Тікелей эфир

Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама

Билік түгелдей неге қазақ тілінде сөйлемейді? Қазақша сөйлегеннен арланатын кімдер? Қазақ тілі жастар арасында қалайша сәнге айналуы керек?

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.


Қала халқы не себепті қазақша сөйлегісі келмейді?

"Тіл майданы" қозғалысының басшысы Қуат Ахметовтің сөзінше, қоғам қазақ тілінде сөйлеуі үшін заң жұмыс істеуі керек.

"Бізде бәрі көбояушылық. Қазақша нан сұрай алмайтын ұлтқа айналдық. Ұлтына қарамастан қазақша нан сұрасақ "қазақша білуге міндетті емеспін" деп шу көтереді. Сол жерде жанжал басталады. Қазақстанның әрбір азаматы тіліне, ұлтына қармастан нан, сүтті қазақ тілінде сұраса және қазақша жауап беруін талап етсе, заң жұмыс істей бастайды. Сол жерге полиция қызметкерлерін шақырып, хаттама толтыруы керек. Әр қазақ осылай жасағанда ғана тіл майданы басталады", – деді Қуат Ахметов.

Алматы қаласы әкімінің аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет мемлекеттік тіл саясатының қалай жұмыс істейтініне тоқталды.

"Тіл саясатының құқықтық-нормативтік негіздері жасалды. Жетілдіруді қажет ететін шығар, бірақ заңнама бар. Одан бөлек бірнеше рет мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаржы бөлініп, тілдерді дамыту бағытында жұмыс жүргізіледі. Қазақ тілінде іс жүргізу, оны қолдану үшін оқыту бағыттары бар. Тілді үйрену үшін оған деген құрмет болуы керек. Сондықтан тілді насихаттау мақсатында айтыс секілді түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік орган заңнаманың сақталуын бақылайды", – деді Бақыт Қалымбет.

Алматы қаласының бюджетінен жыл сайын тіл саясатына 200 млн теңгеге дейін қаржы бөлініп келген. Бас инспектордың сөзінше, 500 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсайтын аймақтар бар. Алматы қаласы бюджет шығысын 30 млн теңгеге дейін түсірген. Ол тіл үйренетін әдістеме жоқ дегенмен келіспейтінін, үйренемін деген адамға әдістемелік құралдардың түр-түрі бар екенін айта кетті.

"Кабинеттер жасақталды. Тіл үйрете алатын мамандар бар. Бөлінген қаржыға қажет дүние жасалып жатқанымен нәтижесі ешкімнің көңілінен шықпайды. Ең бастысы, барлығын жасадық, бір ғана нәрсе – тілге деген қажеттілікті жасай алмадық. Кеңес үкіметі кезінде білім алған азаматтармыз. Қазақ мектебінде оқып, жоғары оқу орнында қазақ тілінде білім алып, мемлекеттік қызметке араласқанда – бәрі орысша болды. Ешқандай курссыз, әдістемесіз орыс тілін бір кісідей үйреніп алдым. Өйткені, маған қажет болды. Оны үйренбесем, жұмыс істей алмайтын едім. Осы қажеттілікті тудыратындай өзгерістер енгізу керек", – деді Алматы қаласы әкімінің аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы.


Оқи отырыңыз: Біз қазақпыз ба, әлде қазақстандықпыз ба? Сараптама


Нәтиже болмаса, қаржы неге бөлінеді? Қажеттілікті тудыру үшін не істеу керек?

"Тіл майданы" қозғалысының басшысы Қуат Ахметов қажеттілік болуы үшін әр азамат жүрген жерінде қазақша тіл қатынасын талап етуі керек деп есептейді.

"Ақпарат екі тілде берілуі керек деп заңда жазылған. Бірақ, бізде бөтен ұлттар екі тіл деп орыс тілін ғана айтады да, қазақ тіліне дискриминация жасайды. Прокурор қызметкері келіп айыппұл салғанда заң жұмыс істей бастайды. 11 қалада митинг өткізуге ұсыныс тастадық. Павлодарда белсенділеріміз ҰҚК-ден қорқып өтініш жазуға бармады. Руза апамыздың жазғанын қабылдады. Соны естіп билік "Тіл қорғаны" деген комитет ашты. Бірақ, оған белсенділерді кіргізбей қойды. Екі бөлек жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.

Ninety One тобының мүшесі, рэпер Дулат Мұхаметқалиев бюджеттен бөлінген ақшаны бизнеске бөлу керек деген пікірде. Қазақ тілінде жұмыс істеп жатқан әртүрлі компанияға, адамдарға қолдау көрсетсе, қазақ тілін жақсы меңгерген адамдарды жұмысқа алғанда оларға бонустар берілсе, тіл мәселесі агрессивтен позитивке өтіп, адамдар қазақ тіліне деген көзқарасын өзгерте бастайды дейді ол.

"Мәміле" қазақ тілі клубының құрылтайшысы Қанат Тасыбековтің сөзінше, бөлінген ақшаны қолы жеткен адамдар ғана иеленеді.

"Отыз жыл болды жұмыс жүргізіп жатыр. Үкімет "ақша бөлдік, басқа сендерге не керек?" деген сыңаймен халыққа қамқоршы ретінде қарап тұр. Бөлінген ақша талан-таражға салынып жатыр. Қайда кетті сол ақша? Тіл мәселесінің өзін күрес дейміз. Кімге қарсы күресеміз? Тілге қарсы адам бар ма Қазақстанда? Жоқ. Тіл мәселесі неге тіреліп тұр? Мемлекеттік тілді білмейтін министрлерге дейін мемлекететтік қызметкерлер бар. Орыс тілділерді оқыту керек. Тіл комитетінің жұмысы – білмейтін адамдарға тіл үйрету. Алдымен қазақтар өзіміз үйреніп алуымыз керек. Сонда тілдік орта қалыптасып, басқа ұлт өкілдері қосылады", – деді ол.

Қанат Тасыбеков 50 жасқа келгенде қазақ тілін оқып алған. Тіл үйрену туралы оқулықтар жазған. Оның сөзінше, Қазақстандағы, шетелдегі қазақ тілін үйрену клубтары пандемия кезінде онлайн жұмыс істеп жатыр.

"Димаш Құдайберген қазақ мәдениеті мен тілін әлемге паш еткеннен кейін жазатындар көбейді. Франциядағы Димаштың фан-клубы "Димаш не туралы ән айтып жатқанын білгіміз келеді, сабақ өткізсеңізші" деп өтінді. Қоғамда тілге деген қарсылық жоқ. Тіл болмаса ұлт жойылатынын бәрі түсінді. Орыстар, орыстілділер қарсы шығып жатқан жоқ. Оларға өзіміз дұрыс үйретпейміз. Бөлінген ақшаны қолы жеткен адам алады. Ал жұмысты жүргізіп келе жатқан өзіміз сияқты энтузиастар. Ақша бөлінсе де ешқандай нәтиже бермеген жүйе қалай жұмыс істеуді білмейді", – деді "Мәміле" қазақ тілі клубының құрылтайшысы.

Креатив жобаларды мемлекет қолдай ма?

Алматы қаласы әкімінің аппараты тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет бюджеттен тілді дамытуға бөлінген қаржы кәсіпкерлерге де берілетінін атап өтті.

"Кезінде мультфильмдер шығарылды. Ертегілерді, эпостық жырларды анимацияладық. Балалардың қазақ тілі мен ағылшын тілін үйренуге арналған "Сиқырлы қалам" деген жоба болды. Осының бәрін кәсіпкерлер жасады. Бізге келіп, ашық конкурсқа қатысты. Ол дүниенің бәрі жақсы дүние. Ақшаны алды да жеп кетті деп айтуға болмайды. Балабақшаларға таратылды. Бірақ соңғы бір-екі жылда мұны жасап жатқан жоқпыз", – деді Бақыт Қалымбет.

Оның сөзінше, оқытумен айналысып жүрген орталықтар ашық конкурсқа қатысып, тіл үйрету тендерін ұтып алады. Бірақ оқуға жазылған мемлекеттік мекеме қызметкерлері өз деңгейінде келмейді, сабаққа қатыспайды.

"Мемлекеттік қызметшілерден заңды тұрғыда ешкім мемлекеттік тілді талап етпейді. Талап етейін десе Конституцияда тілдік қысым, дискриминация деген ұғым бар. Бұл да қате түсінік. Мемлекеттік қызметшіні не көшедегі саудагерді көшеде ұстап алып немесе үйіне барып ас ішіп отқан жерінен талап етіп жатқан жоқпыз ғой. Біз оны жұмыс орнында талап етуіміз керек. Қазақ тілін білмейтін адам қазақ тілді тұтынушылармен жұмыс істемеуі керек. Жұмысқа  алынбауы да қажет. Сол талапты қойсақ қажеттілік болады да, мемлекеттік қызметші өзі іздеп барып тиын шығарып оқиды", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Бекітілген терминдер неге қолданылмайды?


