Тікелей эфир

Шетелде бакалавр оқу үшін дайындықты 9-сыныптан бастау керек

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Қазақстан жастары арасында білім алу мақсатында ел таңдауда алғашқы екі орынды АҚШ пен Ұлыбритания алады.

Бұл туралы Тұңғыш президент жанындағы әлемдік экономика және саясат институты хабарлады. Кейінгі орындарда Ресей, Чехия, Малайзия және Польша тұр.

"Еуропа елдерінің оқу орындарында бакалавр дәрежесін үш жылда меңгеріп шығуға болады. Ал біздегі оқу мерзімі – төрт жыл. Білім беру сапасы жөнінен АҚШ, Ресей және Гонконг алдыңғы қатарда. Ал оқу бағасы мен өмір сапасымен қоса қарастырсақ, Оңтүстік Корея, Сингапур, Польша, Чехия елдерінде білім алған тиімді. Дегенмен, білім алуда ел таңдау үшін географиялық жағынан бұрын сол елдегі университеттің таңдаған мамандыққа сәйкестігіне қараған абзал", – дейді Nova Education компаниясының басшысы Ерден Шаймардан.

Оқи отырыңыз: Америкада тегін оқуға ауыл баласына да жол ашық

Маманның айтуынша, соңғы уақытта Венгрия үкіметі Қазақстан жастарына арнап грант бөле бастаған.

"Венгрия Еуропалық Одаққа мүше. Сондықтан, білім сапасы жоғары. Бұл елде венгр және ағылшын тілінде білім алуға болады. Ол үшін оқушының жасы 18-ден асқан болуы және ағылшын тілін білуі керек", дейді Ерден Шаймардан.

Білім беру орталығының басшысы техникалық саланы таңдаған жастарға Жапония, Оңтүстік Корея, Гонконг елдерінде білім алуға кеңес береді. Бұл елдерде Орта Азия елдері жастарына арналған көптеген мүмкіндіктер мен гранттар бар екен.

Оқи отырыңыз: АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?

Ерден Шаймарданның сөзінше, шетелде оқығысы келетін мектеп оқушылары дайындықты 9-сыныптап бастағаны жөн. Өйткені, шетел университеттері көбіне соңғы үш жылдықтағы оқушының үлгерімі мен жетістіктеріне мән береді екен:

  • Оқушының ағылшын тілін меңгеру деңгейі. IELTS, TOEFL сертификаттарының болуы. (орташа 6,5);
  • Академиялық оқу жетістіктері (пәндік олимпиадалар, ғылыми зерттеулер);
  • Қоғамдық шараларда белсенді болуы (спорттық жарыстар мен мәдени шараларға қатысуы);
  • Волонтерлік жұмыстарға атсалысуы (қайырымдылық шараларына қатысуы).

"Әрине, бір бала барлық қырынан үздік болуы қиын. Дегенмен, тек оқудан бөлек, спорттық және қоғамдық мәдени шараларға да белсенді араласу үміткер оқушының шетелдік грант иеленуіне көп көмектеседі", дейді Nova Education орталығының басшысы.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары