Тікелей эфир

Су тасқынына байланысты Солтүстік Қазақстанда халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Жайық өзенінің жағасында ұлулардың қырылып жатқаны анықталды. Доллар бағамы үш күн қатарынан төмендеді.

FlyArystan Алматы – Қарағанды бағытындағы әуе билеттерін 5999 теңгеден сата бастады

Бұл сомаға билет алған жолаушының бортта орын таңдау мүмкіндігі болмайды, тамақтанбайды және тек 5 кг дейінгі қол жүгін алып жүре алады. Қалған қосымша қызметтерге қосымша ақы төленуі тиіс.

Бұл бағытта компанияның алғашқы рейсі 2 мамырға жоспарланған. Ұшу ұзақтығы 1,5 сағатты құрайды.

"Сергек" жобасы бойынша Өскеменде 2928 бейнебақылау қондырғысы орнатылады

Облыс әкімдігі қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы ережесін бақылау мақсатында "Сергек" жүйесін іске қосып жатыр. Қолданыстағы 1000 бейнебақылау камералары осы бірыңғай жүйеге қосылады. Жүйеде барлығы 3928 камера жұмыс істейтін болады.

"Сергек" жобасы Елорда, Алматы, Шымкент қалаларында іске асырылған. Астанада 2018 жылы камералардың көмегімен 14 717 қылмыстың 507-і ашылды, 45 900 әкімшілік құқықбұзу дерегі анықталған.

Прокурор Қырғыз депутатын 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

"ҚР ҚК 264-бабының 1-бөлігі, 234-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп тауып, жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтесін. Бұдан соң елден шығарылсын" деді прокурор сот отырысында. Алматыда өтіп жатқан процесте былтыр Оңтүстік Қазақстандағы арнайы операциялар кезінде ұсталған Дамирбек Асылбекұлымен бірге тағы 11 адам жауап беріп жатыр.

Мәлім болғандай, Дамирбек Асылбекұлы Қырғызстан парламентінің депутаты бола тұрып, 2016 жылдың қарашасында трансұлттық ұйымдасқан топ құрған. Аса ірі көлемдегі халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен Қытайдан Қырғызстан арқылы Қазақстанға бірнеше мәрте жеткізген.

Кейін оның екі мемлекеттің (Қазақстан мен Қырғызстан) азаматтығын алғаны белгілі болды. Былтырғы жылдың сәуір айында Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы оны депутат мандатынан айырды. Қазақстанның төлқұжаты да жарамсыз деп танылды.

ЖСН-дегі қатенің кесірінен елордалық Майра Мырзағалидың жынысы ер боп көрсетілген

Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов Әділет Министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында жеке сәйкестендіру нөмірлерін түзету үшін тиісті шаралар қабылдау керектігін баса айтты. Депутат ЖСН -дегі қатеден проблемаларға тап болған қазақстандықтар туралы мысал-дәлелдерді келтірді.

"Қарағандылық Наталья Шубичук 2018 жылы жоғалған жеке куәлігін ауыстырғаннан кейін, өзінің 143-те емес, 43 жаста екенін дәлелдеп, әуреге түсті. ХҚКО жіберген қате кесірінен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Майра Мырзағалидың жынысы ер деп көрсетілген. Е-gov жүйесі оның ЖСН-ін осылай белгілепті" деді депутат. Бұл ретте ол ұлттық базаға қате деректерді енгізген әділет органдарының қызметкерлеріне жазаны күшейтуді де сұрады.

Су тасқынына байланысты Солтүстік Қазақстанда халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Қаратал поселкесінен 179 адам көрші Қулыкөл селоға орналастырылды. Су тасқынына байланысты Екатеринбург – Алматы тас жолының Рузаевка селосынан Ақмола облысының аумағына дейінгі бөлігі жабылды. Аяқасты тасыған Қылшақты өзенінің арнасы бекітіліп жатыр. Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына Елорда, Шымкент, Тараз қалаларынан құтқарушылар мен техника көмекке жіберілді.

Жайық өзенінің жағасында ұлулар қырылып қалған

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары мұның себебін анықтау мақсатында өзен суы мен қабыршақтар сынамасын алды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің фейсбук парақшасында жазды.

"Қабыршақтардың сынамалары сараптама жүргізу үшін Жайықтағы балықтардың жаппай қырылуын тексеріп жатқан Атырау облысының полиция департаментіне де жіберіледі" деді ол жазбасында.

Назарбаев: Тұңғыш Президенттің кеңсесі құрылды, енді ол қызмет көрсетуге кіріседі

Тұңғыш президент өзі төрағалық еткен жиында осылай мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент Кеңсесінің алдына қойылған міндеттердің уақытылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Мемлекетті одан әрі дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді сапалы шешу мақсатымен ведомствоаралық өзара тиімді ықпалдастық орнатудың қажеттілігін айтты.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы үш күн қатарынан төмендеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) сәрсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 долларға 379,12 теңгеден болды. Доллар бағамы дүйсенбі күні 380,36 теңгеден 379,96 болып, 0,4 теңгеге дейін, сейсенбі күні 379,48 теңге –0,48 теңгеге дейін төмендеген еді.

Baq.kz: Алдағы үш тәулікте күн суытады. 4-6 сәуірде Жерорта теңізінің белсенді циклоны шығысқа қарай жылжиды, атмсофералық фронт көптеген облыстарға жауын-шашын әкеледі, желдің ұйытқуын күшейтеді. Солтүстік облыстарда жаңбырдың арты сулы қарға ұласуы мүмкін, оңтүстік облыстарда кей жерлерде күшті жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады. Республикамыздың солтүстік бөлігінде түнгі температура 0-ден минус 5°С дейін төмендейді.

24.kz: Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін қай аренада өткізетінін шешті. GGG келесі кездесуін өткізу үшін Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасын таңдаған. Головкиннің DAZN стриминг қызметімен келісімшарт бойынша бірінші жекпе-жегіне ең қолайлы уақыт ретінде 8 маусым аталып отыр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары