Прямой эфир Новости спорта

Ғарыштағы жарыс

...тағы да АҚШ-ты алға шығарды.

Соңғы көзірдің сыры

АҚШ-пен бәсекеде бәрінен ұтылып келе жетқан Ресейдің қолында біраз уақыт жалғыз көзір болды. Соны ербеңдетіп жүрді. Ол – ғарышқа адам таситын зымыран.

Кезінде АҚШ-тың өзінде ол технология болған. Алдымен "Аполлондар" дәуірі салтанат құрды. 1981 жылы Кеңес Одағының алдына түсіп, "Шаттл" бағдарламасын бастаған. Ол – қазақтың ұлттық ұғымында "қоржын" сөзі сияқты.

Бұл "қоржынның" алтауы жасалды. Бесеуі кезекпен сапарға шығып тұрды. Алтыншысы "Энтерпрайз" түрлі сынаққа, оның ішінде қону сәтін жаттықтыруға қолданылса да, Жердің тартылыс күшін жеңіп шығуға жіберілген жоқ.

Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр

Алдымен "Колумбия" ұшырылды. Біз қолымызға "журналист" деген диплом алған тұс еді. Содан басталған шаттлдар шеруі тұтастай отыз жылға жалғасты. Кеңес Одағында бақталас елдің жетістігі насихаттала бермейтін. Сондықтан там-тұм ақпаратпен шектелетінбіз.

Шаттлдармен бәсекеге кеңестік "Боран" әзірленді. Бірақ ол ғарышқа аттануға ұзақ дайындалды. Одақ тарқар тұста жалғыз рет ұшырылды. Автоматты түрде. Абырой болғанда аман-сау оралды. Сонда журналист ретінде Байқоңырға барып, ғарыштан қайтқан "Боранның" сауырынан сипауға және оны жасаған бас конструктор Ю. Семеновке сұрақ қоюға мүмкіндік алғанбыз.

Одан әрі кеңестік көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесі ұшпады. Одақ тарқады. Ресейде жобаға қаржы табылмай, ақыры мүлде керексіз болып қалды. Ұшқаны бар, сынақ пен үлгі ретінде жасалғаны бар үш-төртеуі коммерциялық мақсатта әр жаққа таратылды.

Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су

Негізі, "Боран" атаулының иесі Қазақстан болуы керек еді. Өйткені, Кеңес Одағы ыдырағанда барлық республика "нөлдік нұсқаға" келіскен. Қай елдің аумағында не қалды, ол иесі атанады. Ғарыш саласына келгенде олай болмай шықты. Байқоңырда тұрған бүкіл техниканы Ресей иемденді де, ғарыш айлағының өзін Қазақстандыкі деді. Былайша айтқанда, ішіндегі сорпа мен сүйекті алып қалды да, сыртқы ыдысын бере салды.

Хош, бұл уақытта Кеңес Одағының, оның мұрагері Ресейдің мұхиттың арғы жағындағы бәсекелесі АҚШ-та бес бірдей шаттл кезек-кезек 135 рет ұшып келді. 350 ғарышкерді әрі-бері тасыды. Жиынтығы 513 миллион мильге ұшыпты. Американың милін біздің өлшемге шаққанда мұныңыз 820 миллион шақырым болады. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылдың маусым айында Есекқырғанның орбитасы Жерге барынша жақындағанда екі ара 640 миллион шақырым болған.

Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін

Шаттлдар тегіс сәтті болмады. 1986 жылы қаңтар айында "Челленджер" ұшып шыға апатқа ұшыраған. Оның бейнекөрінісін Орталық телевизия қырық қайтара көрсеткені есте. Аяныштан гөрі табалау сарыны аңғарылған. Егер бәрін осылай көрсету керек болса, Кеңес Одағының телевизиясы Байқоңырда болған жарылыстан маршал Неделин бастаған жүзге жуық адам қалай қырылғанын да жасырмаса керек еді. Оның кинохроникасы болған. Бірақ өте құпия сақталған.

2003 жылы тағы бір "қоржын" апатқа ұшырағаны есте. Бұл жолы "Колумбия" Жердің тығыз ауа қабатына жанасқан сәтте өртенді. Қызудан сақтайтын сауыты сөгілген екен. "Челленджер" сияқты мұнда да 7 ғарышкер қаза тапты.

2011 жылы шілде айында "Атлантисті" соңғы рет ұшырған АҚШ шаттл бағдарламасын жапты. Одан әрі халықаралық ғарыш стансасына ғарышкер жеткізу Ресей ұшу аппараттары арқылы жүзеге асты.


"Атлантис" соңғы сапарға аттанды

"Атлантис" соңғы сапарға аттанды / NASA-ның архивіндегі фото


Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті

"Қоржындарды" тарих қоймасына тастаудың екі себебі болды. Біріншісі – тозуы. Екіншісі – ұшырудың қымбаттығы. Шаттлдың әр сапары 450 миллион АҚШ доллары тұратын.

Қазір "Дискавери" Вашингтондағы Ұлттық авиация мен ғарыш музейінде тұр. "Индовер" Калифорния ғылыми орталығынан орын алды. Ақырғы болып ұшқан "Атлантисті" Кеннеди атындағы Ғарыш орталағына көре аласыз. Айтпақшы, тура осы жерден 2020 жылдың 30 мамырында АҚШ зымырандары мен ғарыш кемелерінің жаңа буыны сапарға аттанды.

Шаттлдар ұшпайтын болған соң АҚШ Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) өз өкілдерін аттандыру үшін Ресейдің "Союз" кемесіне орын сұрады. 2020 жылдың соңына дейін деп 3,9 миллиард доллар төледі. Бір ғарышкердің орнына 2010 жылғы 25,4 миллион доллар болған бағаны орыстар 2018 жылы 81,9 миллион долларға көтерген. Ресейдің бүкіл артықшылығы осында еді. Артықшылық біртіндеп астамшылыққа ұласты.

Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық

Ресей Украинадан Қырым түбегін тартып алғанда АҚШ ауыр тыйым салды. Сол тұста Ресей үкімет басшысының орынбасары болған, беріде "Роскосмосты" басқарған Дмитрий Рогозиннің "біздің зымырандар болмаса, америкалықтар ғарышқа батутпен шығатын болады" деген еді. "Айтылған сөз – атылған оқ" дейді қазақ. Ол Жерге кері орала алатын Илон Масктің зымыраны емес. Дәл осы Илон арада бірнеше жыл өткенде ресейлік ғарыш саласы басшысының сөзін өзінің қалтасына қайта салып бермек.

Сахнадағы "SpaceX" сыры

Иә, Ресей өкілі Рогозин астамшылықпен "ғарышқа батутпен секіріп шығарсыңдар" дегенде америкалықтар жауап сөз айтпады. Өйткені, жауапты іспен дайындап жатыр еді. Бұл орайда жер жүзіне таңдай қақтырып жүрген өнертапқыш Илон Маск өзінің "SpaceX" жобасымен сахнаға көтерілген. Оның зымыраны алып шыққан ғарыш кемесі 2019 жылы наурыз айында автоматты түрде ғарышқа самғап қайтты. Енді ғарышкер аттандыру ғана қалған. Соны да сәтті жүзеге асырды.

Бір ғажабы, бұл – америкалық жекеменшік компанияның табысы еді. Енді АҚШ-тың Ұлттық аэроғарыш агенттігі NASA Ресейдің "Союзына", оның тізгінін ұстаған "Роскосмосқа" тәуелділіктен құтылды. Төлесе, өз елінің компаниясына төлейді. Онда да әрбір ғарышкердің орны орыстар талап ететін 80 миллион доллар бола қоймас. Айтпақшы, NASA-ға 80 миллион деп аузы қисаймай сөйлеген "Роскосмос" бірлі-жарым ғарыш туристерін 20 миллион долларға алатын еді.

Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат

Илон Маск бірден екі бағытта жұмыс істеді. Алғашқысы – ғарышқа кемені шығаратын зымыран. Ол "SpaceX" атымен танымал. Мұның бұған дейінгі зымырандардан ерекшелігі бар. Кеңес-орыстық "Союзды" алып ұшатын "Протон" зымыранының үш сатысы кезегімен бөлінеді. Алғашқы сатысы қазақ даласына түседі. Бұған Қазақстан үкіметі келісім берген. Бірнеше өрт содан шыққан. Киік те талай қырылған. Басқа сатылары әуеде жанады, толық жанбаса, орыстың өз жеріне түседі. "Боранды" ғарышқа шығаратын алып "Энергия" да осы тәсілмен істейтін. АҚШ-тың шаттлдарында екі жылдамдатқыш блок жерге аман қондырылып, негізгі үлкен бак атмосфераның жоғары қабатында жанып кетеді. Сайып келгенде, бәрі де қоршаған ортаға залалды еді.


"Протонның" жарылысы

"Протонның" жарылысы / "Россия 24" телеарнасының эфирінен скриншот


Ал "SpaceX" өзгеше жол таңдады. Бұл зымыран Жерге қайтып оралады. Сол арқылы не ауа, не топырақ, не суға құлап зардап әкелмейді. Екіншіден, оны көп мәрте пайдалануға болады. Бұған дейін азамзат ғарыш кемесін көп мәрте пайдалануға қол жеткізсе, енді оны Жердің тартылыс күшін жеңе отырып ғарышқа шығаратын зымыранды бірнеше рет қайта пайдалануда.

Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес

Әрі зымыран кез-келген жерге емес, нақты дайындалған алаңға қонады. Бұл үшін аз сынақ өткен жоқ. 53 рет сыналып, соның 45-і сәтті аяқталған. 2015 жылы 22 желтоқсанда ғарышқа Жердің 11 жасанды серігін шығарып, өзі қайтып келді. 2016 жылы сәуірде су бетіндегі платформаға дәл қонды. Бірнеше рет ХҒС-ке жүк апарды. Енді міне, 2020 жылғы 30 мамырда ішіне ғарышкерлер отырған "Grew Dragon" ғарыш кемесін ХҒС-ке жеткізді.

Қазақ үшін сүйкімсіз, сұмырай болған "Протон" гептилмен ұшатыны белгілі. Ал Масктің "SpaceX" зымыраны үшін жанармай – үйреншікті керосин. Оған сұйытылған оттегі қосылады.

Басқа да салыстырулар Д. Рогозин басқаратын мемлекеттік компанияның емес, Илон Маск құрған жекеменшік компанияның артықшылықтарын әйгілейді. "Роскосмосқа" қатысты тек Самарадағы ғарышкерлерге арналған зымыран жасайтын "Прогресс" кешенінде 21 мың қызметкер бар. Ұшу сапарын басқаратын Мемлекеттік ғарыш орталығының штаты 43 мың адамды құрайды. Бұлардан басқа бірнеше ондаған кәсіпорынның адамдары 20 мыңнан саналады. Сонда "Роскосмоста" ұзын-саны 200 мыңнан астам адам барын болжауға болады. Масктің зымыран мен ғарыш кемесін жасаушы, сынаушы және ұшырып, қайта қарсы алушы командасы 7 мың адам ғана көрінеді.

Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды

Алдымен "америкалықтар ғарышқа батутпен шығып көрсін" деп кергіген Рогозин 2019 жылдың қараша айында "америкалық әріптестерімізге көмектесу үшін өзіміздің экипаждарымызды сығымдаймыз" деп жоқ жерден жарылқаушы бейнесіне енген. 2020-2021 жылдары "Союз" арқылы ұшатын ресейлік ғарышкерлерінің санын азайтпақ болған.

Сол "Роскосмостың" атқарушы директоры Сергей Крикалев болса, 2020 жылы ұшатын "Союз МС 17" эпипажы тек орыстардан тұратынын мәлімдеді. Ғарыш кемесі дайын болмайтын америкалықтардың өздеріне жалынуы ғажап еместігін айтып салды.

Осының бәрін Илон Маск жоққа шығарды. Бұл нағыз "көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме" дегеннің кері болды.


"SpaceX" зымыраны мен "Grew Dragon" ғарыш кемесі стартқа әзір

"SpaceX" зымыраны мен "Grew Dragon" ғарыш кемесі стартқа әзір / Фотоны түсірген: Joe Skipper / Reuters


Айтпақшы, NASA-ның басшысы Джеймс Брайденстайн 2019 жылғы қазан айында "біз "Союздағы" әрбір америкалық астронавт үшін енді 85 миллион доллар төлеуді тоқтатамыз" деді. Одан әрі бәрібір өз ғарышкерлерін ХҒС-ке жеткізетіндерін айтқан. Ол шамасы, Илон Маск жобасына сенген. "SpaceX" иесі болса, сол сенімді ақтап шықты.

Оқи отырыңыз: Ларри Теслер. Шиыршық ғұмырдың шегі

Самғауды көргендердің сыры

Сонымен 2020 жылғы 30 мамырда Ресейдің ғарыш саласындағы соңғы көзірі қолынан сусып түсті. Өзі соңғы жылдары ғарыш сапары жағынан ел үшінші орында жүр. Илон Маск АҚШ-ты бірінші орынға шығарғаны мәлім. Ал екінші орынға аяқ астынан Қытай көтеріліп кетті. 2000 жылдар басындағы алғаш самғаған "Ұлы жорық" зымыранынан соң бұл ел ғарышқа түпкілікті ден қойды. Ешбір елдің аппараты жетпеген Айдың арғы шетінде бұл елдің "Ай қояны" атты айдаболы із қалдырғаны туралы "Айда жүрген арбалар" деген тақырыппен кезінде мақала жазғанбыз.

Жетістіктері шамалы, тіпті жоққа тән, баяғы кеңес заманында 50 жыл бұрын жасалған "Протон" мен "Союзды" әлі малданып отырған Ресей үшінші орынға сырғымағанда қайтсін. Кемі 200 мың адамдық мемлекеттік "Роскосмос" ғарыш бәсекесінде 7 мың адамдық жекеменшік "SpaceX" компаниясына төтеп бере алмаса, басқадай нәтиже күту қиын шығар.

Осы орайда ойымызға Мұхтар Шахановтың бір дастаны оралған:

"– Даңқың қайда төске өрлеген?
Екі жүз мың әскерменен
Алты ай бойы кіп-кішкентай
Отырарды ала алмау,
Алты ай бойы
Отырардың осал тұсын таба алмау,
Ойы – дауыл,
Сезімі – аспан,
Тек жеңіспен көзін ашқан
Менің алғыр ұрпағымның сүйегіне зор таңба.
Намысыма сызат түсті мына сенің арқаңда,
деп Шыңғысхан Шағатайға оқты көзін қадады". Үзіндінің соңы.

Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға

Ресей Президенті өз елінің "Роскосмос" компаниясының басшысына осылай деп оқты көзін қадағаны жайында бірер ғасырдан соң дастан жазылса, оған жаңа ұрпақтың жаңа оқырмандары куә болар. Бізге NASA-ның тоғыз сағаттық тікелей эфирінде айтылған пікірлер қанағат.

Ғарышты көзімен көріп, салмақсыздық жағдайын денесімен сезіп келген Майкл Дж. Массимино "біз мұны жүзеге асырдық" деп бөркін аспанға атты. Қуанышы орынды еді.

Оның әріптесі NASA-ның және бір астронавты Кэтрин Колман "ғарышқа шығуға сегіз жарым минут қана кетті, ал кейбіреулер автокөлігін туралап қоюға осыншама уақыт жұмсайды" деп мәз болды. Илон Масктің зымыранының ғажап жылдамдығына тікелей эфир барысында Массачусетс техникалық университетінің инженері Эмили Каландрелли де таңдай қаққанын тыңдадық.

Бұл оқиғадан ел Президенті қалай қалыс қалсын? Тікелей эфир кезінде оны қайта-қайта жылтыңдатып көрсеткен жоқ. Үлгі аларлық нәрсе.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Трамп сәтті сапардан соң тәтті сөйлеген: "Біз бүгін осындай керемет жерге жаңа ғарыш кемесін ұшыруды атап өту үшін жиналып отырған жоқпыз, біз жұлдыздарға батыл да салтанатты оралғанымызды атап өтуге жиналдық. Бұл айрықша күн, деді Кеннеди атындағы ғарыш орталығында Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп. АҚШ-тың бұған дейінгі басшылары ғарышкерлерді аттандырғанда басқа державаларға кіріптар болды. Енді олай істемейміз. Біз қайтадан америкалық астронавтарды әлемдегі ең үздік америкалық зымырандар арқылы Америка аумағынан аттандырамыз!"

Иә, айтары жоқ, бұл зымыран да, оның ұшындағы ғарыш кемесі де әдемі еді. Оған тікелей эфир барысында тамсандық. Мамандар оның ғарышкерлер үшін өте қолайлы екенін айтады. Бұл қырық жыл бұрын, біз жаңадан журналист болып қалам ұстаған кезден ұшып жүрген "Союз" бен "Протон" емес.

"Ертеректегі "Аполлон" бағдарламасы даңқының жалғасы табылды". NASA директоры Джеймс Брайденстайннің лебізінен осы тұсты үзіп алдық.

Әлбетте, жоба авторы, кәсіпкер, өнертапқыш Илон Масктің сөзі бәрін тұжыруы тиіс еді: "АҚШ зерттеу рухымен өмір сүреді. Бұл ғарыш кемесі адамдардың қолымен адамдар үшін жасалды".

Бұл – бәрін тек өзінің атағы үшін жасап келген базбіреулер ойланатын сөз екен!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров