Тікелей эфир

Айгерім Құсайынқызы: "Бишімбаев ісінен кейін Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген бап енгізілуі қажет

Айгерім Құсайынқызы / Фото: Informburo.kz
Айгерім Құсайынқызы / Фото: Informburo.kz
БҰҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел қайтыс болады деп есептейді.

Парламент мәжілісі әйелдер мен балалар қауіпсіздігін арттыруға арналған заңды қабылдады. Заңнамаға жазаны күшейту, кризистік орталықтардың санын арттыру, агрессорлармен жұмыс істеу секілді бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресеміз? Заң мәселені түбегейлі шеше ала ма? Фемицид, яғни әйелді өлтіру неліктен қылмыс ретінде қарастырылуы қажет? Осы орайда Informburo тілшісі осы және өзге сұрақтарды заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының мүшесі Айгерім Құсайынқызына қойды. 

Айгерім Құсайынқызы – бейотар феминист, гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшы. Феминистік марш пен митингті ұйымдастырушылардың бірі. Біз заң жобасы туралы ғана емес, Қазақстандағы феминизм, Бишімбаевтың ісі, жалақыдағы алшақтық, әйелдердің үйдегі жұмысына ақы төленбеуі секілді өзекті тақырыптар туралы әңгімелестік.

– Өзін феминист деп атамай-ақ гендерлік теңдік үшін күресуге, әйелдер құқығын қорғауға бола ма?

– Әлбетте, болады. Ондай таныс құрбыларым көп. Мен феминист емеспін, бірақ әйел теңдігін қалаймын дейді. Бәлкім, олар феминист деген сөздің негатив реңк алғаннан кейін қорқатын да болар. Сол үшін де феминист немесе өзге де -ист, -измді жалғау міндетті емес. Әрекетіңіз, ішкі жан дүниеңіз, қалауыңыз феминизм құндылықтарына үндес болса, феминист деп атау-атамау өз еркіңізде. "Әйел теңдігін қолдаймын және қазақстандық әйелдердің билікке келгенін қалаймын, бірақ феминист емеспін" десеңіз, онда мен пікіріңізді сыйлаймын. Жоқ, сен феминистсің деп айтсам, сізді феминист ретінде сыйламағаным, сіздің пікіріңізді аяқ асты қылғаным болып саналады. Сол үшін феминистер барлық пікірді қолдаймыз, ашықпыз.

– Феминистерге қатысты қандай алыпқашпа әңгімелер бар? Неге феминистер "халық жауына" айналды?

– Әр мемлекеттегі феминизмнің даму тарихы бар. Қазақстанның феминизмі тек қана Қазақстанға тән, тіптен бізді Орталық Азиялық феминистер деп атайын десе де, Орталық Азия мемлекеттерінің әрбірінде феминистердің күн тәртібі мүлдем бөлек. Мысалы, Қазақстанда 8 марш пен митингті ұйымдастыру комитетінде 13 адам болса, әрқайсының феминистік көзқарасы бір-бірімен 100 пайыз келісе бермейді. Бірақ олардың көздегені – Қазақстандағы әйел теңдігі. Биыл феммаршта әйел қауіпсіздігі тақырыбын көтергіміз келді. Маслоудың пирамидасына сәйкес Қазақстан әйелдері үшін ең бірінші қажеттілік саясат та, білім де емес. Әлбетте, олар да маңызды. Бірақ біз қауіпсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, көшедегі харассмент, сексизммен күресу мақсатында қауіпсіздікті бірінші орынға қойдық.

Неліктен Қазақстанда, нақты айтсақ Алматы қаласының әкімдігі феммаршқа рұқсат бермейді? "Қазақстандық әйелдердің қауіпсіздігі үшін" деген тақырыпты әкімдік қоғамдық тәртіпке келтіретін қауіп деп есептейді. Қазақ әйелінің қауіпсіздігі қашаннан бері мемлекет үшін қауіп? Керісінше, Алматының жарығы жоқ көшелері, қаланың өзі қазақ әйелдеріне қауіп шығар деген риторикалық сұрақ туады. Әйелдер қалаға емес, қала әйелдерге қауіпті. Өкінішке қарай, сол күні осыны айтуға бізге алаң да, мүмкіндік те болмады. 7 наурызда "отбасылық құндылықтар" деп рұқсат етілген митингке шыққан Бибігүл ханымның тақырыбы неліктен бізге қарсы? Олар өздерін нағыз әйел, ал феминистерді "еуропалық бағыттағы ұлттық дәстүрлі құндылықтарға қарсы шығатын әйел" деп көрсеткісі келеді. Әлбетте, олай емес. Феминистер әртүрлі. Әйелдер әртүрліміз. Әртүрлі болғанымызбен бақыттымыз, бағаламыз және ол кез келген демократиялық қоғамда солай болуы керек. Саяси плюрализм, пікіріміз әртүрлі, бірақ мақсатымыз бір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда "біз көппізжәне әртүрліміз, бірақ мемлекет үшін мақсатымыз бір" деп айтты. Феминистердің де идеясы осыған ұқсайды: біз әртүрліміз, бірақ көздегеніміз, мақсатымыз бір.

Айгерім Құсайынқызы. Фото сұхбат берушінің жеке архивінен алынды

– Өзіңізді неге деколониал, яғни бейотар феминистпін деп есептейсіз?

– Феминизмнің бірнеше ағымы бар. Өмірлік құндылығыма, қазіргі жасап жүрген зерттеуіме, жалпы менің қажетімді қанағаттандыратын ағым – бейотар феминизм. Феминизм тек қана АҚШ-та, Ұлыбританияда орта жастағы, орта тапқа жататын ақ әйелдердің шығарған идеясы емес. Қазақ әйелдері Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаев апаларымыз, Бопай ханым да әйел теңдігін өз заманында көтерген, қалың малмен, көп әйел алумен күрескен. Сол әжелеріміздің, апаларымыздың еңбегін жалғастыруды, соларды зерттеу миссиям деп білемін. Осы бағыттағы феминизм Қазақстанда әлі де өзекті деп санаймын. 1920 жылы қалың мал мен көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынғанымен, бұл қоғамда әлі де өзекті болып отыр. Сол апалардың ізін жалғастырушы болғандықтан өзімді бейотар феминист деп санаймын. 

– Кей адамдар қазақта феминист болмаған дейді. Бұған не дейсіз?

– Әлеуметтік ғылым саласында феминизм өткен ғасырдың 2-жартысында пайда болғаннан кейін олай айту орынды. Себебі Нәзипа апаларымыз да өзін феминист деп атамағанымен, олар әйел теңдігі үшін күресті. Әйелдердің денсаулығы, білім алуы, қазақ әйелдерінің сауаты мәселесін көтерді. Аты басқа болғанымен, заты мен миссиясы бір. Сол үшін қазақта феминист болмаған деуге болмайды. Бұрында қазақта ажырасу болмаған деп айтатындар  қазақтың дәстүрін, сол кездегі отбасы құндылықтарын білмейді.

Мысалы, Жеті жарғы не көшпенділердің дала философиясында ажырасу болған емес, ажырасуға мүмкіндік болған жоқ. Яғни, қазақ әйелінің ажырасамын деп айтуға ешқандай құқығы болмады, мүлкі бөлінбеді. Сол себепті ажырасу болмаған деп айту орынсыз. Аштық кезінде адам етін жегіндер болмады дейді, бірақ тарихи фактілерге сүйенсек өз баласының етін жеген адамдар болған. Біз постколониалды ұлт ретінде комплексімізді мойындауымыз керек. Кез келген ұлтта ондай кемшілік болады, бірақ та біз оны мойындап, айтуымыз керек. Қазақ халқында феминистер болған және олар өздерін феминистдеп атамаған, әйел күресушілер деген.

–  Жұбайын өлтірген Қуандық Бишімбаевтың ісі елді дүр сілкіндірді. Әділ сот болса бұл іс қалай аяқталуға тиіс?

–  Бұл іс феминистерді ғана емес, бүкіл халықты алаңдатты. Біз Бишімбаевты өмір бақи бас бостандығынан айыруды талап етеміз. Алайда ол үшін алқабилер алқасындағы он адамның барлығы бірауыздан келісуі керек. Бұл қылмыс орын алды ма, бұл қылмысты жасаған Бишімбаев па және ол кінәлі деп танылды ма деген үш сұраққа барлық алқаби "иә" деп жауап берсе, ол өмір бақи бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал алты, жеті, сегіз адам "иә" десе, онда судья шешімімен одан қысқарақ мерзім, 20-25 жыл тағайындалуы мүмкін.

Бишімбаевтың кейсі бүкіл Қазақстандағы әйел құқығына деген көзқарасты өзгертіп, құқықтық реформаға үлкен өзгерістерге әкеледі. Бүкіл әлем бұған қарап отыр. Президенттің өзі назарда ұстап отырған кейс. Меніңше, Бишімбаевтың кейсінен кейін Қазақстанда алдағы бес жылда фемицид деген қылмыс Қылмыстық кодекске еніп, адам өлтіру мен әйел өлтіру бөлек бап ретінде қарастырылады деп ойлаймын.

Мысалы, бізде адам ұрлау деген бап бар, қыз алып қашу деген бап жоқ. Қырғызстанда екі бөлек бап бар. Соңғы құрылтайда президент қыз алып қашуды "масқара, қараңғылық, заңсыздық" деп айтты. Президент осылай деп есептесе, Қазақстанда адам өлтіру мен әйелді азаптап өлтіру екітүрлі сипатта болса, онда біз Қылмыстық кодекске адам ұрлаудан бөлек әйел өлтіру бабын қосуды талап етеміз. Жақында Хорватия заң жүзінде фемицидті қылмыс деп таныды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасын ауырлату мәселені шешпейді.

– Салтанат Нүкенованы кінәлап, Қуандық Бишімбаевты ақтап жатыр ғой. Қоғам жәбірленушіні қорғаудың орнына, зорлықшыны ақтап алуға неге бейім?

– Шынымен де солай. Қазақ қоғамында еркек адамды ақтауға, түсінуге, дәл еркектің ісіне келгенде гуманды болуға тырысамыз. Әйелге келгенде өте қаталмыз. Себебі тарихи солай қалыптасты. Ұлт тағдыры әйелдің мойнында болды: жауапкершілік, отбасыдағы бала тәрбиесін, күйбең тіршілікті әйелдің мойнына іліп қойған жазылмаған дала заңдары әлі де сақталып келе жатыр. Виктимлейминг – жәбірленушіні одан сайын кінәлау. Қазақша – жығылғанға жұдырық. Бізге өліп кеткен, қазір көзі де жоқ, өзі де жоқ адамды кінәлау оңай. Себебі ол бізге жауап бере алмайды, ол бізге "жоқ, олай болмады, былай болды" деп айта алмайды. Қазақстанда ғана емес, көптеген мемлекет тарихында, мәдениетінде, құқықтық санасында әйелді кінәлау басым.

Әйел босанған кезінде өзін, карьерасы мен денсаулығын құрбандыққа шалады. Ол да құрбандық. Әйел тұрмысқа шыққан кезде танымайтын отбасының үйіне барып, бір шаңырақта тұрады. Ол да құрбандық. Бүкіл қыздың тағдыры өзін құрбандыққа шалу мен өзінің бала күнгі арманын, өзінің қалауын екінші орынға қоюмен байланысты. Сол үшін виктимблеймингпен күресуіміз керек, айтуымыз керек. Біз көп жағдайда әйелді мүлдем тыңдамаймыз. Әйелдің сыртынан еркектер сөйлеп, өз тәжірибесін бөлісетін кейстер бар. Тарихи және әлеуметтік әділетсіздіктермен қалыптасып қалған санамыздағы стереотиптермен күресе отырып, әйелді түсінуге тырысуымыз қажет.

–  Әйелдер құқығы, гендерлік теңдік туралы сөз болғанда тек әйелдердің ғана үні шығады. Профеминистер, яғни әйел теңдігі болсын дейтін еркектер неге аз?

– Өзін феминистерді қолдайтын, сексист емеспін деп көрсететін еркектердің ең алғашқы толқынын "антисексист еркектер" деп айта бастады. Профеминист ұғымы кейін пайда болды. Өздерін антисексистпіз, біз феминистермен біргеміз, сіздерді қолдаймыз, токсик маскулин бізді де жалықтырды деген еркектер тобы бастады. Олардың үлесі өте аз. Қазақстанда профеминистер бар. Мен бірақ оларды үнемі сынаймын. Себебі профсеминист деген адам кейбір тақырыпқа келгенде сексист болып кете алмайды. Феминистерді қолдаймын, бірақ ЛГБТ-ға қарсымын десеңіз, онда құндылықтарыңызды тағы да таразылау қажет.

Гендерлік теңдікке еркектермен бірге жетеміз, себебі халықтың 51 пайызын құрайтын әйелдер ғана гендерлік теңдікке қол жеткізуі мүмкін емес. Ол үшін еркектердің де, әйелдердің де қолдауы керек. Барлық қоғам мүшесі гендерлік теңдікті әділетті қоғамға жетелейтін құндылықтардың бірі деп түсініп, бірге күресп, фемицидті қылмыс деп санағанда ғана гендерлік теңдік орнайды. Кейбір феминистер месседжін тек қана еркектерге арнап айтады. Мысалы, әйелдерге харассмент не екенін, көшеде жүргенде қорқу не екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Себебі барлық әйелдің басынан өткендіктен не екенін біледі. Кейбір азаматтар оны түсінбеуі мүмкін және олардан бізді жүз пайыз түсінуін талап етпейміз. Табиғи физиологиялық, тарихи ерекшеліктерге байланысты олар біздің бастан кешкен тәжірибені білмейді, біз олардыкін білмейміз. Біздің олардан түсіністікпен қарауды, газлайтинг жасамауды, яғни пікірімізді құнсыздандырмауды, салыстырмауды сұраймыз.

Гендерлік теңдікке еркектерсіз жете алмаймыз деген пікіріммен радикал феминистер келіспеуі мүмкін, бірақ та феминистер әртүрлі пікірді құрметтейді.

Қабағынан қар жауған уытты маскулиндік сипаттағы әкелердің образын  өзгертуіміз керек. Әкелер де қуыршақтың киімін кие алады. Әкелер де балабақшада балерина болып билей алады деген сияқты образды көрсетсек, олар бұл толқынға қосылып, гендерлік теңдіктің болғанын қалайды деп ойлаймын.

– Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін ұрандатқан науқандар көбейді. "Қарындасыңды қорға" деген акция болды. Қоғам әйелге неге бірінші адам деп емес, қарындас, әпке, ана деп қарайды?

– Бұған байланысты феминистердің пікірі екіге жарылады. Патриархалды, гетеронормативті еркектердің сөзі жүретін қоғамда, мысалы, Қазақстанда әйел теңдігі үшін күресу үшін еркектердің нарративін қолданып, олармен ынтымақтастық арқылы теңдікке жеткеніміз дұрыс дейді. Еркектерге "өзге әйелді ұрма, ол да сенің қарындасың, ол да сенің әпкең ғой" деп айтар болса, психологиялық тұрғыдан эмпатиясы ашылып, жағдайды басқаша қабылдайды. "Ол қыздың орнында қарындасым болса не істер едім?" деген көзқарас психологиялық манипулативті әсер етеді. Осы бейбіт әдісті қолданыңдар дейтін феминистер бар. Кейбір феминистер әйелге қарындасың, болашақ жарың, балаларыңның анасы, анаңның келіні деп қарасақ, біз оны адам ретінде көрмей, әлеуметтік рөліне мән береміз дейді. "Әйел де адам" деу де дұрыс емес. Әйел ол – адам, яғни тең.

20-ғасырдың басына дейін көптеген қоғамда әйел адам ретінде құқыққа ие болған жоқ. Саяси, әлеуметтік, мәдени құқығы болған жоқ. Тіпті маған ұнамайтын қазақтың жеті қазынасының ішінде әйел бар. Мұны қорлау деп түсінемін. Иә, мен бейотар феминистпін. Дәстүрді, мәдениетті сыйлаймын, жақсы көремін. Бірақ та әйелді жеті қазынаның бірі деп санау – әйелді заттандыру, өзіңмен тең адам көрмеу. Әйелді зат ретінде көрумен барынша күресуіміз керек. Жарнаманың өзінде солай. Мысалы, 8 наурызда "анаңды құттықта" дейді. Барлық әйел сізге ана емес және барлық әйел ана болуды қаламайды. Барлық әйелде анада бар қамқорлық қасиет жоқ. Соны түсіну керек. Зейнеп Ахметованың "қыздар, шалбар кимеңдер, тек қана белдемше киіңдер" деген пікірімен келіспеймін. Әйелдер шалбар кие алу үшін күресті. Шалбар киюге әйелдің құқығы болмаған. Сол сияқты шахтада жұмыс істеу, жоғары білім алу, министр болу, әскерге бару әйелдерге күреспен келген құқық. Бізге оған табиғат бере салмады. Табиғат ана қыз бала дүниеге келгенде міндет жүктеді, бірақ құқықты берген жоқ. Құқықты күреспен алдық және күрес жолында қаншама адам құрбан болып кетті. Соны сынауымыз керек және 8 наурыз гүл сыйлайтын емес, құрбандарды еске алатын күн болуы керек.

– Gender pay gap, яғни ер мен әйел жалақысындағы алшақтық туралы көп айтып жүрсіз. 2021 жылы 21,7% болса, 2022 жылы алшақтық қайтадан 25,2%-ға өскен екен. Оған қоса, үй шаруасын жасайтын әйелдердің еңбегі еленбейді. Ер азаматтар мансабын сөз қылғанда құрбандық туралы айтпайды ғой.

– Жалақыдағы алшақтық барлық елде бар. Ер мен әйел бірдей жұмыс және еңбек тәжірибесі, білімі үшін бірдей жалақы алмайды. Қазақстанда жалақыдағы алшақтық неліктен 20%-дан түспей тұр. Облыс бойынша тіптен алшақ. Атырау облысында 50 пайыз болса, Алматы қаласында керісінше әйелдер еркектерге қарағанда көбірек алады. ТОП-менеджменттегі, басшылықтағы әйелдер саны аз болған сайын, жалақыдағы алшақтық ұлғая береді. Бірдей қызмет үшін әйел жалақы аз алады, себебі ол декретке кетеді, шыны төбе, жабысқақ еден деген ұғымдар бар. Әйел азаматтардың жалақысы аз бола берсін, оны асырайтын күйеуі бар ғой, ал отбасын асырайтын ер азаматтрдың жалақысы көп бола берсін деген жұмыс берушілердің көзқарасы дұрыс емес. Басшылыққа көтерілген сайын жалақы да өседі. Жалақысы аз төленетін медицина мен білім беру салаларында әйелдер әлі де 70%- пайыздан артық.

Төленбейтін еңбеақыны ғылымда "екінші маусым" деп атайды. Еңбек кодексіне сәйкес әйелдер аптасына 40 сағат жұмыс істегені үшін жалақы алады. Бірақ еленбейтін үйде жасайтын жұмысыңыз бар. Тамақ пісіру, кір жуу, балалармен сабақ оқу, туыстарыңызбен әңгімелесу, киім үтіктеу, үй жинау да еңбек. Қазақстанда еңбек нарығындағы әйелдердің үлесі – 48 пайыз. Жұмыссыздар мен төмен жалақы алатындардың арасында әйелдер көп. Кедей халықтың 70 пайызы – әйелдер. Бұған әйелдің әлеуметтік жағдайы, яғни Қазақстан жағдайында жоғары білім алмаған немесе білім алып жатқан кезде тұрмысқа шыққан әйелдердің күйеуіне экономикалық тәуелді болуы себеп. Жұмыс істемеген соң күйеуінің жалақысын бөлісуге мәжбүр.

Біз жүргізген соңғы зерттеу бойынша қазақстандық әйелдер орта есеппен күніне 4 сағат 13 минут тегін жұмыс істейді. Кей облыстарда ол алты-жеті сағатқа дейін жетеді. Жұмыс істемейсіз, бірақ та үй шаруасындағы әйел болсаңыз да сіздің көрінбейтін жұмысыңыз бар. Оны ғасырлар бойы келіндік міндетіңіз деп санап келді. Бұл дұрыс емес, себебі келіндік қызмет тұрмыстағы құлдық деп аталады. Әлбетте, бұл қазақ қоғамына жат естіледі. Ыдыс жуу, кір жуу, тамақ жасау тек қана әйелдің міндеті емес, оны бөліп істеу керек. 21-ғасырда әйелдер де еркектер сияқты жұмыс істейді, шаршайды. Бірақ та неліктен әлі де үй шаруасын тек әйелдің міндеті деп есептейміз? Бұл барып тұрған әділетсіздік қой.

