Вирус неге Италияда ұшығып кетті?

– Біз жол немесе пойыз апатында, тіпті жер сілкінісіне кезінде қалай әрекет ету керек екенін білеміз. Бірақ вирус күн өткен сайын сонша көп адамды алып кетіп жатыр. Оның емі, тіпті вирустың денеге әсерін тежейтін дүние табылмады, – дейді Миландағы Сан Донато емханасының (Policlinico San Donato) Марко Павеси есімді анестезиологы.

Дәрігер The New York Times басылымының жеке пікірлер колонкасында Италиядағы жағдайға қатысты өз ойын жазған. Оның айтуынша, Италия осыған дейін мұндай қасіретті еш көрген емес.

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің Коронавирус ресурс орталығының соңғы дерегіне сүйенсек, бүкіл әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 215 мыңға жетті. Ал қайтыс болғандар саны 8 732-ге барды. Вирус жұқтырғандардың алтыдан бір бөлігі, яғни 35 мыңнан астам адам Италияда тіркелген. Қайтыс болған 2978 адам да Италияда террриториясынан табылып отыр.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Аталмыш елде соңғы бір тәулікте 475 адам коронавирус әсерінен қайтыс болды. Ал Италиядағы жалпы емделіп шыққандар саны 4 000-нан асқан.

Коронавирустың Италияда тым көп таралуы себептерін дөп келтіру қиын. Десе де, Ұлыбританиядағы Оксфорд университетіндегі әлеуметтанушы ғалым Мелинда Миллс Demographic Science журналына жариялаған зерттеуінде Италияға қатысты екі себеп келтірген. Бірі Италия жасы үлкен азаматтары көп әлемдегі екінші ел болса, екіншісі мұндағы жастардың үлкендерді тым жақсы көруі болып отыр.

Нақтырақ айтсақ, жастар коронавирусты жұқтырса да, симптомдары байқалмауы мүмкін. Сәйкесінше еш уайымсыз оны таратушыға айналады. Оксфорд ғалымының жазған екінші себебі трансмиттерге айналған италиялық жастардың үлкен жастағы туыстарын тым жиі құшақтап, жақындасуын меңзейді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

АҚШ-та жағдай қалай?

Үш апта бұрын Италияда коронавирус мәселесі актуалды да емес еді. Ал қазір ел карантин жағдайына бекітілді және азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқасы жабылды. Америкалық Vox басылымының жазуынша, АҚШ Италияның коронавирус дағдарысын қайталауы мүмкін.

Мақалада Швейцариядағы Базель университетінің ғалымы Ричард Нехер былай дейді:

"Егер вирустың таралуын азайту әрекеттерін қазір жасамасақ, ертең емханаларда орын жетпейтін болады".

Ал Италияның бұрынғы премьер-министрі Маттео Рензидің The New York Times басылымына берген сұхбатында Италия үкіметінің елдегі вирустың таралуына тым кеш назар аударғанын айтқан.

– Бүгін Италия қызыл аймақта. 10 күнде Мадрид, Париж және Берлин дәл осындай тауқыметті көруі мүмкін, – деген еді ол.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы

Бұл өзге елдердегі үкіметтің дер кезінде вирустың таралуын азайтатын шараларды қарастыруы қажет екенін білдіреді.

Америкалық The New York Times басылымының мәлімдеуінше, бүгін АҚШ-та вирус жұқтырғаны анықталғандар саны 8 мыңнан асқан және барлық штатта тіркелді. 143 адам қайтыс болған.


Коронавирус жұқтырғандар АҚШ-тың барлық штаттарынан табылды / Скриншот The New York Times басылымынан алынды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус эпидемиясын ресми түрде пандемия деп жариялағаннан кейін америкалық мейнстрим медиа өкілдері АҚШ емханаларының коронавирусты анықтайтын тесттер жеткіліксіз екенін талқыға салуды бастады.

Ал осыдан бір жұма бұрын Вашингтон қаласындағы Аллергия және инфекциялық аурулар ұлттық институты директоры Энтони Фаучи АҚШ Конгресі Өкілдер палатасындағы коронавирус таралуына қатысты отырыс барысында былай деді:

"Тесттердің жеткіліксіз болуы артта қалғанымызды білдіреді. Денсаулық сақтау жүйесі өз міндетін атқара алмай жатыр. Оны мойындайық".

Көп өтпей The Washington Post тілшісі осы "жүйенің" мардымсыз екендігіне қатысты сұрағын АҚШ президенті Дональд Трампқа қойып үлгерді. Ол өз кезегінде оған жауапкершілік алмайтынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

АҚШ-тағы коронавирус кең тараған аймақтарда жағдай қалай?

Вирус ең көп анықталған аймақтарға Вашингтон, Калифорния, Флорида, Иллинойс және Нью-Йорк штаттары кіреді.

Нью-Йорк қаласы бойынша әзірге 1 339 адамда вирус анықталған (Салыстыру үшін: Нью-Йорк штаты бойынша 2 382 адамда анықталды). Бір тәулікте жұқтырғандар саны 695-ке артқан. Ал қайтыс болғандар саны 11-ге жеткен. Алып қалада вирус жұқтырғандар саны күн сайын күрт өсіп жатса да, штат губернаторы "карантин жариялауға әлі ерте" деп мәлімдеген.

Десе де, қала әкімдігі 10 адамнан көп жиындарды тоқтату ұсынылған. Адамдарға барынша үйлерінен шықпауға шақырған. Музейлер, ресторандар және өзге де адамдар көптеп келетін орталықтар әзірге жабық. Ресторандар тек алып кетуге тапсырыс қабылдай алады.

Жағдайды іштей түсіну үшін Нью-Йорк қаласындағы отандастарымыздан пікір алдық.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Алып қаладағы қазақстандықтар арасындағы Талғат Әбдірахманов есімді белсенді отандасымыз алдағы Наурыз мерекесіне орай жиын ұйымдастыруды жоспарлағанын айтты.

– Мұндағы қазақтар жиналып, Наурызды жыл сайын бірге тойлайтын едік. Биыл, әзірге белгісіз. Сәуір айына ауыстырып отырмын. Бірақ сәуірде де саябырситын емес, – дейді ол.


Нью-Йорктың туристік орталықтары дерлік бос қалған. Адамдар көбіне медициналық маскамен жүр / Фото The Associated Press басылымынан алынды

Талғаттың айтуынша, америкалықтар әдетте үйлерінде тамақ дайындамайды. Сондықтан қала әкімдігі ресторандарды толық жаппай, тамақты алып кетуге тапсырыс жасауға рұқсат беріп отыр.

– Бұл бір жағынан ресторан бизнесінің табысы қысқарып, құлдырамауы үшін жасалып отыр. Сосын ресторан қызметкерлері де жұмыссыз қалмайды, – дейді Талғат.

Талғат АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында KazCommunity USA ұйымының жетекшісі.

Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде оқитын Еркебұлан Қадыров есімді отандасымыздың айтуынша, оның жүріс-тұрысы айтарлықтай өзгерген.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи

– Осыдан 10 күндей бұрын Колумбия университеті онлайн оқу жүйесінен ауысқан кезде, адамдар арасында дүрлікпе онша байқалмады. Бірақ, екі күн бұрын, мейрамханалар жабылатыны белгілі болғанда дүкендерден азық-түлік алып жатқан адамдар саны көбейді. Кейбір тауарлар тапшы. Әсіресе, медициналық маскалар мен туалет қағаздары. Дәретхана қағаздарына сұраныстың көп болуын түсіне алмадым, – дейді ол.

Еркебұлан университетке жақын ауданда, яғни Манхэттеннің солтүстік-батыс бөлігінде тұрады. Манхэттеннің бұл бөлігі Нью-Йорк штаты бойынша коронавирус көп тараған Вестчестер каунтиінен алыс емес.

– Қазір университетке мүлде бармаймын. Кітапханалар да жабық. Спорт залға да баруды уақытша тоқтаттым. Десе де, қалада бәрі бұрынғыдай, адамдардың бойында үрей байқалмайды, – дейді Еркебұлан.

Отандасымыз оқу онлайн түрге ауысқалы бері көшеге көп шықпай қойғанын айтты. Ол көбіне үйде тамақ дайындап, үйде оқуына қатысты зерттеулерді оқиды. Ал күн сайын университетке метромен жетуге жұмсайтын 2 сағат уақытын қосымша кітап оқуға арнап отыр екен.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

– Қазір иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтануға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Әсіресе, тұтынатын өнімдердің құрамын оқып, пайдасы көбірек барын барынша көп тұтынып жүрмін, – деді ол.

Алихан есімді Нью-Йорк қаласындағы тағы бір отандасымыз АҚШ-тың солтүстік-батыс бөлігіне жүк тасымалдайды. Informburo.kz басылымына берген пікірінде, америкалықтардың аз пандемияға қарағанда, экономикалық уайымы көбірек екенін айтты.

– Әдетте, Нью-Йорктен Висконсин және Миннесота штаттарына түрлі көліктерді жүк көлікпен тасымалдаймын. Әр қалада немесе трэк-стоптарда (трэк-стоп – тасжол бойындағы жүк көліктерінің тоқтайтын арнайы орындары - ред.) қысқа болса да адамдармен әңгіме өрбітеміз. Олардың уайымы билдерді (билл – коммуналдық немесе несие, ипотека сынды әртүрлі төлемдер – ред.) қалай төлеуі, – дейді Алихан.

Отандасымыздың айтуынша, коронавирус пандемиясы түрлі бизнестерге айтарлықтай әсер етіп жатыр. Алиханның соңғы екі аптадағы табысы да айтарлықтай азайыпты.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың жағдайы қандай?

Калифорнияның Фримонт қаласында 42 бағдарламалау мектебінде оқып жатқан Самал Байырова есімді отандасымыз өзі тұратын қалада вирус жұқтырған адам әзірге анықталмаса да, азық-түлік алуға асыққандар көп дейді.

– Ең қажет өнімдер супермаркет текшелерінде жоқ. Мысалы, күріш, ұн, жұмыртқа, ет таба алмадық, – дейді ол.


Самал Фримонт қаласындағы супермаркеттерде кейбір өнімдер тапшы екенін айтты / Самал арнайы informburo.kz үшін

Фримонт қаласы Калифорниядағы ең үлкен қала Сан-Франциско жақын орналасқан. Жалпы Калифорния қаласында 800-ге жуық кейс анықталса, оның 300-і Сан-Франциско қаласынан табылған.

АҚШ-тағы ең алғашқы кейстердің бірі Чикаго қаласында анықталған еді. Қазір Иллинойс штаты бойынша 160 адамда вирус анықталса, оның басым бөлігі Чикаго қаласында тіркелген.

Чикагода солтүстігіндегі Эванстон қаласындағы Солтүстік-батыс университетінде оқитын Фариза есімді отандасымыздың айтуынша, университет аймағында істейтін екі адамнан вирус анықталған.

– Вирус анықталған адамдар жайлы университет президенті мәлімдеді. Бірақ олардың аты-жөні мен қайда тұратынын айтпады. Меніңше, сол кісіні білетін және сол аймақта тұратын азаматтарды шошытқылары келмеді, – дейді ол.

Фариза метрода жүруді доғарғанын айтты. Қазір барынша үйде болуға тырысып жатыр екен.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алтыншы күн

– Тек қажет заттарды алуға сыртқа шығамыз. Бірақ жалпы қалада жағдай аса қатты өзгермеген, – дейді ол.

Фаризаның айтуынша, қалада медициналық маска таққан адамдар өте аз.

Чикаго қаласында тұратын Тимур есімді тағы бір отандасымыз да жүк көлігін жүргізеді. Ол пандемия кесірінен табысы 30 пайызға азайғанын айтты.

– Мен оңтүстіктегі Теннесси және Техас сынды штаттарға жүк тасымалдаймын. Қытайдан келетін тауарлар қысқарғаннан кейін бізге де жұмыс азайды. Сондықтан төлемақы түсіп кетті, – дейді ол.

Тимурдың коронавирусқа қатысты жаңалықтарды қарап жүрсе де, Чикагода, әдетте, көп уақыт қалмайтынын айтты. Оның көп уақыты жолда өтеді екен.

Майами қаласында тұратын Ақылбек есімді отандасымыздың айтуынша, Флорида штаты төтенше жағдай жариялағаннан кейін көшедегі адамдар саны азайған.

– Қала көшелерінде патруль саны көбейген. Ал жағажайлар толығымен жабылған. Қоғамдық орындар да, ресторанда жабық, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Бесінші күн


АҚШ-тың Флорида штаты Майами қаласындағы жағажай / Ақылбек арнайы informburo.kz үшін

Ақылбектің айтуынша, супермаркеттерде кәдімгі су қалмаған. Одан бөлек, көп сақталатын консервідегі өнімдер де тапшы екен.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның Солтүстік Америкадағы өкілі Әліби Байтурин есімді отандасымыз пандемия кесірінен адамдық қоғамдық өмірі өзгергенін айтты. Ол қазір Вашингтон қаласында тұрады.

– Вашингтоның ортасында орналасқан Дюпонт аллеясы жергілікті америкалықтар арасында өте танымал. Үнемі адамдарға толы болатын. Ал қазір бос тұр. Костко (Costco – ред.) сынды супермаркеттерде азық-түліктің жартысы жоқ, – дейді ол.

Әлібидің айтуынша, жергілікті қазақ диаспорасы Наурыз мерекесіне орай үлкен жиын ұйымдастырмақ болған екен. Ол да болмайтын болыпты.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн

– Болашақ бағдарламасы бойынша АҚШ -та 312 Канада мемлекетінде 21 қазақстандық оқып жатыр. Осыған дейін біздің жұмысымыз студенттеріміздің оқу үлгерімі, шәкіртақы және осыған ұқсас сұрақтарына жауап беруден аспайтын. Ал қазір коронавирусқа қатысты әрбір студентті қажет ақпаратпен қамтамасыз етіп, қажет кезде, онлайн тәулігіне 24 сағат болса да көмектесіп жатырмыз, – дейді ол.

Әліби, әзірге, АҚШ коронавирус пандемиясы бойынша екінші категориядағы елдер қатарында болғандықтан студенттерді елге қайтару мәселесін қарастырмай жатқанын айтты. Десе де, "Болашақ" әкімшілігі өз еріктерімен қайтқысы келген студенттерге әуе билетін алып беру мен шәкіртақы төлемін Қазақстанда жалғастыруды ұйымдастырып отыр.

– Пандемия ушыққан жағдайда студенттерді елге қайтару мәселесін үкімет шешеді. Ал біз барлық шешімге қолдау жасаймыз, – деді ол.

АҚШ Италияның қателігін қайталауы мүмкін бе?

Гарвард университетінің Марк Липситч есімді эпидемиологы әлемнің жарты халқы коронавирусты жұқтыруы мүмкін деп болжады. Ал АҚШ-тағы Аурудан қорғану және бақылау орталығының (Centers for Disease Control and Prevention немесе CDC) ең нашар сценарийі бойынша америкалықтар үшін 1,7 миллион адамның өліміне алып келуі мүмкін.

Массачусетс технология институтының (MIT) ғалымдары коронавирус пандемиясының АҚШ-қа әсерін анықтауға тырысып көріпті. Нәтижесі институттың Technology Review басылымында жарияланды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

MIT ғалымдары пандемия таралу мүмкіндігін математикалық жолмен есептеген. Ғалымдардың жазуынша, әрбір вирустың таралу қабілетін анықтайтын реподуктивті нөмірі (R0) болады. Мысалы, коронавируста бұл нөмір 2 мен 2.5 арасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы екі санды минимум және максимум деп белгіленген.


Бұл ғалымдардың теориялық есебі. Практика жүзінде бұл көрсеткіш төмен болуы мүмкін / Скриншот Technology Review сайтынан алынды

Мысалы, жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей, R0 2 болғанда вирус жұқтырған 5 адам алғашқы 4 күнде өзге 45 адамға таратып үлгереді. Ал 10 күнде 282 адамға жұғады. Бұл репродуктивті нөмірдің минимум болған кездегі өсімі.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Ал R0 2.5 болса, 4 күнде 322 адамға таралып, 10 күнде 79 470 адамға жетеді. Әрине, бұл ғалымдардың теориялық тұрғыдағы есебі. Вирустың таралу мүмкіндігін жұқтырған адамдарды қоғамнан аластату арқылы азайтуға болады.

Мысалы, бүкіл әлемде вирустың бір нұсқасы таралса да, АҚШ-тың Вашингтон штатында коронавирус жұқтырғандар саны әр екі күн сайын екі есе өссе, Жапонияда әр он күн сайын екі есеге артып отырған. Демек, вирус жұқтырғандарды аластату оның жаппай таралуын азайтудың тиімді жолы болып отыр.