Соңғы кездері еліміздің әр өңірінде өрт көбейіп кетті. Тілсіз жаудың кесірінен өткен аптада ғана Жамбыл облысында бір үйдің 5 баласы қаза тапты. Трагедия бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биылғы жыл басталған бері қызыл жалыннан 63 адам жарақат алған. Оның жетеуі бала. Төтеншеліктердің дерегінше, өрт шығуының негізгі себептері:
- пештерді орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу – 420 жағдай;
- электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу – 327 жағдай;
- отты абайсыз пайдалану – 253 жағдай;
- өртеу (поджог) – 61 жағдай;
- мас күйінде төсекте темекі шегуі – 40 жағдай;
- балалардың отпен ойнауы – 10 жағдай.
Апат айтып келмейді. Дегенмен тұрғын үй, пәтер немесе саяжайыңыз өрт қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін білу өте маңызды. Сондықтан бірқатар қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз.
№.1 Электр желілері мен жабдықтарының жай-күйін зерттеңіз
Тілсіз жаудан сақтану үшін үйдегі электр жабдықтары мен желілерінің жағдайын мұқият тексерген жөн. Оны өз білгеніңізше емес, арнайы маманға сеніп тапсырған дұрыс. Өйткені, тәжірибелі маман барлық ақауларды бірден анықтап, кем-кетігін түзейді. Егер сіз баспананы жалға алушы болсаңыз, үй иесімен шартқа қол қоймас бұрын тоқ сымдарының осал жерлерін бірден жөндеп беруін келісіп алыңыз.
Барлық маңызды шұғыл қызметтердің, әсіресе жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және апаттық жағдайларды басқару қызметтерінің нөмірлерін жазып алыңыз. Эвакуация ережелерін оқып шығыңыз және үйде апаттық шығу жолдары мен өрт баспалдақтары қайда орналасқанын есте сақтаңыз.
Оқи отырыңыз: Алматыда 500-ге жуық өрт болды: жер үйлерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды
№.2 Тексеру жүргізіңіз
Үй іші және балкондағы ескі заттарды іріктеп, барлық қажет емес заттардан: ескі бояулар мен лактардан, тез тұтанатын материалдардан, кілемдерден, бос қораптардан арылуды ұмытпаңыз.
Егер пайдаланбайтын электр құралдары болса, оларды тоқтан ажыратып қауіпсіз жерге алып тастау қажет. Ал кабельдерді майыспайтындай және кедергі жасамайтындай етіп жинаған жөн. Өйткен, қатты немесе жиі майыстырылған тоқтар қысқа тұйықталып, электр доғасын тудыруы мүмкін. Бұл жағдайда кабель жарқылдай ұшқындай бастайды. Бұл электр сымының еруіне және өртенуіне әкеліп соғады.
Сондай-ақ, сымдарды күн сәулесінің тікелей әсерінен қорғау керек және ауа температурасының жиі өзгерісіне ұшыратпау маңызды.
Оқи отырыңыз: Жер үйлерге улы газ дабылдатқыштары орнатылуы тиіс. Ол өрттен қорғануға көмектеседі. Құрылғыны қалай таңдау керек?
№.3 Сапалы электр жабдықтарын сатып алыңыз
Өз қауіпсіздігіңіз үшін ақшаны үнемдемеңіз. Мүмкіндігінше электр панеліне жоғары сапалы, автоматты түрде істейтін ажыратқыштарды және дифавтоматтарды орнатыңыз. Олар электр желісінің жұмысында қысқа тұйықталу және басқа да ауытқулар болған жағдайда тұрғын үйді қорғайды.
Бұл құрылғыларды таңдағанда олардың сипаттамалары сіздің желі параметрлеріне сәйкес келуі тиіс. Ал тауарды өндірушілер халық сенімінен шыққан, өз өнімдеріне кепілдік беретін болуы маңызды.
Алайда, бұл құрылғылар электр сымдарының мезгіл-мезгіл пайда болатын ұшқындары мен доғаларын ажырата алмайды. Дәл соның салдарынан өрттің тұтануы мүмкін. Мұндай жағдайда доға ақауларынан қорғау құралы көмекке келеді. Бұл жабдық жатын бөлмеге және балалар бөлмесіне жақсы орнатылады.
Сондай-ақ, тез тұтанудан төзімді қауіпсіз құрылыс және әрлеу материалдарына назар аударған жөн.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?
№.4 Электр құрылғыларына сақ болыңыз
Егер үйдегі электр шәйнегі немесе үтігіңіздің өте ескіргенін байқасаңыз, тәуекелге бармай жаңасын сатып алғаныңыз жөн. Құрылғылармен қоса олардың сымдары да ескіреді. Сондықтан, жарық желісінің жұмысын бұзып, тоқтың тұйықталуына әкеліп соғады.
Бұған қоса, электр құрылғыларын розеткадан суырып жүруді ұмытпаңыз. Құрылғыларды тоқтан ажыратар кезде сымнан тартпай, штепсельден ұстау қажет. Бұл желіге зиян келтірмейді.
Оқи отырыңыз: Отшашу кезіндегі қауіпсіздік талаптары қандай?
№.5 Шамадан тыс жүктемелерге жол бермеңіз
Желіге бірден бірнеше қуатты құрылғыларды қоспаңыз. Егер бір мезетте компьютерді, кір жуғыш машинаны, шәйнекті, теледидарды және үтікті бір розеткаға қоссаңыз, электр желісі шамадан тыс жүктелуі мүмкін. Салдарынан желі шамадан тыс жүктеліп, құрылғылар күйіп кетеді. Ал ең жаманы – өрт шығуы мүмкін.
Гаджеттерге арналған зарядтағыштар сияқты шағын электр құрылғыларына ақша үнемдеуге болмайды. Арзан құрылғылар сапасыздықтан тез істен шығады, бұл қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін.
Энергия тиімділігі жоғары сыныпты құрылғыларды сатып алыңыз (A+++, A++, A+, A). Бұл электр энергиясын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар желідегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?
№.6 Жуынатын бөлмеден электр құрылғыларын алыңыз
Электр құрылғыларын ванна бөлмесінен аулақ ұстаған дұрыс. Онда сіз шаруаңызды планшет және басқа гаджеттердің көмегінсіз-ақ тындыра аласыз. Егер шаш кептіргішті немесе электрлі шаш әрлегішті қолдансаңыз, өте сақ болыңыз.
Кір жуғыш машинаны да мүмкіндігінше, қолданғаннан кейін желіден ажырату қажет. Сондай-ақ, ваннадағы розеткаларға бөлек дифавтоматты орнатуды ұмытпаңыз.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан өрт ошағына айналды". Біз неге ұлы даланың әлеуетін пайдаланбаймыз?
№.7 Қауіптің алдын алу туралы есте сақтаңыз
Өрт сөндіргіш сатып алыңыз. Розеткалардың және электр құрылғыларының жарамдылығы мен тұтастығын мезгіл-мезгіл тексеріп отыруды ұмытпаңыз.
Оқи отырыңыз: Бала-бақшаны қалай таңдау керек?
№.8 Балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз
Егер үйде балаларыңыз болса, үйдегі қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Соның ішінде электр желілерінің қауіпсіздігін бірінші кезекте қадағалаған жөн.
- Қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз: Егер балаңыз сөз түсінетін жаста болса, электр қауіпсіздігінің негізгі ұғымдарын түсіндіріңіз. Оған сымдарға қол тигізуге, розеткаға саусақ және бөгде заттарды салуға болмайтынын айтыңыз. Сондай-ақ, электр қуатының қауіптілік дәрежесін түсіндіруге тырысыңыз;
- Барлық розеткаларды жасырыңыз: Кішкентай балаларды ауыр жарақаттан қорғау үшін розеткаларға арналған штепсельдерді немесе қақпақтары бар арнайы розеткаларды қолданыңыз. Оларды дүкендерде оңай табуға болады;
- Кішкентай балаларға бақылау жасаңыз: Кішкентай бүлдіршіндер барлық нәрсеге қол тигізіп, ұстап көруге тырысады. Сондықтан, пайдаланғаннан кейін әрдайым электр аспаптары мен гаджеттерді өшіріңіз және құрылғылар тоқта тұрған сәтте балалардың қолдануына жол бермеңіз. Әрі, сіріңке және оттық сияқты заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
- Балалар бөлмесінен артық заттарды алып тастаңыз: Жиһаз бен электр құрылғыларының санын азайтыңыз. Балалар бөлмесіндегі барлық розеткалар штепсельдермен болуы тиіс және еденнен жеткілікті биіктікте болуы керек. Фонарьларды, сәндік шамдарды немесе әртүрлі ойын-сауық электр құрылғыларын сатып алғанда, олардың қауіпсіздігіне көз жеткізіңіз. Оларды ұзақ уақытқа тоққа қосулы күйде қалдырмаңыз, әрі тек өзіңіз үйде бар кезде ғана қолдануын қадағалаңыз.