Тікелей эфир

Меже – 190 мың адам. Экология министрлігі Шарын шатқалына келушілер санын қалай 10 есе көбейтпек?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Экология министрлігі "Шарын" ұлттық паркі аумағында 2 визит-орталық, этноауылдар, көру алаңдары, тамақтану орындары мен эко қонақ үйлерін салуды жоспарлап отыр.

2019 жылы "Шарын" ұлттық табиғи паркіне 20 мыңнан астам адам келген. Туристерге қызмет көрсеткені үшін парктің арнайы шотына 16,7 млн теңге түскен. Алайда Үкімет Шарындағы инфрақұрылымның қазіргі заманға сай келмеуінен экотуризм тиісті деңгейде дамымай отырғанын айтады. Соған орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұлттық паркті дамыту жобасын іске асыру арқылы келушілер санын 190 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Бұл жоспар қалай жүзеге аспақ? Баяндаймыз.

Шарынның қазіргі жағдайы қандай?

Ұлттық парк аумағында 4 туристік бағдар бар. Олар:

  • Шарын шатқалы;
  • Қамалдар алқабы;
  • Қорған обалары;
  • Кіші Темірлік шатқалы.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, парктің қазіргі инфрақұрылымы (автотұрақтар, көру алаңдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, нұсқау белгілері) қазіргі заман талаптарына сай келмейді.

"Салынған қаражаттың ұзақ өтелуіне байланысты инвесторлар арасында қызығушылықтың төмен болуы, дамыған инфрақұрылымның болмауы, жер учаскелерінің қаладан және елді мекендерден алыстығы, сондай-ақ, экотуризмді дамытуға инвестицияның болмауы өзекті мәселе болып отыр",

деді Ерлан Нысанбаев.

Осыған орай Экология министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, "Қазақ туризм" ұлттық компаниясымен бірлесе отырып табиғи парктерді басқару бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп, өздері әзірлеген тұжырымдаманы қоғамдық тыңдауға ұсынды.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау – "Жердегі Марс". Бұл – қазақстандық ішкі туризмді дамытуға арналған бірегей кейс

Шарын шатқалында не өзгереді?

Экология вице-министрі туристік бағдарлар мен соқпақтарды дамытуға баса назар аударылып, жеңіл құрылымдардан визит-орталықтарын, глэмпингтер, кемпингтер, этноауылдар салу жоспарда барын айтты. Сондай-ақ, ірі нысандар құрылысына жол берілмей, сапалы қызмет көрсететін бірыңғай туристік өнім жасау көзделген.

Жобаны әзірлеушілер АҚШ пен Қазақстанның ұлттық парктері ұқсас болғандықтан америкалық модельге сүйенген. Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев былтыр жоба авторлары Вашингтонда болып, АҚШ-тағы ұлттық парктер қызметінің басшылығымен кездескенін атап өтті. Оның сөзінше, Америкада парктерді басқару мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаларына сүйенеді. Жеке компания туризмді дамыту мақсатында барлық бизнес-процестерді ұйымдастырса, ал парк әкімшілігі кірістердің бір бөлігі есебінен табиғатты қорғау шараларымен айналысады.

"Қазақстан мен Америкадағы ұлттық парктердің айырмашылығы – АҚШ парктерінде инфрақұрлым жүз жыл бұрын жасалған. Сол кездің өзінде салынған нысандар әлі күнге дейін пайдаланылады. Олар жеке серіктеске концессия шартымен 15 жылға беріледі. 15 жыл бойы жеке серіктес осы ресурстарды басқарып, табыс табады, туризмді дамытады. Табыстың бір бөлігін ұлттық парктің арнайы шотына жібереді. Кейін бұл ақша табиғатты қорғауға жұмсалады", – деді Өркен Бисақаев.

Жеке инвестицияларды тарту арқылы төрт жаяу туристік бағдарды ұйымдастыру, екі визит-орталық, этноауыл, үш көру алаңын, глэмпинг алаңдары, кемпингтер мен керуен алаңдарын, тамақтану орындары мен кәдесый сату орындарын орнату көзделген. Рекреациялық жүктемені азайту үшін барлық нысан шатқалдан тыс аумақта бой көтереді. Экобекеттен кейін орналасатын визит-орталықтан аумақ пен туристік бағдарлар туралы ақпарат алуға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?

Визит-орталықтың құрылымы:

  • ресепшн;
  • кинозал, конференц-зал;
  • келушілерге арналған ақпарат бағаны;
  • кәдесыйлар киоскі;
  • қызметкерлерге арналған үй-жай;
  • кітап киоскі;
  • музей немесе экспозиция.

Визит-орталық жанына 50 орындық мейрамхана, 50 орындық эко қонақ үй, 50 орындық ұлттық тағамдар кафесі, этноауыл, 100 орындық автотұрақ, балалар алаңын салу жоспарланған.

Жобада жаяу және велосипедке арналған туристік бағдарлар қарастырылған. Жасы үлкен адамдар ұлттық парктің барлық бағдарына газбен жүретін автомобильмен жетеді. Шатқалға түсер алдында велосипедтерді жалға беру бекеттері, дәретханалар, медицина бекеті орналасады.


Шарын шатқалы

Шарын шатқалы / Сурет depositphotos.com сайтынан алынды


Экотуризмді дамытуға қанша қаржы қажет?

Ұлттық паркті дамытуға алдын ала есептеулер бойынша 3,6 млрд теңге қажет. Оның ішінде болжанбаған шығыстарға 700 млн теңге көзделген. Жоба қолдау тапса, жұмыс орны 46-дан 180 адамға, ал келушілер саны жылына 190 мың адамға жетеді деп болжанған.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақта туристік қызметті жүзеге асыру үшін парк учаскелері бес жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді және 45 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жалға беріледі.

Жоба қабылданса, ашық конкурс арқылы болашақ инвесторларды тарту көзделеді. Экология министрлігі ұлттық парктердің жерлері Қазақстан заңына сәйкес, мемлекет меншігінде толықтай қала отырып, жеке тұлғалардың иелігіне ешқандай жағдайда берілмейді деп сендірді. Инвестор міндетін орындамаса, келісімшартты кез келген уақытта бұзып, туризмді дамытуға бөлінген жерлер уақытша пайдалануға беріледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады дейді мамандар

Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық парктің тұтас аумағында туризм мен бизнесті дамытуға бір инвестор жауап беруі керек деп есептейді.

Экология министрлігі "Шарын" ұлттық паркінде экотуризмді дамыту тұжырымдамасын талқылау мақсатында жақын уақытта қоғамдық кеңес құрылатынын атап өтті. Оған ғалымдар, сала сарапшылары, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері енеді. Сондай-ақ, ұлттық парктерде экотуризмді дамытуға мүдделі барлық әлеуетті инвесторлар жобаны іске асыруға шақырылады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл процесс барынша ашық болады.

Табиғат жанашырлары не дейді?

БҰҰ Даму бағдарламалары жобасының менеджері Талғат Кертешев ең алдымен "Шарын" ұлттық паркінінің рекреациялық жүктемесін анықтау қажет деген пікірде. Парктің қанша адам қабылдай алатынын зерттегенде төлқұжаттағы сандарға сай болмаған.

"Шарын шатқалының бір маусымдағы рекреациялық жүктемесі төлқұжатта 288 мың адам деп көрсетілсе, біз 94 608 адам екенін анықтадық. Шаған тоғайының жүктемесі төлқұжатта – 43 мың адам, біздің есебімізше – 32 850 адам. Темірліктің төлқұжаттағы жүктемесі – 144 мың адам, біз 11 388 адамды есептедік. Парктің рекреациялық жүктемесіне қарай бағдарлануымыз керек. Инвестордың экотуризмді дамытқаны, тәртіпке келтіргені жақсы. Конкурс жариялағанда инвестор парктің қанша адам қабылдауға қауқарлы екенін біліп, соған сай инфрақұрылым жасаыу үшін рекреациялық жүктеме нормасын көрсету қажет", – деді Талғат Кертешев.

Ол барлық істі инвестордың мойнына артпай, мемлекет те өзіне белгілі бір міндеттерді алуы тиіс екенін айтты.

Экобелсенді, "Зеленое спасение" экоқоғамдастығының менеджері Светлана Спатарь Қазақстанда әлі күнге дейін рекреациялық жүктемені есептеу әдісі жоқ екенін, онсыз ұлттық парктерді дамыту жоспарын әзірлеуге болмайтынын айтты. Ең алдымен жүктемені анықтап, содан кейін ғана ұлттық парктерді дамытумен айналысу керек дейді ол.

Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет

Eco Fund Tabigat қорының төрағасы Герман Чащин "Шарын" шатқалы ғана емес, барлық ұлттық парк аумағына бір рет қолданылатын пластиктерді, алкоголь заттарды, темекіні әкелуге тыйым салуды ұсынды.

"Сенбіліктерге қатысқанда темекі тұқылдары барлық жерде жатқанын көрдім. Ішімдік табиғатқа жауапсыз қарауға әсер етеді. Парктер аумағында арақ-шарап бөтелкелері жетерлік. Сол себепті экожобалар дайындағанда осындай заттарды қорғалатын аумақ маңайына әкелуге тыйым салуды енгізуді ұсынамын. Эковолонтерлер, сенбіліктер қоқыстың шашылу себебімен емес, салдарымен күресіп жатыр", – деді маман.

Экбелсенді Тимур Елеусізов Шарынның үстінен бір сағатта үш тікұшақтың ұшқанын көрген. Оның сөзінше, тікұшақ төмен түскенде шу қысымы шатқалдың экожүйесіне зақым келтіреді. Тұжырымдаманы талқылай келе шатқалдың экожүйесіне зиян келтіретіндіктен тікұшақ бағдары алынып тасталған.

"Шарын" ұлттық паркі жанында экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңеске мүше болғысы келетіндер 3 қыркүйекке дейін жеке басы туралы мәліметтерді muratov@ecogeo.gov.kz электронды поштасына жіберуі керек.
Серіктестер жаңалықтары