Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус жұқтырған екі адамның жағдайына қатысты түсініктеме берді. Қазіргі уақытта науқастар Алматы қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған. Жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлер олардың өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрғанын дөп басып айта алмай отыр. Тек ДДСҰ ұсынған хаттамаға сәйкес ем жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қауіпті дертке шалдыққандардың бірі Алматыға Франкфуркт қаласынан 9 наурызда келіп, 1Б санаты бойынша үй карантинінде болған. Бұл бортпен жалпы саны 68 адам ұшып келіпті, 40 адам қазір қарантинде. Ал төртеуі шетелге қайта ұшып кеткен. Қалған 24-і іздестіріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?
"Біз бұл науқаспен байланыста болған барлық туыстарын, достарын, көршілерінің арасынан 11 адамды тауып, оларды карантинге жатқыздық. Коронавирустық инфекцияға талдау алынып, тексеріп жатырмыз. Ал сол ұшақпен ұшып келген 24 адам іздестірілуде. Олар жақын күндері табылады деп ойлаймыз. Жалпы, 1Б санатына Франция, Германия, Испания мемлекеттері жатады. Ол елдерден келген азаматтарға үй карантині көзделген. Оқшаулау 14 күнге созылады", – деді Тілеухан Әбілдаев.
Оқи отырыңыз: Коронавирус себебімен қысқарған әуе рейстерінің билетін қайтару ұсынылды. Қайда хабарласу керек?
Екінші науқас анықталған ұшақ Алматыға бүгін түнде қонған. Әуе кемесінде 12 адам болса, оның үшеуі – экипаж мүшелері. Олардың барлығы инфекциялық стационарға орналастырылды.
"Жалпы, 24 ақпан мен 13 наурыз аралығында Алматыға 11 мың 340 адам келген. Олардың 10 мың 852-сі табылды және медициналық қызметкерлердің бақылауына алынды. Бұл 95,7 пайызды құрайды. Табылмаған адамдардың деректері көші-қон қызметі мен ҰҚК-ге берілді", – деді басқарма басшысы.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі
Бүгінгі күні қала бойынша 1А санаты бойынша 476 адам карантинде жатыр. Олар – Қытай, Иран, Оңтүстік Корея мен Италиядан келгендер. Қауіпті індеттің таралуының алдын алу үшін Алматыға республикалық бюджеттен 73,5 млн теңге бөлінген болатын. Енді инфекцияны жұқтырушылар санының күрт өспеуі үшін қалалық бюджеттен қосымша 94,5 млн теңге қарастырылды.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрес. Үкіметтің "Б" жоспары қандай шараларды көздейді?
Еске сала кетсек, бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Олар – Германиядан Алматыға оралған Қазақстан азаматтары. Біреуі елге 9 наурыз күні, екіншісі кеше, 12 наурыз күні сапардан оралған.
Үшінші науқас Нұр-Сұлтан қаласына Миланнан ұшып келген. Қауіпті ауруды жұқтырған әйел борттан бірден карантинге жіберілді.
Осы күні Германиядағы қазақстандық бір азаматтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл азамат – Германиядағы Қазақстан елшілігі қызметкерінің әкесі. Оның бойынан коронавирус белгілері анықталып, ауруханаға жатқызылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі бұдан кейін Алматыға Германиядан 9 наурызда келген тағы бір азаматтың коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Ол бұған дейін үй карантинінде болған.
Оқи отырыңыз: Студенттер 16 наурызға дейін жатақхананы босатуы тиіс пе? Білім және ғылым министрлігінің жауабы
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.