Тікелей эфир

"Қазақстан өрт ошағына айналды". Біз неге ұлы даланың әлеуетін пайдаланбаймыз?

Қазақстанды "Ұлы дала елі" деп айшықтадық. Алайда, осы ұлы даланың игілігі үшін істеп жатқанымыз шамалы.

Жуырда премьер-министр Асқар Мамин: "БҰҰ Қазақстанды әлемдегі ең перспективалы 5 ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бірі және таяу жылдарда аймақтық және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жетекші ойыншылардың бірі ретінде таныды" деп атап өтті. Ал америкалық fDi журналы Қазақстанның егін алқаптарының шексіздігі мен тамаша географиялық орналасуы жағынан Қытай, Ресей және Үндістан сияқты алпауыт мемлекеттерге азық-түлік жеткізе алатын зор әлеуетін атады.

Қазақстанның жалпы жер қорының 80%-на дейін өңдеуге болады. Алайда оның 81%-ы шөл және шөлейт далаға жатады. Осы шексіз дала мүлдем тиімді пайдаланылмайды, тамақ өндірісіне жұмыс істемейді, қарапайым халыққа жемісін бермейді. Қазақ даласы мүлдем зерттелген жоқ.

Зерттелмеген сайын дала

Қазақ даласының алыптығын көзге елестету оңай емес. Бұл далалар мен жазықтар Германия, Польша, Чехия мен Австрияны бір жолда сыйғыза алады. Өйткені, Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі сегізінші мемлекет. Кейбір деректерде тоғызыншы орында делінеді.

Бірақ, осынау шексіз дархан дала адамның қам-қарекетінен тыс қалған емес. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жүздеген мың адам туған жері мен жайылымын тастауға мәжбүр болды. Кезінде де пайдаға жарымай келген шаруа қожалықтары Кеңес өкіметінің ақшасына арқа сүйеді. Ақша таусылғанда көптеген ауыл тұрғындары жұмыс іздеуге мәжбүр болды.

Би-би-си журналисі Крис Барануиктің пікірінше, жер бетіндегі соңғы жылдары табиғаттың өзіне қайтарылған аумағы жағынан ең үлкен кеңістіктің бірі – дала.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі 30 жыл ішінде қазақ даласының қаншалықты өзгергеріске ұшырағанын түсіну қиын, өйткені оны зерттегендер аз болды. Оның ұлығаусар аумағы да зерттеулерді  қиындатады. Кеңес дәуіріндегі ірі өзгерістердің бірі – ұжымдастырылған шаруашылықтар даладағы көшпелі мал шаруашылығын ығыстыруы болды. Бірақ, олар Кеңес Одағы артқан үміттің үдесінен шыға алмады.

Кеңестік экономикалық инфрақұрылымның жойылуы үлкен зардаптарға әкелді. 1995 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ 36%-ға төмендеді. Жұмыссыздық өсіп, кедейлік шегінен төмен күн кешетіндердің үлесі 1992 жылғы 25%-дан 1999 жылы 43,4%-ға дейін өсті. Содан бері көптеген шаруа қожалықтары көгал далаға айналды, жүздеген нысандар мен ғимараттар қирандыға айналды, бұған дейін бақташылардың мал суаруға пайдаланған су сорғыштар секілді жабдықтар далада қараусыз қалды.


Оқи отырыңыз: Қазақ елін не біріктіреді? Тарихшы ғалымның ойлары мен еңбек жолына шолу


Неміс экологы Қазақстанның тұмса табиғатын қалай зерттеп жүр?

Соңғы жылдарға дейін зерттеушілер сайын даладағы осынау өзгерістердің толық ауқымын және оның табиғатқа әсерін бақылай алмады.

Геттинген университетінің қоршаған ортаны қорғаушы ғалымы Йоханнес Камп 15 жылдан бері Қазақстанның тұмса табиғатын зерттеумен айналысады.

2000 жылдардың басында далалық зерттеулерін қорытып жинақтаудың қалай қиынға түскені есінде. Мұндай жағдай жер серіктіктері түсірген суреттерге қол жеткізгенде ғана өзгерді. Landsat сияқты бағдарламалар мен Google Earth, Bing секілді жалпыға ашық веб-сайттар да жұмысты жеңілдетті. Бұл Камп пен басқа да эколог мамандарға өңірдің уақыт өте келе қалай өзгергенін көруге мүмкіндік берді.

Пейзаждарды ақтарып қарай түскен сайын, қазақ даласының нақты ахуалы анықтала бастады. Жер орбитасынан түсірілген суреттер мыңдаған елді мекендердің бытырып, құр қалғанын көрсетіп берді. Камп пен оның командасы 2 мыңнан астам ауылдар мен қалалардың, 1 300 мал фермасының суреттерін қарап шыққан. Олардың басым көпшілігі 1991 жылдан кейін толығымен немесе жартылай құрдымға кеткен.

Америкалық "Corona" тыңшылық бағдарламасы зерттеулерге қалай көмектесті?

Жақында Proceedings of the Royal Society ғылыми журналында "қырғиқабақ" соғыс кезінде американдық жер серіктері түсірген фотосуреттерін пайдаланып, түз суырының популяциясын зерттеу туралы мақала жарияланды. Жобаға Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының (ACBK) зерттеушісі Алена Кошкина қатысты.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ауылшаруашылық жерлерінің ауқымы жедел кеңеюіне байланысты соңғы 50 жылда суырлардың саны 60 пайызға азайған. Зерттеудің мақсаты ұзақ мерзімді перспективада ауылшаруашылығының дамуы түз суырының популяциясына қалай әсер еткенін анықтау болды.

Олар 50 жыл бұрынғы іс-әрекеттің салдарын зерттеу үшін 1968 және 1969 жылдарда жер серіктерінен түсірілген жоғарғы сапалы суреттерге  жүгінді. Бұл суреттер Кеңес Одағының ядролық әлеуетін зерттеуге бағытталған американдық "Corona" тыңшылық бағдарламасының бір бөлігі болатын. КСРО ыдырағаннан кейін,1996 жылы фотосуреттерден құпиялық алынды.

"Біздің жұмысымыз қырғиқабақ соғыс дәуіріндегі "Corona" жер серігінен түсірілген суреттерді экологиялық мақсатта пайдалануға бағытталған тұңғыш әрекет болып табылады. Күні бүгінге дейін мүлдем жеткіліксіз пайдаланылып келе жатқан осынау жерді қашықтықтан зондтаудың ғаламдық ресурсы ауқымды экологиялық зерттеулердің уақыт көкжиегін кеңейтуге ерекше мүмкіндік береді", – деп жазады ғалымдар.

Дала немесе түз суыры (Marmota bobak) – Еуразия даласының батыс бөлігіндегі ін қазатын ірі сүтқоректілердің кең тараған түрі. Ол Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және көршілес облыстарда кездеседі. Түз суырының әлемдік популяциясының 90%-дан астамы Қазақстанды мекенденеді.

Бұл зерттеуге Камп та қатысқан. Ғалымдар Google Earth және Bing жер серігі суреттерін қолдана отырып, 7 мыңнан астам дала суыры індерінің картасын жасады. Суреттер көрсеткендей, саны алты миллионды құрайтын осынау тіршілік иелері мекендеген аумақтың 1950 жылдардан бері ешбір өзгермеген.

"Ал басқа түрлердің кейбірі сирек түрге айналды, кейбіреулерінің саны көбейді, ал үшінші біреулері мүлдем жойылып кетті, – дейді Камп. – Осы 15 жыл ішінде мен жер пайдалануда болған өзгерістердің түрлерге қалай әсер еткеніне куәгер болдым".


Оқи отырыңыз: Қой саны, қойшы мәртебесі және фермерлік келісім-шарттар. Қой шаруашылығын қалай дамыту көзделіп отыр?


Қазақстанда орман және дала өрті көбейген

Камп Мюнстер университетінің қызметкері Мартин Фрейтагпен және басқа да әріптестерімен бірге жүргізген тағы бір зерттеуде жер серіктері Қазақстанда орман өртіне ұшырайтын аумақтық әжептәуір артқанын көрсетті. Германияның аумағымен бірдей аумақтан ғалымдар командасы 1990 жылғы фотосуреттермен салыстырғанда, 2015 жылғы суреттерде өртенген жерлердің әлдеқайда артқанын тапты.

"Қазақстан ғаламдық өрт ошағына айналды, – дейді Камп. – Біз өртенген жайылымдар аумағының кем дегенде он есе өскенін көріп отырмыз".

Бұған не себеп? Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін даладағы жайылымдарда мал бағатын фермерлердің саны күн санап кеміді. Зерттеушілердің айтуынша, елде мал саны күрт азайған. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) мәліметтері көрсеткендей, қазақ даласында қой саны 1992 жылғы 33 миллионнан 1999 жылы 8,7 миллионға дейін төмендеген. Ірі қара саны 9,5 миллионнан 4 миллионға дейін азайды.

Көктемде шөп кедергісіз жайқалып өседі, бірақ жазда күннің көзі мен дала желінен тез кебеді, ал бұл өрттің таралуын жеңілдетеді.

Фрейтагтың түсіндіруінше, дала экожүйесін тепе-теңдікте ұстап тұру үшін және жыл сайын өрт шықпауы үшін мал жайылымдарының ауқымы біршама артуы қажет. Осы шалғындардағы табиғаттың тынысын егжей-тегжейлі зерттеу үшін және далалық зерттеулерді дәл қай жерде жүргізу керектігі жөнінде шешім қабылдау үшін ғалымдар тобы жер серіктік түсірілімдерді қолданды.

"Дәл осы далалық зерттеулер кезінде даланың нағыз құдыретіне көз жеткізесің", – дейді ғалым.


Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясының Қазақстан экономикасына әсері қандай? Сараптама


Қазақ даласының байлығы

Фрейтаг осы экспедициялар кезінде күн сайын таңертеңгілік өзін бозторғайлардың далалық симфониясы оятып отырғанын еске алады. Ол жатқан шатырдың жұқа материалы бозторғайлардың қуанышты шиқылына кедергі бола алмайтын. 2016 жылы ол әріптестерімен бірге қазақ даласын кезіп, жолсыздармен жортып, биологиялық зерттеулер жүргізіп, топырақ сынамаларын жинаған. Күн сайын шалғындарды аралап, өсімдіктер мен жануарлардың таңғажайып түрлерін көзбен көрді.

Бозторғайлардан басқа да мыңдаған құс түрлері бар. Мысалы, тек Қазақстанда ғана ұя салатын, жойылып кету қаупі төніп тұрған түрге жататын қызғыш құс, жыл құсына жататын, қыста басқа өңірлерге қоныс аударатын көрікті жыртқыш құс – ақсары ителгі немесе түз құладыны бар. Олардың тіпті осы жерден Ұлыбританияға дейін барғаны белгілі.

Сонымен қатар жабайы шөпқоректілер де кездеседі. Еуразия даласының ең көрнекті жануарларының бірі – ақбөкен, өзіне тән ұзын танаулы, кішкентай антилопа киігі. Ақбөкен бөтен ғаламның тіршілік иесіне ұқсайды. Посткеңестік кезеңде кеңінен тараған браконьерлік салдарынан Қазақстандағы киіктердің саны біршама азаюына алып келді, іс жүзінде олар жойылуға шақ қалды.

Бірақ, ақбөкендерді көп жылдар бойы зерттеген Милнер-Гулланд соңғы кездері үміт оянғанын айтады. Екі жыл ішінде киіктердің саны екі еседен астам өсті және 2019 жылы олардың саны 330 мыңнан асты (2020 жылы Covid-19 салдарынан популяцияға санақ жүргізілген жоқ).

"Бұл үлкен жетістік, – дейді Милнер-Гулланд. – Ақбөкендер популяциясы одан әрі өскен жағдайда далалық жайылымдың ауқымын көбейтіп, экожүйені тепе-теңдікке алып келеді. Олардың тезегі жәндіктерге жем болса, өлген ақбөкендердің өлексесі құстар мен басқа аңдарға қорек болмақ".

Милнер-Гулланд Қазақстанда ақбөкеннің саны қайтадан бір миллион болғанын қалайды. 1991 жылға дейін қазақ даласында дәл осынша киік болған. Ақбөкендерді браконьерліктен қорғау және олардың жолдарын қоршаулармен немесе инфрақұрылыммен бөгемеу олардың санын көбейтуге сеп болмақ.

Жабайы есектің бір түрі – құлан сияқты жабайы шөпқоректі жануарларды қайтару бойынша жобалар да бар.


Оқи отырыңыз: Әлемде әрбір жетінші адам туған жеріне тұрақтамайды екен. Қазақстанда қалай?


Жайылымдар өртті азайтуға қалай көмектеседі?

Өзгерген дала сол қалпы қараусыз қалып жатқан жоқ. Кейбір жерлерге фермерлер оралып жатыр. Бірнеше ғасыр бұрын көшпелі малшылар бір жайылымнан екіншісіне малдарын айдап, көшіп-қонып жүретін. Олар сайын даланы ақбөкенмен, құланмен және жабайы жылқылармен бөлісті.

"Бірақ, қазір фермерлердің көпшілігі малдарын бір жерде ұстайды, – дейді Алена Кошкина. – Мал енді мекен ауыстырмайды, олар енді ауылдарды немесе ферманы айнала жақын жерлерде жайылады. Даланың дамуына бұл зиян болмаса, пайда емес".

Бір ғажабы, даланың құлазып бос қалуы адамның кейбір іс-әрекеті түрлерінің жабайы табиғатқа пайдалы екенін көрсетіп берді. Қазақстанның жайылымдарға шығарылатын жануарлар популяциясын сақтай ма, көшпелі малшылардың жайылымдарға кері оралуын жеңілдете ала ма, және қорғалатын аумақтарды көбірек құра ала ма – оны уақыт көрсете жатар.

1991 жылдан бері 1,5 миллионға кеміген ел халқының саны қазір қайта өсуде. Елдің экономикалық өнімі де өсіп келеді. Алдағы жылдарда Қазақстанды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бірақ, олардың кейбірі тұмса түз далаға қауіп төндіруі де мүмкін. Мысалы, жайылымдарда мұнайдың ауқымды қорларын игеру индустрияландырудың артуына әкелуі мүмкін. Ал ғалымдар болса, қаншама жер қайтадан "пестицидтер қолданылатын өлі егістіктерге" айналады деп алаңдайды.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары