Түркістан облысында туристердің баруына ұсынылатын 10 нысан. Фоторепортаж

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы

2019 жылы Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Оның 8,5 мыңнан астамы – шетел азаматы. Биыл пандемияға байланысты туристер саны айтарлықтай азайған.

Тарихы тереңде жатқан Түркістан өлкесі әр пенде барып көруді армандайтын орталық екені сөзсіз. Өңірде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Бүгінгі күнге дейін сақталған көне ғимараттардың сәулеті шынында да таң қалдырады. Түркістан облысына саяхат тың тарихи деректерге, аңыздар мен хикаяларға толы болары сөзсіз. Іnformburo.kz бұл өңірге барған туристке аралауға болатын 10 жер туралы ақпарат ұсынады.

№1. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Тылсым тұнған мекенде туристер ең көп келетін орындардың көшін – Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бастайды. XIV ғасырда сәулет өнерінің теңдессіз туындысы – осы өлкенің бас мұраларының бірі саналады. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, ортағасырлық ескерткішті тамашалауға былтыр 731 мыңнан астам турист келген.


Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында жаңарту жұмыстары жүріп жатыр / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Түркістан облысын қайта құруға қанша қаржы қажет?

Кесене XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің бейітінің басына тұрғызылған. Архитектуралық ғимарат Ахмет Яссауи қайтыс болған соң 200 жылдан кейін атақты қолбасшы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған.


Киелі нысан бүгінге мінәжат етушілер

Киелі кесенеге бүгінде мінәжат етушілер жиі келеді / Алмаз Төлекенің фотосы


Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған. Ғимараттың сапалы салынғаны соншалық, әлі күнге дейін көп бөлігі бүлінбей сол күйінде сақталған. Теңдессіз сәулет туындысы ретінде кесене 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды.


Кесенеге апарар жол

Кесенеге апарар жол / Алмаз Төлекенің фотосы


Ахмет Яссауи кесенесі аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның:

  • ұзындығы – 65,5 метр;
  • ені – 46,5 метр;
  • биіктігі – 39 метрді құрайды.

Кесенеге кіретін бас есік басқалардан биік, ені 18,2 метр аркамен көмкерілген оңтүстік-шығыс қасбетте орналасқан. Бас қасбеттің және бұрыштардағы мұнаралардың ауқымды қабырғалары сыланбаған, олардың бетінде мозаикалық қаптамалар орналастыру үшін бекіткіштер қалдырылған.


Мияу

Мозайкамен қапталған кесене көз тартады / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Түркістан – "Екінші Мекке" атануға, әлемдік туризм ордасына айналуға лайық

Күмбездің диаметрі 18 метрден шамалы асады, ішкі биіктігі еден деңгейінен 36 метр. Ғимараттың орасан зор порталы мен бірнеше күмбезі бар және екі қабаттан тұрады. Кесенеде түрлі мақсатқа арналған жалпы саны 35 бөлме бар. Бірінші қабатында Жамағатхана, Қабірхана, Мешіт, Кітапхана, Үлкен ақсарай, Кіші ақсарай, Асхана, Құдықхана және төрт құжыра бөлмесі, ал екінші қабатында қалған құжыра бөлмелері орналасқан. Архитектуралық композицияның басты бөлмесі Ахмет Ясауидің қабірханасы болып табылады.


Кесене күмбезінің маңынан XIV ғасырдан қалған құрылыс сатыларын көруге болады

Кесене күмбезінің маңынан XIV ғасырдан қалған құрылыс сатыларын көруге болады / Алмаз Төлекенің фотосы


Деректерде Қожа Ахмет Яссауи 63 жасынан бастап "Пайғамбар жасына жеттім, маған одан артықтың қажеті жоқ" деп қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізгені айтылады. Дегенмен, әлі күнге дейін Ахмет Яссауидің қанша жыл өмір сүргені туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректе ол 73 жыл ғұмыр кешті делінсе, келесілерінде 85 жас деп берілген. Жүсіпбек Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Яссауиді 125 жас жасаған дейді.


Кесененің құрылысы және өрнекті кірпіштері Сауранда дайындалған. Оны құрылыс орнына дейін құрылысшылар қолмен жеткізген

Кесененің құрылысы және өрнекті кірпіштері Сауранда дайындалған. Оны құрылыс орнына дейін құрылысшылар қолмен жеткізген / Алмаз Төлекенің фотосы


Ахмет Яссауиден бөлек, қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген. Дерек бойынша, халықаралық мәртебеге ие орында 300-ден аса тарихи тұлға, олардың қатарында қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны мәлім. Мәселен, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі болған Абылай ханның қабірі Ясауидің қабірінің оң жағында шамамен бес метр жерде тұр. Дәліз тар болғандықтан қабір мен қабіртас екі бөлек қойылған. Ал Қожа Ахмет Яссауидің сүйегі жатқан бөлме жабық тұр.


Қазақ хандарының хаты

Қазақ хандарының хаты / informburo.kz фотосы


Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінен бүгінге дейін сақталған түрлі жәдігерлерді, қазақ хандары қолданған заттарды көруге болады. Музей экспозициясындағы ең құнды мұра – тайқазан. Алып қазанның:

  • салмағы – 2 тонна;
  • сыйымдылығы – 3 мың литр;
  • биіктігі – 1,60 метр;
  • диаметрі – 2,42 метр;
  • тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607 метр.

Қазан сыртында арабтың сульс және куфи үлгісінде жазылған үш қатар жазуы бар

Қазан сыртында арабтың сульс және куфи үлгісінде жазылған үш қатар жазуы бар / Алмаз Төлекенің фотосы


Ортағасырлық Тайқазан 621 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдардың қосындысынан жасалған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков орасан үлес қосқан.


Қожа Ахмет Яссауи кесенесі күрделі инженерлік құрылыс болып табылады

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі күрделі инженерлік құрылыс болып табылады / Алмаз Төлекенің фотосы


1978 жылы Ахмет Яссауи архитектуралық комплексі музей болып ашылды. 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысымен "Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы" РМҚК болып қайта құрылды.

Оқи отырыңыз: Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны

№2. Арыстан Баб кесенесі

Қасиетті өңірге баратын зиярат етушілер мен сахатшылар жиі бас сұғатын тағы бір нысан – Арыстан баб кесенесі. Түркістан қаласынан 60 шақырымда бой көтерген тарихы тереңде жатқан орынға былтыр 165 721 адам келген екен.


Кесене Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан

Кесене Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан / Алмаз Төлекенің фотосы


Арыстан баб кесенесі XII-ХІV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Түркістан облысының ежелгі Отырар қаласының қираған үйінділерінің жанында орналасқан. Кесене ХІІ ғасырда өмір сүрген белгілі діни мистик Арыстан баб мазарының үстіне тұрғызылған. Баб сөзі ерекше мәртебеге ие адамдардың аттарына қосылған. Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болған. Сол себептен, Ахмет Яссауидің кесенесіне жол тартқан әрбір зияратшы алдымен оның ұстазының кесенесіне түнеген.


Кесене ішінде келушілерге арналған құлшылық ететін бөлме бар

Кесене ішінде келушілерге арналған құлшылық ететін бөлме бар / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?

Қазір кесене қабір мен мемориалдық мешіт болып табылады және мұсылмандардың қажылық орны ретінде белгілі. Сондықтан болар, бұл кесенеге құлшылық етуге бүкіл өңірден адамдар келеді. Кесененің ауданы 35×12 метр. Ұзын басты қасбеті екі мұнарамен қапталып, бұйра кірпішпен безендірілген. Сақталған ғимарат ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында салынды. 1982 жылдан Арыстан баб кесенесі мемлекеттің қорғауында.


Кесене маңайында қалың қамыс өседі

Пандемияға байланысты кесене алдында арнайы белгілер қойылған / Алмаз Төлекенің фотосы


Арыстан баб Түркістан қаласында өмір сүрген. Аңыз бойынша, ол өзінің шәкірті Қожа Ахмет Яссауиге "Мен бақилық болған соң, денемді ақ бураға артып, еркіне жібер. Ақ бура тоқтап, шөккен жерге мені жерлеңдер", деп өсиет айтқан екен. Осылайша, Арыстан бабтың денесі артылған түйе Түркістаннан шығып, Отырар маңайына тоқтаған.


Кесене алдында аңызға сай түйенің мүсіні жасалған

Кесене алдында аңызға сай түйенің мүсіні жасалған / informburo.kz фотосы


Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?

Арыстан бабтың кесенесінің тұрғызылу тарихы қызық. ХV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Яссауи түсінде аян беріп: "Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің аруағым сені демеп жүреді", – депті. Сонда Әмір Темір: "Мен сізді қайдан табамын?" – дегенде, "Жолды мен өзім көрсетемін", – деген екен.


Кесене ішінде мұсылман қауымға арналған шағын мешіт бар

Кесене ішінде мұсылман қауымға арналған шағын мешіт бар / Алмаз Төлекенің фотосы


Сонымен тәуекелге бел байлап, Әмір Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ерте барып қараса, шынында кішкене ғана мазарат тұр екен. Қолбасшы құран оқып, бірден істі бастапты. Ол ұлы бабаның басына әлемде теңдессіз кесене тұрғызуға бекінеді. Жарты әлемді билеген әміршіге кесене деген не тәйірі, жер-жерден ұсталар, бәдізшілер, шеберлерді іріктеп алдырыпты.


Кесене маңайында қалың қамыс өседі

Кесене маңайында қалың қамыс өседі / Алмаз Төлекенің фотосы


Қызу тірлік басталып, кесене құрылысы аяқталуға шақ қалады. Бірақ, түн ішінде белгісіз біреулер нысанның тас-талқанын шығарып кетеді. Құрылысшылар кесененені қайта қалап, жұмысты бітіруге таяғанда сол оқиға тағы қайталанады. Әмір Темір таңертең бұзылып жатқан құрылыс орнын көреді. Басына қарауыл қояды. Олар да таң алдында ұйықтап кетіп, нысанды кімнің бұзып жүргенін білмей қала береді. Үшінші күні өзі аңдымаққа бекінеді. Бір кезде қараса үлкен өгіз келіп, қаланған дуалды талқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп:

"Ол көк өгіз – Арыстан бабтың әруағы, саған ренжіп бұзып жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның әруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің", – депті.

Сонымен Әмір Темір ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан бабтың басына барып, құран оқып, кесене салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай сәтті аяқталған соң, қолбасшы Түркістанға қайтып келіп, Қожа Ахмет Яссауи мешіт-кесенесін салуды бастаған екен. Талай ғасырдың куәсі болған Арыстан баб кесенесінің ғимараты бірнеше рет қираған. 1917 жылғы төңкерістен кейінгі дінді қудалау Арыстан баб кесенесіне едәуір зиян келтірді. Кесене кірпіштерінің көп бөлігі өзге құрылыс ғимараттарын салу үшін қолды болып кетті. Түпнұсқадан қазір тек ақ кірпіштер ғана қалған, басқасы заманауи әдіспен жаңартылған.


Шырақшылар бұл құдықтағы тұзды суды жолға шыққанда ішпеуге кеңес береді

Шырақшылар бұл құдықтағы тұзды суды жолға шыққанда ішпеуге кеңес береді / Алмаз Төлекенің фотосы


Арыстан баб кесенесінің жанында құдық орналасқан. Келушілер тілек тілеп, киелі жердің суын ішіп көреді. Құдықтан шыққан судың дәмі тұзды. Шырақшылар бұл судың түрлі ауруға ем екенін айтады.

Оқи отырыңыз: Туризмді дамыту үшін мажарлар сияқты ғұндардың көшпелі өмір салтын жаңғырту керек

№3. Үкаша ата мазары мен құдығы

Үкаша ата кесенесіне өткен жылы 142 мыңнан астам адам барған екен. Саяхатшылардың онда көп сапар шегуінің себебі, құпияға толы құдықта. Өйткені, құдықтан су біреуге шықса, енді біреуге мүлдем шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зиараты, тілегі қабыл болды деп ырымдаған. Сондай-ақ, құдықтан су алған адамның жолы болғыш, ниеті түзу адам деп есептеледі. Ал шелегі бос шыққан адамның Алладан кешірім сұрауы қажет деп ырымдаған. Шелек түбінен сусыз тек тас алып шыққан адам, көп ұзамай олжалы болады деп жорыған.


Құдықтан су тартқандар шелекте су болмаса да ауырлық сезінетінін айтады

Құдықтан су тартқандар шелекте су болмаса да, ауырлық сезетінін айтады / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?

Үкаша ата кешені Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде, Бабайқорған ауылының аумағында орналасқан. Мемориалдық кешен құрамына мазар (кесене) және құдық кіреді. Республикалық маңызы бар ескерткіш алғашқыда тек қабір орны ғана болған. 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған.


Үкаша атаның қабір басына салынған кесене

Үкаша атаның қабір басына салынған кесене / informburo.kz фотосы


Үкаша ата кесенесіне бас сұқпас бұрын, әуелі сол жолда орналасқан Ерқоян сахаба қабіріне тоқтап құран бағыштаған жөн. Ол Серт ауылынан 8 шақырымдай жерде орналасқан. Ерқоян Үкаша атаның ең сенімді серігі болған деседі. Сондықтан, бұрын зиярат етушілер Ерқоянға түнемей, Үкашаға келмейді екен. Үкаша ата тірі кезінде оған келушілер әуелі Ерқоянның алдынан өтіп, кейін Үкаша атаға жолыққан көрінеді.


Ер Қоянның кесенесі

Ерқоян ата кесенесі / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Алып адамдар. Аңыз ба? Әлде...

Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед пайғамбардың сахабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы болған. Ол Орта Азия түркі халықтары арасында ислам дінін уағыздаған. Ел ішінде Үкаша ата "шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін" қасиет дарыған алып денелі, батыр болған деген аңыз бар. Ол өте алып, нарға отырғанда аяғы жерге тиетін денелі кісі болған деседі.


Мазар 2 бөлмеден тұрады: кішігірім кіре берісі және ұзынша келген бөлмесі бар. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр

Мазар 2 бөлмеден тұрады: кішігірім кіре берісі және ұзынша келген бөлмесі бар. Ішкі жағының ұзындығы 22,2 метр / informburo.kz фотосы


Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болған. Соңында жұбайын алдап-арбап, Үкашаның қылыш шаппас денесі тек таң намазы үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып отырған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп екі қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді. Сол орында құдық пайда болған екен.


Мияу

Құдыққа апарар жол / Алмаз Төлекенің фотосы


Тереңдігі 22-25 метр болатын Үкаша ата құдығы кесенеден батысқа қарай 600 метр жерде орналасқан тау жырасының үстінде тұр. Құдықтың үстіне киіз үй тәріздес шағын құрылым салынған. Халық арасында Үкаша ата құдығының суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Өйткені, құрбан болған сахабаның басы сол бұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленген екен.


Құдықтан шыққан суды тілек тілеп ішеді

Құдықтан шыққан суды тілек тілеп ішеді / Алмаз Төлекенің фотосы


Үкаша ата кешеніне келген адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Келушілерге мазар басындағы шырақшы 1 шелекті 1000 теңгеден сатады. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Сол үшін құдықтан су барлығына бірдей шыға бермейді. Құдық басына барған мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиярат етеді. Дегенмен, Үкаша ата мазарындағы шырақшы қудықтан су алғандарды дандайсып, су бұйырмағандарды өмірден түңілмеуге шақырады. Ол барлық игілік тек Алланың бұйрығымен болатынын жеткізді.


Жарамсыз болып қалған шелектер

Жарамсыз болып қалған шелектер / Алмаз Төлекенің фотосы


Спираль тәрізді болғандықтан, құдыққа салынған шелек жан-жақтағы тастарға соғылып майысып шығады. Бір қызығы, кей адамдардың шелектері арқанға мықтап бекітілген болса да, құдық түбіне түсіп, қайта шықпайды екен. Шырақшының айтуынша, құдық түбінде қалған шелектің саны жылына 300-ге жуықтайды. Сондықтан, шырақшылар құдыққа жылына бір рет түсіп, ішін тазартады екен.

Оқи отырыңыз: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?

№4. Сауран қалашығы

Киелі өңірге сапар шеккен адам Сауран қаласын айналып өтпесі анық. Былтыр көне қаланы өз көзімен көруге 79 403 адам келген. Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан қалашық республикалық маңызы бар нысан мәртебесіне ие. Қалашықтың атауы жазба деректерінде Х ғасырдан бастап кездеседі.


Сауран қалашығының кіре беріс қақпасы

Сауран қалашығының кіре беріс қақпасы / Алмаз Төлекенің фотосы


Ақ орданың астанасы болған Сауранның ірі сауда орталығы ретінде іргетасы ХІІ ғасырда қаланған. Бүгінде ол еліміздегі қорған дуалдары сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі де бірегейі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.


Қираған қаланың қалған орны

Қираған қаланың қалған орны / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Қазақстанда дизайнерлер мен туризм мамандары жетіспейді

Еліміздің оңтүстігіндегі бұл қаланың Қазақстан үшін де, жалпы әлемдік мәдениет пен тарих үшін де маңызы зор. Өйткені, бұл қала Ұлы Жібек жолының маңызды экономикалық және діни орталықтарының бірі болған. Сауран 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала болған. Ішінде үйлерден бөлек, мешіт-медреселер де салынған. Шаһардың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан.


Қаланың бекініс қоршауы бүгінге дейін сақталған

Қаланың бекініс қоршауы бүгінге дейін сақталған / Алмаз Төлекенің фотосы


Қазіргі таңда Сауран солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метрге созылып жатқан, ұзындығы – 2 360 метр қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі 3-6 метрге дейін жетеді. Қабырғаның өзі шикі кірпіштен және сынған саздан жасалған. Ең биік мұнара бекініс қабырғасының солтүстік бұрышында орналасқан және биіктігі 6 метрге жетеді.


ррр

Қалашық қаланған кірпіштердің түпнұсқасы кездеседі / Алмаз Төлекенің фотосы


ХІХ ғасырға дейін қаланың дәурені дүркіреп тұрған. Алайда, жоңғар шапқыншылығынан кейін күйреп, халқы басқа жаққа коныс аударуға мәжбүр болған. Кеңес одағы тұсында жергілікті халық қалашықтағы кірпіштер мен саз топырақты құрылыс үшін тасып кеткен.


ррр

Қазба жұмыстары кезінде қаланың қорғаныс қабырғаларына қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылған / Алмаз Төлекенің фотосы


Кейіннен аумақ қорғауға алынып, көне мұра бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Қалашықтың бекініс қабырғалары әлі күнге дейін сақталған. Оның тек кейбіріне ғана реставрация жасалды. Сондай-ақ, қалашық орнына талай ғасырдың куәсі болған қыш пен саздан жасалған ыдыстардың сынған қалдықтарын жиі кездестіруге болады.


аррт

Қазір жұмысшылар қалашықтың бас қақпасын қалыпқа келтіріп жатыр / Алмаз Төлекенің фотосы


Қазіргі уақытта қалада күрделі жөндеу, қалпына келтіру және археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қалашықтың қорғау аумағының жалпы ауданы 50 гектарды құрайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады

№5. Отырар қалашығы

Аты аңызға айналған Отырар Түркістан қаласынан 57 шақырымда орналасқан Орта Азияның ең ежелгі қалаларының бірі болған бұл шаһарды былтыр 20 мыңнан астам адам тамашалаған. Ежелде оның атауы Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб деп аталған. Қала орнында тұңғыш қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Ұлы Жібек Жолында орналасқандықтан қала тез дамыған. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, шығыс моншасы, сауда дүкендері жұмыс істеген.


Отырар қалашығының бас қақпасы

Отырар қалашығының бас қақпасы / Алмаз Төлекенің фотосы


XII ғасырда қала шеберлік пен өнер орталығына айналды, түрлі сарайлар, керуен сарай, көшелер салынды. Шығыстан Батысқа жол тартқан барлық сапаршылар Отырарға келген. Олар Отырарды үлкен сауда орталығы деп суреттеген. Бұл қалада 870 жылы Шығыстың ең танымал философтарының бірі Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген.


Қалашық алдынан Жібек жолының символы түйелер көшінің мүсіні қаланған

Қалашық алдынан Жібек жолының символы түйелер көшінің мүсіні қаланған / Алмаз Төлекенің фотосы


XIII ғасырдың басында Отырар 200 мыңнан астам халқы бар ең ірі қалалардың бірі болды. Ол тұста Отырардың билеушісі Қайырхан есімді әскербасы еді. 1219 жылы Шыңғыс хан 200 мыңға жуық әскерін Отырарды басып алуға аттандырады. Алайда, отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қорғап, беріспеді. Қатты қарсылыққа ұшыраймыз деп ойламаған Шыңғыс хан ашуланып, қаланың "Бекініс орнын жермен-жексен етіңдер" деген бұйрық береді. Соған қарамастан, қала қалқы қақпаларын бекітіп, 6 ай бойы жауға берілмей шайқасады.


Көне монша қирандыларының беті осылай жабылған

Көне монша қирандыларының беті осылай жабылған / Алмаз Төлекенің фотосы


Қалада азық-түліктің қоры да таусылады. Аштыққа шыдамай, "соғыс жеңіліспен аяқталады" деген оймен Қаража атты сатқын өзі басқаратын Отырар әскерінің 10 мың адамнан тұратын бір бөлігін бастап моңғолдар жағына өтіп кетеді. Ол қаланың дарбазасын жауға ашып береді. Соның опасыздығынан қаланы 1220 жылы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді. Қаланы бірнеше күн бойы тонап, қиратады. Дегенмен, Отырардан Түркістанға дейінгі аралықта жер асты жолы болған деген аңыз бар. Сол арқылы қоршауда қалған қала халқына қажетті өнімдер жеткізіліп тұрған деседі.


Отырарда сәулетті сарай, мешіттердің болғанын дәлелдейтін олардың қалдықтары / Алмаз Төлекенің фотосы


Отырардың қорғаныс қабырғаларының арты лабиринт сынды салынған. Бұл өз кезегінде қаланың ұзақ уақыт жауға тойтарыс бермеуіне себеп болды. Яғни, отырарлықтар жауды аз-аздан қаланың бас қақпасы арқылы әдейі кіргізіп отырған. Қақпадан өткен жау, лабиринт көшелерді кезіп жүргенде Қайырханның батырлары оларды оңай қолға түсірген.


аа

Лабиринт сынды салынған қалашық / Алмаз Төлекенің фотосы


Қалашыққа бара жатқан жолда бір уақытта 100-ге жуық адамның шомылуына болатын ежелгі моншаның қирандыларын көруге болады. Монша хамам стилінде салынған, көптеген бөлмелері бар. Ол сумен жабдықтау және су бұру жүйесімен жабдықталған. Монша қаланған кірпіштер бірдей пішінге ие болғанымен, кейбірі түпнұсқа, ал басқалары заманға сай жаңартылған болып табылады.


Көне моншаның орны

Көне моншаның орны / Алмаз Төлекенің фотосы


Моңғол шапқыншылығынан кейін қала ХІV ғасырда еңсесін тіктей бастайды. Отырармен Әмір Темір тығыз байланысты. Оның бұйрығы бойынша қала жанында салынған Арыстан баб кесенесі қаланың ең ірі көрнекі жерлерінің бірі болды. Отырар қаласы шамамен 2000 жылдай тұрды.


Отырар қалашығының бас қақпасы

Отырар қалашығының төбесінен қарағандағы қазіргі көрінісі / Алмаз Төлекенің фотосы


1969 жылдан бастап археологтар Отырарда қазба жұмыстарын жасап, зерттеу жүргізді. Қазіргі таңда ұзақ жылдардан бергі жүргізілген зерттеу нәтижесінде қаланың Қарахан дәуірінен бастап бертінге дейін мәлімет беретін тұрғын үй орамдары, шығыс моншасы, мешіт пен сарай құрылысының қалдығы, құмырашылар шеберханасы және оңтүстік-батыс қақпа орындары аршылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналды.


Сапар орталығының сыртқы көрінісі

Сапар орталығының сыртқы көрінісі / Алмаз Төлекенің фотосы


Отырар қалашығына келушілер үшін тағы бір қызықты нысан – Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Сапар орталығы. 2019 жылы пайдалануға берілген ғимарат ішінде осы өңірден табылған 25 мыңға жуық экспонат бар. Олардың барлығы қалыпқа келтірілген түпнұсқа.


Орталық ішіндегі көне жәдігерлер

Орталық ішіндегі көне жәдігерлер / Алмаз Төлекенің фотосы


Орталыққа келушілер ежелгі қалашық туралы барлық ақпарат пен қалашықтан табылған көне жәдігерлерді тамашалай алады. Мұнда интерактивті аймақ, кофе аймағы, балаларға арналған бұрыш, демалыс аймағы және 80 адамға арналған мәжіліс залы бар. Нысанда Шығыс ғұламасы әл-Фарабиге арналған көрме де бар.


Көрмені тамашалаушы туристер

Көрмені тамашалаушы туристер / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Мың дәретхана жобасы. Қазақстан туристік державаға айнала ма?

№6. Домалақ Ана кесенесі

Түркістан өлкесіне зиярат етуге келген жамағаттың міндетті түрде баратын орны – Домалақ ана кесенесі. Ескерткіш Шымкент қаласынынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Шырақшылардың айтуынша, бұл кесенеге көбінесе бір перзентке зар болып жүргендер келеді. Олар әулиеден бала сұрап, осы маңдағы қонақүйлерге түнейді екен. Өйткені, Домалақ ана қазақтар үшін аналық және ұрпақ жалғасы таңбасы болған.


Домалақ ана кесенесі Түркістан облысының басты көрікті жерлерінің тізіміне енген

1456 жылы салынған Домалақ ана кесенесі Түркістан облысының басты көрікті жерлерінің тізіміне енген / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Көшпелі қазақ ауылының қысқы өмірі

VІІ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында "Домалақ ана" атанған Нұрилә – Бәйдібек бабаның үшінші әйелі. Шежіреде Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақтың Албан, Суан, Дулат ұлдарынан үлкен тайпалы ру тарайды.


Домалақ ананың мазары

Домалақ ананың мазары / Сурет ғаламтордан алынды


Домалақ ана халық есінде ибалы сүюші ана ретінде қалды. Ақыл мен даналық арқасында ол қарсылас тайпаларды татуластыратын. Көрегендік қабілеті болған деп айтады. Аңыз бойынша, Бәйдібектің бір табын жылқысын айдап әкеткенде, арттарынан барма деп ескертеді. Бірақ ол әйелін тыңдамай арттарынан қуа бастайды. Айқас қаңқұйлы болып, Бәйдібектің 6 ұлы қаза табады.


Кесене маңайында қонақ үйлер мен тынығатын орындар бар

Кесене маңайында қонақ үйлер мен тынығатын орындар бар / Алмаз Төлекенің фотосы


Домалақ ана соңғы күндерінде Бәйдібекті түсінде көріп Қаратауға барады. Аңыз бойынша өлер алдында Домалақ ана жақындарына:

"Мені Бәйдібектің жанына жерлеп әуре болмаңдар. Мені ақ түйеге жүктеп, артынан жүріңдер. Түйе тізелеген жерде мені жерлеңдер", депті.

Қазір сол орында 4 қабатты күмбезді кесене бой көтерген. Оны Домалақ ананың Дулат немересі Бұқарадан атақты шебер Абдулла Шемиді шақырып салдырған екен. Өткен ғасырлар бойы кесене бірнеше рет бұзылып, қайта жөнделді. Оның өзіндік бейнесі сақталмаған. 1996 жылы Маңғыстаудан әкелген ақ тастармен қапталады. Домалақ ана кесенесінің биіктігі 12 метр. Қазір кесенеге көп саяхатшылар келеді.

Оқи отырыңыз: Ақмешіт үңгірі жағымсыз энергетикадан арылтады

№7. Ақмешіт үңгірі

Түркістан облысындағы ерекше, құпияға толы орынның бірі – Ақмешіт үңгірі. Ол Қазақстанның он кереметінің бірі саналады және туристерге міндетті түрде бару ұсынылады. Шын мәнінде, Ақмешіт ерекше орын. Орталық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Шымкент қаласынан 80 шақырымда, Бәйдібек ауданында орналасқан.


Үңгір ішіне кіріп-шыққан адам жақсы

Үңгір ішіне кірген адам жақсы энергиямен шығады деген сенім бар / Алмаз Төлекенің фотосы


Әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің:

  • ұзындығы – 254 метр;
  • ені – 65 метр;
  • биіктігі – 25 метр.

Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.


Үңгір ішіне түсетін табалдырық

Үңгір ішіне түсетін табалдырық / Алмаз Төлекенің фотосы


Сонымен қатар, аңыздарда Ақмешіт үңгірі жергілікті жұрттың жаудан жасырынатын орны болғаны айтылады. Жалпы Ақмешіт үңгіріне жыл сайын көптеген туристер келеді. Құпияға толы орынға кей жандар тыныштық іздеп келсе, ал кейбіреуі ерекше табиғи орынға тамсану үшін арнайы ат басын бұрады.

Оқи отырыңыз: Даму үшін... дәретхана керек

№8. Адам Ата мен Жер Ана жартасы

Түркістан облысының ең жұмбақ жерлерінің бірі – екіге жарылған Адам Ата мен Жер Ана жартасы. Ол Қазығұрт тау алабында орналасқан. Тастың екі бөлігі еркек пен әйел немесе әке мен ана деген мағынаны білдіреді. Жарық ұзындығы 15 метр, ең жіңішке жерінің кеңдігі 25-30 см. Көп адам осы жар арасындағы 15 метр жерді жүріп өтуге тырысады. Жергілікті тұрғындар арасында бұл жерден тек адал ниетті адамдар өте алады деген наным бар. Ең қызығы, қос тастың ортасынан арық адам өте алмай, керісінше толық адам өтіп кетуі де мүмкін.


Адамдар осы екі тастың ортасынан өтеді

Адамдар осы екі тастың ортасынан өтеді / Сурет ғаламтордан алынды


Тау етегіне келген соң қажылыққа келген адамдар мен туристерді гид киелі жартасқа жаяу апарады. Келушілер бірінші Адам Ата мен Жер Ана жартасын айналып өтіп биігірек басқа жарда орналасқан ғибадат орнына барады. Құраннан сүре оқыған соң біраз демалып, ойын қалпына келтіріп киелі жартасқа барады. Жар арасында салқын жел соғып тұрады және іші жым-жырт тыныштық. Бұл тастардың ортасынан өткен көп адамдар соңында бойларынан жеңілдік сезінеді.

Оқи отырыңыз: Балалар туристік пойызы іске қосылады. Ал Kids go free жобасы Мәжіліс қарауында

№9. Аппақ Ишан мешіт-медресесі

Түркістан облысындағы тағы бір ерекше нысан – Аппақ Ишан мешіт-медресесі. Шымкент қаласынан 70 шақырымда тұрғызылған ғимаратты 1840 жылы Бұқара сәулетшілерінің жобасы бойынша Қосым Ишан салды. Ол мұсылман дінін тартушы болған.


Аппақ ишан кесенесі - ХІХ ғасырдың ақырындағы сәулетті ескерткіштердің бірі

Аппақ ишан кесенесі – ХІХ ғасырдың ақырындағы сәулетті ескерткіштердің бірі / Алмаз Төлекенің фотосы


Қосым Ишан құрылысты бітіре алмайды. Сондықтан, ақтық сапарға аттанар алдында, 8 баласын жинап осы істі аяқтауды сұрайды. Балалары әкелерінің бұйрығын орындайды. Құрылысты Қосымның тұңғыш ұлы Аппақ Ишан бітіреді.


ааа

Аппақ Ишан мешіт-медресесі жалпыұлттық маңызы бар нысандардың тізіміне енген / Алмаз Төлекенің фотосы


Октябрь революциясынан кейін мешіт 1928 жылға дейін істеді. Сосын Кеңес үкіметінің бұйрығы бойынша жабылып, ғимарат қойма ретінде пайдаланылды. Сәулетті ескерткішті бастап салған Қосым Ишанның балалары репрессияға ұшырады. Кейбірі Аппақ Ишан сияқты Ташкентке қашып, кейбірі түрмеге отырғызылды.


Бұл мешіт-медресе өз заманында ірі оқу орны болған

Бұл мешіт-медресе өз заманында ірі оқу орны болған / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?

Тек 1983 жылы Қазақ Кеңес Министрлігінің бұйрығы бойынша кешенде Аппақ Ишан музейі ашылды. 2001 жылы ғимарат жөндеуден өтті.


п

Қазіргі таңда мешіт-медресе ғимаратында Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі орналасқан / Алмаз Төлекенің фотосы


Медресе күмбездері еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштармен өріліп шыққан. Мешіт және айван бөлігі аркалар арқылы бөлініп, 35 күмбез орнатылған. Бұл күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Күмбездерді қай жағынан қараса да бірінен бірі биік, сатылана орналасқан.


Мешіт үстіндегі бас күмбездің биіктігі 11,5 метр

Мешіт үстіндегі бас күмбездің биіктігі 11,5 метр / Алмаз Төлекенің фотосы


Құрылыстың фасадына сылақ жүргізілмеген, сондықтан да күйдірілген қыштардың өрнектеле өрілуі бұл ескерткішке архитектуралық сән беріп тұр.

Оқи отырыңыз: Меже – 190 мың адам. Экология министрлігі Шарын шатқалына келушілер санын қалай 10 есе көбейтпек?

№10. Мәжрәтұт ағашы

Түркістандағы атақты тайқазан құйылған Қарнақ ауылында көне тұт ағашы өседі. Ол Кентау қаласынан оншақты шақырым жерде орналасқан. Жасы шамамен 1300 жылға жуықтайтын бұл ағаш та туристер үшін тартымды. Әдетте тұт 200 жасқа дейін, сирек жағдайда 300-500 жылға дейін ғана өседі. Ал, Қарнақтағы тұт әлі күнге дейін өсіп, жылына бір рет жапырағын жайып өнім береді екен.


Тамыры тереңге жайылған тал жергілікті халықтың мақтанышына айналған

Тамыры тереңге жайылған тал жергілікті халықтың мақтанышына айналған / informburo.kz фотосы


Қарнақ тұрғындарының айтуынша, бастапқыда мұндай ағаш екеу болған. Бірін осыдан 10 жыл бұрын ауыл балалары ойнап жүріп, байқамай өртеп жіберген. Қалғанын енді тұрғындар көненің көзі етіп сақтап келеді. Тіпті тұт ағашы орналасқан аумаққа тас төсеп, орындықтар орнатыпты. Соңғы жылдары бұл ағашты іздеп келушілер саны артыпты. Келушілердің көбі ағаш басында құран оқып болып, ғұмырының ұзақ болуын, жолының ашылуын тілейді екен.

Оқи отырыңыз: Елімізде шетелдіктерге туристік жарна төлеу міндеттеледі

Түркістан туристер үшін тартымды қала болады

Көне тарихтан сыр шертетін аталған ғимараттар мен өңірдегі таңғажайып орындарды тамашалау, Түркістан халықаралық әуежайының ашылуымен тіпті жеңілдей түспек. Айта кетсек, 1 желтоқсанда Түркістан әуежайы іске қосылып, алғашқы рейс қонды.


Түркістан әуежайына алғаш қонған ұшақ

Түркістан әуежайына алғаш қонған ұшақ / informburo.kz фотосы


FlyArystan әуе компаниясымен ұшу құны:

  • Нұр-Сұлтаннан Түркістанға – 6 999 теңгеден басталады;
  • Алматыдан Түркістанға – 5 999 теңгеден басталады.

Сонымен қатар, 7 облыстан ішкі рейстер қосылады. Ал көктемде Халықаралық бағыттағы Мәскеу, Ыстанбұл, Дубай, Самарқанд қалаларымен әуе қатынасы ашылады.


Туристке нұсқаулық. Эскизді Түркістан облыстық туризм басқармасы ұсынды

Туристке нұсқаулық / Эскизді Түркістан облыстық Туризм басқармасы ұсынды


Түркістан әуежайының ашылуы туристер легін көбейтеді деп күтілуде. Мамандардың жоспарынша 2025 жылға қарай Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны 3 миллионға дейін жетеді.


пп

Туристке нұсқаулық / Эскизді Түркістан облыстық туризм басқармасы ұсынды


Оқи отырыңыз: Баянауылда туристер көбейді

Түрленген Түркістан

Елбасының 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи шешімімен Түркістан – облыс орталығы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Бұл шешім қаланың шығыстық үлгіде дамуына серпін беріп отыр. Қазір қалада қарқынды құрылыс жүргізіліп, адам танымастай түрленіп жатыр.


Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешіті

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешіті / Алмаз Төлекенің фотосы


Түркістан қаласында да туристер аралап көруге тұрарлық сәнді орындар жетерлік. Шаһарда "Ұлы дала елі" мұражайы, "Түркістан визит орталығы", Орталық стадин, Оқушылар сарайы, Жібек жолы саябағы, Халықаралық туризм және спорт университеті, Драма театр, Конгресс Холл, Шығыс моншасы жағадан салынған нысандар тізімінде.


Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мұражайы

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мұражайы / Алмаз Төлекенің фотосы


Бірқатар нысандар тұрғызылып, әлімдік брендтегі "Hampton by Hilton" және "Rixos" қонақ үй кешендері ашылды. Мұның өзі қаланың мәртебесі артып, туристер арасында сұранысқа ие боларын аңғартса керек.


Түркістандағы Б.Саттарханов даңғылындағы қырғауыл композициясы

Түркістандағы Б.Саттарханов даңғылындағы қырғауыл композициясы / Алмаз Төлекенің фотосы


Оқи отырыңыз: "Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?

"Керуен сарай" кешені туризмді дамытады

Түркістан қаласында туристер үшін салынып жатқан нысандардың бірі де бірегейі "Керуен сарай" кешені болмақ. Кешеннің құрылысы былтыр желтоқсанда басталған болатын. Нысан 2021 жылдың наурызында пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Түркістанда салынып жатқан "Керуен сарай" кешені

Түркістанда салынып жатқан "Керуен сарай" кешені / Алмаз Төлекенің фотосы


Теңдесі жоқ "Керуен Сарай" кешені шығыс базары, мейрамханалар мен этникалық стильдегі қонақ үйлерден тұратын көпфункционалды туристік орталық болады. Ғимараттың ауданы 120 мың шаршы метрге жуықтайды.


"Керуен сарай" кешенінің алып жатқан аумағы 188 гектарды құрайды

"Керуен сарай" кешенінің алып жатқан аумағы 188 гектарды құрайды / Алмаз Төлекенің фотосы


Сарай салудағы негізгі мақсат – жібек жолы кезеңіндегідей тарихи сауда көше құру және туризмді дамыту. Сондай-ақ шағын және орта бизнес арқылы туристерді тарту болып табылады.


Түркістанда салынып жатқан "Керуен сарай" кешені

"Керуен сарай" кешенінің жобасы / Эскизді Түркістан облыстық Туризм басқармасы ұсынды


Кешендегі Шығыс базары кешеніне келушілер Мысыр, Үнді, Иран, Еуропа, Түркістан және Қытай базарларына барып қайтатын болады. Олай дейтініміз, кешенде аталған мемлекеттердің базары орын алатын болады.


"Керуен сарай" кешені қалаға сән береді

"Керуен сарай" кешені қалаға сән береді / Алмаз Төлекенің фотосы


Кешенде жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар саябақтарды салу жоспарлануда. Жаяу жүргіншілер көшесінің екі жағында бұйымдар мен кәдесыйлар сататын шеберханалардың кешені болмақ.


"Керуен сарай" кешенінің жобасы

"Керуен сарай" кешенінің жобасы / Эскизді Түркістан облыстық Туризм басқармасы ұсынды


Оқи отырыңыз: Алакөл. Қай жағалауында демалған дұрыс?

Тағы бір бөлімде көне шығыс театры мен цирк қойылымдары, би және фольклорлық қойылымдар, халықтық ойындар мен байқаулар өткізуге болады.


Құрылысшылар кешенді наурыз айында тапсырады

Құрылысшылар кешенді наурыз айында тапсырады / Алмаз Төлекенің фотосы


Жібек жолы елдерінің ұлттық тағамдарынан тұратын бірқатар ұлттық кафелер мен мейрамханалар да тұрғындар ыңғайлылығы үшін қызмет етеді. Ал, кітаптар қатары бар сауда көшесінде көне суреттердің, кітаптардың және ашық хаттардың көшірмелері сатылатын болады.


"Керуен сарай" кешенінің жобасы

"Керуен сарай" кешенінің жобасы / Эскизді Түркістан облыстық Туризм басқармасы ұсынды


Жобаның жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайды. Кешенді түріктің Sembol construction компаниясы салып жатыр. Аталмыш компания құрылыс аяқталған соң, кешенді 25 жыл басқарады.

Материал "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" АҚ мен Fly Arystan әуе компаниясы Түркістан облысына ұйымдастырған 5 күндік сапары аясында әзірленді.

Поделиться:

Оқи отырыңыз