Тікелей эфир

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбінде қандай мәселелер жатыр? Сарапшылар пікірі

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Сарапшылар Қылмыстық кодекске "Тұрмыстық зорлық-зомбылық" деген жеке бап енгізуді ұсынады.

Соңғы бес жылда Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жасалған қылмыстар саны екі есе өсті. 800-ден астам адам қайтыс болды, 2 мыңнан астам адам денсаулығынан айырылды. Елімізде "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заң бар. Жәбірленушілерді қорғау жұмыстары жүргізілгенімен, агрессорлар назардан тыс қалып жатыр. Үй тирандарына қолданатын шаралар көбінесе тиіміз.

Фридрих Эберт қорының өкілдігі "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру жүйесі: агрессорларға арналған бағдарламалар" атты пікірталас өткізді. Қор Қазақстанның Дағдарыс орталықтары одағымен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба үш негізгі компонентті қамтиды:

  • ODARA тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалау құралын қолдану;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорларымен жұмыс істеу;
  • ведомствоаралық өзара іс-қимыл.

Ішкі істер министрлігімен бірлескен пилоттық жоба биыл 1 наурызда Алматы, Астана, Павлодар қалаларында басталды.

Информбюро порталы пікірталасқа қатысқан сапаршылардың тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы, себебі мен салдары және алдын алу жолдары туралы пікірін ұсынады. 

Молдияр Ергебеков, өнертану докторы, профессор:

– Бұл мәселені зерттегенде әлеуметтанушы ретінде мына нәрсені байқадым. Тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың түбінде жатқан негізгі проблемалардың бірі – қазақ қоғамының отарлануы. Бұрынғы дастандардан, жазылған еңбектерден "әйелдерді, балаларды ұрыңдар" дегенді таппайсыз. Көптеген өзгеріс енген "Қорқыт ата" кітабында әйел мен еркек тең екен, отбасында ер адам мен әйел адамның ортақтаса мәселелерді шеше алғанын көресіз. Патриархал көзқараспен жазылса да, өжет әйел, еркін әйел бейнесін көресіз. Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" кітабында "қыздар мен ұлдарыңды оқытыңдар" деп жазған. Бұл ұран әлемде 19-ғасырдың соңы 20-ғасырдың басында пайда болды. Сондықтан отбасындағы, қоғамдағы зорлық-зомбылық астарында Қазақстанның Ресей тарапынан отарлануы жатыр деп айта аламын.


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


Агрессия көрсетудің бірден-бір себебі – агрессордың өзіне сенімсіздігі. Ер адам өзіне сенбеген соң әлсіз әйел мен баланы бақылауда ұстап, үстемдік жасауға тырысады. Отарлану тұрғысынан қарасақ, өз Отанын қорғай алмай қалған еркектер ашуының бәрін әйелі мен балаларынан алады. Алаш зиялылары "Бақытсыз Жамал", "Қалың мал", "Ақбілек" секілді романдарда әйел теңдігі, әйел еркіндігі туралы жазған. Сол шығармаларда көтерілген 19-ғасырдан кейін пайда болған шалдардың жас қыздарға үйленуі, қалың малмен сатып алуы, әйелді затқа, тауарға айналдыруы отарлану нәтижесінде пайда болғанын көруге болады. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тұйық шеңбердің ішінде болады. Обыр ауруы сияқты сатысы бар. Бірінші сатыда ер адам шиеленіс туғызады. Қызғаншақ мінез көрсетеді. Елеусіз нәрселерден ұрыс шығарады. Әйелдің өмірін бақылауда ұстауға тырысады. Психологиядық зорлық жасайды. Ақша жағынан қысым көрсетуі мүмкін. Екінші сатыда еркек ашуланшақ мінезін басқармайды. Соның салдарынан әйелді ұрады және бұл ісін ақтап алатын себептерді айтады. Үшінші сатыда өкініш білдіріп, кешірім сұрайды, өзгерем деп сөз береді. Сыйлықтар алады. Жағдай қалыпқа келуі үшін сезімге, махаббатқа толы, ашық мінез көрсетеді. Бұлардың бәрін қайтадан шиеленіс туғанға дейін көрсетеді. Бұл тұйық шеңберді отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау арқылы бұзуға болады. Сондай-ақ, қоғам норма деп санайтын мәдениетті өзгерту керек. Дұрыс емес екенін адамға көрсетіп, сауатын ашу қажет. 

Агрессорлармен және олармен жұмыс істейтін психологтармен де жұмыс істеу керек. Әйелді бас салып кінәламайтын, "өзің тілеп алдың" демейтін психологтарды көбейтуіміз қажет. Полциямен, қоғаммен, ұстаздармен, медиамен жұмыс істеу керек. Медиа зорлық-зомбылықтың  астарында жатқан психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси себептерді зерттемейді.

Әйгерім Құсайынқызы, заңгер, белсенді, зерттеуші:

– 2009 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң қабылданды. ЕҚЫҰ 2010 жылы Астанада саммит өткізетін кезде "Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша бөлек заң қабылдамағанша біз сіздерде саммит өткізбейміз" деген талап қойды. Осындай талаппен қабылданған заңда шиікіліктер өте көп және де Қазақстанда әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғамай отыр деп нақты айта аламын. Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа мемлекеттерінде әйелді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын бірнеше заң бар: жұмыс орнындағы сексуалды харассмент, балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелді экономикалық  және сексуалды қысымнан қорғайтын заңдар бар. Яғни, физикалық, эмоционалды, экономикалық қылмыстық барлық түрінен бөлек заң бар. 

Біз тек қана жабық есіктер мен ошақ қасындағы зорлық-зомбылық деп қарастырмауымыз керек. Оны тұрмыстық емес, гендерлік зорлық-зомбылық деп айту қажет. Өйткені тек қана тұрмыста болмайды. 1979 жылы Бейжіңде қабылданған әййелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою бойынша конвенцияда гендерлік зорлық-зомбылық деп жазылған. Қазақстан 1998 жылы конвенцияға мүше болғалы ешқандай өзгеріс болмады.


Оқи отырыңыз: Абьюзер деген кім және одан қалай қорғанамыз? Психологпен әңгіме


Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2022 жылы әйелдерге қатысты 61 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Оның 52 мыңы – әкімшілік іс.  

2017 жылы әйелдің денсалуығына орта және ауыр деңгейде зақым келтіру бабы Қылмыстық кодекстен алынып тасталды. Ал сол жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мың  қылмыстық іс тіркелген. БҰҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел қайтыс болады деп есептейді. Себебі әйелдің денсаулығына ауыр және жеңіл зиян келтіру ғана емес, суицидке дейін жеткізуді ҚР құқық қорғау органдары әйелдерге жасалған қылмыс деп есептемейді. БҰҰ әйел суицид жасаса және ол жабық іс ретінде қаралса онда өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу де гендерлік қылмысқа жатады дейді. Сондықтан бұл бапты Қылмыстық кодекске қайтару керек. 

Қазақстанда әйелдердің 16%-ы (3,9 пайызы өзінің серіктесінен) өмір бойы күш көрсетуді көреді. Ал 2022 жылы әйелдердің 5,6 пайызы күйеуінен, серіктесінен күш көрсету фактісін көрген. Мұнда зорлық-зомбылық деп физикалық күш көрсетуді және сексуалдық сипаттағы күш көрсетуді айтып тұр. 2009 жылғы заң бойынша күш көрсетудің төрт түр бар: физикалық (ұрып-соғу), сексуалдық, эмоциналды (сөзбен қорлау), экономикалық (жалақысын тартып алу, күнделікті ақша бермей қою, декреттен кейін жұмысқа шығармай қою). Мұның барлығы да экономикалық қылмыс болып саналады, бірақ та статистикада көбінесе физикалық пен сексуалдық деп бөледі. 

Ержан Мырзабаев, кәсіби отбасылық психолог:

– Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік және экономикалық жағдайы төмен, жұмыссыз, нашар отбасыларда болады деген стереотип бар еді. Бірақ соңғы жаңалықтардан жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлердің, халықты қорғайтын полиция қызметкерлерінің де осындай зорлық-зомбылыққа баруы әбден мүмкін екенін көріп отырмыз. Кез келген адам агрессор болуы мүмкін. 

Таяқ жеген, зорлық көрген жәберленушінің мәселесі үйдегі зорлық-зомбылық тоқтағанда ғана шешіледі. Сондықтан агрессор психологпен жұмыс істеуі керек дегенді заңнамаға енгізу қажет. 15 күн түрмеге қамағаннан гөрі 15 күн психологиялық жұмыстар жүргізу әлдеқайда пайдалы. Агрессор аргессиядан арылып, отбасы құндылықтарын түсініп, оған себеп болған травмаларымен және комплекстерімен жұмыс істесе бүкіл отбасы мүшесі ұтады. Ер азаматтар ер психологтармен жұмыс істегісі келеді, сондықтан ер мамандарды көбірек жұмылдыру керек.


Оқи отырыңыз: Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң дұрыс жұмыс істеуі үшін не қажет? Заңгермен сұхбат


Қоғамдық сананы өзгерту де маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты дәріптейтін және жиі көрсететін дүниелерден арылуымыз керек. Кино да, ән де "еркекке бәрі болады" дегенді айтады. Тойда тамадалар зорлық-зомбылықты әзілге айналдырады. Келін боп жүрген әйелдің қиындықтарын экранда комедияға айналдырып жіберді. Оған ешкімнің жаны ашымайды, тек күледі. Бұл да біздің санамызға әсер етеді. 

Қоғамдық ұйымдар тегін тренингтерге адам жинау алмай жатады. Одан гөрі адамдар бар жерге, яғни әртүрлі мекемелерге бару керек. Сонда олардың пайдасы әлдеқайда тиімді болмақ. 

Батыс елдеріндегі сияқты ұйымдық психологтардың қызметін дамыту қажет. Мектепте бұл міндетті түрде бар. Мекемелерде сөйлесе алатын, мазалап жүрген мәселелерді талдай алатын ұйымдық психологиялық қызмет қолжетімді болса, агрессияның да, зорлық-зомбылықтың да алдын ала аламыз.

Серіктестер жаңалықтары