Ескі заттар естелігі
Бала кездегі үйреншікті, көзтаныс заттың көбі біртіндеп тұрмыстық қолданудан шығып, реті келсе музейге жетіп, реті келмесе мүлде ұмыт болып жатыр. Бала кезімізде есік алдында кісінің атын байлауға арналған мамаағаш орнатылатын. Қазіргі шағын автотұрақ сияқты. Біздің үйде соған кемінде екі-үш ат байланып, иелерін күтіп шыбындап тұрар еді. Қазір қай ауылда кімнің ауласынан мамаағаш көргендейсің?
Әжеміздің келі мен келсабы, атамыздың насыбай үгітетін шоқпары. Әкеміздің асты-үсті ашылып, ортасына оң мен солы бірдей жұқа жүз салынатын сақал қырғышы. Әпкелеріміздің талай көйлектерінің қыртысын жазған шоқ үтігі. Қаншама тұрмыстық заттарды көрдік, талайын қазір таппайсың.
Алыстағы ауыл тұрмысын бейнелейтін, әр үйде міндетті түрде болған әлгіндей заттың бірі иінағаш еді. Онда ауыл үшін бір бұлақ, бастау немесе құдық болатын. Бәрі содан тасып ішетін. Ауыз судың тазалығына қазақ ежелден мән берген. Біз өскен ауылда мал мен бақша суғаратын, кір жуатын су арықта тоқтаусыз ағып жатады. Бірақ, ішетін және тамақ жасайтын суды бастаудан таситынбыз. Ол ауылдың қарсы жақ қабағында. Тура түбінен шағын өзен ағып өтеді. Соның ар жағында. Аты – Тасбастау.
Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған
Айналасы шынында, жақпар-жақпар тас, соны жарып шығып жататын. Суы тастай. Тура шекеңнен шығады. Бір ғажабы: суық суын қандай ыстықта ішсең де, тамағың ауырмайтын.
Тазалығы сұмдық. Балдыр баспайды. Бақа жоламайды. Сол бастаудың суы бес метрден кейін құйып жатқан сайдағы өзеннің түбі мен жағасы балдырдан көрінбейтін. Бұзау жалдап, бақа шулап жатады. Ара-тұра адасып келген балығын ұстайтынбыз. Ал бастауда оның бірі жоқ. Мұздай суықтығынан шығар.
Бастаудан ішетін су әкелу – әр үйдегі баланың күнделікті міндеті. Бұзау қарау, өзіңнен кейінгілерді ойнату, қазанға отын бұтау деген сияқты. Түске дейін бір рет, түстен кейін бір рет иінағашты иыққа қойып, екі жағына бос шелек ілеміз де, бастауды бетке аламыз. Бара жатқанда өзің сияқтының бірі жолығады. Бастау басында шелегіне шөмішпен су құйып жатқан тағы бірі тұрады. Ойнап кетесің. Қашан ойын қанғанша бастау басында біраз шелек жиналып қалатын. Қаңсып. Мұздай суға мөлтілдеп толғанды күтіп.
Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалың
Біздің ауылдағы әже-шешелердің бір салты болды. Су әкелуге кеткен баланы артынан айғайлап шақырмайтын. Басқа ойын ойнап жүргенде айқайлап, ұрысып, керек болса желкелеп жатуы мүмкін. Ал су әкелуге кеткенді ешқайсы айқайлап шақырмайтын. Әйтпесе бастау басы – әрбірінің дауысы жетер жерде. Ойнап жүргеніміз көрініп тұрады. Бірақ, әлдебір ырым ауыл әйелдерінің аузы мен аяғын, тіпті шыбық ұстайтын қолын да байлап қойтын.
Қанша кешіксек те, еститініміз бір сөз еді: "Ит өліп қалды ғой". Су әкелуге кеткендер кешіккенде айтылатын сөз деседі. Беріде мынаны аңғардық: бастау, бұлақ басында жаман сөз айтылса, судың құрамы бұзылады екен. Бұған қатысты жапон ғалымының дәлелін оқыдық. Шалғайдағы қазақ ауылының аналары соны қалай білген!
Тұманбай ақында тура бастау басындағы ойынға арналған өлең бар. Өте әдемі, көркем кесте.
Осы ауылда қызыққа араластым,
Көкірегімді, жан досым, саған аштым.
Суға келген қыздарды ыза қылып,
Иінағаш, шелегін ала қаштым!
Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес
Тербелістің тепе-теңдік заңы
Иінағашпен су әкелудің өз заңы бар. Айтпақшы, оны айтпай тұрып, бұл заттың өзін сипаттап алған жөн. Ортасы сәл иілген, екі басына екі темір ілгек орнатылған. Онысы шелек ілуге арналған.
Бұл бұйымның екі түрі бар. Бірі – қолдан істелгені. Екіншісі – үкіметтің фабрикасынан шыққаны. Ол дүкенде сатылатын. Сырланған. Орыстың оюы салынған. Өзі сығымдалған жаңқадан мойын мен иыққа лайықталып жасалған, жалпақтау келеді. Бірақ өз мақсатынан басқаша пайдалануға қиын. Ондайда сынып кетеді.
Ауыл тұрғындарының қолдан істегенінің ағашы қайың болғандықтан үкіметтікіне қарағанда берік. Су тасығаннан басқа, қолға іліккенде, ит пен сиырды ұрып жіберуге де жарайды. Сұғанақ итті шоланға кіріп кеткені үшін, сиырды жиған қи мен қораға сүйкеніп жатқаны үшін! Жіңішкерек болғандықтан тіпті, кейде қармаққа сап орнына ала салтынбыз.
Иінағаш үшін бастысы – тепе-теңдіктің сақталғаны. Тура ортасы сенің мойныңа дәл келгенде әрі қарай екі жағының ұзындығы мен салмағы бірдей болғаны жөн. Әйтпесе екі шелекті тең көтере алмайсың. Сол сияқты екі басындағы екі шелектің суы бірдей болуы тиіс. Қарапайым физика. Мұнда тепе-теңдік сақталмаса, ауыр жағы басып, ақтарылып қалмақ.
Тепе-теңдікті сақтау одан кейін суды әкеле жатқан адамның жүрісіне қатысты. Қазақ қаламгерлері қыздың су әкеле жатқан жүрісін суреттейтіні содан. Кезінде Сайын ағамыздың "Жабайы алма" кітабынан оқығанбыз. Нәзира иінағашпен ырғатылып су әкеле жатқанда әскерге кетер жігітпен жолығар тұсы.
Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс
Ондай көрініс прозада ғана емес, поэзияңызда және өріп жүр. Тайыр Жароковтан бастап:
Ілді тез сыңғырлатып қос шелегін,
Жебедей иген иінағашына, – деп жырлаған жыр тұлпары Тайыр ақын.
Мұнда да қыздың қасына кейіпкер жігіт атпен келетін еді.
Иінағашпен су әкеле жатқан қыздың өзіне ғашық болған ақын да бар. Қуандық Шаңғытбаев. Өте сирек жазған ақын. Қадыр мен Тұманбайлар, Жұмекендер бір түн жыр жазбай, төсекке жатпаса, бұл кісі керісінше айдың бірер түнін ғана қаламға арнаған сияқты. Аз жазған, таңдап жазған тақырыбының ішінде ауылдың су тасыған қызы жүрсе, бұл картинаның ақынның көз алдына бозбала кезден сақталғаны талассыз:
Иінағашын асынып барады қыз,
Арай шоғы ұялап анарына.
Қарады түз оянып, қарады құз
Қос арудың тоғысқан ажарына.
Иә, жігіт тұрмақ қара жартастың өзі де қадалған екен иінағаш асынған аруға. Оның жүрісіне. Тепе-теңдікті сақтайтын шеберлігіне.
Оқи отырыңыз:
Даттатамын десең, мақта
Иінағаштың басындағы қос шелек бізге осы күнгі әлеуметтік желіні елестетеді. Мақтау мен даттау тұрғысында. Иінағаштың бір басындағы шелек шайқалып, ішіндегі су ілгері-кейін лықсыса, тура сол көрініс екінші шелекте қайталанады. Қарапайым физика еді.
2020 жылғы маусым айының соңғы күндерінің әлеуметтік желіде сұрапыл өрістеген тақырыптар иінағаш заңдылығын қатты еске салып жүрді. Екі шелектің бірін қозғап жіберу – айналып келгенде екінші басқа ілінген шелекте тура сондай құбылыс тудырды.
Мысал жеткілікті. Президент Тоқаевтың Ресей астанасындағы Жеңіс парадында тарғыл лента тақпағаны, біздің бөлімше Қызыл алаңнан сап түзеп өткенде орнына тұрғаны қалай әлеуметтік желіде мадақталды, сол сәттен-ақ "мұның несі мақтан" деген кері пікірлер тасқыны туды. Екі жағын да оқыдық. Екі шелектің бірінің әсерінен екіншісі қатар шайқалғанын көрдік.
Кейінгі кезде Президент имиджін жасаушылардың артық қыламын деп тыртық қылып жүргені тағы бір байқалып қалған. Ұсақ әрекеттен Ұлы адамды сомдай алмайсың. Тұрды ма – отырды ма, тақты ма – тақпады ма, бұл – балабақшаның тәрбиеленушісінің таңғы мерекесінің деңгейіндегі сөз емес пе!?
Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су
Қоғамдық пікір иінағашының "қолдау" мен "қарсы болу" атты екі шелегінің тербелісіне қатты тап болған тұлғаның бірі – республикалық бас газеттің басшысы болар. Оның Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі болғаны әлеуметтік желіде алдымен құттықтаулар легін қалай туғызса, соңынан тура солай келекелеген пікірлер тасқынына тап қылды.
Академик атанғаны қисынды ма, жоқ па, оны басқа буын басқа заманда бағалай жатар, біз жеке өзіміз бұл азаматтың иінағаш заңдылығын алдын ала ескермей қалғанына таң қалдық. Бәлкім, бір рет шелегі төгілген соң келер жолы абайлайтын шығар. Айтпақшы, оның шелегі бір аптада екі рет төгілген. Екінші жолы Президент сыйлығын алғанда. Мақтау мәселесін қатты шайқап жібергендер иінағаштың екінші басындағы даттау шелегінің іші де соншалықты лықсып кетерін ескермесе керек.
Әлеуметтік желідегі иінағаш құбылысына тірілер тұрмақ өмірден өтіп кеткен тұлғалар тап болып жатыр. 2020 жылғы маусым айының соңына қарай су жаңа академик Бауыржан Омарұлының ұстазы профессор Темірбек Қожакеев туралы мақаласы шыққаны сол, әлеуметтік желіде соны мақтап, бөліскен жазбалар қарша жауды. Мақтау шелегінің ішінде ересен тербеліс туды. Су әрлі-берлі лықси бастады. "Ұстаз керемет еді. Ол туралы мақала одан да керемет шықты" деген сыңайда.
Тура сол кезде тағы иінағаш құбылысы пайда бола кетті. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай өзінің әйелінің бірнеше жыл жарық көрген кітабының бөлім-бөлімін жариялай салды. Бауыржанның мақаласынан анағұрлым ертеректе шықса да, көзге түспеген екен, енді оқып отырсақ азулы деканның байқұс студентке істемегені жоқ. Ата жауға ғана көрсетер қорлықтың бәрін көрсеткен. Бойындағы бүкіл зәрін төккен.
Тиек тағы ағытылыпты. Бір Байбота емес екен. Белгілі ардагер журналист Құдиярбек Ағыбаев сол деканның қаһарынан қашып, дайын дипломын он жыл алмағанын жазды. Алматыдан қызмет тауып, пәтер алуға қолы жеткенде, университетті бітіргені туралы ресми құжатты алуға қолы жетпеген. Тағы бірқатар бізге таныс ағалар мен апалар "Қожакеевті жөнсіз мақтауға болмайды" деп, "бізге көрсеткен мынандай құқайларын ұмыта алмаймыз" деп, нақты мысалдармен шелектің екінші басындағы суды лықсытқан.
Әне, көрдіңіз бе? Қазіргі заманда даттауға мүмкіндік бергіңіз келсе, мақтаңыз!Мақтау керек болса, ақырын даттап жіберіңіз. Бір-біріне қарама-қарсы салмақта тұрған екі шелектің екіншісін лықсыту үшін біріншісін қозғасаңыз жетеді. Иінағаш заңдылығы.
Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін
Бұлақ басында жұбат!
Бәрі екі-үш күннің мысалы ғана. Осыны оқып отырғанда иінағашпен су тасыған күндер еске оралған. Шелекпен су әкеледі екенсің, екі басының бір-біріне тікелей қатысты екенін сезініп, тепе-теңдікті сақтап отыр. Басқа амал жоқ.
Заттар ескіреді. Тозады. Ескірмесе де, оны тұтынудың қажеті болмай қалады. Ал құбылыстар көз алдыңда қалады. Салыстыру үшін. Тағылым алу үшін.
Тағылым ретінде енді еске түсіп отырғаны болмаса, иінағаштың әдебиетке өкпесі жоқ. Тіпті, кетпеннен артық орын алып кетті. Талайлар кейіпкер келіншекпен немесе сүйген қызымен жолықтырғанда, әлгілер иінағашпен су әкеле жатады. Немесе қиындықты суреттеудің бір деталі. Соғыс жылдарының балаларына жазушылар солай су тасытты. "Жабайы алма" ғана емес, Оралхан Бөкейдің "Бәрі де майдан" атты хикаясында солай.
Мақаламыздың бас жағында қолдан жасалған иінағашты кейде басқа мақсатта қолдануға болады дедік. Әбдіжәмил ақсақалдың алдымен "Сең" деген атпен шыққан романында ауылға қаптап кеткен киіктің лағын әйелдердің иінағашпен соғып алатын кезі бар.
Бұл тұрмыстық құрал поэзия мен прозадан ғана ойып тұрып орын алмаған. Драмаңызда және жүр. Басқа емес, Әуезовтің өзінде.
Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті
Осымен иінағаш, әрі сол арқылы қоғамның қос шелегі туралы ойымызды тәмамдауға болар еді. Бірақ, бір тұсы ойсырып тұрмақ екен. Мұқағали неге суға барған сұлуға иінағаш ілгізбей, бар болғаны құмған алғызды? Батыста, шығыста, оңтүстікке, орталықта қазақ қыздары, әйелдері өткен ғасырдың елуінші жылдары суды иінағашпен тасығанда Нарынқолда ғана құмғанмен суға барып отырды ма:
Құмған алған, суға барған
Сұлуымды сағындым.
Сырғаланған, қуған арман
Құлынымды сағындым.
Бұл тұста сұлуға құмған ұстату – өлеңнің өзгеше өрнегіне ғана керек еді. Болмаса ұршық иіретін әже, егін орып, бау баулаған ана образын армансыз суреттеген ақынның бала кезден иінағашпен суға барған қыздарды көп көргені анық. Иә, бар.
Бұлақ басынан көріп
Сұрап қасыңа келіп
Жылап жасыма дедік.
Жетім қыздың бұлақ басына жай емес, су алу үшін келгені, құрқол емес, иінағашпен келгені даусыз. Тек оның тағы да ырғаққа артық болып, икемделмей қалғаны болмаса!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏃📱 Одному из участников ночного забега в Астане подарят iPhone 15 Pro
- 6514
- 0
- 20
-
2🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5392
- 1
- 6
-
3🌡Прогноз погоды на 21 ноября: метель и гололёд ожидаются на севере и востоке Казахстана
- 2761
- 0
- 5
-
4🟢 Лицензирование детских садов введут в Казахстане с 2027 года
- 2442
- 3
- 18
-
5👨⚕️ Пациенту ампутировали ногу по вине врача: хирург избежал реального срока в ЗКО
- 2478
- 2
- 39
-
6🟢 Премию Михаила Дорофеева вручили основателю проекта Protenge Джамиле Маричевой
- 2519
- 0
- 8
-
7🆕🆕🆕🆕 Таразский университет использовали для фиктивной регистрации мигрантов
- 2422
- 1
- 16
-
8💬💬 "Мать была на работе..." О гибели четырёх детей при пожаре в Астане
- 2384
- 2
- 27
-
9🟪 Ерлан Карин: Число вышедших из казахстанского гражданства с 2019 уменьшилось более чем в 16 раз
- 2447
- 6
- 105
-
10⛈ На США обрушился "циклон-бомба": власти готовятся к тяжёлым последствиям
- 2395
- 0
- 21