Тікелей эфир

Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Туризмді дамытуға Қазақстанда 2018-2019 жылдары 10 млрд теңге бөлінген.

Informburo.kz тілшісі Назерке Абибулла – "Сорос-Қазақстан" қоғамдық қорының қолдауымен Zertteu Research Institute қоғамдық қоры ұйымдастырған Open Budget Fellowship 2019 жобасының түлегі. Таяуда ол жоба аясында әзірлеген журналистік зерттеу жұмысын "Бюджет ашықтығы даму кепілі" сұхбат алаңында сәтті қорғап шықты.

Informburo.kz тілшінің "Қазақстан туризмі: брендинг пен имиджге бөлінетін қаржының ашықтығы" зерттеу жұмысында көтерген өзекті мәселелерін ұсынып отыр.

Елімізде туристік имиджді қалыптастыруға және ілгерілетуге бөлінетін қаржы жыл санап артып келеді. Алайда қаржының қайда жұмсалып жатқаны белгісіз болғандықтан, оның тиімділігін анықтау да мүмкін болмай отыр.

Туристік имиджге бөлінетін қаржы

Бюджеттік бағдарламалар:

  • 2003 жылға дейін – "Туристік қызмет жөніндегі іс-шаралар";
  • 2004 - 2015 жж. – "Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру";
  • 2016 жылдан бастап – "Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру мен оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету".

Бюджеттік бағдарламаларға әр жылдары Туризм және спорт жөнiндегi агенттiк, Индустрия және сауда, Туризм және спорт, Индустрия және жаңа технологиялар, Инвестициялар және даму министрліктері әкімшілік етті. 2017 жылдан бері бюджеттік бағдарлама әкімшісі – Мәдениет және спорт министрлігі.

2018 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы 400 млн теңгеден 4 млрд теңгеге дейін 10 есе көбейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан туристік державаға айнала ма?



Өңірлердегі туризмді дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен "Жергілікті деңгейде туризм саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер" және "Туристік қызметті реттеу" бюджеттік бағдарламаларына қаржы бөлу көзделген. 2016 жылдан бастап Қазақстан Президентінің іс басқармасы әкімшілігі "Щучинск – Бурабай" курорт аймағының туристік имиджін қалыптастыру" бюджеттік бағдарламасына әкімшілік етеді.

Туристер статистикасы

Туризмге бөлінетін қаржының тиімділігін туристер санымен және олардың Қазақстанда жұмсаған ақша сомасын есептеу арқылы анықтау мүмкін болмай отыр. Мемлекеттік органдар нақты туристер саны бойынша статистика ұсына алмайды.

Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі мен "Kazakh Tourism" ҰК Қазақстанға келушілер санын "туристер" деп жиі көрсетеді. БАҚ олардың мәліметтеріне сүйеніп, "2018 жылы Қазақстанға 8,5 млн турист келді" деген сарында ақпарат таратады. Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы туризм мақсатымен 66 мың адам келген. Үкім: манипуляция.



Анығында 8,5 млн адам – шекарадан өткен шетелдіктер.

Халықаралық тәжірибеде турист деп 24 сағаттан астам уақыт саяхаттаған немесе бір түннен кем емес сол елде түнеген жеке тұлғаларды атайды.

Қазақстанда 24 сағаттан астам уақыт ел аумағында болған және орналасу орындарында тұрақтаған шетел азаматтары келуші туристер саналады.

  • Шығу туризмi – қазақстандықтардың басқа елге саяхаты.
  • Ішкi туризм – қазақстандықтардың ел аумағындағы саяхаты.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ішкі туризмнен жылына $20 млрд жоғалтады дейді мамандар

Қазақстан туристік қауымдастығының президенті, сарапшы Рашида Шайкенованың пікірінше, 9 рет ведомство ауыстырған туризм саласы әлі күнге дейін жеке сала ретінде қарастырылмай отыр. Сол себепті "кірген-шыққанның" бәрін есептеп, кейде Қазақстанға жұмыс істеу үшін келген Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын да туристер қатарына қосады.

Kazakh Tourism қолданыстағы санақ әдістемесінің елде қанша турист жүргені жайлы толық мәлімет бере алмайтынын мойындап отыр. Олар туристердің дені қонақүйде тоқтайтынын, не пәтер жалдайтынын, тіпті болмаса табиғат аясындағы кемпингке шығатынын, тиісінше бір күнге ғана келген меймандар тіркеуден өтпейтінін алға тартады.

Ендігі кезекте компания жанынан құрылған жобалау кеңсесі байланыс операторларының мәліметтерін қолданып, ел ішінде нақты қанша турист жүргенін анықтамақшы. Мұндай технологиялардың көмегімен саяхатшының портретін, жасын, жынысын, нені ұнататынын, экономикалық тұрғыдан қанша табыс әкелетінін білуге болады.

Бұл бастама туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Қазіргі таңда сатып алулар өтіп жатыр. Kazakh Tourism шара аясында туристердің санынан гөрі олардыңпортретін әзірлеуге назар аудармақ.

"Жоқ" брендке қаржы бөлінеді

2010 жылдан бері туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламалары мен тұжырымдамаларында имидждік стратегия ретінде халықаралық нарықтарда жұмыс істеу үшін туристік бренд әзірлеу мен оны ілгерілету айтылып келеді. Kazakh Tourism компаниясы ұлттық туристік брендті ілгерілету және ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында құрылған.

Оқи отырыңыз: Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны

2018 жылы желтоқсанда Kazakh Tourism арнайы форум өткізіп, көпшілікке #ExplorestanKazakhstan бренд тұжырымдамасын таныстырды. Action Media отандық агенттігі мен Media Gurus Inc канадалық компаниясы әзірлеген жобаға 74 мыңға жуық АҚШ доллары жұмсалған.

Бұдан әрі тұжырымдаманы визуализациялап, бірнеше логотип нұсқаларын әзірлеу үшін Kazakh Tourism отандық креативтік және жарнамалық агенттіктер арасында конкурс жариялаған.

Туристік брендті министрлік бекітпесе де, 2019 жылдың тамыз айында "Қазақстанды таны" халықаралық блогерлер форумында туристік бренд концепциясы негізінде түсірілген Travelstan видеоролигін таныстырды. Бірақ Kazakh Tourism жаңа Meet Qazaqstan туристік брендін ұсынды. Мұны компания қызметкерлері ешқандай қаржы жұмсамай, өздері әзірлеген.

"2013 жылдан бері әртүрлі орган туристік бренд концепциясына қатысты зерттеулер, конкурстар өткізген. Кейбірі – ақылы негізде, кейбірі – тегін. Бірнеше жоба жиналса да, олар қолдау таппады. Оның екі себебі бар. Біріншіден, жеріміз өте кең болғандықтан, туристік өнімдер әртүрлі. Біреу медициналық туризмді, біреу Жібек жолын, енді бірі қызғалдақты дамытқысы келеді. Бәрінің басын біріктіру қиын болды. Екіншіден, келіссөздер дұрыс жүргізілмей, концепция конкурстары да өтпеді. Шешім қабылдау үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді", – дейді Kazakh Tourism компаниясының өкілі Талғат Аманбаев.

#Explorestan_Kazakhstan концепциясы маркетингтік кампания ретінде қолданыла бермек. Концепция ағылшын тілді аудиторияға сәтті өткенімен, ел ішінде қолдау таппаған. Талғат Аманбаев 2020 жылы Токио олимпиадасына немесе Дубайдағы ЭКСПО көрмесіне Meet Qazaqstan брендімен шығу жоспарда барын айтты.



Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаеваның сөзінше, туристік брендсіз маркетинг іс-шараларын өткізу ақылға қонымсыз. Туристік брендтің әлі күнге дейін болмауынан имиджге бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқаны күмән туғызады.

2020 жылдың басында Үкімет туризм, инвестиция, саясат секілді барлық саланы біріктіретін бірыңғай ұлттық бренд қабылдауды тапсырды. Kazakh Tourism ұлттық бренд қабылданғанға дейін Meet Qazaqstan-ды кампания ретінде іске асырады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда дизайнерлер мен туризм мамандары жетіспейді

Kazakh Tourism қаржыландыру сомасы

Kazakh Tourism "Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру мен оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету" мемлекеттік тапсырысы бойынша Туризм индустриясы комитеті есебінен қаржыландырылады. Ашық ресурстарда компанияның қаржыландыру сомасы көрсетілмеген.

Компанияға жыл сайын бөлінетін қаржы сомасы туралы сұрау хатқа http://qaztourism.kz/tenders/procurement сілтемесі арқылы толық ақпарат алуға болады деп жауап берді. Мемлекеттік сатып алу жоспары ай сайын өзгереді, сол себепті нақты қаржыландыру сомасын бұл сілтеме арқылы білу мүмкін емес.



Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева мемлекеттік сатып алу порталындағы келісілген шарттарға талдау жасап, Kazakh Tourism компаниясының қаржыландыру сомасын жариялады.

PATA халықаралық көрмесі кезінде Kazakh Tourism өкілі туризмді шетелге таныстыруға бөлінетін қаржының өзі 2 млрд теңгеден асатынын айтты.

Kazakh Tourism сайтында жарияланған мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарында (2019 жылдың 1 қазанынан бастап өзгерістер енгізілген) барлық тауарлар мен қызметтердің сомасы – 1 520 110 919,70 теңге.

Оқи отырыңыз: Медициналық ішкі туризм науқастарға қашан көмекке келеді?

Ал Мемлекеттік сатып алулар веб-порталындағы 2019 жылдың басынан 3 қазанға дейінгі жасалған келісімшарттар құны – 1 368 025 695,02 теңге.

Үкіметтің "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеті" туралы ҚР заңын іске асыру туралы 2018 жылдың 7 желтоқсанында жарияланған Үкімет қаулысында (23.09.2019 өзгерістер енгізілген) "Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру" кіші бағдарламасын орындауға Kazakh Tourism ұлттық компаниясына 1 965 132 мың теңге бөлінді деп көрсетілген.

Осылайша компанияның қаржыландыру сомасы ашық ресурста болмаған соң, ақпарат әртүрлі. Компания көрсеткен сатып алу жоспары мекеменің бюджеті туралы нақты ақпаратты бере алмайды.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшарттардан Kazakh Tourism компаниясының 2019 жылғы ірі шығындарын көруге болады.



Есеп комитетінің аудиті

Есеп комитеті 2019 жылы Туризм индустриясы комитеті мен Kazakh Tourism ҰК АҚ қызметіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Туризм индустриясы комитеті тарапынан республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде тиісті ұйымдастыру, үйлестіру және мониторингтің болмауынан жоспарланған іс-шараларды іске асырудың сапасы мен тиімділігіне теріс әсер еткен кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталған.

Халықаралық көрмелерде Қазақстан мен өңірлер экспозициялары бөлек көрсетілген. 2018 жылы Берлин, Сингапур, Мәскеу, Барселона және Лондондағы көрмелер де осылай өткен. Мұндай қайталаулар келушілердің түсініспеушілігін тудырады және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға әкеп соғады.

Оқи отырыңыз: Түркістан – "Екінші Мекке" атануға, әлемдік туризм ордасына айналуға лайық

2018 жылы Қазақстанды 23 шетелдік көрмеде әртүрлі ұйымдар таныстырған. Бұл ретте бір іс-шараға қатысу үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 522 млн теңге жұмсалған, соның ішінде:

  • Туризм индустриясы комитеті – 322 млн тг;
  • жергілікті атқарушы органдар – шамамен 200 млн тг.

2017 жылы бюджет қаражаты толық игерілсе де, Туризм индустриясы комитеті ішкі және келу туризмі бойынша келушілер санын ұлғайтуда бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеген. 2018 жылы елден тыс жерлерде Қазақстанның қатысуы жоспарланған 21 халықаралық туристік көрменің төртеуі өткізілмеген.

Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 460 млн теңгеге қаржылық бұзушылық анықталған. Оның 97 пайызы – бухгалтерлік есепті жүргізу бойынша. Жалпы сомасы 2 243 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану және 43 рәсімдік бұзушылық дерегі анықталды.

Сайттар мониторингі

Туристік имиджге жауапты орган – Туризм индустриясы комитетінің жеке ресми сайты жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі сайтындағы комитет туралы айдарда бірнеше бөлім бар. Басшылық және саланың жағдайы туралы бөлімдерін ашқанда "аталған парақ толтырылуда" деген жазу ғана шығады, яғни, ешқандай мәлімет жоқ. Комитет мемлекеттік сатып алу жоспарын, азаматтық бюджетін, қаржы есебін көрсетпеген.

Министрліктің мемлекеттік сатып алу жоспарында Комитет қызметіне қатысты мәліметтер жоқ. 2018 жылы министрлік пен оның комитеттерінің ақпараттық жүйелерін ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуге 47 604 мың теңге жұмсалған.

Оқи отырыңыз: Рухани жаңғыру мен қаңғыру

Kazakh Tourism компаниясының сайтының интерфейсі жаңарды. Сайтта мемлекеттік сатып алу жылдық жоспары өзгертулермен қоса жарияланады. 2017-2018 жылдың қаржылық есептілігі берілген. Kazakh Tourism мемлекеттік тапсырма есебінен қаржыландырылатындықтан, бюджеттік бағдарлама, оның атқарылуы, іс-шаралары туралы мәліметті сайтында жариялануы тиіс.

Kazakh Tourism миссиясында өзінің күнделікті қызметінде халықаралық туристік қауымдастықтармен, даму ұйымдарымен, туристік саудалармен және медиа компаниялармен серіктестікке және одақтарға сүйенетіні жазылған. Сол себепті олар туралы да мәлімет жариялануы орынды. Жаңартылған сайтта компания жасаған жобалар туралы мәлімет қосылған.



Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында туризм басқармасы болмағанымен бөлім деңгейінде ғана жұмыс істейді. Кейбір өңірлерде туризм саласы кәсіпкерлік, сауда, сыртқы байланыстар және спортты дамыту салаларымен бір басқарма болып отыр.



Кейбір өңірлердегі басқармалар жанында туристік маршруттар, нысандар, туроператорлар мен агенттіктер туралы мәлімет жариялайтын ақпараттық орталықтар бар. Мысалы:

  • Алматы облысында zhetysu.travel.kz;
  • Шығыс Қазақстан облысында toureast.kz;
  • Түркістан облысында ontustiktravel.kz;
  • Жамбыл облысында "Тараз-туризм" ақпараттық орталықтары жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Балалар туристік пойызы іске қосылады. Ал Kids go free жобасы Мәжіліс қарауында

Маңғыстау облысының туризм басқармасының сайтында ғана толыққанды мәліметтер бар. Олар бюджеттік бағдарламаның орындалуы туралы талдамалық есеп, орындалу мониторингі нәтижелері туралы есеп, тіпті "дастархан жаю және тарту жасау сынды жағдайлар жаппай тексерілетіні" жөнінде ақпарат орналастырған. Қызылорда облысы жеке кәсіпкерлік және туризм басқармасы атқарылған жұмыстардың есебін, статистикалық мәліметтерді, сатып алу жоспарларын көрсетіп отырады.

Мәселенің шешімі

Зерттеу нәтижесінде туризм саласына бөлінетін қаржы жыл сайын артса да, туристер саны өспейтіні белгілі болды. Қаржы инфрақұрылымды дамытудан бұрын форумдар өткізуге, халықаралық көрмелерге жұмсалады.

ЖІӨ-дегі туризм саласының үлесі:

  • 2014 жылы – 0,3%;
  • 2016 жылы – 1%;
  • 2017 жылы – 1,2%.

Осы орайда 2019 – 2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасында бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай кемінде 8 пайызға жеткізу көзделген.

Алайда туристік саланы дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар нақты индикаторларға қол жеткізбеді. Бұл жағдай имиджден бұрын туристік инфрақұрылымды құру мен дамыту бойынша бағдарлама әзірлеуді талап етеді. Kazakh Tourism компаниясы да инфрақұрылым, жолдар сапасы, әуе билеттерінің бағасы, қызмет көрсету сапасы мен кадрлар білімі туризмді дамытуға кедергі болып отырғанын айтады.

Дүниежүзілік экономикалық форум жариялаған саяхат пен туризм бойынша 2019 жылғы бәсекеге қабілеттілік жаһандық рейтингінде Қазақстан 140 елдің арасында 80-орында, инфрақұрылым бойынша – 89-орында.

Қазақстанға келген туристер саны жөнінде статистикалық мәлімет әртүрлі. Қандай туристік орындарына сұраныс жоғары екені жөнінде ақпарат жоқ. Шетелден туристерді тарту үшін бірнеше дестинацияны дамыту көзделген. Алайда олар сыртқы нарықтан бұрын ішкі нарыққа танылмай отыр.

Оқи отырыңыз: Өзбектердің туризмді дамытқаны сондай қазақтар да көршіге барып демалғанды тиімді санайтын болды

Заңнамаларда брендинг туралы жазылса да, Қазақстан тарихында туристік бренд болмаған. Туристік брендке заң тұрғысынан қойылатын талаптар жоқ. Сол себепті 10 жылдан бері айтылып келе жатқан дүние "шала" күйінде қалып отыр. Kazakh Tourism компаниясының бір жылдың ішінде екі бренд концепциясын таныстырып, оның алғашқысының қолдау таппауы брендингке қойылатын талаптардың жоқтығын, шетелге Қазақстанның туристік тартымдылығын көрсету үшін ішкі нарықтың дұрыс зерттелмегенін көрсетеді.

Компания жарғысында көрсетілген "көрме ұйымдастыру" міндетін орындай алмай отыр. Мемлекеттік тапсырма шараларының 90 пайыздан астамын басқа ұйымдардың қосалқы мердігерлеріне беру компания қызметінің тиімсіздігін көрсетеді.

Шетелдік телеарналар мен басылымдарда, интернет ресурстарында Қазақстан имиджін ілгерілету мақсатында жарияланған материалдардың басым бөлігі жаңалық сипатында өткен іс-шаралар мен келісімдер туралы. Ал шетелдіктерге Қазақстан туризмі туралы ақпарат беретін материалдар жоқтың қасы.

Сайттар мониторингін жүргізгенде Туризм индустриясы комитетінің мүлдем сайты жоқ, ашық ақпарат алу мүмкін емес екені анықталды. Жергілікті туризм басқармаларының үшеуі ғана мемлекеттік сатып алу жоспарын жариялаған. Бюджет кодексінде мемлекеттік органдарға Азаматтық бюджетті жариялау талап етілсе де, мұны Маңғыстау облысының туризм басқармасы ғана орындап отыр.

Оқи отырыңыз: Әлем қалаларының үздік ондығы. Рейтингі жоғары қалалар туралы қызық деректер

Туризм индустриясы комитеті мен Kazakh Tourism компаниясы сұрау хаттарға толық жауап бермеді. Комитеттің қызметі белгісіз. Бренд концепциялары қалай әзірленгені және қанша қаржы жұмсалғаны, қайда талқыланатыны жөнінде ашық ақпарат жоқ. Туристік қауымдастықтың өзі мемлекеттік сатып алулар порталындағы келісілген шарттарға талдау жүргізу арқылы қаржыландыру сомасын шамалап білім отыр. Ашық ақпарат болмағандықтан, бюджетке қоғамның қатысу деңгейі төмендейді.

Аталған мәселелерді шешу үшін:

  • туристік имиджді көтеруге жауапты мекемелер ақпараттық ресурстарына бюджет ашықтығын қамтамасыз ететін құжаттар мен мәліметтерді жариялап отыру;
  • туристік бренд түсінігіне заңнама тұрғысынан анықтама беру;
  • Қазақстанға туристік мақсатпен келген шетелдіктерді анықтайтын өлшемдерді нақтылау қажет.
Серіктестер жаңалықтары