Тікелей эфир

Мың дәретхана жобасы. Қазақстан туристік державаға айнала ма?

Фото іnformburo.kz
Фото іnformburo.kz
Мың дәретхана қашан салынып бітеді? Экономикалық өсім туралы. Қаржы қалай бөлінді? Қытай қаржысына шегараға қойылатын техника ел қаупсіздігін қамтамасыз ете ме?

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылдың алғашқы екі айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық даму 2019-2023 жылға арналған болжамы мен ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жж. арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы талқыланды.

Дәленовтың баяндамасы: Тек қана өсім

Алғашқы болып сөз алған Руслан Дәленовтың баяндамасынан тек қана өсім болып жатқанын ұқтық.


Р. Дәленов

Руслан Дәленов


Министрдің айтуынша соңғы екі айдағы көрсеткіштер:

Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі – 3,5%. Қаңтарда – 2,9% болған. Өсім тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету секторының қарқынымен қамтамасыз етілді.

Инфляция деңгейі – жылдың басынан бері 0,8%, ал жылдық мәнде – 4,8% құрады.

Инвестициялар – өткен айда төмендесе де, есепті кезеңде 4,2%-ға өскен.

Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша:

  • Елдің халықаралық резерві – 88,8 млрд АҚШ долларына жетті.
  • Алтын-валюта резерві – 30,6 млрд АҚШ доллары.
  • Ұлттық қордың активтері – 58,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Жыл басындағы екі айдың көрсеткіштері:

Өнеркәсіптегі өсім қаңтар-ақпанда 2,7% құрады. Қаңтарда ол 1,9% болған.
Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 3,6% ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,0% ұлғайды.
Қызмет көрсету саласында – есепті кезеңде 3,9% өсті.

Қаржы министрі: кіріс өсіп келеді

Екінші сөз ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловқа берілді. Ол ҚР Үкіметі отырысында "2019 жылғы қаңтар-ақпандағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму және республика бюджетінің орындалуы туралы" баяндама жасады.

Кірістер – Мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңнің жоспарына қарағанда 108,6%-ке, олардың ішінде республикалық кіріс – 102,7%-ке, жергілікті бюджет 128,4%-ке асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 трлн 147 млрд теңге кіріс түсті. Бұл былтырғы жылдың екі айының көрсеткішінен 216 млрд теңгеге артық.

Шығыс – Мемлекеттік бюджет шығысы 94,9%-ке, республикалық – 95,6%, жергілікті бюджет 95,9%-ке атқарылды.

Республикалық бюджет шығысы 1 трлн 870 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 86 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 11 млрд теңгесі үнемделді.

Жергілікті бюджеттің шығысы 559 млрд теңгеге игерілді. 24 млрд теңге орындалмады.

Қанша қаржы қарастырылған және қайда жұмсалады?

Смайловтың айтуынша, бөлінген қаржы үш бағыт бойынша жұмсалады:


Смайлов

Әлихан Смайлов


Бірінші бағыт – "Әлеуметтік қамқорлық". Әлеуметтік шараларды іске асыруға – 444,3 млрд теңге:

  • Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік жағынан қолдауды күшейтуге – 224,3 млрд теңге;
  • Аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізуге – 100 млрд теңге;
  • Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға – 90 млрд теңге;
  • "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасын іске асыруға – 30 млрд теңге.

Екінші бағыт –"Жастар жылы" шеңберіндегі іс-шараларға – 24,6 млрд теңге.

Үшінші –286 млрд теңге Түркістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жоспарларын іске асыруға, Астана қаласында ғылыми-онкологиялық орталық салуға, "Сарыарқа" газ құбырын салуға, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды іске асыруға жоспарланып отыр.

Ұлттық банк ақпанда валюта нарығын неттоинтервенцияламады

Отырыста Ерболат Досаев 2019 жылғы ақпанда инфляция 0,3% болып, жылдық инфляция 4,8%-ға дейін баяулағанын айтты. 4 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтады. Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,48 теңге болғанын атап өтті.

– Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Ұлттық Банктің валюта нарығындағы неттоинтервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпанда нөлге тең болды, – деп хабарлады.

Досаевтің айтуынша, Ұлттық Банктің алтынвалюта резерві 1 наурызда алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активі 59,0 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резерв 88,2 млрд АҚШ долларын құрады.

– Көп жағдайда мұндай өсу "Цеснабанк" АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды, – деген министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: "Туристік державаға айналамыз"

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Атамекен" ҰКП бірлесіп, туристік қауымдастықтардың қатысуымен Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және оған ілеспе заң жобасы әзірленгенін атап өтті.


Арыстанбек Мұхамедиұлы

Арыстанбек Мұхамедиұлы


Аталған құжатта АҚШ, Канада, Франция, Испания, Түркия, Араб Әмірліктері қатарлы 10 туристік державаға кіруге мүмкіндік беретін 10 стратегиялық шараны таныстырды.

Жобадан күтілетін нәтижеге:

  • Жұмыспен қамтылғандар саны 427-ден 650 мың адамға дейін артады, оның шамамен 72 мыңы – шалғайдағы ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орынымен қамтылады. Мұнда Қазақстанның барлық халқының шамамен 40%-ы (7,5 млн.) тұрады.
  • Ел экономикасына 2 мың доллар қалдыра отырып, шетелдік туристердің саны 3, ал ішкі туристердің саны – 9 миллионды құрайды.
  • Тартылған 2 трлн теңгенің 70% жеке инвестиция құрайды;
  • Елдің ЖІӨ құрылымындағы туризмнің үлесі 9,6 млрд. АҚШ долларынан 16 млрд. АҚШ долларына дейін өседі.
  • Мемлекеттік бағдарлама елдің туристік саласына мемлекеттік бюджеттен тәуелділіктің толық ауытқуын қамтамасыз етеді және бизнес пен инвесторлардың белсенді қатысуы есебінен саланы өзін-өзі ақтайтын рельстерге шығарады. Нәтижесінде Қазақстан саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіреді.

Он шара:

Бірінші шара – он басым туристік аумақты (БТА) және оларда он басқарушы компанияны құру. Шара 800 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция көлемі бар 200-ден астам инвестициялық жобаны тартуға мүмкіндік береді.

Екінші шара рекреациялық жүктемені ескере отырып, ЕҚТА-да туризм инфрақұрылымын дамытуға бизнестің кіруіне жағдай жасай отырып, туристік дестинация ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) дамыту. Шара АҚШ, Канада, Беларусия, Тәжікстан және Иранға ұқсас эко-және аңшылық туризмнің дамуына инвестиция мен туристердің ағынын ұлғайтуға, сондай-ақ Қызыл кітап жануарларының популяциясын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.

Үшінші шара – туристік дестинацияларда санитарлық-гигиеналық тораптарды салу.

Төртінші шара Маркетинг және жылжыту. Мұнда біз Грузияның, Чехияның, Эмираттың (БАӘ) тәжірибесі бойынша елдердің келу туризмін дамыту үшін негізгі нарықтарда жылжыту сапасын арттыруды ұсынамыз.

Шетелдіктерден туристік жарна аламыз

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бюджеттік жүктемені төмендету үшін көрсетілген шамада тек шетелдік азаматтардан бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде, "Bed Tax"-ке ұқсас туристік жарна практикасы енгізілетін болады. Шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша өтетін болады.
Алымдар "Kazakh Tourism" ҰК АҚ жанынан ашылған бюджеттен тыс шотқа түседі, бұл кейіннен компанияның өзін-өзі ақтап шығуына мен ұстауына және елдің туризмін жылжытуға бюджеттік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Бесінші шара "e-Visa" және 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейту шарасы.

Алтыншы шара – бес жұлдызды стандарттарын енгізу.

Жетінші шара – нарықтың өтініші бойынша біз гид-аудармашылардың қызметін сертификаттап, бақылау енгізу.

Сегізінші шара – Еуразия құрлығындағы өткізу пункттерін транзиттік-туристік артерияларға ауыстыру.

Тоғызыншы шара – "KIDS GO FREE" ынталандыру шарасы.

Оныншы шара – шопинг-туристер ағынын, яғни, 2022 жылдан бастап "Tax Free" үлгісін енгізу. "PremierTaxFree", "GlobalBlue", "InnovaTaxfree" сияқты операторларды тарту мүмкін болатын өтеу республикалық бюджеттен тек Қазақстанның Астана, Алматы және Шымкент ірі әуежайларында ғана жүзеге асырылатын болады.

Қытайдан алатын техника ұлттық қауіпсіздіктің тексеруінен өтеді

Тура бір сағатқа созылған отырыстан кейін қатарынан екі баспасөз мәслихаты өтті. Біріншісі қаржы және бюджетке арналды. Ал, екіншісі туристік салаға бағытталды.

Іnformburo.kz тілшісі Смайловтан "Қытайдан алатын 112 млрд теңгенің басым бөлегінің шегарадағы өткізу бекеттерін қытай техникаларымен жабдықтауға жұмсалатынына байланысты батыс ақпаратында жарияланған "Қытайдың HuaWei" секілді компаниясы техникаларын пайдалану ұлттық қауіпсіздігімізге күмәннің көлеңкесін түсірмей ме" деп сұрады.

Смайлов:

– Біз Қытайдың 124 елге қызмет көсетіп отырған сенімді компаниясынан алынған техникаларды қоямыз. Олар ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеруінен өтеді, – деді.

Дәленовтың костюмының маркасы –"Qаzaqstan"

Баспасөз мәслихатында журналистер Дәленовке үстіне қай елдің киімін киетінін сұрады.

Дәленов кастемінің ішкі өңірін ашып: "Mide in Qazaqstan" деген жазуды көрсетті. Қазіргі қабылдануға бекітілген әріптермен сәйкес екен. Ол азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ҚР Монополияларды реттеу агенттігіне және өнім өндірушілер мен сатушыларға жүзден астам сауалын жолдағанын мәлімдеді. Сол негізде бағаны реттеуді қолға алған.

"Мың дәретхана" жобасы басталады


Ерлан Қожағапанов

Ерлан Қожағапанов


Баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов:

– Біз Қазақстандағы ең әлеуетті он туристік орынға мың дәретхана салу жобасын жасап жатырмыз. Олар неміс технологиялары бойынша салынады, жеке инвесторларды таптық. "Қаз Автожол" ұлттық компаниясы да өз көмектерін беруге келісті. Әкімшіліктер де бұл жұмысқа тартылады. Оларды сақтап тұру үшін қатысты министрліктермен келісіп жатырмыз. Нақты есебін 2-3 жұмада бітіреміз. 2025 жылға дейін дәретхана мәселесін шешуді қарастырып жатырмыз, – деді.

Сөз арасында Арыстанбек Мұхамедиұлы "дәретхана мәселесін көтерген Марғұлан Сейсембаев пен Мұхтар Тайжанға көп рақмет айтамыз" деді.

72 сағаттық визасыз транзитті кеңейту қауіпті ме?

Бұл сұраққа Арыстанбек Мұхамедиұлы "e-Visa" тетігін оңтайландырудан, 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейту" әлемдік тәжірибеде бар екенін, қытайдан қауіптенудің керектігі жоғын ескертті. Ол:

– 2 жыл ішінде бір ғана қылмыс бұзушылық тіркелген. 2018 жылы Қытай мен Үндістаннан 22 мың турист қабылдауға мүмкіндік беріп, экономикаға 16 млн доллар көлемінде тиімділік алып келді. Қытайларға қарағанда Үндістаннан келетіндер көп. Оларда қар жаумайды. Сондықтан Қазақстанның қар шаңғы алаңдарына көп келеді. Біз шаңғы алаңдарын көбейтіп, оларға жетуді тездететін "қанатты жолдарды" оңтайлы жерге орналастыруды қарастырып жатырмыз, – деді.

Министрдің айтуынша тур-қауымдастық осы режимді ұзартуға қолдау көрсетіп қана қоймай, оны одан әрі кеңейтуді белсенді түрде қолдайды.

Шаңғы алаңына "қар барысы патшасы" аты берілсе

Бұл туралы Қазақстан ұлттық арнасының тілшісі сауал жолдады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы:

– "Шымбұлақ" кешені еліміздің брендіне айналды. Оның атын ауыстырудың қажеті жоқ. Ал басқа да қар шаңғы алаңдарын құрамыз. Солардың біріне осы атты беруге болады, – деді.

Шарынды ашу және қаржы қайдан шығады?

АҚШ секілді елдердің тәжірибесін сөз еткен министр АҚШ "Grand canyon" қорық орны жылына 4,3 млн адам қабылдап, 2,2 млрд доллар қаржы табатынын айтты. Осы мәселе бойынша АҚШ еліндегі компанияларды шақырып отырғанын жеткізді.

Министр:

– Біз қаржы шығармаймыз. Біз стратегиялық жақтан жоспарлап, бақылап, үйлестіріп отырамыз. Сол негізде жұмысты ір министрліктің құзіретіне қарай бөлеміз. Сонымен бірге жергілікті орындар жүзеге асырады. Біз жарнамалар жасаймыз. Мысалы, ғарышкерлердің Алакөлге баруы және "Алакөлдің радияцияны жоятыны" туралы ақпараттың тарауы оған келетін туристер санын миллион адамға жеткізді, – деді.

Конголық келіншек елден шығарыла ма?

Отырыс кезінде ІІМ кеңесшісі Нұрділдә Ораз осы мәселеге жауап берді. Ол:


Нұрділдә Ораз

Нұрділдә Ораз / informburo.kz


Қазақстанға келіп босанып қалған Конго Демократиялық Республикасының азаматшасы Моника Камукенж Канганза қазір "Пана сұраушы тұлға" мәртебесін иеленген.

– Ағымдағы жылдың 1 ақпанында. Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі Комиссиясына әйелдің берген мәліметтері сенімсіз болған. Бірқатар фактілерінде ешқандай дәлел жоқ. Күмәнді тұстары бар.

Алайда, мәселе шешілгенше ол елден шығарылмайды, – дейді.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, оның Қазақстан Республикасында қалуын заңдастыру қажет. Соған байланысты Мәскеудегі Конго елшілігіне барып қызының жеке куәлігін, сотталмағаны туралы анықтаманы және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға келісім қағазын алып келуі керек. Сонда баласымен бірге қазақстанда қалуға өтініш бере алады.

Бұрын Халықаралық көші-қон ұйымы Конго Демократиялық Республикасының елшілігіне (Мәскеу қ.) бару үшін билет сатып алып берген екен. Бірақ оның белгісіз себептермен бармағаны белгілі болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары