Прямой эфир Новости спорта

Тұман тұралатқандар

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Әуеде, жерде, тіпті, мұз үстінде тұманның зардабын тартқандар жеткілікті. Тұтас елді басқан тұман туралы публицист Қайнар Олжай ой қозғады.

Алматыда – көрініс, ел астанасында – құбылыс

Ай, заман-ай, заман-ай,

Басты мынау тұман-ай.

Істің бәрі күмән-ай.

Бұл – Бұқар жыраудан қалған толғаудың басы. "Тұманды уақыттағы істің бәрі күмәнді" депті қарт баба. Иә, барлық қатынас ат үстінде өткен заманның өзінде тұман адамдарды торықтырыпты. Техника пайда болып, күн сайын жетілген қазіргі дәуірде тұманға тәуелділік күшеймесе, азайып кеткен жоқ-ау.

Ел астанасының зәулім ғимараттарын бір аптадан астам уақыт ақ тұманнан шәлі орап тұрды. Түстіктегі Алматыны да қалың тұман бүркеді. Табиғаттың бұл құбылысы Алматы үшін қарашаның соңы мен желтоқсанның басында және ақпанның соңы мен наурыздың басында үйреншікті нәрсе. Өйткені, ол кезде күндіз жер беті жылынады. Оның ылғалы ауаға көтеріледі. Ал түнделетіп Алатаудан келетін суық ауадан әлгі ылғал түйіршіктеніп, тұманға айналады. Қашан күннің көзі оны қайта жылытып, тесіп өткенше тұман ыдырамайды. Сондықтан, түн ортасы ауғаннан басталып, ертесінде шамамен сағат онға дейін ұйып тұратын тұманға алматылықтар үйренген, тіпті, көндіккен десе болады.

"Қазақ ауа райын болжау" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша жетекші инженер-синоптигі Лариса Степанованың дерегінше, жер бетінің жылы, ал жоғарыдан суық арктикалық ауа ағысының өтуі желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі бөліктеріне қатты тұманға себепші болыпты. Ал еліміздің астанасын желтоқсан айында тұман тұмшалауы – сирек кездесетін жәйт. Мұның себебін "жаһандық жылыну" аталатын, кейінгі кезде ғалымдар ауыздан тастамайтын құбылыстан іздеу керек.

Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?

Желтоқсанның алғашқы онкүндігі Сарыарқа өңірі үшін тым жылы болды. Бұл аймақта бұрын жылдың осы мезгілінде күндіз минус 10-15 градус, түнге қарай минус 20 градусқа жететін аяз болатын. Енді ел астанасында термометр күндіз нөл градус шамасын көрсетіп тұрды. Ал түнделетіп ауаның суып кетуі тұманға ұрындырды.

Көпшілікке ертеңгісін бұл көрініс қызық көрінді. Ерінбегендер қаланың тұманға оранған зәулім ғимараттарын фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатты. Тұман кесірінен жолда қалғандар, межелі мекенге жете алмағандар да өз реніш, өкпе-наздарын жеткізді. Белгілі журналист, оның ішінде іскерлік тақырыптың маманы Ербол Азанбек фейсбук парақшасына мынадай жазба қалдырыпты:

"Кеше 12-де Қостанайдан Нұр-Сұлтан арқылы Алматы аспақ едік, түнгі 3-ке дейін 15 сағатты Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайында өткізуге мәжбүр болдық. ...Сонымен 15 сағат уақытымыз әуежайда қор болды. Жүйкеміз жұқарды. Қорыққанымыздан "Скаттың" таңғы рейсіне билет алып, оны 3-тен кете "Qazaq Air" ұшқан соң қайта өткізіп, ортасынан комиссия төлеп, шығындалдық. Ұшаққа отырған соң 1 сағат 40 минут құдайдан тілеу тіледік. Отбасымызды ойлап, уайымдадық. Бала-шағымыздан бері бір шолып шықтық. Қатты соқтығыс кезінде жүрек бірінші жарыла ма, қатты ауырсынасың ба, әлде ың-шыңсыз кетесің бе деп те ойлап кеттік. Ешкімге қарыз емеспіз бе, ренжіскендерден кешірім сұрадық па, деп ары-беріге кеттік". (жазбадан үзіндінің соңы).

Тұман уақытында әуежайлар ерекше тәртіппен жұмыс істейді. Мұның өз сертификаты бар. Алматы Халықаралық әуежайы бірнеше жыл бұрын ICAO-ның ІІІ В жоғары категориясын алған. Сол Халықаралық азаматтық авиация ұйымының рұқсатымен бұл әуежай көріну мүмкіндігі көлдеңінен қарағанда 75 метр болса, ұшақты қондырады. Бұрынғы көріну қашықтығы 200 метр болғанға дейін рұқсат етілетін екінші категориядан қазіргі үшінші категорияға өту Алматы әуежайына оңайға соқпады. 40 миллион евроға радиобағдарлау қондырғылары, яғни маяктар орнатылды.

Соның өзінде төңіректен түк көрінбейтін қалың тұман түссе мамандар дәрменсіз. Ондайда өзіне қарай шыққан ұшақтарды көбінесе Шымкентке бағыттайды. Мүмкіндігінше ұшақтардың бұл жаққа ұшпай күте тұруын талап етеді. Бұл мың-мыңдаған жолаушылар үшін қолайсыздық тудырады. Бірақ олардың өмірі бәрінен қымбат болғандықтан осындай қадамға барады.

Ал жолаушылардың өміріне немқұрайды қараудың неге соқтырғаны әлемдік авиация тарихынан мәлім. Біз соның бір мысалын ғана әңгімелеп берелік.

Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған

Лас-Пальмаста – қарақшылық, Лос-Родеосте – апат

Тентек мұхит тепсінген дауылыңда

Балықшының оттарын өшіреді.

Қыс пен күздің тұманды жауынында

Ұшқыштардың тағдыры шешіледі.

Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осындай өлең жазған. Арада он жылға жуық уақыт өткенде әлемдегі аса ірі әуе апатынан екі ұшақтың ұшқыштары ғана емес, жолаушылары да қаза тапты. Бұл – әлі күнге құрбандар саны жағынан ұшақ апатындағы ең ірісі. Адамзат бұл рекордтың жаңармауын тілеп, қауіпсіздік мәселесін күн санап күшейтіп келеді.

Оқиға Канар аралдарында өтті. Жұртшылық жиі дем алуға баратын Тенерифтің даңқына сонда қаралы таңба түскен.

Алдымен бұл аралдардың бостандығын талап еткендер бас әуежай Лас-Пальмаста жарылыс жасаған. Жалпы, кімдер неден азат болмақ еді дегенге келсек, бұл аралдарға бірнеше ғасыр Испания иелік етті. Бірақ арал тұрғындарының бір бөлігі "біз еуропалық емес, араб нәсіліндегі берберлерміз, сондықтан Африка елдерінің бірі ретінде дербес болуымыз керек" деп, үй ішінен үй тіккен. "Канар аралдарының автономиясы мен тәуелсіздігі үшін" атты қозғалыс құрған.

1977 жылы қозғалыс өзінің шарықтау шегіне жетті. 3 қаңтарда Канар аралдарының орталық қаласы Лас-Пальмастағы ең ірі әуе компониясының офисін жарып жіберді. 27 наурызда сол қаладағы әуежайдың гүл дүкенінің күлін көкке ұшырды.

Жарылыстан 8 адам зардап шекті. Қарақшылар мұнымен қарап қалмай "осы әуежайда тағы жарылыс болады" деп мәлімдеме таратты. Осыған орай әуежай өз жұмысын уақытқа тоқтатты.

Ал Канар аралдарына келімді-кетімді жолаушы көп. Ұшақтар толассыз ұшып жататын. Аймақтың табысы туризмнен түсетін.

Туристер мен іскер адамдарды кідіртпеу үшін ұшақтарды аралдардағы екінші әуежай Лос-Родеос қабылдап, ұшыра бастады. Бірақ Лос-Родеос әлгі Лас-Пальмасқа қарағанда 700 метр биіктегі тау қойнауында еді. Сондықтан бұл жақты жиі тұман тұмшалап тұратын.

Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры

Екі әуежайға тиесілі ұшақ атаулы бір жерге топтасып қалған соң қарбалас басталады. "КЛМ" компаниясының "Боинг 747" ұшағы ұшып-қону жолағының кіреберісінде тұрды. Одан кейін ұшып шығуға тағы екі "Боинг" пен бір "ДС" ұшағы кезекке тұрған. "КЛМ" ұшағы ұшып шығу жолағының бір шетіне дейін барып 180 градусқа кері бұрылады. Енді ол екпін алып ұшып кетпек.

Бұл кезде "Пан Американ" компаниясына қарасты келесі "Боинг" те сол жолаққа түседі. Бірақ ол жолақтан аралықтағы С-3 жолына шығып кетуі керек. Сонда ұшу жолағы тек "КЛМ" "Боингіне" босамақшы. Тура осы кезде Лос-Родеос әуежайын қалың тұман бүркеп қалады.

"Пан Американ" ұшағы С-3 бұрма жолына түсу үшін 135 градусқа бұрылуы керек. Бірақ тұман салдарынан қиғаш жол көрінбей, ол бұрыла алмай қалады. Алда С-4 бүйірлес жол бар. Оған бұрылу оңай, бар болғаны 45 градус қана еді. "Пан Американ" экипажына әуежай диспетчерлері осындай команда берген болып естілген. Енді олар негізгі жолақпен жорғалап, әлгі С-4 бұрылысына келе жатты.

Бұл кезде жолақтың екінші шетінде толық бұрылып алған "КЛМ" ұшуға рұқсат сұрайды. Тұман ішінде ештеңе көрінбегендіктен "Пан Американ" негізгі жолақты тастап шықты деп ойлаған диспетчер оған ұшуға рұқсат етеді. Әрі ұшып шыға салып оңға бұрылып, 040 бағытымен 90-эшелонды ұстауды бұйырады.

"КЛМ" ұшағының капитаны барлық қозғағышты барынша күшімен айналдырып, зымырап кеткенде "Пан Американ" ұшағының екінші капитаны өздерінің негізгі жолақтан бұрылып үлгермегендерін хабарлайды. Диспетчер бірінші ұшаққа кідіре тұру туралы жанталаса айқайлайды. Бірақ анау хабарлама мен мынау команда эфирде бір сәтте айтылғандықтан, әрі негізінен испан тілді диспетчердің ағылшыншасы түсініксіз естілгендіктен "КЛМ" командирі "тоқтай тұрыңдар" деген команданы ескермейді.

Америкалық ұшақ командирі өздеріне барлық шамын жаққан "Боингтің" ентелеп келіп қалғанын көргенде жолақты дереу тастап шығуға тырысты. Бірақ ол кезде екі ұшақтың арасы 700 метр ғана еді. Аз. Тым аз. Тұман түспегенде алыстан байқап бұрылып шығар мүмкіндігі бар екен.

Ал "КЛМ" капитаны тұман арасынан жолда көлденеңдеп жатқан "Боингті" көргенде дереу ұшып кету тетігін іске қосты. Жылдамдық жеткіліксіз болып, ұшақ құйрығымен жер сызады. Тұмсығын жерден көтерген кезде алдындағы ұшақты төбесінен сыдырып, 150 метр әріге құлап түседі.

Сонымен ұшпақ болған ұшақтан 234 жолаушы мен экипаждың 14 мүшесі, бұрылмақ болғанынан 326 жолаушы мен экипаждың 9 мүшесі қаза тапты. Тұман ең алапат әуе апатына себепші болды.

Оқи отырыңыз: Тозақ алдындағы тұзақ

Жолда – жүргізушілер, мұзда – балықшылар

Базардан алып келген күміс құман,

Жігітті адастырған қалың тұман.

Арадан қыл өтпестей тату едік,

Біздерге қастық қылған қай антұрған?

Белгілі халық әнінде осындай жолдар бар. Бұрын тұман тек сері жігітті жолдан адастырып жіберетіндігімен қауіпті болса керек. Ал қазіргі жолаушыларға адасып кету қаупі жоқ. Әрбірінің смартфонында бағыт айқындап, картаны көрсетіп отыратын ғарыштық байланыс бар. Ендігі қауіп басқа – көліктердің соқтығысып қалуы. Биылғы қыс басындағы тұман сондай оқиғалардың бірнешеуіне себеп болды.

Жол үстінде қысқы тұманнан бір емес, екі түрлі апат қатері бар. Алғашқысы түсінікті, алдыңдағы немесе қарсыңдағы автокөлікті, не басқа көлденең кедергіні дер кезінде байқай алмайсың. Мұның соңы соқтығысуға соқтырады.

Ал келесі қатер – жолдың тайғақтығы. Тұман ауадағы су түйіршіктерінің көрінісі дедік. Сол ылғалдан таңғы суықта жол үстіне жұқа мұз қатады. Міне, осы жалтыр мұзда автокөлік атаулы тайғанақтап, жол апаты жиілеп кетеді.

Мұндай жағдайда полиция басқа амал жоқтықтан ірі автожолдарды жауып тастайды. Ел ішін айтпағанда республикамыздан Ресейдің Самара, Екатеринбург, Омск, Барнаул сияқты қалаларына, Өзбекстан мен Қытайға шығатын маңызды жолдарды бірер күн, әйтпесе бірнеше сағатқа жабуға тура келеді. Бұл экономикаға айтарлықтай зиян әкеледі. Өйткені, әр кәсіпкер өз тауары уақтылы жетеді деп, соған есебін құратыны талассыз.

Екіншіден, жолда болатын апаттардан келетін шығынды қосыңыз. Тұманды уақытта жүк таситын салмағы ауыр, әрі өздері тіркемесін қосқанда өте ұзын көліктер аударылып жатады. Ондағы тауардың шашылып қалатын кезі аз емес. Кейде жүргізушілерін құтқару үшін ауруханаға, әл жинататын қосынға алып кеткенде мұндай көліктер тонауға да түседі.

2019 жылдың желтоқсанында Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе және басқа облыстарда тұман мен тайғақ жол салдарынан бірнеше жол-көлік апаттары тіркелді. Соның бірін ғана сөз етелік.

Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, 10 желтоқсанда Теміртау қаласының тұсында ірі апат болды. Бұл оқиға Алматы – Екатеринбург күре жолының үстінде өтті. Бұл – кейінгі жылдары жасалған жаңа трасса. Күн де талтүс – сағат 13.30 кезі еді. Демек, ірі апатқа былай қарағанда негіз жоқ. Бірақ табиғи себеп – тұман көрінеді.

Оқи отырыңыз: Жармақ жыныстылар

Жол үстіне қатқан мұздан үлкен жүк көлігі өрге шыға алмай тайғанақтап қалады. Алдыңғы жақтан ештеңе көрінбейтін соқыр тұманда осы жүк машинасын байқамаған екі шетелдік көлік келіп артына соғылады.

Бұдан кейін алда не болып жатқанын көргісі келген төртінші автокөліктің жүргізушісі тоқтап, есігін ашқаны сол, оны көрмей қалған бесінші автокөлік келіп соғылып, тайғақ жолдан мұрттай ұшады. Бірнеше адамды сол жерден ауруханаға алып кетеді.

Бұл – бір мысал. Ал тұманды маусымда республика жолдарында мұндай оқиғалар жүздеп кездеседі.

Жол бойында ғана емес, тіпті, көл үстінде тұманнан зарап шеккендер туралы деректер жетіп жатыр. Теміртау қаласының іргесіндегі Самархан су қоймасының үстіне балық аулап шыққан балықшының бағыттан адасып кеткені туралы хабар құтқару қызметіне 10 желтоқсан күні кешкілік 17 мағат 20 минутта түскен. Балықшыны іздеуге шыққан мамандар қалың тұман бүркеген мұз үстінен жол таппай есі шыққан басқа балықшыға жолығады. Сөйтіп ол құтқарылған.

Ал әу-баста адасты деген балықшыны түні бойы іздейді. Әрі оның құлағы керең болғаны, телефонының қуаты бітіп қалғаны құтқарушылардың тірлігін қиындата түсіпті. Не керек, таң ата тұманда адасқан байғұсты әлі біткен, жүруге дәрмені жоқ кезінде тауып, жағалауға алып шығады.

Міне, осы оқиғалардың бәрі бұрын ат үстіндегі жігітті ғана адастыратын Сарыарқаның қалың тұманы енді қалың елді қаншалықты әбігерге саларын аңғартады.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров