Басты жолаушысы жоқ вокзал
Бізге кейде Қазақстан вокзал сияқты, ал Нобель сыйлығының лауреаттары сонымен әрі-бері өткен жолаушылар сияқты елестейді. Келді, кетті. Түсті, шықты. Алай бір, былай бір жүрді. Ал, вокзал аңырайған қалпы қала береді.
Жеті-сегіз жылдан бергі қойын дәптеріміздегі жазбаны қарап отырсақ, құдай-ау, Нобельді алғанның бірталайы келіпті. Біраз нәрсені айтып кетіпті. Тек солардың бәрі бірдей қазақ үшін құнды ақыл айтты ма? Айтқандарын біздің ел, үкімет құлаққа ілді ме?
Эдварт Дрескотт, Кристофер Пессаридес, Томас Сарджент. Олардың ізін ала Джон Нэш. Иә, бұл адам корпоративті емес ойындар теориясын шығарып, Нобель сыйлығын алған. Кітап жазған. Нобель аз десеңіз, сол кітабының ізімен түсірілген фильмге төрт "Оскар" сыйлығы берілген.
Қай бір жылы кезекті Нобель иесі Клаус Тиссен келіп еді. Ол су айдынындағы жүзбелі күн электр станцияларын насихаттады. Бірақ, біз не табиғи Балқаш, не жасанды Қапшағайдың үстіне ондай жүзбелі станция салуға талпынбадық.
Ал Тайланд 9 су қоймасының бетіне күннен қуат алатын 16 станцияның панельдерін орнатуда. Біріншісі Сирикит аталған, 325 МВт қуат береді. Қытай бұрын көмір өндірген разрезді суға толтырып, үстіне жүзбелі күн панельдерін қойып, 150 МВт қуат алып отыр. Көремін дегенге Аньхой провинциясында тұр. Тіпті оңайы – Англияға ұшып, Хитроу әуежайының жанындағы су қоймасының бетіндегі осындай панельдерді көрген.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Шри Ланкадан шыққан осындай сыйлығы бар Мохан Мунасингхе келіп: "Елде экономикалық даму мен экологиялық қауіпсіздік арасында тепе-теңдік болуы керек" деген. Оны тыңдадық, бірақ орындамадық. Әзірге тепе-теңдік қайда, таразының бір басында Қара дәу, екінші басында Қаңбақ шал тұр. Қайсы Қара дәу, қайсы Қанбақ шал екенін әркім өзі шамалайды.
"Академиктер, проблемаларға бағытталған ғылыммен айналысуы үшін инкубатор құрыңыздар" деген бір келгенінде сондай сыйлықтың иегері Риккардо Валентини. Ол академиктерге жөн сілтесе, келесі лауреат Ражендра Кумар Пачаури келіп: "Жас ұрпақ бойына "жасыл экономикаға" көшу қажеттігін сіңіріңіздер" деген. Ол ақыл айтып кеткен соң, кешікпей ел астанасында жас ұрпақ өкілі – өндірдей бес қыз – көмір жағатын пештен шыққан қызыл жалында шейіт болған.
"Қызыл жалын" – Қазақстанның қазіргі ақиқаты да, "жасыл экономика" – түнде көретін түсіміз!
Бізге Нобель сыйлығын алған Чунг Рае Квон, Сявтослав Тимашев, Эрвин Неер де келген. Соңғысы "инфрақұрылымды жобалауды реттейтін заңдық іргетасты нығайтыңдар" деген. Біздің заңдық базамыз керісінше инфрақұрылымды реттемек түгіл, бизнес алдында солқылдақтық танытты. Соның ақыры 2019 жылғы желтоқсанда әуе апатына соқтырып, 12 адам қаза тапты.
Не керек, Нобель сыйлығының иегерлері үшін вокзал болған Қазақстан арқылы осыншамасы әрлі-берлі төбе көрсетіп кетті. Әлбетте, әрбірінің сапары бюджетіміз үшін қыруар қаржыға түскенін шамалаймыз. Бірақ, біз күткен негізгі жолаушы әлі келмеді. Біздің күткеніміз, тыңдағымыз келгені – Нордхаус еді.
Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер
Шамаң келсе, шақыршы
Онда Бекболат Тілеухан сақал-мұрт қоймаған. Депутат та болмаған кезі. Сахнаға шығып "Шама" деген әнді шырқайтын. Кездескен сайын "Бұл "Шама" әні Арқаның әншілері үшін биік меже болған. Оны шырқай алғаны нағыз әнші деп саналған. "Шамаң келсе, "Шаманы" айт" деген мәтел қалған" дейтін.
Рас болса, консерваторияны бітіріп шыққан елу әншінің бірі ғана бұл әнді шырқай алса керек. Ән әлеміне кіре алмай қалған біз бейбақ сөзінің өзіне тамсанатынбыз.
"Салдыртып сал күреңмен келген кезде,
Кіргізбей босағаңда қалдырасың".
Байқасаңыз, арлы қыз ынтық бозбаланы үйіне кіргізбеуге, босағадан асырмауға хақылы болған. Қазір ше?!
Хош, басқа жаққа ойысып кетіппіз. Көшімізді қайта түзеп алайық. "Шамаң келсе, "Шаманы" айт" демекші, үкімет пен оның маңайындағылар шамалары келсе, Нобель сыйлығын алғандардың арасынан Уильям Нордхаусты шақырсын. Бірақ, біздің үкіметтің отыз жылғы бағыты басқа да, бұл ғалымның отыз жылғы зерттеуі басқа. Сондықтан шақыра қоюымыз да, оның келе қоюы да екіталай екен.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Нордхаус – "Нобель сыйлығын қайтсем де аламын" деп битін салмаған жан. Өзіне ондай құрмет көрсетілгенін үйінде, әйелінің жанында кофесін ішіп отырып естісе керек. Орыс жазушысы Шолоховтың мұндай жаңалықты қазақ даласындағы Шалқар көлінде құс атып жүріп естігені сияқты. Негізі атақты қумай, нәтижені қуғанда, сол атақ өзі төбеңе топ ете түседі. Бұл – біздің тұжырым.
Хош, Нордхаусқа Нобель сыйлығы не үшін берілді? Ол – экономикалық жетістікті экология таразысы арқылы өлшеуді ұсынған ғалым. Біздің үкімет әлі күнге экономикадағы өсімді жан басына шаққандағы жалпы өніммен есептеп келеді. Яғни, өндірілген тауар мен көрсетілген қызмет көлемін ел тұрғындарының санына бөле салады. Ал Нордхаус "жоқ, мырзалар, бұлай дөрекі есептеуге болмайды. Экономикадан экологияға зиян келмеген кезде ғана өсім саналады" дейді.
Оған салсақ, мәселен, Атырау облысының жері мен ауасын ластау есебінен алынған мұнайдың салығынан түскен пайда – пайда емес. Оған салсақ, Машкевич сынды алпауыттар Екібастұздың айналасына жал-жал жер қыртысын үйіп, астынан шыққан көмірді пойыз-пойызымен жағып, оның түтінін әлемдегі ең биік мұржа арқылы жапан далаға жайып, ақыр аяғында алынған қуатты сатып, содан түскен табысынан мемлекетке беретін салықты өсім дей алмайсың. "Жерге, табиғатқа зияны тиген экономикадан еш пайда жоқ" дейді Нордхаус.
Ол әрбір өндірістен шыққан түтінге салық салуды ұсынады. Қарағанды мен Теміртауды бұрқыратып жатқан алпауыт Миттал мұндай салықты естісе, не дер екен?! Біздің парламент дәті барып ондай салық еңгізер ме екен, өзі?!
Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?
Ал Нордхаусты тыңдаған Батыс Еуропада енді ең соңғы ел Германия көмір өндіруден бас тартпақ. Жабылған шахталарынан мұз айдынын жасап, ел тұрғындары қыс бойы қызығын көріп келеді. Нордхаусты тыңдаған Батыс Еуропа ауаға тараған көмір қышқыл газының әр тоннасына 20 евродан салық төлеуге көшті. Нордхаус салық тоннасына 40 евро болуы керек және зиянды қалдықтарды ұстап қалатын технологияға жұмсалуы керек дейді. Бізде ондай салық белгіленген күнде түсуі тиіс ақшаның кімнің қалтасында кеткенін анықтаудың өзі қиын-ау, қиын.
Нордхаус "Экологияның бүлінгені – мемлекеттік шенеуніктердің шешімдерінің нәтижесі" дейді. "Таза қалада тұрып, таза ауамен дем алғысы келетін халықтың талабынан оны орындауға міндетті атқамінерлердің қабілеті көш кейін қалып келеді" дейді.
Осыдан кейін шамаң келсе, қыстың күні жекеменшік тұрғын үйлердің пештері мен Машкевич сияқтылар иемденген Екібастұз көмірін жағатын жылу-электр орталығының түтіні тұмшалап тұрған ел астанасына Нордхаусты шақыр! Көрсет. Кеңесін тыңда!
Париж қайда, Павлодар қайда?
Нордхаус әлем көмір және жанармай жағып, бу машиналары арқылы қуат өндіре бастағаннан бері Жер беті қалай жылынып кеткенін үлгіледі. Содан кейін екі ғасырда Жер бетінің орташа температурасы +2 гардусқа жылынса, ол тіршілікке қатерлі шек екенін анықтады. Былайша айтқанда, ақырзаман деген – сол.
Нобель сыйлығын алған еңбегінде ғалым ХХ ғасырдағы әлемдік орташа температура +14 градусқа жетсе, ХҮІІІ ғасырдағы орташа температура +12,5 градус деңгейіне тұрғанын анықтады. Қатерлі деңгейге небәрі +0,5 градус қалып тұр. ХІХ ғасырдың басынан бері бұған жыл сайын +0,025 градустан қосылып келеді.
Оқи отырыңыз: Шетте жүріп шеп бұзған
Екі ғасырдағы +2 градусты болдырмауға Еуропа елдері жанын салып келеді. Германия үкіметінің "он шақты жылда көмірден бас тартамыз" деп мәлімдеуі – соның бір айғағы. Қауіпті межеге жетпей тоқтап, Жерді мәңгілік апаттан сақтау үшін 2015 жылы желтоқсанда Парижде Климат жөніндегі келісім жасалды. 2016 жылғы қарашада күшіне еніп, оған 195 мемлекет қосылды.
Онда не дейтін еді:
"Өндірістен бөлінетін көмірқышқыл газын ағаш, топырақ және әлемдік мұхит жұтып, тазалай алатын деңгейге түсіру; Әрбір елдің ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар мөлшерін 5 жыл сайын азайтып отыруы; Энергияны залалсыз әрі таусылмас қуат көздерінен алу; Мұхит деңгейінің көтерілуіне және басқа табиғи апатқа тап болған елдерге жәрдемдесу үшін дамыған елдердің арнайы климат қорын құруы".
Мұхиттан басқасының Қазақстанға қатысы барын байқап отырмыз. Сондықтан біздің еліміз осы Париж келісіміне қосылды.
Не керек, Париждегі келісімге қосылдық, ол бірақ сөз жүзінде қалғандай. Өйткені, жергілікті жердегі жағдайды көрсеңіз, шошисыз. Құрысын, басқаларын ат басындай алтын беріп алғызсақ та, Уильям Нордхаусты ат басындай алтын беремін десе де, ел астанасына жолатпаған жөн...
Біздің мемлекетіміз Келісім бойынша 2030 жылы парник газдарын бөлуді 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендетуі керек еді. Төмендеген қайда, үдетіп жатқан көрінеміз.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар 100 мың тоннаға артып келеді. Сөйтіп, ол 2018 жылы 2,5 миллион тоннаға жеткен. 2019 жылдың есебі әлі шыққан жоқ, бірақ шамамен 2,6 миллион тонна зиянды қалдықты бұрқыратқан сияқтымыз.
Манағы Нобель сыйлығының лауреаты Уильям Нордхаустың өлшеміне салсақ, біздің еліміздің бүкіл экономикалық өсімі өтірік болып шығады. 1990 жылдан, демек тәуелсіздіктен бергі өсім дегенді енді экологиялық шынымен қайта тексеру керек.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Әлгі қарқынмен кете берсек, 2030 жылы зиянды қалдықтарды ауаға тарату жағынан жылдық көрсеткішті 3,6 миллион тоннаға апаратын сияқтымыз. Келісімде "төмендетеміз" дейміз де, өмірде үдете түсеміз. Кәдімгі еш қоспасыз, боямасыз Қазақстанның тірлігі. Саясатта, білім-ғылым саласында, көлікте, құрылыста, тағы басқасында солай. Мына жерде экологияда!
Сонымен, Париж қайда, Павлодар қайда? Павлодар демекші, әлгі екі жарым миллионның ішінде 940 мың тоннасы көмір жағып электр қуатын алудан шығып отыр. Ел аумағы бойынша зиянды түтіннің 56 пайызы Павлодар мен Қарағанды облыстарына тиесілі. Машкевичтер мен Митталдар және оларды астыртын түрде қолдайтын өзіміздің атқамінерлеріміз аман болса, алпыс пайыздан асырып тастар әлі. Оған таң қалмаңыз!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5486
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2482
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2474
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2301
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2180
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2171
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2229
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2277
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2203
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2186
- 0
- 6