Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 10-ға жетті. Төртінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейміз.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы үш күннің оқиғаларын төмендегі сілтемелер арқылы өтіп, оқуға болады.

Оқи отырыңыз:

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

Төртінші күн

Сағат: 08.00. Төтенше жағдай туралы қаулы күшіне енді

Президент қаулысымен 15 сәуірдің таңына дейін әрекет ететін төтенше жағдай режимі басталды.

Сағат: 09.00. Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлама жасады

Әкімдіктің шешімімен келесілердің жұмысы тоқтатылды:
  • кинотеатрлар;
  • театрлар;
  • көрмелер;
  • түнгі клубтар;
  • караоке;
  • барлар;
  • компьютер клубтары;
  • фитнес орталықтары;
  • жаттығу залдары;
  • бассейндер.

Дәмхана мен мейрамханалар 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда мұндай бір тамақтану орнында 50-ден артық адамның болуына тыйым салынады. Сондай-ақ, кальян қолдануға да болмайды.

Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 14.00. Президент халыққа телевизиялық үндеу жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жолдап, халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға шақырды.

Үндеуде айтылған негізгі тезистер:

  • Бұл – уақытша дүрбелең. Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс.
  • Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд долларға жуық.
  • Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды.
  • Азық-түлік қоры жеткілікті.
  • Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді.
  • Отандық кәсіпкерлерді қолдау мен жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд теңгеден кем емес қаржы бөлінеді.
  • Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Толығырақ: "Бұл – уақытша дүрбелең!" Президент төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады

Сағат: 15.00. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның алғашқы отырысы өтті

Премьер-министр Асқар Мамин барлық ұйымдар мен нысандардағы санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейтіп, дәріхана желілерін дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. ІІМ мен арнаулы меморгандарға медициналық және карантиндік нысандарды қорғауды күшейту жүктелді.

Сағат: 16.00. Сауда және интеграция министрлігі брифинг өткізді

Министр Бақыт Сұлтанов сауда нысандарының жабылмайтынын айтты. Бірақ, оларға келесі талаптар қойылады:

  • ірі сауда нысандары 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ғимараттағы кинотеатрлар, балалар орталықтары және өзге сауық алаңдары жабылады;
  • азық-түлік дүкендері, супермаркеттері және базарлары қалыпты режимде жұмыс істейді. Нан және кондитерлік өнімдер қапталған күйінде сатылады;
  • азық-түліктік емес базарлар 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді;
  • күшейтілген дезинфекциялық режим енгізіледі;
  • кезек қалыптастырмау талабы қойылады (кезек болған жағдайда 2 адамның ара қашықтығы 1 метрден жақын болмауы тиіс);

Ірі сауда нысандарына қосымша талаптар қойылады:

  • нысанға маска таққандарды ғана кіргізу (маскасы болмаған жағдайда, оларға маска тегін беру), сондай-ақ, коронавирус профилактикасы жөнінде жадынама үлестіру;
  • барлық кіреберісте тепловизор орнату.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи

Сағат: 17.15. Президент әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдады

Жаңа құжатқа сәйкес, Президент:

  • мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін ұйымдастыру мен қызметі;
  • салық салу, мемлекеттік бюджетті қалыптастыру, нақтылау және пайдалану;
  • халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету;
  • мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастыру;
  • еңбекақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен шарттарын қалыптастыру;
  • шекті тарифтерді және халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу;
  • бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
  • лицензиялау, рұқсаттар және хабарламалар;
  • мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
  • құқық тәртібін қамтамасыз ету;
  • қаржы нарықтары мен қаржы ұйымдары;
  • елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру;
  • монополияға қарсы заңнама және бәсекелестікті қорғау;
  • өзге де функциялар мен бағыттарды жүзеге асыру мәселелері бойынша реттеудің өзге де тәртібін көздейтін актілер қабылдауға немесе мемлекеттік органдарға тапсырмалар беруге құқылы.

Қаулының толық мәтінін Қазақстан Президентінің ресми сайтынан оқуға болады.

Сағат: 19.29. Денсаулық сақтау министрлігі ресми өкілінің хабарламасы

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп коронавирус жұқтырған тағы бір қазақстандықтың анықталғанын хабарлады. Ол – 15 наурызда Ыстанбұлдан Алматыға ұшып келген 1986 жылғы әйел. Осымен елімізде Covid-19 жұқтырғандардың саны 10-ға жетті.

Оқи отырыңыз: Коронавирус: не үшін дәл қазір әрекет ету керек? Стэнфорд университетінің магистрі Томас Пуэйоның зерттеуі

Сағат: 20.00. Жоғарғы сот хабарлама жасады

Жоғарғы сот келесі шараларды қабылдады:

  • сот істерін қарау кейінге шегерілді;
  • сот процестері IT-технология көмегімен қашықтан өткізілетін болды;
  • азаматтарды қабылдау тоқтатылды;
  • превентивті шаралар (дене қызуын өлшеу құралдарын, гигиена мен дезинфекция заттарын қолдану) қолға алынды;
  • семинар, конференция, жұмыс отырыстары, сот қызметкерлерінің сот ғимаратынан тыс жердегі шараға қатысуы тоқтатылды.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Сағат: 20.15. Ішкі істер министрлігі хабарлама жасады

Вьетнамнан келгеніне байланысты инфекциялық ауруханаға карантинге жатқызылған Шымкент тұрғыны қашып кеткен болатын. Ол ұсталып, қайта ауруханаға жатқызылды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 304-бабы – "Санитарлық талаптар мен гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сағат: 21.00. ҚМДБ жұма және бес уақыт намаз оқу бойынша пәтуа шығарды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі келесілерді мәлімдеді:

  • мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді;
  • мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды;
  • мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады;
  • жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.

Пәтуаның толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары