Дархан Қанатбеков Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы болып тағайындалды
Ол осы органда 2001 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Комитет төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бұған дейін Комитет төрағасы болған Азамат Базылбеков қызметінен босатылды.
British Council Қазақстанда IELTS-ты электронды түрде қабылдай бастады
Тест тапсырушылар бұдан былай IELTS-ты тапсыру уақыты мен форматын (электронды не қағаз түрінде) таңдай алады. Тест нәтижелерін тапсырғаннан кейін 5-7 күннің ішінде алуға мүмкіндік бар. British Council-ден хабарлағандай, қос форматта да емтихан мазмұны бірдей болады.
Атырау облысында 114 миллионға салынған жаяу жүргіншілер жолы жарамсыз болып қалды
Индер ауданында қазынаның қыруар қаржысына үш жыл бұрын ғана төселген төсемтастар (брусчатка) быт-шыты шыға үгітіліп, аяқ астында шашылып жатыр. Жаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі келтіреді. Тұрғындар қыста төселгендіктен көпке шыдас бермей, быт-шыты шықты дейді.
Жергілікті әкімдік оны салған мердігер компанияны сотқа берген. Тек сот шешімі мердігердің пайдасына шығыпты. Енді аудандық әкімдік жаяу жүргіншілер жолын қалыпқа келтіру үшін бюджеттен қайта қаражат бөлеміз деп отыр.
"Қазгидрометтің" ауа райы болжамдары дәл келмейді
ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер осылай деп синоптиктер жұмысын сынға алды. Айтуынша, болжамдар үлкен аумақтарға анық берілмейді.
– Мәселен, Ақмола облысында 3-14 мм жауын-шашын болады деп хабарланды делік. Егер, жауын облыстың бүкіл аумағына таралып түссе, онда бұл – аздаған жауын-шашын. Алайда, бәрі Ақмола облысының белгіленген аумағына жаууы мүмкін. Мұндайда жағдай қиындайды. Көкшетауда осылай болды, – деді ол.
Комитет басшысы 2017 жылы да "Қазгидрометтің" жұмысын сынағанын еске салды. Бүкіл әлемде ауа-райы көрсеткіштерін автоматты түрде ұсынатын стансалар орнатылған. Ал, бізде атам заманғы әдіспен қарды сызғышпен өлшеп жүрміз деп қынжылды.
Жабай өзенінде су көтерілді
Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы В.Беккер мәлімдеді. Айтуынша, Атбасардағы Жабай өзені үш тәуліктің ішінде тағы 90 см-ге көтерілген. Қауіпті деңгейге дейін 1 метр қалса да, өңірге 15 техника мен 5 жүзу құралдарымен жабдықталған, құрамында 50 маман бар арнайы топ жіберіліпті.
Елорданы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Вячеслав су қоймасына да 93 пайыз су жиналған. Қазір секундына 300 текше метрден астам су Есіл өзеніне транзиттік режимде ағызып жіберетін көрінеді.
Сирияға кетіп, соғыс құрбанына айналған қазақстандықтар туралы бейнабаян түсірілді
"Через дорогу" аталатын деректі фильмдер желісінде күйеуінің артынан Сирияға аттанған әйел, ағалы-інілі үш ағайындылардың және тағы басқа да осындай соғыс құрбандарына айналғандардың тағдырлары баяндалады. Жобаның мақсаты – өмірлік оқиғаларды көрсете отырып, азаматтарды бөтен ойдың жетегіне ермеуге итермелеу. Бейне жоба "Настоящее время" телеканалынан көрсетіледі, сондай-ақ Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің сайты мен "Алматы номад" Youtube каналында жарияланады.
"Самұрық-Қазына" Атырау, Ақтөбе, Павлодар әуежайларын әкімдік меншігіне береді
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Доллар төртінші күн қатарынан арзандап келеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 долларға 378,47 теңгені болды. Доллар бағамы дүйсенбі күні 0,4 теңгеге (380,36 теңгеден 379,96-ға), сейсенбі күні 0,48 теңгеге (379,48 теңгеге), сәрсенбі 0,36 теңгеге (379,12 теңгеге дейін) төмендеген еді.
Baq.kz: Әлемдегі ең мықты Android смартфондар анықталды. Қытай компаниясы Xiaomi рейтинг бойынша бірінші орында тұр. 371 878 ұпай жинаған Xiaomi Mi 9с екінші орында болса, 365 430 дауыс жинаған Vivo iQOO Monster edition үшінші орында тұр. Galaxy S10+, Galaxy S10, Vivo iQOO, Lenovo Z5 Pro GT, Nubia Red Magic Mars, Honor View 20 және Huawei Mate 20X үздік ондыққа кірді.
Ktk.kz: Қазақстанда жаңа мереке пайда болды. Бұл туралы Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесі хабарлайды. "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына толықтыру енгізілсін. Мерекелік күндердің тізбесі 42-1-тармақпен толықтырылсын: "42-1. Энергия үнемдеу күні – 11 қараша" делінген хабарламада.