғы статусты көрсетеді. Мысалы, мен тәжірибеден өтіп жатқан Human Rights Watch ұйымындағы біздің дивизия директорының орынбасары да – дәл мен оқып жатқан факультет түлегі. Сондықтан біздің екеуара ортақ әңгімеміз болды, – дейді Айжан.

Кейде адамдар Колумбия Университетіндегі білім алудың құны тым қымбат деп жатады. Айжан ол жерде жай ғана сабақтарға барып, білім алу басқа, ал университет қоғамы мен түлектерімен байланыс орнату басқа екенін айтады. Бұл – шынымен де, өз бағасына лайықты университет.


Нұртас Адамбай Колумбия Университетінде білім алатын қазақстандық студенттермен бірге

Нұртас Адамбай Нью-Йоркта білім алатын қазақстандық студенттермен бірге / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Халықаралық тәжірибе

Бүгінде Айжан магистрлік оқуының екінші курсын оқып жатыр. Ал оқу аяқталғаннан кейін мемлекеттік емес ұйымдарда еңбек етуді жоспарлап отыр.

Мысалы, ол осы жазда UNICEF ұйымының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы аймақтық кеңсесінде тəжірибеден өткен.

– Мен өзіме географиялық тұрғыдан ешқандай шектеу қойып отырған жоқпын. Енді мүмкіндік болса, Оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы, Африка сынды аймақтарда тәжірибе арттыру ойымда бар, – дейді Айжан.

Айжан кез келген жаңа ортада жаңа жобамен айналысу барысында белгілі бір мәселенің Қазақстанда қай деңгейде шешілгені жайлы ойлайтынын айтады.

– Әлемдік деңгейде мол тәжірибе жинаған соң, 10 немесе 15 жылдан кейін Қазақстанға барып, елдің тұрақты дамуына атсалысамын, – дейді Айжан.

Айжан Қазақстанға қайтып оралғанда әйел құқығын қорғау бойынша қызмет ететінін айтады. Олардың қоғамдағы еңбек бөлінісі кезіндегі дискриминацияға тап болмауы үшін бар күшін салмақ.


Айжан отбасымен бірге

Айжан отбасымен бірге / Сурет жеке мұрағаттан алынды


Үміткерлерге кеңес

Колумбия Университетінде Айжанмен қатар оқитын қазақ студенттері бар. Олардың басым бөлігін "Болашақ" бағдарламасымен келген. Ал бұл жерде оқығысы келетіндер де көп. Айжан өз тәжірибесіне сүйене отырып, үміткерлерге кеңестерімен бөлісті. Олар:

1. Бастысы өзіңізге ненің қажет екенін анықтап алыңыз. Немен айналысқанды ұнатасыз? Алдағы 5 жылдан кейін немен айналысатыныңызды жоспарлаңыз. Сонда ғана мұнда білім сізге өз пайдасын береді. Ал Колумбия университетінің абыройы үшін осында оқығыңыз келсе, оқуға түскеннің өзінде, нақты бағытсыз адасып жүресіз.

2. Бакалаврда алған бағаларыңызбен балл көп нарсені шешпейді. Сізде GPA немесе GRE көрсеткіштері университет комиссиясы үшін маңызды емес. Олар үміткердің кәсіби біліктілігі мен талабын анықтауға тырысады.

3. Халықаралық ұйымдар мен компанияларда тәжірибе арттыруға тырысыңыз. Сіздің атқарған жобаларыңыздың салмағына баса назар аударылады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары