Прямой эфир Новости спорта

Жер шарын жайлаған орман өрті ойландырады

Фото: Scanpix.com
Фото: Scanpix.com
2019 жылдың жазында Ресейде, Бразилияда ормандар өртенді. Биыл оттегісі азайған елдердің қатарына Қазақстан да қосылды.

Жер адамзатты жеткізді, адамзат Жерді жеткізді

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында жастар газетінің Орталық Қазақстан аймағы бойынша меншікті тілшісі қызметінде жүргенде бір мақаламыз жарияға шықпай, тұншығып қалды. Негізі барлық мақаламыз еш кедергісіз, бөтен бөгетсіз және анау айтқандай түзетусіз жарық көретін. Талантымыз тасып тұрмаса да, табанды кезіміз ғой, күн сайын бір мақала жазып редакцияға жолдаудан қиналмайтын едік. Бірінен соң бірі газет бетіне шығып, көз қуандырып жататын. Енді не болды?

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы

Көлденең адамдар килігіп, әлдебір таныстары арқылы жоғарыдан редакторымызға телефон соққызып, тоқтатып тастапты. Мақаланың мазмұны мынандай: Қарқаралы өңірінде бір әйел бұрынғы әйелі қайтыс болған адамға күйеуге шығады. Соның жетім қалған бірнеше жас баласын өсіріп, адам қылады. Өзінен көп жас үлкен отағасын да мәпелейді. Кейін жасы жетіп, ақсақал қайтыс болған соң арттағы мал мен мүлікке қызыққан, бір кезде балалар жетім қалған шақта бұл шаңырақтан теріс айналып кеткен туыстар табылады. Солар неше түрлі сөз шығарып, ер жеткен балаларды қарсы қойып түртпектей берген соң әлгі әйел ақыры өзіне-өзі қол салады.

Сол мақаланың тақырыбын "Жеткізді" деп қойып едік. Байғұс әйел жетім қалған балаларды өсіріп, жеткізді, ал балалар кейін әйелді асылып қалуға жеткізді.

Бұл сол кездегі бір отбасының қасіреті болса, енді "Жеткізді" деген тақырыпты ғаламдық деңгейде қолдануды ұйғардық. Жер жарықтық адамзаттың осыншама дәрежеде дамуына мүмкіндік жасады. Тамағы мен киіміне, жүріп-тұруы мен ұйықтап-демдалуына жеткілікті шикізат тауып беріп тұрды. Ал адамзат ақыры сол Жер-Ананы "өзіне өзі қол салудың" шегіне жеткізді. Оны биылғы қып-қызыл өрт айғақтайды.

Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға

Бұрын жыланды жаз болатын, енді жалынды жаз болды

Жазушы Мұхтар Мағауиннің бір хикаясы "Жыланды жаз" деп аталатын. Соған ұқсатып жазсақ, адамзат 2019 жылы "жалынды жаз" маусымын бастан өткізді. Жер жүзін өрттің жалыны шарпыды. Бейнелі тіркес ретінде айтылатын "соғыс өрті" емес, кәдімгі орман өрті.

Адамзат жаратылғалы тап болатын ауыр апат жеткілікті. Қазақ бата бергенде "от апатынан, су апатынан сақтасын" деп тегін айтпаған. Соңғы жылдары сол су апаты да, от апаты да жиілеп кетті. Әсіресе күші мен кесірі бұрынғыдан жойқын бола бастады. Бұрын аймақтық дүрлігуге ғана ұрындыратын тосын табиғи жағдайлар енді ғалам қатеріне айналды. Оның бір мысалы орман өртіне қатысты.

Иә, биылғы жаз ортасынан ауған уақытта Ресейдің Ібір-Сібір өңіріндегі сұрапыл өрт әлем назарын аударды. Жай аударған жоқ, қатты алаңдатты. Біз сол күндері еңбек демалысын алып, Семейде едік. Бірнеше тәулік бойы қаланы мұнар басып қалды. Аспанда бұлт жоқ, былай қарағанда шайдай ашық күн деу керек. Бірақ сол күннің көзі көрінбейді. Бұл сонау Сібірдегі өрттің қазақ даласына жеткен түтіні еді.

Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар


Сібірдегі өрт

Сібірдегі өрт / Фото: Tass.ru/"Авиалесохрана" ФБМ


Ресейдің қалың ағашы жанып жатқан жерлеріне іргелес Семей мен Өскемен тұрмақ бұл көк түтін бірер тәуліктен соң еліміздің астанасын бүркеп қалғанын естідік. Қазақ ауа райын болжау қызметі тұрғындарға терезені жауып тастау мен мұрынды тұмшалап жүруді ескертіп жатты. Мұндай кезде олардың қолынан басқа не келсін?! Барып өшіріп беретін емес.

Бұл апаттың ауқымы сұрапыл еді. Ресей Орман шаруашылығы федерал агенттігіне қарасты алыстан бақылау ақпараттық жүйесінің 2019 жылғы 7 тамыздағы мәліметі бойынша 4,3 миллион гектар орман жанып жатқан. Жалпы осы жылы елде 13 миллион гектар жердегі ағаш өртенген. Бұл салыстырып көрсеңіз, тұтас Грекияның аумағымен бірдей.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Бұрын зиянды газды жұтса, енді зиянды газ бөледі

Біздің заманымыздағы мектепте жазу мен есеп шығаруға қатысты екі пәннен кейін бірден "Табиғаттану" атты сабақ жүрді. Қазір қандай пәндерді оқытатынын білмедік. Шамамен 20 министр ауысқан 30 жылда баяғы қасиетті білім ордасының мектеп деген атынан басқаның бәрі өзгеріп кеткен сияқты. 60-тан асқанда өзімізді өзіміз түсінбей жүргенде, 10 жастағы балаға өзін-өзі тану деген пәнді тықпалауды қойды ма, жоқ әлі де жүріп жатыр ма екен?!

Хош, сол табиғаттану сабағында оқыған ең маңызды нәрсе әлі есте. Ағаш, жалпы бүкіл өсімдік атаулы көмірқышқыл газын жұтып, орнына оттегі бөледі. Адам мен жан-жануар сол оттегімен тыныс алып, орнына көмірқышқыл газын шығарады. Жаратушы бар болып бірден жасаса да, әлде өздігінен біртіндеп қалыптасса да, осы тепе-теңдік миллиондаған жыл бойы сақталған.

Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр

Әттең, кейінгі 200 жылда біртіндеп бұзыла бастады. Бу машинасы шыққан бірінші өндірістік төңкеріс адамдар өмірін жақсартуды көздегенімен сол адамзаттың Жердегі жалпы тіршілігін жоюға бағытталған бірінші қадам да болды. Бұрын ауаға көмірқышқыл газы тек тірі ағзалардан және түрлі органикалық заттың жануынан таралса, енді оған қоса сансыз қозғағыштан бөлінетін болды.

Жер шіркін бұған да төтеп беріп келді. Себебі жасыл қалқан тәрізді жасыл орманы болды. Ең қалыңы Ресейдің Ібір-Сібірінде және Бразилиядағы Амазонка өзенінің бойында еді. Бұл екеуін ғалымдар Жердің қос өкпесіне теңейтін.

Жер үстіндегі ауа айналымында, яғни көмірқышқыл газын оттегіге айналдыруда осы екі алқаптың атқарып отырған орны теңдессіз еді. Орыстың орманы жыл сайын 800 миллион тонна көмірқышқыл газын жұтып, Жер шарының бір бөлігінің тынысын ашатын. Екінші жақтың ауасын тазалау міндетін әлгі Бразилияның "жауын жынысы" аталатын орманы атқарып келген. Ал кейінгі жылдары бұлардан ауаға оттегі емес, керісінше, көмірқышқыл газы таралады. Өйткені екі жақта да орман жаппай өртеніп жатыр.

Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?

Ю.Израэль атындағы Жаһан климаты мен экология институтының мәліметіне көз жүгіртсек, 2019 жылдың жаз маусымындағы Ресей ормандарындағы өрттен ауаға 284 миллион тонна көмірқышқыл газы тараған. Бұған дейінгі ең үлкен көрсеткіш қайбір жылғы 170 миллион тонна екен. Мынаның одан қаншалықты асып кеткені көрініп тұр.

Бұған дейін көмірқышқыл газын жұтып, оттегі бөлген алқаптар жаппай өртеніп, керісінше үдеріс басталды. От жануы үшін ең әуелі оттегі керек екені белгілі. Жану кезінде одан көмірқышқыл газы бөлінеді.

Ресей биыл өртті жаппай өшіруге кіріспеді. "Тек қала, деревня және өндіріс орындарына қауіп төндірген жағдайда сөндіреміз, басқасы жана берсін" деп қарап отырды. Көп губернатор өртті сөндірудің шығыны өрттің өзі келтіретін шығыннан артық екенін мәлімдеді.

Ал зерделеп қарасаңыз, ағаш, бұта мен шөп қана өртенді ме? Ресейдің "жасылдар қозғалысы" таратқан мәлімдемеге қарағанда шамамен 5000-нан астам бұлғын, 300 аю, 3000-ға жуық бұғы, 1500 бұлан күйіп өлуі мүмкін. Күймегеннің өзінде түтіннен бүркіт бастаған жыртқыш құс бірден өліп қалатыныy бала кезден білеміз. Ауылымыздағы бүркітші шал құсын түтіннен тысқары қыр басында ұстайтын.

Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

"Қой" деуі керек еді, керісінше, қолпаштап отыр

Жер шарының екінші бөлігі де жетісіп тұрған жоқ. Биыл Бразилияда 73 мың орман өрті шыққан. Бұрынғыдан екі есе көп екен. Сібір өртінің түтіні Семейді тұмшалап қалса, мұндағы мұнар өртенген алқаптардан 2 мың шақырым жердегі Сан-Паулудағы ашық күнді қара түнекке айналдырды.


Амазонка бойындағы өрт

Амазонка бойындағы өрт / Фото: Gazeddakibris.com


Әдетте өрт құрғап, қурап тұрған алқапта басталады. Аптап күндері тиісті қызметтер тұрғындарға отқа абай болуды ескертіп жатады ғой. Ал жауын жиі жауған Амазонка аймағында соншама өрт шығатын табиғи себеп жоқ. Бұл жерде орманға қолдан қастандық жасалғаны даусыз. Кімнің қолымен? Бразилия "жасылдар қозғалысының" үйлестірушісі Марсиу Астринидің пайымдауынша, бұған басқа емес, ел президенті Жаир Болсонару кінәлі сияқты. Президент болып сайланарда бұл мырза "Амазонканың ормандарын ауыл шаруашылығы үшін игереміз, әрі сол аймақтардан кен өндіреміз" деп мәлімдепті. Армандаған қызметке қолы жеткен соң қалың орманға қол салған, қол салғанда мол салған. Өсіп тұрған қалың жынысты өртеп, босаған жерге жаппай соя бұршағын егу басталды.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Табиғат қорғаушылар мұндағы орман өрті ел президентінің тікелей иек қағуымен басталып отыр деседі. Президент оны мойындасын ба? "Бұл жаланы менің қарсыластарым әдейі өрттей өршітіп отыр" депті.

Амазонканың екі жағасы мен сансыз салаларын көмкеріп жатқан орман Жердегі оттегінің бестен бірін бөлетін. Өзі 5,5 миллион гектарды алып жатыр. Тоғыз елдің аумағына кіргенімен ең көп бөлігі – 60%-ы Бразилияға қарасты. 2018 жылғы мәлімет бойынша қазірге дейін 17%-ы өртелген. Енді 8%-ы жойылса, бұл орман емес, орманды-далалы алқап болып қалмақ. Онда оттегі бөлуі бұрынғысынан үш есе азайып кетпек. Демек, бұл орасан зор жасыл қалқанын жоғалтса, Жердегі тіршіліктің тынысы мүлдем тарылды дей беріңіз.

Оның үстіне Амазонка ормандарын аң мен құстың 2000 түрі паналайды. Мұнда өркениетті мойындамайтын саны аз тайпалар тіршілік етеді. Соның бәрі 40 мың түрлі өсімдікпен бірге мүлде құрып кетпек.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?

Аралға алаңдайтын болғандар Сібірден секем алады

Биылғы орман өртінен аспанға тараған көмірқышқыл газының көлемі 36 миллион автомобильден бір жыл бойы шығатын түтінмен тең екен. Әрине, ауылдағы қызыл "Москвич" емес, қалада жүрген шетелдік автокөліктің түтінімен бағалағанда.

Бразилия орманын кәсіпкерлер президенттің үнсіз мақұлдауымен отқа ораса, Ресейдегі өрт – климат өзгерісінің дәлелі. Бұрын жазда жауын жиі жауатын, сондықтан ағашының түбі де, ұшы да ылғалды болып тұратын Ібір-Сібір енді құрғақшылық жайлаған аймаққа айналып барады.

"Климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшылардың үкіметаралық тобы" аталатын ұйым бар. Сол ұйым 2019 жылғы тамыз айында үлкен баяндама әзірледі.

Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер

"Климаттың өзгеруі қуаңшылық пен құрғақшылық әкелді. Ол – орман өртінің себепкері. Өрт болса, ауаға көмірқышқыл газын көп таратып, жағдайды одан сайын асқындырып барады", – деп жазылған бұл баяндамада.

Осы құжатта Сібірде жаз бойы лапылдаған және Канада мен АҚШ Аляскасында ара-тұра тұтанып кететін өртттің Жер шары үшін тағы бір үлкен залалы көрсетілген. Өрттен күйе шығатыны белгілі. Сол күйе желмен Арктикаға жетіп, қар мен мұзға қонады. Сөйтіп бұрынғы аппақ жалтыр беті енді қарауытқан мұз тез еріп кетеді.

Осы деректі оқығанда ойымызға мектепте жүргенде әлдебір мұғалімнің (шамасы, географиядан оқытқан шығар) айтқаны ойға түсті.

"Қытайда жазда қуаңшылық басталса, мыңдаған адам биік таулардың басына күл салған қап арқалап, зембіл көтеріп шығады. Сол күлді таудағы мәңгі мұзға төгеді. Бетін күл басқан мұз еріп, өзендерге су келеді. Осылайша шаруалар қуаңшылық кезінде айласын тауып, егін суарып алады", – деген ұстазымыз.

Адамнан айла асқан ба?

Енді Сібір өртінің күйесі онсыз да жаппай еріп жатқан Арктика мұзын жұқарта түссе, жаһан экологиялық апатының тегершігі бұрынғыдан да тез айнала түсті дейміз.

Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер

Ондаған жыл бойы әлем тартылған Аралдың түбінен көтерілген тозаңның Арктикаға қонып жатқанына алаңдаған. Енді "Жығылғанға жұдырық" демекші, оған өртенген орыс орманының күйесі қосылыпты.

Жоғарыдағы құжатта Ресей аумағындағы өрттен болатын және бір қатер көрсетілген. 2019 жылы өрт Саханың көп аумағын шарпыды. Мұндағы орман мен тундраның астында қалың тоң жатыр. Сол өрттен жаппай еріп жатыр. Мұның неге ұрындыратыны Тоңды зерттеу институтының маманы Никита Тананев түсіндірген.

"Тоң сіздің үйдегі кәдімді мұздатқыш сияқты. Оған көк бұршақты салып қойсаңыз, ол 10, тіпті 1000 жыл сол қалпын сақтайды. Ал тоңазытқыштан жылы үйге шығарсаңыз, екі-үш күнде шіріп кетеді. Тоң астында сол көк бұршақ сияқты шөп, жапырақ пен тамыр жатыр. Олар шірісе, ауаға метан мен көмір қышқылы бөлінеді. Бұл екеуі де парник газдары қатарына жатады", – дейді ол.

Сонымен жазғы өрттің зияны жеткілікті болып шықты. Осының бәрі қазақтың сөзімен айтқанда "ақырзаманды жақындата түседі".

Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар

Қарқаралы түтінге тұншықты, Жаркент жалында қалды

Қарымды қаламгер, біраз кітабы өз уақытындағы экология мәселелерін қамтыған Оралхан Бөкейдің бір шығармасындағы жалғыз сөйлем санамызға жатталғаны соншалық, әлі күнге есімізде жүреді. Жұмекен Нәжімеденовтің "Ақ шағыл" романындағы қарияның "қай пайғамбарым еді, бір пайғамбарым айтып еді" дейтіні сияқты дәл қай кітабында екенін ұмытыппыз, бірақ сөйлем сол қалпы ойымызда тұр. Бұл да қызық шығар. Сонымен Оралхан марқұм: "Толассыз қозғалыстағы өмір Жер шарының соншалықты үлкен картасында жоқ Шыңғыстай ауылын да ұмытпай тіршіліктің арбасына сала кеткен" деп жазғанындай, 2019 жылғы орман өрті Жер шарының соншалық үлкен картасында жоқ Қарқаралы мен Жаркентті "өз арбасына салып ала кеткен".

Елімізде бір маусымда орман 499 рет өртенді. Одан 65 мың гектардан астам алқап зардап шекті. Осы тұста айқындай кететін бір жайт бар. Ол – Қазақстандағы орманның жалпы көлемі. "Қазақстандағы биологиялық әртектілікті сақтау" корпоратив қорының төрағасы, эколог Асылхан Асылбеков бірде бізге республикадағы орманның көлемі ресми есептегіден әлдеқайда аз екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?

– Неге?

– Өйткені орманның аумағын үстінен түсірілген суретті карта бойынша анықтайды. Ал ғарыштан немесе аспаннан түсірілген аэросуреттерде ағаш емес, бұта басып тұрған жерлер де жап-жасыл болып көрінеді. Соның бәрі орманға саналып кеткен.

– Сонда кәдімгі сайдағы бүрген, тобылғы, қараған, итсигек, ұшқат тегіс орман санатына кіріп кеткен бе?

– Дәл солай.

Хош, бұл – басқа тораптағы сөздің жүйесі. Сонымен биыл Жердің көмірқышқыл газын көбейтіп, керісінше, оттегісін азайтқан елдердің қара тізіміне Қазақстан да жазылды. Әрине, алдына сондай мақсат қойған жоқ. Қайта "жасыл экономика" деп жағы талмай жырлап келе жатыр еді.

Қара басқанда Қарқаралы ұлттық паркіне қарасты Бақты орман шаруашылығының онсыз да селдір ағашы өртенді. Негізі жердің аты – Боқты. Олай қойылған сыры бар. Тарихи әңгіме. Бұл тұста оған уақыт жоқ.

60 арнайы техника, оның сыртында 4 тікұшақ арқылы 400-ге жуық адам бірнеше күн әуреге түсті. Неге екенін кім білген, далада қалай өрт басталса, желдің екіленіп соғып кететін жыны бар. Бұл жолы да солай болды. Басқа, қиғаш жатқан ұлттық парк жұмысшылары көмекке келіп, жабылып жүріп сөндірсе керек.

Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған

Аумағы бұдан аз болса да, қайғысы ауыр орман өрті Жаркент тауларында басталды. Техника тұрмақ адам аяғы жетуі қиын шатқалдар мен беткейлер жана бастады. Онымен арпалыс кезінде үш кісі қаза тауып және жетеуін күйік шалды. Өкінішті. Одан бір кеште Алматының Көктөбесінің шөптесін, бірақ ағашы да баршылық беткейі лап етті. Жаңа әкім бастап, басқасы қостап зорға өшіріп алды.

Ақыры күзгі жаңбыр уақыты жетіп, дала мен орманда өрт қатері сейілген соң арнайы министрлік өкілі Қазақстанға орман өртінен 221 миллион теңге залал келгенін айтты. Ол сомамен дауласпаймыз, бірақ түтін басқан, көмірқышқыл газының құрамы артқан дархан далаға келген залалды есептеу мүмкін бе?

Не керек, адамзаттың кейінгі кезеңдегі бүкіл әрекеті Жерді өлтіруді шегіне жеткізгені даусыз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров