Жетпіс алты ғасырдың жұлдызы
Талай елді басқарғандардың шашын ағартып отырған шашақты вирус, яғни коронавирус пайда болғалы бір даусыз ақиқат бар, ол – аспанның тазарып қалғаны. Әсіресе ірі қалаларда бұл құбылыс баршаның көңілінен шықса керек. Жаппай түсірген фотолар – соның айғағы. Күндіз бұрын іргеде тұрса да көрінбеген таулар, түнде жасырынбай-ақ жымыңдаса да байқалмаған жұлдыздар енді талайды қуандыруда.
Аспан әлі таза тұрса, яғни карантиндік шаралардың біразы сақталса, аспандағы тамаша құбылыс – құйрықты жұлдызды телескопсыз көруге мүмкіндік аламыз.
Жақындап қалған аспан қонағын астрономдар ATLAS деп атаған. Бұрын белгісіз болыпты. Оны алғаш 2019 жылдың 28 желтоқсанында байқаған. Онда өте жарығы өте әлсіз, болар-болмастай еді. Біртіндеп жарығы күшейе берген соң жақсылап зер салса, бұл кезекті құйрықты жұлдыз болып шықты. Содан дереу бақылауға алынды. Оны бірінші болып нысанаға іліктірген телескоптың құрметіне ATLAS деген ат берілген. Бірнеше айда жарығы күшейе түсіп, Марстың орбитасына бері өтті, мамыр айының 23 күні ол Күнге барынша жақындағанда, жай көзбен көрудің мүмкіндігі туады.
Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті
Марстың тұсында келе жатқанда оның жарығы 8-9 жұлдыздық ауқымда болса, міне біраз уақыт ең жарық жұлдыздың біріне айналды. Одан әрі қайта кішірейіп, біздің назардан алыстай бермек. Аспан әлемін зерттеушілер бұл ATLAS-ты ХХІ ғасырдағы ең жарық құйрықты жұлдыз болмақ десіп отыр. Кім білген, алда әлі бақандай 80 жыл бар, аяқ астына бұдан да жырық біреуі жетіп келер-ау. Өйткені, мұның өзі жоғарыда жазғанымыздай, былтырғы желтоқсан айының соңына дейін мүлде беймәлім болды емес пе. Содан бері жақындаған сайын жарығы 4 мың есеге күшейіпті.
Өзі түрлі өнер шығарып келеді. Бақылауға алынғалы буланып жатқан газдардың әсерімен негізгі денесінің бөлшектеніп жатқаны аңғарылды. Газ неғұрлым көп бөлінген сайын ядросы ұршықша зымырап айналып жатыр. АҚШ-тағы Мэриленд университетінің ғалымдары оны телескоппен тамашалап, "бұл – өте сирек қайталанып құбылыс" деп таңдайларын қағыпты. Қалай десек те, құйрықты жұлдыздың негізгі денесінің астрономдар алдында бөлшектенуі тұңғыш рет болып жатыр. Мұндай мүмкіндікті қалт жіберу – ғалымдар үшін күнә болмақ.
Ал Жердің жай тұрғындарының өзі бұл құйрықты жұлдызды көріп қалғаны жөн. Өйткені, ATLAS-ты бізге дейін кімдер көргенін, әрі бізден соң кімдер көретіні білесіз бе? Жыл басынан бері бұл аспан денесінің қозғалысын қапысыз бақылаған ғалымдар оны есептеп шығарған.
Дәл цифрды айтпас бұрын, ақын Мұхтар Шахановтың бір балладасын еске түсірелік. Былай басталатын:
Баяғыда,
бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына....
Сол айтпақшы, бұл құйрықты жұлдызды бізге дейін бабамыздың бабасының бабасының бабасы қазіргі жыл санауға дейінгі дәуірдің ІҮ ғасырдың соңында бір рет көріпті. Содан шексіз ғарышты армансыз айналып, қайтадан Күн жүйесімен кездесіп отыр. Нағыз аспан қонағы деген – осы шығар-ау.
Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық
Бізден кейін, яғни үшінші рет бұл шіркін арада 76 ғасыр өткенде Жерге қайта жақын келмек. Әлгі Мұхтар Шахановтың тағы бір, дәлірек жазсақ Отырар оқиғасына арналған балладасындағы:
Сан алапат тасырдан соң,
Тасыр дауыл басылған соң
Жеті жарым ғасырдан соң, – дегені мұның қасында қол созым уақыт сияқты ғой.
Ғасырлар арасын салыстырып болсақ, енді арақашыққа қатысты бірер мәлімет бере кетелік. Құйрықты жұлдыз телескопқа алғаш іліккенде ол Марс орбитасының ішінде Жерден 145 миллион шақырым тұста еді. Ал 23 мамырда барынша жақындағанда ол бізге 115 миллион шақырымнан жымыңдайды екен. Шексіз әлем үшін бұл – қол созым тұс.
Жетпіс алты жылдың жұлдызы
Бұған дейін біз көрген құйрықты жұлдыздың ірісі де, елеулісі де Галлей болатын. Онда республикалық жастар газетіне жаңадан қызметке келген журналист едік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасы.
Жерге шексіз ғарыштан Галлей атты құйрықты жақындап келе жатқанын орыс тіліндегі әлдебір басылымнан оқып қалдық. Дереу іздендік. Онда қазіргі интернет жоқ. Кітапханаға барып, тақырыптық ғылыми журналдарға тапсырыc беріп, мәліметтер іздедік. Деректерді тірнектеп жинадық. Астрофизика институтының ғалымдарымен сөйлестік. Сөйтіп, "Лениншіл жас" газетіне ешбір бастықтың тасырмасымен емес, өзіміздің ниеттенуімізбен "Шырақ соңындағы сұрақ" атты көлемді мақала жаздық. Редакторымыздан бастап бәрі мақтаған. Ғарыш, аспан денелері тақырыбына қызығушылығымыз осыдан басталып еді.
Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат
Ол жолы Галлейіңіз Жер орбитасынан Күнге қарай өтіп, жарты жолға дейін жетіп, кері айналған. Өзінің әдеттегі орбитасы осындай. Жер мен Күннің арасы 149 миллион 597 мың 870 шақырым деп есептелген. Оны қысқаша бір астрономиялық бірлік деп қабылдаған. Галлейіңіз Күннің қасынан 0,587 а. б. мөлшерінде өтіп еді. Ұзындығы – 15, көлденеңі мен биіктігі бірдей – 8 шақырым болатын бұл аспан денесі "қысқа мерзімді кометалар" тобын құрайды. Бұл дегеніңіз, олардың Күнге келіп кету уақыты 200 жылдан аспайды деген сөз.
Иә, 7 мың 600 жылда бір соққан ATLAS-қа қарағанда Галлей адамзатқа көзтаныс. Әрі араға 76 жыл салып әрбір оралғаны үлкен құбылыс, анығында дүргіліс тудырған. ХІІІ ғасырда оның аспан төрінен көрінуі Қалқа өзенінің жағасында орыстардың Жебе ноян мен Сүбетай бахадүр бастаған Шыңғыс хан әскерінен күйрей жеңілуімен сәйкес келді. Содан да болар, кейін бұл құйрықты жұлдыздың көрінуінен еуропалықтар қатты үрейленетін еді.
1456 жылы ол Күн жүйесіне кезекті айналып соққанда Рим Папасы КалИкст Үшінші оның түріктің жалпақ қылышы ятағанға ұқсайтыны айтып, аспаннан тезірек өтуін тілеген. Сол сияқты нормандықтардың ағылшын аралына басып кетуі де осы құйрықты жұлдыздың көрінуіне сейкес келген. Сөйтіп, Байенің атақты гобеленінде бейнеленген.
Суретшілердің біразының картинасынан Галлей кометасының көрінуі қаншалықты үрейлі болғанын байқаймыз. Бұдан қаламгерлер де қалыспаса керек. Шекспирдің өзі бір пьесасында Юлий Цезарьдың қазасына осы құйрықты жұлдыз көрінуі себепкер болғанын жазыпты.
Он жетінші ғасырға дейін оның Жерге айналып соғып тұрған бір жұлдыз екені анықталмаған. Тек 1680 жылы бір көрініп, содан 1681 жылы қайта көрінген құйрықты жұлдыздың Күнге қарай кетіп, қайта оралған аспан денесі екенін жас ғалым Эдмунд Галлей анықтайды. Әлгінің бүкіл орбитасын есептеп, Жерге 76 жылда бір жақындайтынын үлгілеп шығады. Бұл орайда атақты Ньютонмен ақылдасыпты.
Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес
Сөйтіп 1531 жылы Аппиан атты астроном, 1607 жылы Кеплер сипаттаған, енді 1681 жылы өзі көріп отырған құйрықты жұлдыздың біреу екенін дәлелдейді. Сөйтіп "бұл жұлдыз 1758 жылы қайтып келеді" деп жазады. Оған әрине Галлейдің өз ғұмыры жетпейді. Бірақ, 1758 жылы тура Еуропада Рождество мерекесі басталған түні немістің бір әуесқой астрономы құйрықты жұлдызды аспан түбінен байқап қалады. Бірнеше күннен кейін оның Жерге жақындап келе жатқаны анық байқалған. Сөйтіп, Галлейдің болжамы дәл шыққан да, бұл құйрықты жұлдыз содан бастап Галлей кометасы аталған.
1910 жылы кезекті көрінгені Жер үстінде үлкен дүрлігіс туғызды. Ғалымдар оның созылған құйрығында басқа газдармен бірге цианид барын анықтапты. Оның өте улы екені белгілі. Бұл газет пен журнал шығатын, ақпараттық коммуникация қалыптаса бастаған кез. Дереу "Жер оның соңында қалған ізге тап болады, содан бүкіл адамзат цианидпен уаланады" деген дақпырт пайда болады. Тура қазіргі коронавируске әзірленгендей жағдай қалыптасты. Америка мен Еуропада адамдар көшеге шығуды қойды. Көшеге шықса ауыз бен мұрынға тұмылдырық тағып, үстеріне қолшатыр ұстап жүрді. "Кометадан қорғау" аталған дәрі жаппай сатылды.
Бір жолы оған Шекспир шабыттанса, бұл жолы айтулы қаламгер Артур Конан Дойльге тақырып табылды. Оның бір шығармасы "Уланған белдеу" осы құйрықты жұлдыздың көрінуін сипаттайтын. Сол жолы Жерден небәрі 0, 15 а.б. қашықта өткен Галлейді астрономдар армансыз бақылап, бірқатар жаңалықтар ашып қойды.
Қас қаққанша 20 шақырым
Иә, Күн жүйесіне 76 ғасырда бір жету үшін қандай жолдан өту, қандай жылдамдықпен зымырау керек десеңізші. Ғалымдар құйрықты жұлдыздардың орташа жылдамдығын есептеп қойған. Олар өз орбитасымен секундына 20 шақырым жылдамдықпен заулайды.
Қазақтың құйрықты жұлдыз атайтыны тегін емес, соныңда шаң мен тозаңнан тұратын ілеспесі бар. Біз оған Күн сәулесі түсіп шағылысып тұрған кезін көреміз. Бұдан басқа көзге көрінбейтін құйрығы тағы бар. Ол газдан құралған. Ең ұзын құйрығы 580 миллион шақырым көрінеді.
Тағы бір қызық нәрсе – Жерді осындай құйрықты жұлдыз бен аққан жұлдыздың көбінен қорғап жүрген қалқан бар. Кәдімгі Юпитер. Ол Жерден әлденеше, анығында 11 есе үлкен, әрі кемінде 300 есе салмақты болғандықтан тартылыс күші де сұмдық. Ғарыштан Күн жүйесіне еніп, бері қарай жақындаған аспан денелерінің талайын өзіне тартып алады. Сөйтіп Жерді қорғап келеді.
Әлбетте, оған жақындамай басқа орбитамен келіп жатқандарға амал жоқ. Шамасы, Галлейдің 76 жылдық, ал ATLAS-тың 76 ғасырлық орбитасы әзірге Юпитермен түйісе қоймаған сыңайлы.
Айтпақшы, ATLAS-пен қабаттасып Жерге және бір аспан денесі, иә бұл да құйрықты жұлдыз, жақындап қалды. 2020 жылғы 20 мамырда ол Жерден 84 милилон шақырымда өтеді.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...
Құйрықты жұлдыз тек 11 сәуірде ашылды. Ғалымдар оған CWAN деген ат беріпті. Бұл да оны тапқан аппараттың аты. Аппарат Күннен шыққан отты желдің бағыты мен күшін анықтауға арналған. Сөйте тұра аспанды тімісмкілеген соң ара-тұра онымен жаңа жұлдыздарды табуға болады екен.
ATLAS-ты анық көре алсақ, CWAN-ды Жердің солтүстік жарты бөлігіне тұратын біз тамашалай алмаймыз. Ол тек Австралия, Африка мен Американың оңтүстік бөлігінде тұратындарға байқалады. Әттең, бұл көріну сипаты жағына ерекше сәнді құйрықты жұлдыз көрінеді. Ядросы көгілдір-жасыл түсті. Ал құйрығы жап-жасыл болып созылып жатқан көрінеді.
Құйрықты жұлдызды сан ғасыр бойы әркім әр нәрсеге теңеп келеді. Соған үлес қосып біз оны ақ тиінге теңесек дейміз. Аспан төріне ойнақтап шығатын ақ тиінге. Өйткені, онда да, мұнда да көзге шалынатыны – шағын денесі емес, бұлғаңдаған ұзын да сәнді құйрығы емес пе. Анығында секундына 20 шақырым жылдамдықпен бұлғаңдаған құйрық!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏃📱 Одному из участников ночного забега в Астане подарят iPhone 15 Pro
- 6514
- 0
- 20
-
2🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5392
- 1
- 6
-
3🌡Прогноз погоды на 21 ноября: метель и гололёд ожидаются на севере и востоке Казахстана
- 2761
- 0
- 5
-
4🟢 Лицензирование детских садов введут в Казахстане с 2027 года
- 2442
- 3
- 18
-
5👨⚕️ Пациенту ампутировали ногу по вине врача: хирург избежал реального срока в ЗКО
- 2478
- 2
- 39
-
6🟢 Премию Михаила Дорофеева вручили основателю проекта Protenge Джамиле Маричевой
- 2519
- 0
- 8
-
7🆕🆕🆕🆕 Таразский университет использовали для фиктивной регистрации мигрантов
- 2422
- 1
- 16
-
8💬💬 "Мать была на работе..." О гибели четырёх детей при пожаре в Астане
- 2384
- 2
- 27
-
9🟪 Ерлан Карин: Число вышедших из казахстанского гражданства с 2019 уменьшилось более чем в 16 раз
- 2447
- 6
- 105
-
10⛈ На США обрушился "циклон-бомба": власти готовятся к тяжёлым последствиям
- 2395
- 0
- 21