Бұл мәселені қалай шешеміз дегенде мемлекет бұл үшін ақы төлей алады. Дүниежүзілік банктің есептеп қойған формуласы, алгоритмі дайын, ғылыми базасы бар. Мемлекет жұмыс істеген уақытын үстемеақы ретінде төлеп беріп отырады. Ол ақшаны әйел сандықтың түбіне тығып қоймайды, ол макроэкономикалық айналымда жүреді. Әйелдерге үй жұмысындағы еңбегіне ақы төлемегендіктен бүкіл мемлекет 8 трлн АҚШ долларын жоғалтып отыр. Экономикада ақша көп болған сайын мемлекет дамиды. Сол үшін бұдан мемлекет те, әйел де, еркек те ұтады. Сегіз сағат жұмыстан үйге келіп, төрт сағат жұмыс істеген әйел қажиды, эмоциялық тұрғыдан шаршайды. Ол карьерасын ойламайды, себебі үй жұмысы еленбейді, міндет болып саналады. Мұның әділетсіздік екенін мойындап, мемлекет ретінде талап етуіміз керек. Үй жұмысын келін жасауға міндетті емес деп айтуымыз керек.

Ең алдымен гендерлік теңдік – әділеттілік үшін күрес. Анаңыз тамақ жасап бергенде оны міндет деп қабылдамаңыз, ол еңбек және ол бағалануы керек. Қазір абсурд болып естілсе де, болашақта қазақ әйелдері төрт сағаттық еңбегін міндет емес, ақы төленуге тиіс еңбек деп қабылдаған кезде феминистердің, ғалымдардың ең үлкен жетістігі осы болады деп есептеймін.

Айгерім Құсайынқызы. Фото сұхбат берушінің жеке архивінен алынды

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасының жұмыс тобындасыз. Бұл құжатта қандай жаңалықтар бар?

– Бұл заң тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ғана емес. Әйелдер құқықтары мен бала қауіпсіздігі туралы кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу деп аталады. Бірнеше заңға жүзден астам өзгеріс пен толықтыру енгіздік. Жұмыс тобында 60 адам болды. Өте қызу талқы жасадық. Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді. Мен сенаттың жұмыс тобындамын. Депутаттар "заң қазақтың ұлттық дәстүрлі құндылықтарына қайшы емес пе?" деп көп сұрады. Заң тілінде ұлттық құндылықтар деген құқықтық ұғым емес және оған мемлекет құқықтық-нормативтік актілерде анықтама бермейді. Мысалы, гендерлік теңдіктің анықтамасы бар, бірақ та ұлттық дәстүрлі құндылықтардың анықтамасы болмайды. Бірақта ұлттық дәстүрлі құндылықтардың ішінде адамгершілік, әділдік, адалдық, эмпатия, теңдік деген сияқты ұғымдар бар.

Алайда осы заңға қарсы, антигендерлік қозғалыс өкілдері "енді балаларды ата-анасынан тартып алады екен, оларды шетелдіктер алып кетеді екен" дегендей жалған ақпарат таратып жатыр. Біз баланы ұрмай тәрбиелеу мүмкін емес деген теріс ұғыммен күресуіміз керек. Заң қабылданғанымен, оны қарапайым халыққа түсіндіру мүлдем бөлек дүние. Себебі заң құжат түрінде қалмай, халықтың талқысында болуы қажет. Мәжілістегі жұмыс тобының төрайымы болған Жұлдыз Досбергенқызына ерекше алғысымды білдіремін. Әйел жасаған заңның ерекшелігін бірден көруге болады. Еркек депутаттардың скептикалық, контраргументтерінің барлығына құқықтық негізде жауап бере алды. Біз де пікірімізді ашық білдіре алдық.


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң дұрыс жұмыс істеуі үшін не қажет? Заңгермен сұхбат


Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жазаны күшейту көзделген. Бұрын денсаулыққа орташа және ауыр деңгейде зиян келтіргені үшін азаматтарға ескерту жасалып, 15 күнге дейін қамауға алынатын, Бұл заң жобасында ескертусіз бірден қамауға алу жазасы қолданылады және қамау мерзімі 50 күнге ұзарды. Сондай-ақ, абьюзерлермен жұмыс жасалады. Қазақстанда 48 кризистік орталық бар: 37-сі үлкен қалаларда, қалғаны аймақтарда. Олардың санын 200-ге жеткізу жоспарланып отыр. Полиция учаскелеріндегі әйелдер санын арттыру, оларды қайта оқыту да қарастырылған.

Балаларға қарсы тұрмыстық-зорлық зомбылық мәселелері бойынша тренингтер өткізу және күш қолданған ата-анамен жұмыс жүргізу көзделген. Ата-ана баласына қол көтерсе баланы тартып алу нормасы жоқ. Бірінші рет ескерту жасалады, кейін айыппұл төлейді. Отбасын бөліп жіберу, баланы тартып алу, ажырастыру емес, керісінше дәл осы нормаларды ұлттық дәстүрлі құндылықтарға, яғни отбасын сақтау, бала тәрбиесінде зорлық-зомбылық қолданбау, баланы сыйлау, баланың құқығымен есептесу сияқты нормаларды алға тартып отырмыз. Сенат бұл заңды ешқандай өзгеріссіз қабылдайды деген үміттемін.

– АҚШ-та өткен IVLP бағдарламасының түлегісіз. Осы сапарда қандай білім, тәжірибе алдыңыз?

–  Осыдан бір жыл бұрын, яғни 2023 жылы наурыз айында АҚШ-тың IVLP бағдарламасының түлегі атандым. Мен барған тақырып "Саясаттағы және азаматтық қоғамдағы әйелдер" деп аталады. Бұл маған ең керемет өмірлік, тіпті бағытымды өзгертер керемет тәжірибе болды. АҚШ-тың төрт штатын араладық. Бағдарламаға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 21 әйел қатысты. Олардың барлығы өз саласының лидері: бірі – Италияның ең жас әйел мэрі, бірі – Украинадағы ең үздік мемлекеттік емес ұйымның жетекшісі, бірі – Гананың депутаты, бірі – Бразилиядағы оппозициялық топтың жетекшісі. Біз қазіргі таңда әйелдерді не алаңдатады, әйелдер саясатпен неге айналыспайды, азаматтық қоғамдағы әйелдер қандай кедергілерге кездеседі деген сұрақтарды көтеріп, тәжірибемізді бөлістік. Бір жыл өтсе де әлі де хабардамыз, байланыстамыз. Әркім өз мемлекетінде болып жатқан әйелдерге қатысты мәселелерді айтып, талқылап отырады.

Бұл бағдарламадан келгеннен кейін кәсіби мансабымды, еңбек жолымды сәл өзгерттім десем болады. Себебі бүкіл ресурсымды, уақытымды қазақстандық әйелдердің саясатқа араласуы немесе әйелдердің мәселесіне арнауды дұрыс деп шештім. Осыған дейін құқық саласында оқытушылықпен айналысып жүрсем, осы бағдарламадан келгеннен кейін қазір жасап жүрген бүкіл азаматтық белсенділігім, азаматтық ұстанымым, зерттеулердің барлығы әйелдерге, соның ішінде саясаттағы және азаматтық қоғамдағы әйелдерге қатысты. Яғни осы бағдарламаның нәтижесі деп санаймын. NAN деген National Alumni Network бағдарламасында таксидегі харассментпен күресу жобасын жасаған Айдана ментиім екеуміз ең үздік ментор мен менти атандық.

АҚШ-та сенаторлармен, депутаттармен кездесіп, сұрақтар қойдық. АҚШ-та саясаттағы әйелдердің үлесі 25-ақ пайыз. Мұны көтеру үшін не істеп жатыр? Жалпы саясаттағы әйелдер бір-бірін қалай қолдайды? е пжатыр. Қазақстанда да саясаттағы әйелдердің үлесі күрт төмендеп кетуіне байланысты зерттеу жүргізіп, осы мәселелерді ашық айтуымыз өте маңызды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобында болуымды да IVLP бағдарламасынан алған тәжірибемнің нәтижесі деп білемін. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
4

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары