Саңлақтар жиналатын сахна
Қазанда жүрдік. Мұса Жәлел атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театры біздің ел астанасындағыдай жаңадан салынып, жұтынып тұрған жоқ. Бірақ, театр ғимараттарының жаңасынан гөрі көнесінің жанға жағымды, көңілге жақын болатын қасиетін сезінеміз. Венада, Парижде солай болған. Мұнда сол тылсым орта тағы өзінің тереңіне тарта жөнелді.
Екі бөлімді, төрт көріністі балет тамашаламақпыз. Қазақшалағанда "Берекесіз сақтық" деген қойылым. Алғаш рет 1789 жылы Францияның Бордо қаласындағы Үлкен театрда премьерасы өтіпті. Өз заманының тақырыбына сай туынды сол кезде-ақ көрерменнің көңілінен шықса керек. Ол кезде бізде Абайдың өзі тумаған.
Бұл балет осыдан шамамен екі ғасыр бұрын Париждегі Корольдік музыка академиясының сахнасында қойылған. Атақты Луи Герольд деген композитор ұлттық сипатты, жергілікті қарапайымдықты сақтай отырып, музыкасын жөнге келтірген. Содан бері еңбегі ескеріліп, балет авторы саналады.
Тақырыбы – сол баяғы қос ғашық. Одан соң кедей жігітті менсінбей, қызын бай диірменшінің ұлына бергісі келетін шеше. Біздің Баян Сұлу мен Қозы Көрпештің французша нұсқасы деуге де болар. Бірақ мұндағы қос ғашық хикаясы бақытты аяқталады. Қиындықпен, қулықпен, пішенші қарапайым халықтың көмегімен Лиза мен Колен қосылады. Қыз шешесінің арам ойы жүзеге аспай, ақыры сан соғып қалады. Диірменші Мишо мен оның ұлы Ален өздері дәмелі қалыңдық пен құдалықтан тұмсықтары тасқа тиіп қайтады.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Мұның бәрі музыканың, бидің тілімен түсіндірілген. Сахнада бидің бірнеше атасы бар. Бастапқыда би аз болса керек. Беріде қойыла келе вальс, полька, тіпті чердаш қосылған. Соңғысы венгр биі екен.
Декорация көз қызықтырады. Орта ғасырлардағы француз ауылын көріп тұрғандайсыз. Киім керемет. Содан болар, орақ кезіндегі пішеншілер биінің де, басқасының да бояуы қанық. Қойылымнан ақшаны аямағаны бірден аңғарылған.
Бізді Қазанның театрына жетектеп әкелген жәйт – мұның бірі де емес – балеттің дирижері, жерлесіміз, қазақ даласының бір қиырындағы Аягөз қаласының тумасы Нұржан Байбосынов болатын. Соның өнерін тамашалауға арнайы келгенбіз.
Бірақ, балетте сонау Бразилиядан келген бишіні көреміз деп ойламасақ керек. Бас кейіпкер рөлін Арманда Гомес ойнайды екен. Бразилияның Үлкен театрының жанындағы училищенің түлегі. Өз елінің Рио де Жанейро, Сан-Паулу мен Паране сынды қалаларының сахналарында өнер көрсеткен. Латын Америкасындағы іргелес Уругвай мен Парагвайда, Еуропадағы Италия мен Швейцарияда билеген.
Енді Қазан театрына арнайы шақырумен келіпті. Жерлесімізге қол соғамыз деп келген біз бразилиялық бишіге басымыз айналып қалар, мұндай интернационалдық қойылымға тап болармыз деп күтпеген едік.
Балеттен соң сұхбаттасқанымызда Нұржан Байбосынов Қазан театрлары шеттен талантты тұлғаларды жиі шақыратынын айтты. Өнері ұнай ма, бірден шығармашылық байланыс орнатады. Бір жолы көңілден шықпай ма, қайта шақырмайды. Өзіңді танытсаң, құрметтеп театрдың төрін береді. Талантыңды таныта алмасаң, ары қарай жолың әне, жөніңе кете бер. Өнерге деген көзқарас осындай болуы керек қой.
Нұржанның өзін алғаш бір мүшел бұрын 2007 жылы сынап көріпті. Бұл сынақ оңай болмаған. Не асығың алшысына тұрады, не бүк түсіп, өзің бүктеліп қаласың.
– Театр оркестрінің директоры телефон соқты да, Алматыдан Қазанға келуімді сұрады, – деп еске алады алғашқы таныстықты Нұржанның өзі. – Үш спектакль қойылмақ екен. Соған дирижер бол деді.
Үшеуі де классика – "Аққу көлі", "Щелкунчик" және "Ұйқыдағы ару". Нұржан алғашқы екеуінен бастап, ең күрделі "Ұйқыдағы ару" балетіне дирижерлікті соңына қалдырмақ болады. Бірақ атамыз қазақ "үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады" демей ме? Бұл Қазандағы әуежайдан түскен бетте қолына дайындық пен спектакль кестесін ұстатады. Қараса "Ұйқыдағы ару" бірінші қойылмақ екен.
– Бұлар сөйтеді. Бірден қиынға тастайды. Кәдімгі суға лақтыра салған сияқты. "Жүзіп шықсаң – жігітсің, шыға аламасаң – мігітсің", – деп қазақша мақалдап қойған Нұржан. – Ал мен малтып шықтым. Содан бері осы театрда «шақырылатын дирижер» болып жұмыс істеймін.
Бірнеше тіл білетін бауыр
Нұржанның музыканы соңынан қуған жолы Аягөзде басталыпты. Содан Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыды. Аспаптардың ішіндегі ерекшесі тромбонға маманданған. Әрі опера-симфония дирижері деген диплом алған.
– Кейін тура осы мамандықты Қазан қаласында қайтадан оқыдым. Өйткені, өзіміздің елдегі консерваториядан алған білімім тым жадағай екенін шетке келгенде бірден сездім, – деп ағынан жарылды Нұржан Байбосынов.
Бұл – өте маңызды пікір. Бізде «диплом болса бітті» деген көзқарас қалыптасқалы қаншама жылдар өтті десеңізші. Сатып алған дипломмен күн көріп жүргендер жеткілікті. Бірақ, олардың бірі де нағыз маман емес. Соның кесірінен аурулар емделмейді. Үйлер қисық салынады. Жолдар дұрыс жасалмайды. Оқушыларға жеткілікті білім берілмейді. Ауыл шаруашылығы ақсап жатыр. Тек "диплом болса болды" деген желеу Қазақстанның дамуын қаншама жылдарға шегеріп тұрғанын түсінетін уақыт жетті.
Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған
Сонымен ол Қазанда дирижерлік ете жүріп, баяғы опера-симфония мамандығы бойынша екінші рет оқиды. Бір мамандықты екі рет оқу тарихта сирек кездесетін шығар. Нұржан жетіскеннен емес, қайта жетіспегеннен осылай істепті.
Оқу мұнымен бітсе, кәне. Кешікпей Италияға тәжірибе жинақтауға барды. Аты әлем музыканттарына таныс Fondazione PERGOLESI SPONTINI біздің Нұржанға есік ашыпты. Талантын таныған, талабын байқаған соң, әрине. Осындай білімді жастардың барына мақтанасың. Бірақ өз елінде өріс табылмайтынан күйінесің.
Енді бұған Еуропа жат емес. Бірінші жолы оқу іздеп, тәжірибе жинауға барса, келесі жолы олар қазақ дирижері Нұржан Байбосыновты жұмыс істеуге шақырды.
Мұндай шақыру Германиядағы Филармониялық оркестрден түсті. Мұның қабілеті, кәсіптік деңгейі ондағы талғампаз музыканттар мен көрермендердің көңілінен шығыпты. Содан бастап бес жыл бойы Берлиннен жиі-жиі шақырту алады. Біздің бауырымызға ол жақта дереу неміс тілін үйренуге тура келген екен. Бұрыннан мүлтіксіз ағылшыншасына қосымша тағы бір еуропалық тілді меңгереді.
– Германияға барған соң байқасам, жергілікті халық ағылшын тілінде сөйлегенді онша жақтыра қоймады, – деп еске алады бұл туралы Нұржанның өзі. – Дереу неміс тілін үйрену керектігін түсіндім. Өйткені барған ортаңды қаншалықты сыйласаң, олар да сені соншалықты құрметтейді.
Ынталы жігіт бірер айда неміс тілін үйренген. Ұстаздар тауып қосымша сабақ алған. Музыкаға ғана емес, тұрмыстағы кәдімгі кісілік қатынасқа керек деңгейде сөйлеп шыққан. Қазір Германияда еркін жүреді. Соған орай мұны шақырған филармонияның да құрметі өсе түскен.
– Қазақша – өзімнің ана тілім болғандықтан, әрі Семей өңірінде өскендіктен оған мүдірмеймін. Орысшаны да сол бала кезден білетінмін. Қазанға жиі келгендіктен, мұндағы әріптестерімнің тілінде, яғни татарша сөйлеймін. Ағылшын мен неміс тілдерінде еркін сөйлеймін. Италияда тәжірибеден өткендіктен, ол елдің тілінде де нан сұрап жей аламын, – деп күледі Нұржан.
– Сені якут-саха тілінде де нан сұрап жей алады деп естідік, – деп қалжыңдағанбыз тағы бір жәйттен хабардар болғандықтан.
– Ол республикаға барып балет фестивалін өткізгенде, өзімді сынап көрдім. Бірнеше күнде сахалардың біраз сөзін үйрендім. Жалпы, зерделі адамға түркі тілдерінің бірін білсең, екіншісін түсінудің қиыны еш жоқ, – дейді Нұржан.
Бес диплом бедел емес
Нұржан Байбосынов қарапайым. Жұлдыз ауруына шалдықпаған. "Елімде мені елемеді, міне, сыртта өзімді таныттым" деген өкпе немесе мақтан бойынан байқалмайды.
Біз одан Қазақстан мен Татарстан театрларын салыстырып беруін сұрадық. Өзіміз ойлағандай-ақ, Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық опера және балет театры біздің Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрынан шеберлік жағынан артық екен.
"Е-е, біздің театрдың әртістері күндіз репетицияда болып, кешке сахнада ойнап, түнделетіп такси болып көшеге шығатындарын айтып еді ғой. Жалақы мен тұрмыстық жағдай туралы сан рет ашынып, жоғары жаққа сәлем жолдап еді ғой" деп кейінгі екі-үш жылдың оқиғалары ойымызға оралған.
– Қазанға келе салысымен мұндағы театрдың деңгейі жоғары екенін бірден аңғардым, – дейді Нұржан. – Оның бір сыры осында еуропалық деңгейдегі үздік дирижер Ренат Салаватовтың жұмыс істейтіндігінде жатыр. Жалпы, мені сыртымнан Қазандағы театрдың директорына, оркестр басшысына айтып, таныстырып қойған осы Ренат көрінеді.
Нұржан өзін шақырған театрдың барлық қызметкерлері үнемі шығармашылық ізденісте жүретінін айтады. Жалақы, тұрмыстық мәселе шешілген жерде адам, әрине, шығармашылық жағынан ойланатыны рас. Түнде такси немесе күзетші болатын алматылық жас әртістерге өз рөлдері туралы ойланатын уақыт қайда?!
Оқи отырыңыз: Жармақ жыныстылар
Мұндағылардың тағы бір артықшылығы – ұжым ішінде бір-бірін аңду, күндеу, жамандау мүлде жоқ екен. Бәрі іспен айналысады. Бақталасып, есептесіп отыруға бос уақыттары жоқ. Соның арқасында театр табыс пен өнер жағынан күн санап өсіп келеді.
Оны ең таң қалдырғаны – алғашқы репитициясында балет солистері болмапты. Оркестр орнында. Барлық аспаптың иесі бар. Ал дайындықта негізгі бишілерден ешкім жоқ. Нұржан олармен де сөйлесіп, қай әуенге қалай билейтіндерін көргісі келмей ме? Бірақ негізгі әртістер кешкі қойылым алдында ғана гримге төбе көрсетеді екен. "Бұлары қалай?" деп сұрайды Нұржан таңырқап театр басшылығынан. Өзінің сұрағына "сіз қаншалықты шебер болсаңыз, олардың шеберлігі сіздікінен кем емес, сондықтан саспаңыз" деген жауап алып тынады.
Алғашқы спектаклі балет әртістерінің мұның репетициясына келмегеніне қарамастан өте жоғары деңгейде өтіпті. Олар оркестрдегі жаңа дирижерге, дирижер Нұржан өзі сахнада алғаш көрген балет бишілеріне ризалықпен тарасады.
– Алматыдағы жағдай басқаша еді. Онда балет әртістерінің репетициясын класта отырып бір апта бақылайтынмын,- деп бұрынғы жұмысын еске алған Нұржан бауырымыз. – Мұнда тек кәсіпқойлар еңбек етеді. Әртіс те, музыкант та, дирижер де – шынайы шеберлер. Бәрі осылай шыныққан, шыңдалған. Сонымен Қазаннан кейін Алматыға басқа адам болып оралған едім. Өз театрымызда не жетпейді десем, шеберлік пен идея жетпейтінін байқаймын.
Дирижердің сөзіне қарағанда, ол Алматыдан Татарстан астанасына үнемі ашығып оралады. Рухани ашығу, жаңалыққа ашығу бұл. Мұндағы мықты мамандармен бірнеше спектакль қойған соң ғана бойы байсал тартып, қалпына түседі екен. Иә, әркім өз ісін жетік білетін жерде сөз артық. Бақылау қажет емес.
– Керек десеңіз, менен Қазанда алғашқыда дирижердің дипломын сұраған жоқ, – дейді Нұржан. – Ал мен өзіміздің диплом барына қарамастан, Қазан косерваториясында оқып жүрдім. Өйткені Алматыда сабақ бергендердің қалдырып кеткен тұсы баршылық екенін байқадым.
Нұржанның ағынан жарылуынша, бұл жақта сенің өз ісіңді мықты білгенің керек. Жұмысыңды білмесең, бес диплом да беделге жарамайды.
Өнердің қанаты – қолдау
Біз әлгі Луи Герольдтің музыкасы бойынша "Берекесіз сақтық" балетін тамашалауға келгенде театрда бір бос орын болмады. Лық толы залды фотоға түсіріп алмақ едік, қойылым кезінде фото немесе бейне жазбаға тыйым салынғандықтан сабыр сақтадық. Бірақ, оқырмандарымыз "бір бос орын болмады" деген сөзімізге сенетін шығар.
Оқи отырыңыз: Жолды жапқан жауапсыздық
Барлық билет салылатын жерде театрдың табысты болатыны түсінікті. Бір маусымдағы барлық қойылымға әр жолы ине шаншар орын болмаса, театрдың өзін ақтауы мүмкін ғой. Қалай десек те татар туыстардың театры қаржылық жағдай жағынан біздің Алматыдағы өзі тектес өнер ордаларына қарағанда уайымсыз көрінеді.
– Бөлінетін ақша аз болғандықтан Алматыда ауқымды, сән-салтанатты опера мен балетті жаңадан қоя алмайтынбыз, – дейді Нұржан. – Қазанда шеттен мықты әртіс, режиссер және дирижер шақырады. Оған мүмкіндіктері жетеді. Алматыда өз буымызға өзіміз пісуге мәжбүрміз.
Оның айтуынша, театрды қала немесе мемлекеттен басқа демеушілердің қолдауы әлемдік тәжірибеде бар көрінеді. Нұржанның Италияда тәжірибеден өткенін айттық. Қазандағы балет тобымен Еуропаның бірнеше қалаларында гастрольде болды. Сондықтан бұл салада көрген-білгені көп.
– Алматыда қаншама дәулетті адамдар тұрғанымен ешбірі театрға қолдау көрсете қоймайды, – деп тағы бір мәселені ашып айтты Нұржан Байбосынов. – Ал Италияның театрында жүргенімде мына жағдайды өз көзіммен көрдім. Демеушілердің тізімін қабырғаға үлкен етіп жазып қояды екен. Ол жақта мұны құрмет санайды. Тіпті, театрға демеуші болуға жергілікті тұрғындар кезекке тұрады.
Иә, классикалық өнер қолдауды қажетсінеді. Бізде ше? Театрға жәрдем етеміз деп кезекке тұрғандарды көрмеппіз. Біздің байлар артық ақшасы болса, мешіт салады. Шамасы, сол ақшаны табу жолындағы күнәсін осылай жуғылары келетін шығар. Мешіттен артылса, ата-бабаларына ескерткіш қойғызады. Ал театрға барып "менің мына қойылымға демеуші болғым келеді" деп суырылып шыққандарды көре қоймаймыз. Тәрбиенің бір тетігі театр десек, беріде оның шегесі босап кеткенін несіне жасырайық.
Шетте жүрген бір талантымыздың тебіренісі осындай ойларға жетеледі.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5620
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2513
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2573
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2326
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2204
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2193
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2258
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2310
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2237
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2223
- 0
- 6