Тікелей эфир

Психолог: "Өлтіргенін күтудің қажеті жоқ". Тұрмыста зорлық-зомбылық көрсеңіз, кімнен көмек сұрау керек?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын мамандардың құзіреті күшейтілді.

Бас прокуратура Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішевтің мәліметінше, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 80-ге жуық әйел көз жұмады. 150-ге жуық әйел – ауыр, 200-ге жуық әйел – орташа, 4 мыңға жуық әйел жеңіл жарақат алады. Сондай-ақ осы мәселеге байланысты полицияға жыл сайын 300 өтініш келіп түседі. 

2024 жылғы 31 қаңтарда Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды. Құжат отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Осы орайда тұрмыста зорлық-зомбылық көрсеңіз, қайда хабарласып көмек алуға болатынын түсіндіреміз. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай түрлері болады? 

Психолог Лаура Сүйіндіктің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күш көрсету, психологиялық қысым жасау, жыныстық зорлық жасау және экономикалық қысым көрсету секілді түрлері болады. Дәлірек: 

  • күш көрсету зорлық-зомбылығы – қара күш қолдану арқылы денеге әртүрлі деңгейдегі жарақат салу;
  • психологиялық зорлық-зомбылық – адамға қорқыту, қорлау және бопсалау арқылы психологиялық қысым жасау, сана-сезімінің бұзылуына әкелетін әрекеттер арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту;
  • жыныстық зорлық-зомбылық – жыныстық еркіндікке қауіп төндіретін іс-әрекеттер арқылы зорлық-зомбылық көрсету. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету;
  • экономикалық зорлық-зомбылық – адамды баспана, тамақ, киім, мүлік және қаражатынан айыру. 

Лаура Сүйіндік зорлық-зомбылықтың қай түрі болмасын, әйел адамға күтпей әрекет ету қажет екенін айтады. Өйткені абьюзер өзін кешіретінін немесе қылмысының салдары болмайтынын білген кезде қол көтеруді жалғастыра береді.


Оқи отырыңыз: Сарапшы: Отбасындағы зорлықты тоқтату үшін оны дереу және қатты сынайтын қоғам құруымыз керек


"Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне келгенде өлетін күнді күтіп отыра берудің қажеті жоқ. Өйткені зорлықтың қай түрі болмасын, ересектерге де, балаларға да қауіпті. Түбінде жақсылыққа алып келмейді. Әрине, бұл мәселенің астарында "отбасылық сценарий" секілді ауыр мәселе жатыр. Дегенмен әйел адам қазір зорлық-зомбылық пен қысым көріп жатқан ортадан кетпейінше, жарасы жазылмайды. Мұндайда өзі дүниеге келген отбасы мен жақындарының қолдауы аса пайдалы. Өйткені зорлық-зомбылық құрбандары өзін қорғайтын адам жоқ болғандықтан, осылай көніп жүре береді", – деді Лаура Мұхамбетжанқызы. 

Фото Ақорда сайтынан алынды

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қатаң сынайтынын және оған қатысты жазаны күшейтуді қолдайтынын айтқан болатын. Осы орайда ол отандық басылымдарға берген сұхбаттарының бірінде осы мақсатта қандай шаралар қолға алынғанын атап өтті:

  1. Бұдан былай әйел мен балаларға қатысты жасалған қылмыстармен әйел тергеушілер айналысады. Мұнымен қатар зорлық-зомбылықтан қорғайтын мамандардың құзіреті кеңейтілді.
  2. 2023 жылдың шілде айынан бастап полиция зиян шеккен адамның арызынсыз қылмыстық іс қозғай алады. 
  3.  Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. 
  4. Қос тарапқа қайта татуласуға мүмкіндік берілмейді.
  5. Мәжіліс осы мәселені реттеуге көмектесетін заң жобасын әзірледі. 

Оқи отырыңыз: Сенатор Асанова: "Қиянатты дәстүрмен бүркемелейді". Отбасындағы зорлық туралы заң жобасында қандай жаңалық бар


Заң жобасында қандай өзекті мәселелер қаралған?

Осы орайда парламент сенатының депутаты Жанна Асанова әзірленіп жатқан заң жобасында қандай өзекті мәселелер қарастырылғанын айтып берді.

"Дәл қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға әкімшілік жаза қарастырылған. Ал әзірленген заң жобасы қабылданса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұнымен қатар отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер бара алатын орталықтар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл заң жобасында қарастырылған жалғыз мәселе емес, онда барлығы жан-жақты қамтылған", – деді Жанна Ассанова. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанда не істеу керек? 

Бірінші – 102 телефоны арқылы полицияға хабарласу

Qamqor порталы арқылы өтініш беріп, 102 нөміріне хабарласып, полиция көмегіне жүгініңіз. Полицейлерді оқиға болған жерге шақыруға және олардан сот-медициналық сараптамаға бағыттауын сұрауға құқығыңыз бар. 

Екінші – 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру

Жедел жәрдем мамандары полиция қызметкерлерін шақырады. Кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны арыз жазады. 

Үшінші – Дағдарыс орталығына немесе баспанаға бару

Елде балаларға, жастарға және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына ұшыраған адамдарға көмектесетін "150" ұлттық сенім телефоны бар. Бұдан бөлек дағдарыс орталықтары мен арнайы баспаналарға тікелей хабарласуға болады. 


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


Төртінші – 111 нөмірі арқылы көмек сұрау

Бұл байланыс орталығының қызметі мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылады. Басты мақсаты мен міндеті – балалар мен әйелдердің құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Хабарласқан адамның жеке басының мәліметтерін құпия сақтайды. 

Серіктестер жаңалықтары