Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 9-ға жетті. Үшінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейміз.
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы екі күннің оқиғаларын төмендегі сілтеме арқылы өтіп, оқуға болады.Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

15 наурыз, үшінші күн

Сағат: 13.00. Денсаулық сақтау министрі онлайн брифинг өткізді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 8-ге жеткенін хабарлады. Тізімді толықтырған екеу Алматыда:

  • 1959 жылғы әйел Мәскеуден ұшып келген. Ол қазір Алматы инфекциялық ауруханасында жатыр;
  • 1995 жылғы ер адам 14 наурызда Сеулден ұшып келген.

Осы уақыттағы мәлімет бойынша Қазақстанда 1 425 адам стационарлық карантинде, ал 545 адам үй карантинінде жатыр.

Толығырақ: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 8-ге жетті

Сағат: 14.00. Президент әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы мәлімдеме жасады

Президент әкімшілігінің фронт-офисі азаматтарды қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлады. Дегенмен, бұған дейін қабылдауға жазылған азаматтардың кезегі өзгеріссіз сақталады.

Сағат: 15.00. Президент Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы қаулы қабылдады

Ақорда баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы қаулы қабылдағанын хабарлады. Төтенше жағдай 2020 жылғы 16 наурыздағы 08.00-ден 15 сәуірдегі 07.00-ге дейін енгізілді.

Қаулыға сәйкес, Үкіметке:

  • Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлу;
  • адамдардың жауапкершілігін күшейту шараларын атқару;
  • орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдау тапсырылды.

Келесі нысандардың жұмысына шектеу қойылды:

  • ірі сауда нысандары;
  • сауда ойын-сауық орталықтары;
  • кинотеатр, театр, көрмелер;
  • адамдар көп жиналатын өзге нысандар.

Толығырақ: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 16.00. Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеме жасады

Министрліктің баспасөз қызметі төтенше жағдай талаптарына сәйкес, азық-түлік дүкендері мен базарлар өз жұмысын жалғастыратынын хабарлады: "Азық-түлік және азық-түліктен басқа заттарды сататын шағын дүкендер, сондай-ақ сауда ойын-сауық орталығынан тыс жерде орналасқан шағын және орта бизнес сауда нысандары иелерінің қалауы бойынша жұмыс істей береді".

Дүкендер мен базарлардың жұмыс уақытын қысқарту жөнінде шешімді қала және өңір әкімі қабылдайды.

Сағат: 17.00. Ведомствоаралық комиссия мәлімдеме жасады

Келесі елдерге тұрақты рейстер саны қысқарды:

  • Германия;
  • Ұлыбритания;
  • Нидерландтар;
  • Венгрия;
  • Чехия;
  • Польша;
  • Түркия;
  • Украина;
  • Беларусь;
  • БАӘ;
  • Грузия.

Оқи отырыңыз: Коронавирус: не үшін дәл қазір әрекет ету керек? Стэнфорд университетінің магистрі Томас Пуэйоның зерттеуі

Сағат: 17.00. Президенттің баспасөз хатшысы аңдатпа жасады

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 16 наурызда телевизия арқылы үндеу жариялайтынын хабарлады.

Сағат: 17.30. Алматы полиция департаменті хабарлама жасады

Полиция департаментінің хабарлауынша, Алматыда коронавирус жұқтырған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Себеп ол санитарлық қызмет жұмысына кедергі келтіріп, вирус жұқтырғаннан кейін өзімен байланыста болған адамдардың мәліметтерін беруден әдейі бас тартқан. Егер әйел айыпты деп танылса, 4 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Сағат: 20.30. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Министрліктің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп Германиядан ұшып келген 2008 жылғы қыздың коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Осымен Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 9-ға жетті.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары