Тікелей эфир

Алматыда 500-ге жуық өрт болды: жер үйлерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды

shutterstock.com фотосы
shutterstock.com фотосы
Алматыда биыл өрттен келген шығын 54 миллион теңгеден асты.

Қазақстанның оңтүстік астанасында биыл 480 өрт тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен 7 адам қайтыс болып, 25 адам әртүрлі жарақат алған. Сондай-ақ, 36 адам табиғи газдан уланыпты. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мәлім болды. Департамент мамандарының хабарлауынша, апатты жағдайлар негізінен тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан туындайды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар жиілей түскен.


Жылыту маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі брифинг

Жылу беру маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі брифинг / Іnformburo.kz фотосы


Әсіресе, жер үй иелері өрт сөндіру қызметін жиі шақырады екен. Пештерін дұрыс орнатпайтын, бітеліп қалған мұржаларын дер кезінде тазартпайтын қала тұрғындары тым көп. Пешке таза ауа жеткіліксіз болғандықтан, үй ішінде улы газ жиналып, соңы қауіпті жағдайға әкеліп соғады. Сондай-ақ, табиғи газдан уланатындар саны да көбейіпті.

Оқи отырыңыз: Жер үйлерге улы газ дабылдатқыштары орнатылуы тиіс

Мамандар мұның себебін тұрғындардың газ жабдықтарын дұрыс қолданбауы мен нормативтік техникалық талаптарға сай келмейтін құрылғыларды қолдануымен байланыстырады.

"Мәселен, 9 қарашада Наурызбай ауданының "Қарағайлы" ықшам ауданында газ пешін дұрыс пайдаланбағаннан 4 адам уланды. Үйінің ауданы сай келмесе де, өз бетінше газ баллон қондырғыларын орнатып алатындар бар. Бұл дұрыс емес. Газ жарылып кетсе, адамның аман қалуы екіталай. Үйде газ иісі сезілсе есік-терезелерді ашып, бөлмеге таза ауа кіргізу керек. Бұл кезде электр құрылғыларын мүлде қолдануға болмайды", – деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгелов.

Табиғи газбен уланудың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаменті "Қазтрансгазаймақ" АҚ-на газанализатор қондырғысын орнатпаған үйлерді қабылдамауды ұсынды. 2019-2020 жылу беру маусымына дайындық кезінде мамандар қаладағы 79 мыңнан астам үйді тексерген. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жер үйдің әлі де көгілдір отынға қосылмай, көмір жағып отырғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: Көмір лоббиі тұрғанда Қазақстан жасыл экономикаға ауыса алмайды

"Қазтрансгазаймақ" АҚ өкілдері алдағы жылы олардың тек 4 мыңға жуығын көгілдір отынмен қамтамасыз ете алатынын айтады. Бұл да үйлердің мүмкіндіктеріне қарай шешіледі. Өйткені, баспаналардың көібнде газ пешін қондыратын орын жоқ, болған жағдайда да қауіпсіздік техникасының талаптарына сай келмейді. Айта кетейік, бүгінде Алматыда жалпы 131 мың жер үй және 286 мыңнан астам пәтер көгілдір отынға қосылған.

"Қазіргі таңда біз Алматы қаласы бойынша 103 нысанға газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың негізгі монтаждау жұмыстары аяқталып, қазір қауіпсіздігін тексеріп бастадық. Жұмыс қаланың 8 ауданында жүргізіліп жатыр", – деді "Қазтрансгазаймақ" АҚ Алматы филиалы өндірістік бөлімінің бас маманы Ғалым Бекен.

Қазір Алматыда газ құбыр желісіне қосылу құны 147 мың теңге. Бірақ қалада бұл қаржыны төлеуге шамасы келмейтін 600-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасы бар.

Серіктестер жаңалықтары