Қазақ тілін үйретуге мемлекет неге ақша бөлу керек? Неге ешкім өзі үйренуге талпынбайды?

Ninety One тобының мүшесі, рэпер Дулат Мұхаметқалиев қазақ тілі деңгейге бөлінбеген соң оны үйрену қиынға түседі деген пікірде. Яғни, ағылшын тілін үйренгенде адам бір деңгейден екінші деңгейге өте береді. Ал қазақ тіліне ондай жоқ.

"Қазақ тілін үйреніп бастаған кезде адам қай деңгейде екенін өзі де, айналасы да түсінбейді. Шатасып жүреді, жүйе жоқ. Үйреніп бастаса айналасында қазақ тілді орта оны басып тастайды, мазақтайды, күледі. Осыдан кейін қазақ тілі агрессивті, жабайы тіл деген таптаурын пайда болады. Қазақ тілінде осындай деңгейде ғана сөйлесуге болады деген ой қалыптасады", – деді ол.

Дәулет Мұхаметқалиев квантты физикаға қызығатынын, бірақ YouTube желісіне кірген кезде ол ақпаратты қазақша қабылдай алмайтынын жеткізді. Оған себеп – күрделі аударма.

"Болашақ жастар мен жасөспірімдерде. Кішкентай болсам алдымнан шыққан қазақша мультфильмдер "Өрмекші адам", "Бэтменмен" бәсекеге түсе алмайды. Сапа жағынан, ой жағынан және қазіргі заман талаптарына мүлдем келіспейді. Мультипликация, ертегілерге келген кезде баяғы киіз үй заманында қалып қойғанбыз. Дәл сол әңгімені қазіргі заманға сай қылып басқаша беруге болады", – деді рэпер.

YouTube-та неге қазақ тілінде субтитр жоқ?

Бақыт Қалымбет қазақ тіліндегі дүниелерде контент сапасының нашарлығы әрі біз қалаған деңгейде болмай тұрғаны қазақ тіліне деген сұраныстың, қажеттіліктің жоқтығында деген пікірде. Заңды тұрғыдан, мемлекет тарапынан, тағы да басқа механизмдерді пайдалана отырып тілді қолданып жұмыс істейтін барлық салаға қазақ тілінің талабын қойса олар сол бағытта жұмыс істейді.

"Сол кезде кәсіпкерлер де, мемлекет те ақша бөліп, сапалы мамандар керек болады. Қазір аударманы кім болса сол жасап жүр. Сондықтан аударма күлкілі болып шығады. Блогерлердің өзі парақшаларында екі тілде жазба салып жүр. Қазақ тіліндегі мәтін сапасы орысшадағыдай емес. Біз тілге деген қажеттіліктің жоқтығынан қазақ тілінде жұмыс істейтін мамандарды әзірлей алмадық", – деді Бақыт Қалымбет.

"Мәміле" қазақ тілі клубының құрылтайшысы Қанат Тасыбеков елу жасқа келгенде қазақ тіліне деген қандай қажеттілік болғанын айтып берді.

"Францияда, Мәскеуде оқыдым. Қажеттілік болған жоқ, бірақ қазақ болғаннан кейін неге қазақша сөйлемеймін деп намыстандым. Қазақ тілі мәселесін білмейтін адамдар бар. Қазақ тіліне қарсы шығатын адамдар бар шығар, бірақ санаулы. Қазақ тілін оқимыз деген жанашырлар бар. Мемлекет қазақ тілін қолдайтындармен ғана жұмыс істейді. Негізінде орысша ортада өскен топпен жұмыс істеп, соларды тіл үйренуге тарту керек", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Байқоңырда "қазақ тілі мен әдебиеті" оқытыла ма?


Дулат Мұхаметқалиев Ninety One тобы ән айту мақсатында құрылғанын, алайда аяқ астынан топқа тілді насихаттау жүгі артылғанын айтты. Сол себепті топ мүшелеріне ертерек есеюге тура келген. Олар қазақша ән айту феномен болып кетеді деп ойламаған.

"Елде осындай пробелма болып жатқанын білмедік. Қазақ ұлты – 70%, басқа ұлттар 30% болған кезде тіл мәселесі туралы сөйлесіп тұрғанымыздың өзі абсурд. Сіздер естімейтін, көрмейтін сияқтысыздар. Айналада патриоттар жетеді. Қазақтілді шынайы, жанашыр шығармашылыққа толы белсенді адамдар жетеді. Ауылға мүлдем мән бермейміз. Онда түрлі таланттар жатыр. Мысалы, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға "қолдау көрсетіп жіберіңіздер, бірге жұмыс істейік" деп хат жазғанда жауап болмады. Тілді басқаша дамытқысы келетін бізден бөлек көптеген адам бар. Оларды ешкім көрмейді. Жанында жүргендерді тартады. Тендер ойнатылған кезде қолынан іс келетін адамға "бауырым, кішкене тұра тұр" деп айтады", – деді Дулат Мұхаметқалиев.

Тілдің көркемдігі бұзылып жатқан жоқ па?

Ninety One тобының мүшесі, рэпер Дулат Мұхаметқалиев шығармашыл жастар тілдің көркемдігін бұзбайтынын айтады. Керісінше топтың әндерін ұнатып, қазақша мәтінін іздейтіндер көп.

"Қазақтілді ортада өстім. Грамматикалық жағынан өз табиғатым бойынша қателесе алмаймын, бірақ та сөйлесуге ыңғайлы болу үшін кейбір сөздерді қысқартып, бұрмалаймын. Бұл тұрмыстық тілмен өмір сүруге, ыңғайлы сөйлесуге жақсы. Бәрімен ауызекі емес, ресми тілде сөйлессем бір-бірімізді түсінуге біраз уақыт кетіп қалады. Басты мәселе дыбысталуда болып тұр. Қазақ тілінде ән айтып, дыбысталуды қазіргі заманға сай істеп жатырмыз. Әннің дыбысталуы ұнағандықтан адамдар қызығып мәтінін өздері іздейді. Бізге қарап тіл үйреніп жатыр дегенді көп естідік. Бізді 120 мемлекет тыңдайды. Әндерімізді тыңдаған соң қазақ тілін үйреніп бастаған шетелдіктер бар", – деді ол.

"Тіл майданы" қозғалысының басшысы Қуат Ахметов қазақ тіліне қарсы адам жоқ дегенмен келіспейді. Қозғалыс 11 қалада мониторинг жүргізген. Велоспорт, теннис, хоккей секцияларына хабарласқанда қазақ балалары бара алмайтынын анықтаған. Жаттықтырушылардың барлығы орыстілділер немесе орыс ұлтынан. Жаттығатын қазақ балалары мүлдем жоқ. 

"Өз елімізде қазақ тілінде секцияға бере алмайтын ұлтқа айналдық. Түпкі ауруымыз декоммунизация, десоветизация өткізбедік. Сондықтан бәрі "қазақ халқы орысша сөйлеуге міндетті" деп ойлайды. Қоғам екіге бөлінді. Қазақ тілін білуге міндетті емеспін дейтін 5-6 млн адам бар. Қазақстанда кәдімгі майдан болып жатыр. Қазақ тілін талап еткенді жаңалық қыламыз. Бұл құлдық сана, бәріміз құл болып өсіп жатырмыз. Қазақ тілінде сұрауға қорқамыз. Десоветизация өткен жоқ. Оның орнына Қазақстан халқы ассамблеясы келді. Олар да қазақ тілін месінбейді. Бөтен ұлтқа бірнәрсе бола қалса жүгіріп келеді де, көмектеседі. Қазақ заң бұзса міндетті түрде жауапқа тартылады. Нанды қазақша сұрауға қорқатын халыққа айналдық", – деді Қуат Ахметов.

Билік неге түгелдей қазақша сөйлегісі келмейді?

Бақыт Қалымбет мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің қолданысын тексеруге барғанда аударып қойған қазақ тіліндегі құжаттарды көрсететінін айтады. Алайда мәселе "тігіліп тұрған папкіде" емес, қазақ тілінде қалай жұмыс істеп жатқанында дейді ол.

"Келген адаммен қазақша сөйлесе ме? Жиналыс қазақша өте ме? Әріптестер қазақ тілінде бір-бірімен сөйлесе ме? Қазақ тілі осы деңгейге көтерілмей жатыр. Неге орысша сөйлейді? Мемлекеттік органдарда қазақ тілінде жұмыс істей алмайтын, жазу жаза алмайтын азаматтар көптеп отыр. Олардың көбі ауылдан шыққан, бірақ техникалық жоғарғы оқу орындарына бітіріп, тілі орыс тіліне жатығып кеткен. Шындап орыс тілін тексере бастасаңыз орыс тілін де қатырмайды. Диктант алса 40 қате жібереді. Қазақшаны да білмейді, "дүбәра" деген осыдан шығады. Бір ғана тіл орыс тілін білетін мамандар көптеп отыр", – деді Алматы қаласы әкімінің аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы.

Ол қазақ тілінде жұмыс істей алатын азаматқа тілді білмейтін адамның айлығынан көп төлеуді ұсынды. Сонда қазақ тілін білмейтін маман өзі-ақ үйреніп алады.

"Осындай қажеттілік тудыратын механизмдер керек. Намысына, санасының оянуына 30 жыл сеніп келдік. Оның алысқа апармайтынына көзіміз жетіп отыр", – деді Бақыт Қалымбет.


Оқи отырыңыз: Меморгандар мен ЖОО ресми сайтында қазақ тілі қалай қолданылады? Тексеру нәтижесі


"Мәміле" қазақ тілі клубының құрылтайшысы Қанат Тасыбеков Кеңес заманында 70 жыл бойы қазақ тілі тоқырап қалғанын айтты.

"Әртүрлі салаға кірген жоқ. Ауылда, отбасында тірі қалды. Жазушылар, әдебиет тілді қолдады. Тілді тудырушы адамның өзі. Тіл қолданыста болуы керек. Сонда жаңа сөздер кіруге тиіс. Орысша сөйлейтін шенеуніктер орысша оқыған азаматтар. Мені қазақ тілінен сабақ беруге шақырады. Амандасу, той-томалақта сөйлеу, салт-дәстүрден бастау керек десем, қағаз алмасу, грамматиканы, ережені оқытыңыз дейді. Үйде орысша сөйлесе қағаз алмасу, жиындарды қазақша өткізе алмайсыз. Тіл деген өмір сүруі керек", – деді ол.

Неге қазақтар қанында бар тілді үйрене алмай жүр?

Қанат Тасыбеков қазақ тілін он жылдан бері оқып жүр. Француз тілін он ай оқығанымен Францияға барғанда ешқандай қиындық болмаған. Ол қазақ тілі өте оңай екенін, бірақ та бір кілтипан барын айтады. Бірақ кілтипанды өзі жетік түсінбеген.

"Францияға барғанда акцентке қарамайды. Сөзді түсінсе болды. Қолдайды. Қазақша сөйлегенде әдемі, дұрыс сөйлеу керек. Екіншіден, қазақ тілінде мәтін контекстке байланысты. Бір сөз жақсы да, жаман да мағына беруі мүмкін", – деді "Мәміле" қазақ тілі клубының құрылтайшысы.

Қуат Ахметов болса қазақ тілін үйренуге он жыл емес, бір күн кетеді деген ойда. Ауылдан қалаға келген қазақтар орысша сөйле дегенде амалсыздан орыс тілін тез үйренеді. Талап болса тілді үйренуге он жыл керек емес дейді ол. 

"Бұл – ұлттық трагедия. Тіл мәселесі шешілмей қазақтың жағдайы дұрысталмайды. Жастар жұмыс таба алмай жүреді. Қызыл дипломы болса да даяшы боп жүргендерді көрдім. Орысша білмегендіктен банкке жұмысқа алмады дейді", – "Тіл майданы" қозғалысының басшысы.

Қазақ тілін сәнге айналдыру үшін не істеу керек?

Ninety One тобының мүшесі, рэпер Дулат Мұхаметқалиев қазақ тілі сұранысқа ие емес деген сөзбен келіспейді.

"Сұранысқа ие. Оған мұқтаж адамдар өте көп. Оған Ninety One тобының көрсеткіштері дәлел. Дыбысталуды әндер, кино т.б. өнер арқылы әдемілетуге болады. Басқа тілді үйренер болсам оған мұғалім ғана емес кино, кітап секілді көптеген нәрсе көмектеседі. Біздің қазақ кітаптардың өзі аудиоға өткен жоқ. Z буыны кітапты оқымаймыз, тыңдаймыз. Өйткені ақпарат ағыны өте жылдам. Өмір өте тез өтіп жатыр. Бізге көп нәрсеге үлгеру керек. Оқып отыратын уақыт жоқ, бірақ тыңдап жүремін. Қазақша тыңдайын десең ештеңе жоқ. Кішігірім проблемаларды бірге шешуге ашықпыз. Жастар тілді қалай трендке айналдыруды білсек, сіздер оны қалай жүйелеуді білесіздер. Бірлік жоқ. Бір-бірімізді естімейміз, көрмейміз", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Қате жазуға ұялмайсыз ба?


Қазақ тілін дамытудың болашақ жоспары қандай?

Алматы қаласы әкімінің аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет қазақ тілінде қажет контент, кино, аудиокітап жоқ дегенмен келіспейді. Мұны қазақ тілін білмейтін, қазақ тіліндегі дүниелерді тұтынбайтын адамнң сөзі деп есептейді.

"Оның барлығы бар. Ақын-жазушылар, әнші-композиторлар өз жұмысын жасап жүр. Қазақ тілінің әлеуеті кез келген мәтінді, ойды жеткізуге жетеді. Үйренемін деген адамға ең оңай тіл. Қалай айтылса солай жазылады. Мәселе басқада. Әдеби тілді сусындамаған қазақша кітап оқымаған жастар неше түрлі жаргондарды қолданып сөйлейді. Әуезовті, Бөкейді оқыған, Мақатевтың өлеңін жаттап өскен бала олай жазбайды да, ешқашан сөйлемейді де. Оның барлығы тілді білмегендіктен, өз деңгейінде тұтынбағандықтан шығып жатқан проблема", – деді ол.

Бақыт Қалымбет Қазақстанда орыс тілінің позициясы мықты екенін атап өтті. Орыс тілінде ақпарат көп те, қазақ тіліне кеңістіктің аз бөлігі қалып тұр.

"Басқа тілді ығыстырмай, қысым жасамай дамыту керек деп айтып келдік. Ақша бөлінгенімен нәтиже көңілден шықпайды. Себебі орыс тілінің позициясы басым. Қазақ тілі кіру керек жерге орыс тілі кіріп кетеді. Қалай болғанда да қазақ тіліне басымдық беруіміз керек. Тең қолданылады деген әңгімені тоқтатуымыз керек. Заң тұрғысынан көтеру керек", – деді тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы.

Дулат Мұхаметқалиев болса ауыл адамдарын еркін және терең қарайтын көзқарастары кең адамдар деп қабылдаса мұндай мәселе болмайтынын айтып, жетпіс пайыз қазақтар тұратын жерде осындай диссонанстың болуына таң қалды.

"Ауыл адамдарына ешқандай көңіл бөлмейміз. 17 жыл ауылда тұрдым, қазақ мектебін бітірдім. Қалаға келген кезде кішкене басқаша болуға тура келді. Тұрмыстық деңгейде достарыммен қазақша сөйлесе алмаймын, өйткені бірдеңені жеткізу, трендтегі заттарды өзара талқылау, тіпті боқтаудың өзі қиын", – деді Ninety One тобының мүшесі.

Тұрмыстық деңгейде трендке айналдыру үшін не істеу керек?

"Тіл майданы" қозғалысының басшысы Қуат Ахметов тілді трендке айналдыру үшін заң тұрғысынан аталп ету керек деген позицияны қолдайды. 

"Нанды қазақша сұрап қоймай заңмен талап ету керек. Өз елімде қазақ тілін талап ете алмасам мемлекеттік мекеме, прокуратура, полицияның не қажеті бар? Тамыр халық қозғалса депутаттар алма секілді құлайды", – деді ол.

Бақыт Қалымбеттің айтуынша, тіл басқармасындағы 4-5 адам, болмаса тіл комитетіндегі 10-15 адам жасап беретін сияқты басқа мекеменің ешбірі тілдің болғанына мүдделі емес. Ол кез келген азамат, лауазым иесі қазақ тілінің үстемдік құруына мүдделі болуы керек деген пікірде. 

Ал Қуат Ахметов мемлекеттік тілде ақпарат бермесе айыппұл салынуы керек деген Әкімшілік кодекстің 75-бабы 29 жылдан бері бір рет те қолданылмағанын айтады. Бір рет те айыппұл салынбаған. "Прокурорға көрсетсек тығылып қашып келеді. Өйткені миларында дерт бар. Декоммунизациядан әлі емделмеген халықпыз" – деді ол.

"Тіліне қарай қысым көрсету деген осы. Мені жұмысқа алып жатқанда компьютер білуді, мәтін жазуды талап етеді. Кез келген қызмет көрсететін адамға мемлекеттік тілді білуді талап ету керек. Мысалы, әуежайда шетелдік қонақтарды қарсы алуға ағылшын тілін білетіндерді алады. Ал енді қазақ тілін дым білмейтін адам мемлекеттік қызметке орналасады", – деп сөзін түйіндеді Алматы қаласы әкімінің аппараты тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.

Серіктестер жаңалықтары