28 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында әйелдер мен балалар қауіпсіздігін арттыруға арналған екі бірдей заң қабылданды. Олар:
- "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы;
- "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы.
Бұл заңдардың жобалары мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне жазаны қатаңдату тапсырмасы аясында әзірленген болатын. Жаңа өзгертулер мен толықтырулар:
- Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын күшейтуді;
- 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге сексуалдық сипатта тиіскендерге жазаны күшейтуді;
- Денсаулыққа зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыруды және басқаларды көздейді.
Оқи отырыңыз: "Заң қабылдаумен шешілмейді". Отбасындағы зорлық-зомбылық қайтсе тыйылады
Жаңа заңдар Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне нүкте қоя ала ма?
Осы орайда Информбюро заңгер, гендерлік зорлықпен күрес бойынша белсенді және зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетумен шұғылданатын Президент жанындағы әйелдер жөніндегі комиссияның One stop service жобасының үйлестірушісі Ләззат Рақышевамен сұхбат жүргізді. Ләззат Рақышева – АҚШ-та өткен IVLP бағдарламасының қатысушысы. Сұхбатта ол тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің америкалық тәжірибесі мен соның негізінде қолға алған One stop service қызметі жөнінде де баяндап берді.
– Ләззат ханым, Мәжіліс қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін түбегейлі шешуге жеткілікті ме?
– Бұл – бертінде ғана туындаған мәселе емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызып, оны жасағандар Қылмыстық кодекс аясында жазалансын деп айтып жүргенімізге біраз болды. Менің өзімнің бұл салада жүргеніме 7 жылдан асса, осы уақыт аралығында талай үндеу де тастадық, талай петиция да жаздық. Дегенмен, бұл істің бұлайша тез ілгерілеп кетуіне "Бишімбаев оқиғасы" ерекше түрткі болғанын мойындау керек.
Жаңа заң жобаларындағы өзгерістерді мен, әрине, қолдаймын. Бірақ, оған толық қуана алмаймын.
– Неге?
– Өйткені, олар тек бір бағыттағы мәселелерді ғана шешуге қауқарлы. Яғни, күйеуі әйелін ұрып-соғып, бір жерін көгертіп, жалпы физикалық тұрғыда зиян тигізсе, ол қылмыс болып саналады және оларға заң билігі жүреді. Бірақ, бұл аталғандар – зорлық-зомбылықтың көзге көрінетін бір түрі ғана. Оның артында эмоциялық, қаржылық, психологиялық деп тізе беруге болатын зорлықтың түрлері көп. Мысалы, әйелін жұмыс істетпей, үйден шығармай, тіпті ұрмай-соқпай-ақ күніге жегідей жеп, сүлікше соратын абьюзерлер бар. Қазақ "Сөз сүйектен өтеді" деп бекерге айтпаған. Адамға сөзбен-ақ таяқтан бетер зорлық көрсетуге, әлімжеттік жасауға болады.
Сондай-ақ, жеке-дара оқиғалар емес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамдық тұрғыда алдын алатын, оны болдырмайтын шаралар әлі заңды шешімін тапқан емес.
– Дегенмен, физикалық күш көрсету – зорлықтың ең ауыр түрі саналады. Мүгедекке айналып жатқандар, тіпті құрбан болып кетіп жатқандар аз емес...
– Біз дәл осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен тікелей жұмыс істейтіндіктен, мұндайдың мыңдаған мысалын білеміз. Бірін ғана айтайын. Күйеуінен зорлығынан мүгедек болып қалған қызылордалық жас әйел бар. Ері жылдар бойы ұрып-соғып келіп, ақыры үшінші қабаттан лақтырып жіберген. Омыртқасы үзілген, белден төменгі денесінде жан жоқ. Әрине, бұл секілді жағдайларда жазаның қатаңдағаны құптарлық. Тек тілегім – сол заң талабының әділ орындалғаны. Коррупция тамырына балта шабылмай, оған сенім аз. Бұған дәл осы қызылордалық әйелдің мысалын келтіруге болады. Күйеуінің үстінен бірнеше рет арыз жазып, қылмыстық іс қозғалғанымен жабылып қалып жатыр. Ол түсінікті. Әйелдің жағдайы жоқ, ал күйеуі де, атасы да – құқық қорғау органдарының шенді қызметкерлері.
Мұны Бишімбаев ісінен де байқауға болады. Қылмыстың айқын екеніне қарамастан, қоғамда оны жазадан құтқару жолында қитұрқы әрекеттер жасалып жатқанын байқап отырмыз.
– Зорлықтың түрі көп екенін айтып өттіңіз. Бүгінгі қоғамда кім зорлықшы, ал кім жәбір көруші?
– Оның статистикалары бар. Бірақ, мен өзім оған сене бермеймін. Өйткені, зорлық әрекеттері көбіне жасырын жасалады. Отбасындағы зорлық-зомбылықты айтар болсақ, көбіне күйеуді зорлықшыл, әйелі мен бала-шағасы жәбірленуші ретінде көреміз. Бірақ, туысқандар тарапынан да болатын психологиялық қысымдар аз емес екенін ұмытпауымыз керек. Жалпы, жас отбасының отбасы болып кетуіне не кетпеуіне туысқандардың ықпалы үлкен болады. Туыстарының тілін таппадың деп әйелін ұрып-соғатын еркектер де аз емес.
Бізден "ажырасамыз, заңгер тауып берсеңіз" деп көмек сұрап хабарласатындар көп. Сондағы ажырасуға себеп – ерінің порнофильм көруі, табысының аз болуы, араларының суып кетуі секілді сылтаулар. Мұндайда бірінші заңгер емес, психолог көмегі керек. Отбасы психологтары олардың әрбірінің өз бойындағы минустарын айқындауға және солармен жұмыс істеуге көмектеседі. Бұл тек ажырасудың алдын алып қана қоймайды, арадағы кикілжіңнің зорлық-зомбылық әрекетіне ұласпауына септесер еді.
– Бірақ, психолог көмектесе алмайтын жағдайлар да болады ғой...
– Иә, өкініштісі де сол. Бізге әйелдер "ауруы әбден меңдегенде" барып келеді. Яғни, не мүгедек болып қалғанда, не талай жыл соққыға көніп, әбден психологиялық мүшкіл халге түскенде ғана хабарласады. Мұндайда, рас, психолог та дәрменсіз.
Мен АҚШ-тың бір тәжірибесін айтып берейін. IVLP бағдарламасы аясында Вашингтон және Аризонаға барғанда зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеудің ерекше тәжірибесіне куә болдым. Мұнда зорлыққа ұшыраған адамдарға арналған үлкен орталықтар жұмыс істейді. Зорланған адам орталыққа түскенде оған мұнда тергеуші, дәрігер, психолог, өзге де сарапшылар өздері келіп көмек береді. Яғни, жәбір көруші ем алып, өзіне келгенше дейін орталықтан еш жаққа шықпайды. Сосын заңгерлер оның құқығын қорғауына көмектеседі.
Тағы бір ұнағаны – жәбір көрушілер зорлықшыны сотқа беруге дайын болмауы мүмкін ғой. Мұндайда орталық қызметіне жүгінген адамдардың барлық мәліметтері сақталады. Дәрігерлердің, заңгерлердің қорытындысы, қажетті дәлелдер, анықтамалар – бәрі-бәрі оны жылға дейін жойылмайды. Ал егер жәбір көруші бала болса, бұл мәліметтер өмір бойы сақталады. Яғни, ол есейе келе не уақыт өте келе зорлықшыны сотқа беруге шешім қабылдаса, жаңадан іс бастауды қажеті жоқ, бірден дайын мәліметтермен кез-келген уақытта сотқа жүгіне алады.
– Неге мұндай тәжірибені бізде тәжірибеге енгізбеске...
– Үлгі алатын тәжірибе көп. Олардың бірін 8 айдан бері пилоттық негізде жүзеге асырып жатырмыз.
Жалпы, мен IVLP қауымдастығының мүшесі болып, осы бағдарламаға өз үлесімді қосқаныма, сондай-ақ өзім айналысып жүрген саладағы тәжірибеммен бөліскеніме ризамын. Мен үшін АҚШ еліне сапар және тәжірибе алмасу бойынша маңызды білім-білік иелену туған жерім Қазақстанда жаңа идеяларды жүзеге асыруыма жол ашты. АҚШ-та мен бір ай бойы "Тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу" тақырыбы бойынша тәжірибе алмасу сабақтарына қатыстым. Бұл бағдарламаны АҚШ мемлекеттік департаменті "Халықаралық келушілер-жетекшілер" бағдарламасы аясында ұйымдастырып, ел үкіметі толықтай қаржыландырып отыр. Сабақтар Американың бірнеше қаласында өтті.
Бір қызығы, сонау алпысыншы жылдары біздің елімізден Мұхтар Әуезов атамыз дәл осы бағдарлама бойынша Америкаға оқуға барған екен. Араға соншама жылдар салып осы сапар маған бұйырыпты.
Елге оралғаннан кейін балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ең мықты маман Айман Омаровамен бірге жаңа жобаны қолға алдық.
Бұл жоба One Stop Service аталады. Оған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық мәселелер бойынша Ұлттық комиссия қолдау танытып отыр. Америкадағыдай зәулім ғимараттар болмаса да, екі қабатты орталық ашып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек беріп жатырмыз. Бірінші қабатта заңгерлер отырса, екінші қабатта психологтар мен сарапшыларға жеке кабинеттер аштық. Сондай-ақ, көмекке жүгінетіндер негізінен шалғай өңірлер мен аудандардан келетіндіктен, оларға арналған демалыс бөлмесін ұйымдастырдық.
8 айда 2 мыңнан астам өтініш келіп түссе, олардың қырықтан астамы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бізге көмекке жүгінетіндердің көбі – зорлыққа душар болған балалар. Дегенмен, олардан бөлек, бірнеше әйел де бар. Қолымыздан келгенше, америкалық тәжірибе бойынша қажетті барлық көмекті бір жерден беруге тырысып жатырмыз.
Бұл бір жылдық пилоттық жоба болғандықтан, төрт айдан соң оның жұмысына баға беріледі. Бірақ, қазірдің өзінде мұндай орталықтарды өңірлерде де ашуға қажеттілік барын байқап отырмыз. Зорланған балаларының құқығын қорғағысы келіп, Түркістан, Жамбыл облыстарының шалғай ауылдарынан шырылдап келіп жатқан қайсар аналар бар. Бірақ, жолдың өзі-ақ ақша жеткізбейді. Сөйтіп, жарты жолда қолын сілтеп кетіп жатқандар бар. Егер өңірлерде дәл осындай орталықтар ашылса, зорлық құрбандарының өз құқығын қорғауы жеңілдеп, әлгінде айтып өткен коррупцияның айылы да әлсірер еді деп ойлаймын.
– Бұл ретте ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру маңызды секілді. Қалай ойлайсыз?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі ең қиыны – бұл мәселе бір зорлықшыны түрмеге жабумен шешілмейді. Әкесінің анасына көрсеткен зорлығын көріп-өскен бала кейін соны міндетті түрде қайталайды. Болмаса, күйеуінен не өзгелерден зорлық көрген ана ашуын баласынан алады. Бұл рас. Бізге мұндай жағдайды айтып хабарласатын әйелдер көп. "Күйеуім мені ұрған сайын мен баламды таяқтаймын" дейді олар. Ал мұның бәрі – бала үшін өте ауыр психологиялық жарақат. Ол жазылмайды және өскен соң мұндай балалар "ұяда көргенін қайталайды".
Қазір, шүкір, Қазақстанда көптеген дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Халықтың көзі ашық. Әлеуметтік желіге қолжетімділік бар. Көмек көрсететін жедел желі телефондары жұмыс істейді. Сондықтан, әйел, бала, не басқа адам болсын өзгеден зорлық көріп жатса, жасырмай, қорықпай көмекке жүгінуі керек. Ата-аналар балаларына жыныстық сауат беріп, бұл тақырыпта ашық сөйлесуден ұялмауы қажет. Бала өзінің жыныстық шекарасын айқын түсінгені дұрыс. Бұл оның қауіпсіздігі үшін өте маңызды.