Қазақ тілі "тілдер иерархиясының" жүздігінен шығып кетуі мүмкін бе?

Журналист Кәмшат Тасболат қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөнінде ұсынысын айтты.

Бүгін әлемде 5000-7000-ға жуық тіл бар. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын өлі тілдер қатары көбейіп жатыр. Қазақ тілінің әлемдік және мемлекеттік деңгейде жай-күйі қандай?

Дүниежүзілік рейтингте нешіншіміз?

Қазір әлемде мойындалған 200-ге таяу мемлекет бар. Бір өкініштісі, осыдан 10-12 жыл бұрын әлемдегі кеңінен қолданылатын тілдердің жүздігінде шамамен 70-ші орында болған қазақ тілі кейбір рейтингтерде 89 орынға сырғыған. Керісінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңінен дамуы тиіс тіл неге мұндай күйге түскен?! Халықаралық зерттеулер қаншалықты бейтарап? Мұндай кері кету үрдісі орыс тіліне де тән. Сарапшылардың алдағы уақытта орыс тілінің орнын әлемдік рейтингтерде түрік тілі басады деген болжамы бекер емес.

Жалпы, жүздікке төрт түркі тілі кіреді: әлемдік тілдерді зерттейтін Еthnologue анықтамалығының дерегіне сенсек, бұл жүздікте түрік тілі – 20 орында, өзбек тілі – 54 орында, әзірбайжан тілі – 82 орында, қазақ тілі – 89 орында. Бір қызығы, әлемдік рейтингте қазақ тілін қолданушылар саны 12 934 060 адам, яғни, «native speakers» ретінде көрсетілген. Ал Әзірбайжанның халық санағы бойынша, елде 10 млн астам адам тұрады, ал тілді қолданушылар саны 13 813 750 деп көрсетілген. Яғни, сырттағы әзірбайжандарды да санаған.

Енді қараңыз, 2009 жылғы әлемдік зерттеулерде қазақ тілін білетіндер саны 17,8 млн адам деп көрсетіліп, онда Қазақстаннан бөлек, Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда тұратын қазақ саны ескерілген. Әлбетте әр елдің өз саясаты бар. Бұл тұрғыдан Ресей мен Қытайда тұратын қазақтардың статистикалық көрсеткіштері бұрмалаланады деп талай жазылды. Өкінішке қарай, бауырлас елдерде де мұндай үрдіс жоқ емес. Тіпті, мемлекеттік саясатқа сәйкес, ұлтын өзбек деп көрсетуге мәжбүр болған қандастарымыз қаншама?! Неге америкалық зерттеушілер соңғы статистикалық мәліметке сырттағы қазақ санын кіргізбеген? Жалпы, Қазақстан үкіметі сырттағы қазақтың санын біле ме? Бұл да бөлек зерттеуді талап ететін тақырып.


Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады?


Қазақстандағы жағдай қалай?

Әрине, билік те, қоғам белсенділері де Қазақстан дербес мемлекет болғалы тілдің ахуалы әлдеқайда жақсарды дейді. Шынтуайтында, басқа посткеңестік елдерге қарағанда Қазақстанда орыс тілінің бұрынғы империя тілі ретіндегі ықпалы әлі де жоғары әрі оның іс жүзінде іс-қағаз, саясат, бизнес тілі боп отырғаны жасырын емес. Жақында қоғамда үлкен резонанс туғызған «Мухоряпов дауы» да тілдің қаншалықты ауыр да өзекті тақырып екенін көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам» деген еді. Яғни, мемлекет, үкімет үшін елдегі 20 млн халықты қазақша сөйлету – уақыт күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Ал қолданушылары 20 миллионға жеткен тілдер жоғарыдағы рейтингтің Топ-жетпістігінде жүр. Соңғы санақ қазақстандықтардың 80 пайызының мемлекеттік тілді меңгергенін аңғартты.

Мемлекеттік тілді меңгермеген адам саны – 3 426 306 адам, оның ішінде орыс диаспорасының қатарында 2 млн 113 мың адам тілді меңгермесе, 708 мыңнан астамы қазақша сөйлейтінін жеткізіпті. Бірақ күнделікті қазақ тілін 262 мың орыс қана қолданады екен. Сол сияқты қазақтың 11 млн 861 мыңнан астамы тіл білсе, 45 мыңнан астамы ана тілін білмейтінін ұят болса да мойындаған, бірақ 7 млн 550 мың қазақ азаматы тілді күнделікті қолданады.


Оқи отырыңыз: Владислав Тен: Мемлекеттік қызмет иелеріне қазақ тілін білуді міндеттеу қажет


Тілдің жағдайын қалай жақсарта аламыз?

Біздің Президент, Үкімет, Парламентке ұсынысымыз, мемлекеттік тілдің Қазақстан мен жалпы әлемдік рейтингтердегі жай-күйін жақсарту үшін қазақ тілін қолдайтын халықаралық ұйым қажет-ақ. Мәселен, Францияның Франкофония ұйымы, Түркияның Юнус Эмре институты, Германияның Гете институты, т.б. тілді дамытудың, мәдени байланыстарды тереңдетудің ең айшықты мысалдары боп саналады. Неге қазақ тілін әсіресе қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерде көбірек насихаттамасқа? Байқауымызша, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Димаштың тыңдармандары мен фанаттары қазақ тілін интернет арқылы үйреніп жатыр. Неге осы үрдісті барынша қолдамасқа?

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары