Алакөл. Қай жағалауында демалған дұрыс?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz

Соңғы жылдары Алакөл жағалауы – демалушыларға таптырмас орынға айналды. Көл суына тәнтілер мұнда қызмет көрсету деңгейінің төмендігіне де көз жұма қарайды.

Алакөлге баратындарға алдымен қай жағалауда демалғысы келетінін анықтап алу керек. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау бар. Бірі, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарбұлақ жақта, екіншісі, Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Ақши жағалауы.

Ақшиге жақын орналасқан Көктұма ауылы маңайында тағы бір жағалау бар. Алматыдан шыққан автобустар тікелей сол Көктұмаға барады.

Оқи отырыңыз: Елімізде шетелдіктерге туристік жарна төлеу міндеттеледі

Алакөл жағалауларына жетудің жолдары

Алакөлге пойызбен, автобуспен немесе ұшақпен жетесіз. Тек пойызбен барсаңыз, стансадан жағалауға дейін таксимен баруға тура келеді. Такси құны сіз таңдаған көлік тұрағына байланысты.

Алматыдан Ақшиге автобуспен 10-12 сағатта жетуге болады. Ал Жарбұлаққа автобуспен ұзақтау жүресіз. Ол жаққа жол – 14 сағат. Қосымша рейстегі автобуста туристерге ұсынылатын орындарға байланысты билет құны әртүрлі. Сондықтан Алматы – Жалаңашкөл бағытындағы бағасы 2900 теңгеден басталатын пойызбен баруға кеңес береміз. Ал Ақшиге бару үшін Алматы – Көктұма бағытындағы пойызға билет алып, ары қарай 1000 теңгеге таксимен жетіп алуға болады.

Оқи отырыңыз: Мың дәретхана жобасы. Қазақстан туристік державаға айнала ма?

Көлге түсу кезеңінде Алматыдағы Сайран автовокзалынан Алакөлге апаратын қосымша рейстер ашылған. Таксиге шығындалмай, сол рейстермен тікелей жағалауға жетіп алуға да болады. Билет бағасы 4200 теңге. Бұл – автовокзал бекітен баға. Алайда жекеменшік фирмалар ұсынысымен ашылған рейстердегі автобус билетінің құны таңдаған орынға қарай қымбаттау болады. Өйткені онда аяқ-қолыңызды созып, рахаттанып ұйықтап баруға арналаған төсек-орындар бар.

Билет құны туристік аймаққа жаз айында қымбат болатыны белгілі. Сондықтан пойызға бір ай бұрын қам жасаған жөн.

Оқи отырыңыз: "Балалар туристік пойызы" іске қосылады. Ал "Kids go free" жобасы Мәжіліс қарауында

Пансионаттарды қалтаңызға қарай таңдайсыз

Жағалауға жеткен соң міндетті түрде жағдайы жасалған пансионат іздейсіз. Үш мезгіл тамағымен адам басына жеті мың теңгеден басталатын пансионаттар туристік фирмалармен жұмыс жасамайды. Сондықтан пансионатты жағалауға жеткенде талғамыңызға сай таңдап ала аласыз.

Алайда шілде айында бос орындар бола бермейді. Туристер арасында үш мезгіл тамағымен адам басына 10 мың, 12 мың теңге пансионаттар сұранысқа ие. Ал балаларға барлық пансионаттарда елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Үш жасқа дейінгі балаларға тегін.

Оқи отырыңыз: Өзбектердің туризмді дамытқаны сондай қазақтар да көршіге барып демалғанды тиімді санайтын болды

Егер одан арзан жер іздесеңіз, үш мезгіл тамағы бар орынды бес мың теңгеге табуға болады. Бірақ душ пен дәретхана далада, ашық аспан астында.


Бес мың теңге тұратын қонақүй бөлмесі

Бес мың теңге тұратын қонақүй бөлмесі / Фото informburo.kz



Бір қабатты қонақүйдің ауласы

Бағасы 10 мыңмен 12 мың теңге тұратын пансионаттың ауласы / Фото informburo.kz


Кейбір пансионаттардың ауласында балалар ойнайтын алаң мен үстел теннисі бар.


Балар ойнауға арналған алаң

Балалардың ойын алаңы / Фото informburo.kz


Қонақүйдің алдында бассейн бар. Бір ескеретін жайт, егер Көктұма жағалауын таңдасаңыз, ол жақта пансионатты тек жекелеген үйлерден ашқан. Әр түрлі бағадағылар көп емес. Сондықтан күй іздеген демалушыларға негізі Ақши жағалауына барған дұрыс.


Шағын қонақүйдің бағасы 12 мың теңге

Шағын қонақүйдің бағасы 12 мың теңге / Фото informburo.kz


Ал қонақүйлердің эконом класқа жататын бөлмелері 9500 теңгеден басталады. Люкс бөлмелерді 37 мыңнан алуға болады. Әрине, үш мезгіл тамақ бұл сомаға кірмейтіні белгілі. Бұндай қонақүйлерге туристік фирмалар арқылы алдын-ала тапсырыс жасауға болады.


Ақши жағалауындағы жоғары сапалы қзмет көрсетеін қонақүйдің бірі

Ақши жағалауындағы жоғары сапалы қызмет көрсететін қонақүйдің бірі / Фото informburo.kz


Бір ескеретін жайт, қонақүй, пансионаттарда адам басына төленеді.

Жағалаудағы жайлы орын

Пансионат мәселесін шешіп алған демалушы иығына сүлгісін салып, көлге беттейді. Енді жағалаудан орын тауып алу керек.

Көлге сырттан келетін демалушылардан өзге, жақын орналасқан аудан-ауылдардан келушілер де көп. Сондықтан бала-шағадан, үлкенді-кішілі суға түсушілерден аяқ алып жүре алмайсыз.

Егер оңаша отыруды қаласаңыз, қолдан жасалаған сәкілерді (топчан) төрт мың теңгеге жалға алуға болады. Пысықай демалушылар төрт-бес мың теңге бір күндік демалу құны екенін алға тартып, дауласып жүріп, кей жерде 2500 теңгеге жалға алып жатты.


Жағалаудағы тапшандар да босай бермейді

Жағалаудағы топчандар да босай бермейді / Фото informburo.kz


Алакөлдегі сақ моншасы – биылғы танымал тренд

Алакөлдің тұзды суына армансыз жүзіп, құмарынан шыққан соң демалушы не қызық бар деп жағалауды аралай бастайды. Көлдегі биылғы жылдың ең қызықты әрі сұранысқа ие болып тұрғаны – шатырлы сақ моншасы. Құны 500 теңгелік моншаға он минуттан екі рет кіруге рұқсат етіледі.

Алғашында демалушылар түтіні шығып жатқан шатырға түсінбей, таңдана қарайды. Самырсын ағашының (пихта) майы қосылған суды пештің қызған тастарға сепкен соң шығатын буға қыздырынып отырып, бусаудың рахаты ерекше. Буындарың босап, бойдағы суық шығады.

Бірақ булы моншада он минуттан артық отыру мүмкін емес. Мүмкін шатыр кішкентай болғандықтан шығар, денең тез қызады. Буланып алған соң, көлдің суына қойып кету керек. Сақ моншасының емдік қасиеті осында. Сондықтан, сақ моншасының рахатын сезіну үшін демалушылар ұзын сонар кезекке тұрудан шаршамайды.


Сақ моншасы демалушылар арасында үлкен сұранысқа ие

Сақ моншасы демалушылар арасында үлкен сұранысқа ие / Фото informburo.kz


Сақ моншасының шатырын пешімен шамасы келгендер 250 мың теңгеге сатып алған. Ал қалтасы жұқа адамдар қолдан жасап алып, жақсы бизнестің кілтін тапқан.

Көлдің суы неге көбейеді?

Алакөлдің суы тұзды. Көп адам қотырларынан арылғанын жыр етіп айтады. Әдетте тұзды тұз алады деп жатады. Рас екен. Қанша су ішсең де, ол тері арқылы шығады, бүйрекке күш түспейді. Сондықтан, жағалауда демалушылар арасында ине шаншар жер болмаса да, дәретхана іздеп сабылғандарды сирек кездестіресің.

Мүмкін ақылы болғандықтан шығар деген ойға қалдым. Десек те демалушылар арасында "көлдің суын көбейтіп жүргендер көп шығар" деген оймен жан-жағына күдіктене қарайтындар да бар. Мен де солардың қатарындамын.

Қарныңыз ашса...

Пансионаттардың үш мезгіл тамағы күні бойы судан шықпайтындарға ас болып жарытпайды – талғажау ғана. Содан болар жұрттың мұндағы тамаққа көңілідері толмайды. Журналист Гүлмария Барманбекова апайымыз да Ақши жағалауына барғандағы әсерімен бөлісіп, көлге бірнеше малтып шыққанан кейін қарнының қалай ашқаны жайлы фейсбукегі парақшасында жазған болатын.

"Анда-санда ырымға ауыз тигенім болмаса, нан жемеуші ем. Алакөлге келгелі бұрамайлап тұрып асайтын болдым! Енді ше! Көлдің тұзды суы тоқ ішегің түгіл аш ішегіңдегіні түгел сорып алады. "Ашыққанда атаңның биоқалдығын да жерсің" деген. Түске қарай ішегі құрғыр шұрылдап, асхананың бас аспазының өзін қылғытып жіберердей боп тұрамыз. Бас аспаз дейтіндей бəлендей бір маман деймісің, екі айға уақытша келген ауылдағы жұмыссыз келіншектердің бірі ғой. Асқазанды нанмен тығындаудан басқа амал қалмаған. Компотпен айдап отырып, нанды аямай соғып алдым.

Мысықтың табағындай ғана салат ыдысымен бес адамға бір порция бергенді о заман да бұ заман, көргендеріңіз бар ма? Оның өзін бір мезгіл ғана, кешкісін жылт еткізеді. Қайдан білсін, қарны ашқан соң дастарханға ертерек келген кішкентай Əмір əлгі көздей табақтағы салатты бір адамның порциясы екен деп, біз келгенше жеп қойыпты. Қалған төртеуміз бармағымызды сорып қала бердік.


Жағалаудағы кафе

Жағалаудағы кафе / Фото informburo.kz


Жеміс-жидек мəселесіне келсек, ананас пен манго сұрап жатқан тағы ешкім жоқ, кəдімгі алма мен өріктің өзі көзден бұл-бұл ұшады деп кім ойлаған?

Бал мен тосаптың, пешке пісірілген ыстық, тəтті тоқаштың, самса, пирог, торт дегендердің ауылы аулақ екенін бірден түсіндік қой. Шоколадқа да иегіміз қышымайды. Шəйға бір ауық арзан пешенəй мен кәдімгі карамель кəмпит қоюға неге болмайды? Күніне əр адамға 7000 теңге төлеп отырған жоқпыз ба? О, тоба, бұл нағылған жұмыртқадан жүн қырыққан жарымағандар еді?" деген жазба қалдырған болатын.

Апамыздың Алакөлдегі демалысқа қатысты жаймашуақ бірақ шымшыма әзілді пікірі әлемжеліні шулатып тастады. Ақын Қазыбек Иса былай деп жауап жазған екен:

"Ойбай, әпке-ау, Кешегі жазбаңызды оқығанда қуанып қалған едік. Біз де "Алакөліміз тұрғанда Анталияны неғыламыз" деп, патриоттықты ерттеп мініп, аттың басын солай туралап жатыр едік, бәрінің быт-шытын шығардыңыз ғой... Енді қайтеміз?!".

Негізі пансионат тамағына қанағаттанбаған жағдайда жағалаудағы кафелерден тамақтануға болады. Бірақ демалушылар Алматыға қарағанда бағасы күйіп тұрса да көбіне жүгерінің буға піскен тәтті собығын сатып алып, жегенді жөн санайды.

Қала базарында 100 теңге тұратын жүгері собығы мұнда 300 теңге. Ал сырашылар қақталған балыққа қарық болды. Бағасы 500-700 теңге аралығында.

Алакөлдің балшығы мен құмы да ем

Оны сату да мұнда трендке айналған. Бір келісі 1000 теңге тұрады. Балшықты денеге жағып алып, әрі пайдалы, әрі арзан маскаға қол жеткізгендеріне жұрт риза.


Құмға қыздырынып отырған демалушылар

Құмға қыздырынып отырған демалушылар / Фото informburo.kz


Жағалаудағы қара құмға көміліп, рахаттанып жатқандар да бар. Сұрасаң, көпшілік ыстық қара құмның буын ауруына ем екенін айтады.

Көміліп жатқан адамдарға кейбіреулер, құмның арасында сарышаян көп деп, сақтандырып жатады. Алайда сарышаян шақты деп шағыданғандар жайлы дерек жоқ.

Экстремалдар үшін

Экстремалды жаны сүйетіндерге қызық көп. Жұрттың көбі катерге арқанмен байланған сырт пішін банан тәрізді су отырғышына мініп, серуендегенді қызық көреді.

Жүрдек қайық иесі су бетінде әдейі қатты жүзіп, шырқ үйіре айналып, бананның үстіндегі адамдарды көлдің бетіне құлатуға тырысады. Сол бәріне қызық. Бананға іркес-тіркес шамамен үш-төрт адам отырады. Бір адам 1000 теңгеден төлейді.

Жағадағы қаумалаған жұрт бананға отырғандарды қай жерге барып, құлатар екен деп, демдерін ішіне тарта күтіп тұрады.

Жай ғана қайыққа отырып, көлде серуендеуді жаны қалайтындар да бар. Көлдің кереметін қайықпен жүріп, тамашалағыңыз келсе, адам басына 500 теңге төлеп, жарты сағат қыдырып қайтуға болады. Сонымен қатар, гидроциклға деген қызығушылық жоғары. Гидроциклді қанша уақытқа жалға алуыңызға байланысты бағасы да әртүрлі. Төменгі бағасы 1000 теңге.


Қайыққа отырушылар көп

Қайыққа отырып, көлді тамашалапаушылар көп / Фото informburo.kz


Көл жағасында тазалық жоқ екен

Көлдің жағасы тасты болғандықтан құмды жағалаудағыдай жалаңаяқ жүру мүмкін емес. Тіпті суға түскенде аяқтарынан резеңке сүйретпе тастамаған демалушыларды жиі кездестіруге болады.

Өкініштісі, тазалық сақталмайды. Тас арасында шағылған шемішке қабықтары мен босаған бөтелке көп. Бірақ оған мән беріп жатқан демалушылар жоқ. Қоқыс салатын жәшік ретінде топчандардың жанына бір-бір қап байлай салған.


Жағалау кешке қарай қоқысқа толып қалады

Жағалау кешке қарай қоқысқа толып қалады / Фото Гүлмария Барманбекованың фейсбук парқшасынан алынды


Неден сақтану керек?

Бір отбасы кемінде екі баладан жетектеп келеді. Көл басында суға түспей-ақ баласын жоғалтып жүргендерді де кездестіруге болады. Қызды-қыздымен әңгіме айтып, бала қараусыз, еңбектеп кетіп қалған.

Балалы отбасылар үшін сақтық шараларының бірі оларға суға батырмайтын құтқару жилетін кигізіп қою ғана емес екенін ескерген жөн. Өйткені жағалауда адам көп. Баланы қас-қағым сәтте жоғалтып алуға болады.

Әрі үрмелі матрас төсеніп, көл бетінде қалқып жүргендердің тіпті, ересектің құтқару жилетін кигеніне қарамастан, байқамай таптап өте шыққандарын көзіміз көрді.

Алакөлді жағалай орналасқан ауыл көп. Сондықан сырттан келіп демалушыларға қарағанда, жақын ауыл-аудандардан келушілер көп. Оны да ескерген қызмет көрсетушілер төрт ағаш тіреп, палаткамен қоршап, шешініп-киінетін жай жасап қойған. Бағасы 50 теңге. Бірақ бір үйден кемінде бес-алты адам баратындықтан, ол қызмет түрін пайдалана бермейді. Өйткені өз көлігінде шешініп-киіну тегін.


Ақылы қызмет түрлері

Ақылы қызмет түрлері / Фото informburo.kz


Жарбұлақ жағалауы

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарбұлақ ауылы жағындағы Алакөлдің жағалауы жайлы ақпарат бере кетсек, Ол жақта пансионаттардың бағасы 3-4 мың теңгеден басталады екен. Оған үш мезгіл тамағы кіреді. Талғамға қарай тамақ ішетін орындар мен балалар ойнайтын алаңдар бар. Бір адам бір жарым-екі мың теңгеге тойып тамақ ішуіне болады.


Жарбұлақ жағалауы да адамға толы

Жарбұлақ жағалауы да адамға толы / Фото informburo.kz



Туристерге арналған демалыс орны

Туристерге арналған демалыс алаңы / Фото informburo.kz



Жарбұлақ жағалауында сервис жоғары

Жарбұлақ жағалауында туристердің демалуына барлық жағдай жасалған / Фото informburo.kz


Алматы – Жалаңашкөл бағытындағы пойызға билет алсаңыз, жағалауға 500-1000 теңгеге жетіп аласыз. Ал билет тапшы болып, басқа стансадан түссеңіз, такси бағасы қымбаттай береді.

Ал туристерге айтар кеңесіміз, маса шағуына қарсы крем мен жылы киімдер алып барған жөн. Өйткені кез келген уақытта жаңбыр аралас жел соғып, күн бірден бұзылатын кездер болады.

Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері көлге 450 мың адам демалуға келген. Туристердің 150 мыңы жағалаудағы пансионттарға орналасса, 300 мыңы тек бір күнге көлге түсуге келгендер. Әкімшілік Алакөлге демалушылар саны биыл 600 мыңға жетеді деп болжам жасап отыр.

Алакөлдің Жарбұлақ жағалауында 160 демалыс орны, 12 кафе, 27 дүкен мен екі дәріхана орналасқан.

Тарату:

Оқи отырыңыз