Тікелей эфир

3,5 млн теңгеге дейінгі айыппұл: Отбасы зорлықшыларына қандай жаза қолданылады?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтiргендер үш жылдан сегіз жылға дейiн бас бостандығынан айырылады.

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдады. Енді жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғауға болады. Ол үшін оқиға болған жердегі азаматтардың, көршілердің куәгерлігі мен полиция бейне тіркеуішіндегі видео жеткілікті. Алайда полиция үйіне келгенде арыз жазудан бас тартатындар өте көп. Полиция кеткен соң агрессор мен жәбірленуші арасындағы жағдай одан сайын ушығуы да мүмкін. Сондықтан екі тарап сотта қайта татуласа алмайды.

Осы орайда Информбюро порталы тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-ананың бала алдындағы міндеттерін орындамау бойынша Қазақстан заңнамасындағы баптарға шолу жасады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс

Отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiледi.

Кодексте әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санаты белгіленген. Олар:

  • жүктi әйелдер;
  • 14 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдер;
  • 18 жасқа толмаған балалар;
  • І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
  • 58 жастан асқан әйелдер;
  • 63 жастан асқан еркектер;
  • 14 жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер.  

73-бап. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер

Отбасында адамдар бір-бірін сыйламаса, былапыт сөйлеп, қорлап тиiссе, кемсiтсе, онымен қоса үйдегі заттарды сындырып, тыныштықты бұзса оларға ескерту жасалады не бес тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Мұндай әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, он тәулікке қамалады. Ал бұл әрекеттерді әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаса, оларға 5 АЕК мөлшерінде (2023 жылы – 17 250 теңге) айыппұл салынады.

73-1-бап. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру

Отбасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірсе – ескерту жасалады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Ал әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаса оларға 40 АЕК (2023 жылы – 138 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Денсаулыққа келген зиян салдары 21 күннен аспаса немесе жалпы еңбек қабiлетiн болмашы (оннан бiр бөлігiнен кем) жоғалтуға әкеп соқтырған зиян денсаулыққа жеңіл зиян деп есептеледі.

73-2-бап. Ұрып-соғу

Отбасында тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау ескерту жасауға немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаса, оларға 30 АЕК (2023 жылы – 103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

127-бап. Кәмелетке толмағандарға қатысты міндеттерді орындамау

Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – 10 АЕК мөлшерiнде (2023 жылы – 34 500 теңге) айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталанса 15 АЕК мөлшерінде (2023 жылы – 51 750 теңге) айыппұл салынады не 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Қылмыстық Кодекс

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза қатаң: 5, 10 немесе 15 күнге дейін жаза қарастырылған. Қол көтерсе 10 тәулікке, әрекетін қайталаса 20 тәулікке қамалады. Денсаулығына жеңіл зақым келтірсе 15 тәулікке, қайталаса 25 тәулікке қамалады.

106-бап. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру 3 жылдан 8 жылға дейiн бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқтырса мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, 8 жылдан 12 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Денсаулыққа ауыр зиян деп адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиянды айтады. Мысалы:

  • көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзадан айырылу;
  • ағзаның жұмыс істемей қалуы;
  • бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуы;
  • жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай тұрақты түрде жоғалтумен ұласқан денсаулықтың бұзылуы;
  • кәсіби еңбек қабілетін толық жоғалтуға;
  • бала тастауға;
  • психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылыққа (ауруға) әкеп соққан өзге де зиян.

107-бап. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру

Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру – 1000 АЕК дейінгі мөлшерде (2023 жылы – 3 450 000теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақыт (21 күннен астам мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін (үштен бір бөлігінен кем) тұрақты түрде айтарлықтай жоғалтуға әкеп соққан зиян.

110-бап. Қинау

Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату (денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаса) 1000 АЕК дейінгі мөлшерде (2023 жылы – 3 450 000теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

111-бап. Аффект жағдайында денсаулыққа зиян келтiру

Жәбiрленушiнiң тарапынан болған зорлық-зомбылықтан, қорлаудан немесе ауыр балағаттаудан не жәбiрленушiнiң өзге де құқыққа қайшы немесе бейморальдық әрекеттерiнен (әрекетсiздiгiнен), сол сияқты жәбiрленушiнiң жүйелі түрдегі құқыққа қайшы немесе бейморальдық мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы күйзелтетін ахуалдан болған кенеттен туындаған қатты жан күйзелiсi (аффект) жағдайында жасалған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру – 120 АЕК дейінгі мөлшерде (2023 жылы – 414 000 теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Аффект дегеніміз қысқа уақытқа созылса да, бұрқ етіп қатты көрінетін эмоцияның түрі. Аффект кезінде адам өзін ұстай алмай қалады.

115-бап. Қорқыту

Өлтiрумен немесе денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен, сол сияқты қорқытудың іске асатынына қауiптенудің жеткiлiктi негiздері болған кезде адамның жеке басына өзгедей ауыр күш қолданумен не мүлiктi өртеп жоюмен, жарылыс жасаумен немесе өзге жалпы қауiптi тәсiлмен қорқыту – 120 АЕК дейінгі мөлшерде (2023 жылы – 414 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарғ  бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

139-бап. Алимент төлемеу, еңбекке қабілетсіз ата-анасын не жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару

Ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты 18 жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

140-бап. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау

Ата-анасы кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамай, қатыгездік танытуы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 160 АЕК дейiнгi мөлшерде (2023 жылы – 414 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Серіктестер жаңалықтары