Прямой эфир Новости спорта

Табынған мен таптаған

Мұхиттың арғы жағында Колумб ескерткіші жаппай құлатылғанда, біздегі жағдай еске түскен.

Бір тұлға – екі баға

АҚШ-та науқан. Ескерткіш құлатудан. Басқа емес, Колумбтың ескерткіші. "Американы ашты" деп саналып, сонысымен сан ғасыр ұлықталған тұлға бір сәтте мансұқталып жатыр. Түсіп жатқан ақпараттардың ең соңғысы "2020 жылғы 19 маусымда Сан-Франциско қаласында Христофор Колумб ескерткіші алынып тасталды" дейді. Қала билігі "Американы алғаш ашушының әрекеті еске алуға тұрмайды" деп ұйғарған. Әрі Сан-Францисконың өнер жөніндегі комиссиясы "Колумб нәсілдік теңдікті жақтаған тұлға емес" деп тұжырған. Қазақ мұндайды "өлдің Мамай, қор болдың" деп ежелде айтып тастаған.

Алыс құрылыққа алғаш жүзіп жеткен теңізші ретінде оған қойылған ескерткішті Майамиде, Ричмондта, Сан-Поледе, Бостонда, Нью-Джерси штатындағы шағын қалашық Камденде, Сент Луисте алып тастапты. Бұл – біздің көзімізге түскен ақпараттар. Тағы басқа қалаларда атақты теңізшінің ескерткіші тұғырдан тайдырылған шығар.


АҚШ-тың кезекті қаласынан Колумб ескерткіші әкетіліп жатыр

АҚШ-тың кезекті қаласынан Колумб ескерткіші әкетіліп жатыр / Сурет pinterest желісінен алынды


Осы ақпараттарға көз сала отырып, біз Колумбтың Американы ашқанының 500 жылдығы кезінде сол елде жүргенімізді еске алдық. Әлгі сапарда тарихи тұлғаны бағалаудағы бір-біріне қарама-қайшы пікірлерді көп естідік. Естіп қоймай, қарама-қайшы шерулерді көрдік. Әрі бірнеше қалада. Арасында Сан-Франциско мен Сент Луис те бар еді. Сонда бір көшеде Колумбты дәріптеген, 500 жылдықты тойлаған шеру өтіп жатса, екінші көшеде мұндай тойға қарсы, наразы шеру өтіп жатты. Бірақ, екі жақтың ешқандай қақтығысын көрмей, соны тамсана жазып келгеніміз ойдан кетер ме! Полиция екеуіне де араласпай, жағдайды сырттай бақылап тұрған. Беріде АҚШ-тың ішкі күштері қапысыз демократия салтын сақтауды ұмыта бастағандай.

Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалың

Сол жолы АҚШ-тағы ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігімен танысуға барған үш журналист бір-бірімізге "ал, кім қай шеруге қосылады" деп қалжыңдағанбыз. Орыс тілді екеуінің көзқарасын қайдам, біз әлбетте Колумб тойына қарсылық білдірушілер тобында тұрар едік.

Соншалықты құрметтелетіндей, не айыпталатындай Колумб не істеп еді? Тарихты парақтасақ, оның үш кемені бастап 1492 жылы 3 тамызда испан жағалауынан шыққанын білеміз. Сол жылғы 12 қазанда үш кеменің бірі "Пинтаның" кезекші матросы алда қара жер барын көреді. Бұл – қазіргі Багам аралдары. Америка құрылығының Еуропаға ең жақын пұшпағы. Айтпақшы, испан королі жаңа жерді алғаш байқаған теңізшіге әжептәуір ақша беремін деп жар салған екен. Бірақ, жеме-жемге келгенде әлгі матрос корольден соқыр тиын алмады деседі.

Келесі күні Колумб жағалауға аяқ басады. Ту тігеді. Бұл жердің иеленушісі өзі екені жөнінде құжат толтырады. Келер жылы көктемде Еуропаға оралғанда бірнеше үндісті ала келіпті. Одан басқа бұл жақта өспеген жүгері, картоп, темекісі тағы бар. Алтынды күреп жинамаса да, корольге тарту етерліктей мөлшерде артып алған. Сонымен зор құрмет пен атаққа жеткен Колумб жаңа аймаққа тағы да үш рет сапарға шығып, Оңтүстік Американың бірқатар өңіріне аяқ басты.

Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес

Міне, содан бастап бұл жаққа нағыз қанды қырғын жасаған басқыншылар кемемен, қарумен қаптай бастады. Үндістердің майя, ацтек сынды небір ғажап мемлекеттері мәдениеттерімен қоса құрдымға кетті. Американың солтүстік бөлігі де, оңтүстік бөлігі де талау мен тонауға түсті. Үндіс халқы жаппай қырылды. Аман қалғаны резервацияларға тоғытылды.

Бәрібір осы аймақты алғаш ашушы ретінде Христофор Колумбтың атына құрмет көрсетіліп келді. 1937 жылы АҚШ Президенті Франклин Рузвельт қазан айының екінші дүйсенбісін Колумбтың құрметіне мереке деп жариялаған. Басты мереке астана Вашингтонда емес, ірі қала Нью-Йоркте өтеді. Мұнда оның құрметіне биік монумент орнатылған. Американың ашылғанының 400 жылдығына орай қойылған.

Бір ғажабы бұл күн ел бойынша "қоғамдық демалыс" деп жарияланса да, Калифорнияда, Невадада атап өтілмейді. Ол штаттар ештеңе болмағандай жұмыс істейді. Демек, Колумбты әр штат өзінше бағалайды.

Шындығында, Колумб және одан кейін мұнда аяқ басқандар жаулау, иемдену ниетімен жетті. Байырғы халықты адам деп санамады. Христофордың өзі үндістің бірнешеуін құл ретінде ұстапты. Демек, Америкадағы құлдық қамыты мұнда Африкадан қара нәсілділер тасыла бастаған соң емес, Колумб келген сәттен басталған.

Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс

Байқасақ, әу бастан Колумбқа қатысты пікір екі жарылып жүрген. Бірақ, оның Американы ашқаны мереке деп жарияланып кеткен соң амалсыз атап өтіледі. Жақтаушылар да, қарсылар да сол күні армансыз шеруге шығады. Біз соның ең қызу тұсы – 500 жылдыққа тап болып едік.

Міне, арада бірталай жыл өткенде Құрама Штаттардың қалаларында оның ескерткіші жаппай алына бастады. Халықтың нәсілшілдікке наразылығын одан әрі өршітпеу үшін қалалар мен штаттардың әкімшіліктері мұны түрлі қисынмен заңдастырып жатыр. Бәрінің түйіні біреу – Колумбтың әрекеті құрметтеуге лайық емес!

Бір есім – екі тұлға

Америка дегенінміз – тек АҚШ емес. Солтүстігінде Канада жатыр. Оңтүстігіне қарай Латын Америкасының жиырма-отыз елі иін тіресіп отыр. Әрі испан, португал, байырғы халықтардың тілі мен дәстүрі мидай араласқан. Ағылшын тілді АҚШ-қа, ағылшын мен француз қоса жүретін Канадаға қарағанда бұл жақта мүлде басқаша көрініс және арғы тарихты өзіндік бағалау.

Бұл елдердегі Колумбқа көзқарас қалай еді? Оны "Би-Би-Си" тілшілері Христофор Колумб де Карвахальдан сұрапты. 5 ғасыр бұрын үш кемені бастап шыққан теңізші әлі тірі ме? Жоқ, сүйегі әлдеқашан қурап қалған. Доминиканға әкеліп жерленген. Онда толық аттас демесек, мынаның баяғы Колумбқа қандай қатысы бар? Туралай қатысы бар екен. Дәл жиырмасыншы ұрпағы көрінеді.

Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су

Бір ғасырда 25 жастан төрт ұрпақ болады деп шамаласақ, атақты теңізшінің шөпшегінің шөпшегінің шөпшегінің шөпшегінің шөпшегі. Өзі де теңізші екен. Испанияның Әскери-теңіз флоты мектебін бітірген. Сол мектепті тәмамдарда 1972 жылы Жер шарын айналып шыққан. Латын Америкасындағы Доминикан Республикасындағы Санто-Доминго портына алғаш аяқ басқан. Беріде тағы бірнеше рет Оңтүстік Америкада болған.

Христофор Колумб атын алып жүру оңай емес. Түрлі қағаздарды толтырғанда аты-жөніңді көріп таңданады, депті атақты теңізшінің 20-ұрпағы. Әуежай мен портта төлқұжатыңды оқиды да, сен де "Колумбсың ба?" деп таң қалады.

Тікелей ұрпақ болған соң өз атасына қатысты шараларға шақырылады. Тіпті, Испанияның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі міндетін атқарған. Әлбетте, бір жерде ықыласпен қарсы алса, екінші жерде оған ызбарлана қараған.

Жақсы қарсы алатындардың ішінде Доминикан Республикасын атапты. Онда бабасына "Отанның атасы" деген атақ беріліпті. Жалпы, арғы Колумбтың мүрдесі әр жерге бір қойылып, ақыры осында мәңгілік тыным тапты. Ол "Колумб шамшырағы" аталатын ғимаратта. Елдің қазынасын жұтата жаздап, жеті жыл салынған бұл ғажайып құрылыс – негізі маяк емес, мемориалдық музей және кесене. "Шамшырақ" аталатыны төбесіндегі 157 прожектордың қуатты жарығы түнде 400 шақырымнан көрінеді. Қас бетінен қарасаң, үндістердің пирамидасына ұқсас. Әлгі Абайдың 175 жылдығына жасатын алаңдағы домбыраның сұлбасын жоғарыдан ұшып жүріп аңғаруға болатын сияқты, мұның алып крест түрінде салынғанын да солай білу керек. Не керек, арғы бабасын құрметтеген жерден ұрпағы неге бой тартсын!


Доминикан Республикасындағы "Колумб шамшырағы" мемориалы

Доминикан Республикасындағы "Колумб шамшырағы" мемориалы / Сурет infmir.ru сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін

Христофор Колумб де Карвахаль сол сияқты Аргентина мен Колумбияда жиі болады. Бұл елдерде ұлы теңізшінің аты ізгілікпен аталады.

– Ал Боливия мен Венесуэла менің бабам десе, кіржиіп қалады. Оның Американы ашқаны тарихи қателік болды деп есептейді. Жалпы, кейінгі тарихта бұл елдердің бүкіл Еуропа, батыс өркениетіне жауығып жүргені мәлім, – дейді осы заманның Колумбы.

Ол елдерде үндістер Колумб келгенше жұмақта өмір сүрді, еуропалық лап қойды да, сол жұмақты тозаққа айналдырды деген пікір үстем. Бұған 20-ұрпақ өзінің қарсы уәжін айтады.

– Бұл жерде Колумб келгенше қайдан жұмақ болсын? Олардың империялары да адамды құлдықта ұстаған. Сондай қорқынышты құрбандық шалу рәсімдері болған, – деп тұжырады.

Жаңа заманның Колумбы Американың ашылғанын тойлағысы келмейтіндерді "жаһандануға қарсылар" деп санайды. Американың ашылуы бұл құрылықты ғана емес, Еуропаның өзін түбегейлі өзгертті деген ойда.

Өкінішке орай, бұл сұхбат АҚШ-та Колумб ескерткіштері бірінен соң бірі алынардан бұрын болған. Сондықтан арғы бабасын тұғырдан жаппай түсірген оқиғаға қатысты көзқарасы белгісіз. Әлбетте, наразы шығар. Оны енді қайта қойғыза алмасы тағы түсінікті. Ендеше, Колумб атына аялай қарайтын елдердің құрметін көріп жүре бергені жөн шығар деп топшылаймыз.

Бір көрініс – екі көзқарас

Ескерткішті алып тастау – Қазақстанға таңсық емес. Сондай оқиғаның біріне куәгер болғанбыз.

Онда 1990 жылдардың басы. Азаттық жаңа қолға тиді. Біз – Шерхан Мұртаза басқарып, "Егеменді Қазақстан" деп атап берген газеттің Ақпарат бөлімінің меңгерушісіміз.

Онда елдің астанасы – Алматы. Небір қиқулы оқиғалар өтіп жатыр. Аштық жариялағандар. Мүфтидің қолын сындырғандар. Дайын үйге басып кіргендер. Көше тұрмақ, Жоғарғы Кеңестің іші жалын атып тұрады.

Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті

Онда "Алаш", "Азат", "Желтоқсан", тағы басқа қоғамдық бірлестіктер, партиялар бәрі белсенді. Азат елге қажет істерді атқаруға Сәбетқазы Ақатай марқұм сияқты шындап құлшынғандар бар. Атын шығару үшін қиқулатып жүргендер және жеткілікті. Мына шу мен шаңның арасында айырып көр.

Осындай күштердің тап-тап беріп тұрған бір нысаны болды. Ол – Алматыдағы Дзержинский ескерткіші. Онда қазіргі Наурызбай көшесі кеңестің осы тұлғасының, ал Қабанбай көшесі мінезі одан момындау, бүлдіргені аздау Калининнің атында. Екеуінің қиылысынан сәл жоғары кеңестік ЧК, НКВД, КГБ болып жалғасқан ұйымды құрушы, қалыптастырушы Дзержинскийге ескерткіш қойылған. Дәл уақытын айтсақ, 1954 жылы ашқан екен. Қазақ зиялыларын кезекті қуғындаудан соң. Кеңестік көсемнің біріне құрмет қана емес, жергілікті халықты қорқытудың амалы. Тура қасында бірнеше ғимаратқа сол КГБ өзі орналасқан. Өте ызбарлы мекеме еді.

Енді Кеңес Одағы ыдыраған соң КГБ тарады, ол қуғындап келген ұлттық күштер белсеніп шықты. Біздің жаңа мекеме "мемлекеттік қауіпсіздік" емес, "ұлттық қауіпсіздік" деп аталатын болды. Әлбетте, негізгі кадр құрамы сол қалпы сақталғаны даусыз. Бірақ, олар бұрынғы ұйым жетекшісінің ескерткішін ашық қорғай қоймады.

Ол тұста "Азат" пен "Алаш" қиратамыз деп тап-тап береді. Ал Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының бастығы генерал Сіләм Исабаев "бұл заңсыздық болмақ, алдымен ескерткішті алып тастау туралы Алматы қалалық атқару комитетінің шешімі керек" дейді.

Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық

Генералды жақсы танитын едік. Өте тәжірибелі маман. Білікті тұлға. Талай қылмысты ашқан. Оның ішінде Орта Азиядан Кавказға апиын тасыған қылмыстық топты әшкерелеген. Одан 1909 жылы Ресей патшасы шығарған 47 алтын теңгені тәркілеткен. Оны аз десеңіз, әлгі топтан Иранның ұлттық банкінің таза алтын теңгесі де табылды. Салмағы 59 грамм еді.

Одан Исабаев Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасын басқарған. Ақыры Заманбек Нұрқаділов қоймай жүріп Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының жұмысын ретке келтіру үшін ат-түйедей қалап алғызған ғой.

Сіләм Исабаев ашық жұмыс істейтін. Қазіргілер әрі кеткенде орынбасарларын отқа айдап, өздері көлеңкеде қалады ғой. Бұл генерал шу болып жатқан ескерткіштің түбіне өзі келгенін бірнеше рет көрдік. Әрі қазақша өте жақсы сөйлейді.

– Дзержинский менің екі туып, бір қалғаным емес. Мен оның ескерткішін де, әрекетін де қорғамаймын, – дейтін. – Мен заңды қорғаймын. Ескерткішті алып тастауға қалалық атқару комитетінің шешімі шыққан жоқ. Ендеше оны қиратуға жол бермеймін. Шешім алынған соң шаруам болмайды.

Белсенділер бұл уәжге қарсы ештеңе айта алмайтын. Қазір халық жинала қалса, алаңда жүретін дыбыс күшейткіші бар прокурорлар мен полиция өкілдері әлдебір түсініксіз баптарды қайталаумен шектеледі. Қайран, генерал Исабаев, осы заманда қызметте жүрер ме едіңіз!

Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат

Содан бір күні әлдебір мақаланы жедел жазып жатыр едік. Одан да суыт хабар түсті. "Дзержинскийді құлатып жатыр". Қасымызда фототілші бар, дереу сол жаққа жүгіргенбіз.


Алматыдағы Дзержинский ескерткіші осындай болған

Алматыдағы Дзержинский ескерткіші осындай болған / Сурет kulikov.ucoz.net сайтынан алынды


Иә, біртуар Заманбек Қалабайұлы басқарған Алматы қалалық атқару комитеті ақыры Феликс Дзержинский ескерткішін бұзу туралы шешім шығарыпты. Бірақ, қарамағындағылар қалай, қайтіп алу жөніндегі екінші құжатты реттегенше шешім желпініп жүргендердің құлағына тиеді. Бітті. Кран да, жұмысшы да керегі жоқ, базардан, үйден бірнеше арқан алған жігіттер оны құлатып тастаған кезде біз келдік. Артынан кран жеткізілді. Ұзын жүк автокөлігі әкелініп, ЧК басшысының ескерткіші соған тиелді. Біраз уақыттан соң көшені тегістеп асфальттап тастады.

Міне, біздегі Дзержинский ескерткішінің құлатылуынан АҚШ-тағы Колумб ескерткішінің жаппай сыпырылуына дейін куәгер екенбіз. Әсілі, ескерткіш орнатқанда бергіні емес, арғыны ойлаған абзал-ау.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров