Құстағы ми
"Мынаның басында торғайдың миындай ми жоқ". Нешінші класта оқиды екенбіз, кім айтқаны да ұмытылыпты, әйтеуір сабақ үстінде әбден түңілген ұстаздың аузынан шыққан сөз еді. Бір жыл көшпей қалып, біздің класта оқуға мәжбүр болған ересек баланы тұрғызып қойып амалсыздан айтып еді. Қазір оқушыны сынып алдына тұрғызып қойып осылай десе, істі болар ма екен? Заман басқа, заң басқа. Ол кезде ауылда мұғалімнің беделі жоғары еді. Соттан кейінгі әділетті содан күтетін және еститін. Қазір сот – парақор, ұстаздың беделі бес тиыннан төмен. Қоғамның қожырағанын осыдан аңғарасыз. Миыңыз болса.
Торғайдың миы қаншалықты болады деп ойлап едік сонда. Ол кезде анықтамалық жоқ. Интернеттен іздеу түске кірмейді. Компьютер тұрмақ, телевизордың өзі келе қоймаған. Торғайдың миын ашып көруден басқа жол жоқ. Бірақ, ауыл баласының оған зиян келтіруіне тыйым салынған. Заң жүзінде емес. Өлең түрінде.
Торғай-торғай атым бар,
Қанатымда хатым бар.
Мені өлтіргендерің
Жастайыңнан жетім қал.
Әрбір балаға әжесі жаттатып қойған. Кім жетім қалғысы келсін? Ойымызда осы тақпақ тұрғандықтан торғайдың миын өлшей алмадық. Биология кітабында неге екенін, бақаның миының суреті тұратын. Соны дәптерге көшіріп салу туралы тапсырма берген мұғалім де қызық. Бет-албаты бақылдайтын бақадан гөрі құстың миы маңызды ғой. Бақадан құстың ақылды екенін ертегіден білеміз. Құстар оны жер көрсетіп, ел аралату үшін ағаш тістетіп, өздері екі жағынан тістеп ұшып кететін. Кімнің ақылды екені көрініп тұрған.
Беріде білдік, денесі 70 келі тартатын адамның миы 1,4 келі екен. Бүкіл салмақтың екі пайызы. Ал қарғаның миы мұның жүзден бір бөлігіндей ғана – 14,5 грамм. Бүкіл салмағына шаққанда 1,3 пайызға жетеді. Ғалымдар мұны өте көп дейді. Әрі аспанда ұшатын болғандықтан әрбір грамм есептеулі.
Оқи отырыңыз: Швецияға қоқыс шығар
Құстың миын зерттеумен шұғылданған Стенли Кобб деген ғалым бар. Гарвард медицина орталығында ұзақ жыл осы саланың беделдісі деп танылған. Ол құстың миында бауырымен жорғалаушы мен сүт қоректіде кездеспейтін гиперстриатум деген затты анықтаған. Қанаттыларға ақыл беретін осы көрінеді. Зерттеу барысында қарға мен тотықұстың миындағы әлгі зат тауық пен бөдененікінен әлдеқайда көп болып шыққан.
Қарғаның басқа құстардан анағұрлым ақылды екенін талай көрдік. Шатырда пластик сынығымен сырғанақ теуіп ойнаған бейнекөрінісі интернетті шарлап кеткен. Тауықта ондай ақыл қайдан болсын?
Ғалымдар бір топ қарғаны торда ұстап, қуысқа жетон тастап екінші жағынан жем алуды көрсеткен. Содан кейін жетон ретінде ұзынды-қысқалы қағазды шашып қойған. Қарғалар тек қуысқа сиятынын таңдап, соны тастаған. Ұзындары қалғанда, қажет мөлшерін жыртып алған. Бұл тәжірибе құстың миының бауырымен жорғалаушы тұрмақ омыртқалылар арасында, әлбетте адамзаттан басқасы, артықшылығын аңғартады.
Түптеп келгенде атын ұмытқан мұғаліміміз дұрыс айтыпты. Екі жыл кластан класқа көшпей қалған оқушы тұрмақ, ешқайсымыздың басымызда құста болатын гиперстриатум жоқ.
Жетон салып жем шоқытқан сияқты тәжірибелермен танысып, миымыздағы құс туралы біліміміз молайғанда "Балапан" телеарнасына арнап "Данышпан қарға" деген мультфильмнің сценариін жаздық. Құс атаулының арасында, тіпті құстарды қойғанда көптеген омыртқалы жануарлардан қарғаның ақылды екеніне көзіміз жеткен.
Өнердегі ми
"Жетпісте жүрек жүдеп, миың мықтар!"
Қадырдың өлеңі. Миға арналған қаншама мақаланың орнына жүретін жалғыз сөйлем. Адамның әрбір ағзасы біртіндеп кемеліне келіп, одан кейін солғын тартып төмендей береді. Тек миынан басқасы. Бойдағы қуат азайған шақта ол керісінше жұмыс қабілетінің шарықтау шегінде тұрады. Қарт әкесін әлде қапқа, әлде бөшкеге тығып, соның ақылымен жол тапқан жас туралы аңыз бар еді ғой. Сол аңыз болса да, ертегі емес, ешбір қоспасы жоқ өмірде болатын оқиға.
Адам басындағы қоймалжың, қожыр-қожыр заттың бүкіл тылсымы мен кереметі толық ашылмаған. Біз ес білгеннен бері бұл туралы ақпарат қаншама молайып жатқанымен, зерттеу әлі түбіне жете қойған жоқ. Оның қасында Тынық мұхиттың тереңдігі ештеңе емес. Адамның миының денедегі басқа мүшелерден бір ерекшелігі бар.
Ағза қартайған сайын ондағы су мөлшері төмендей бермек. Қарт адамның беті құрғап, терісі қыртыстанып, денесі тарамыстанып тұратыны содан. Бұл табиғи құбылыс, одан ешкім құтыла алмайды. Күзде жапырақтың түсетіні сияқты.
Оқи отырыңыз: Қорғанға – қорған
Қалихан Ысқақовтың шығармаларында "кепкен шал" деген тіркес жиі жүреді. "Ақсу жер жаннаты" кітабында бас кейіпкер мен қонақ "келесі кепкен шалды" айналып өтеді. "Ақтоқым" әңгімесінде "кепкен шал мен күпілі бала төбе үстіне көтеріледі". Жазушы осылай сипаттау арқылы кәріліктің басты белгісінен хабардар болған.
Бұл құбылысты Қалихан ағадан артық білгендер бар. Ғалымдарды айтпағанда. Будда монахтары. Олардың арасында өзін-өзі мумиеге айналдыратын дәстүр болған. Сокусимбуцу дейді. Сирек кездеседі. Сокусимбуцуды өлерінен он жыл бұрын бастап, денені майдан тазалау үшін қарағайдың бүрі мен қабығын жей бастайды. Одан соң су ішуді азайтады. Одан соң үш жыл улы өсімдікпен қоректенеді. Сусыз тері сүйекке жабысып кебе береді. Өзімен кетсін.
Жалпы, бүкіл азғада су азайып, бәрі біртіндеп кебе тастағанда мида керісінше құбылыс басталады. Ол қайта бұрынғыдан гөрі босаң тартып, икемдірек болады. Оң жақ пен сол жақ бөліктерінің үйлесімдігі бұрынғыдан жақсарады. Алпыстан асқан соң талайлардың тосын таланты оянып жататыны сондықтан.
Ілия Жақанов ақсақалдың 76 жасында университетке түсіп, суретші мамандығын алғаны – жаңа талантының ашылғаны. Композитор мен жазушылық таланты талассыз болса, талай ән шығарып, кітап жазса, жетпіс жастан асқан соң сурет салуға құлшына кірісті. Бұрын қырық-елу жасында ешкім оның қылқалам ұстауына кедергі болмаған. Ендеше мәселе мида шығар.
Адам қартайғанда мидың бұрынғыдан ылғалды болуы мол ақылға, әрдайым дәл шешім табуға себепші екен. Әрі ол келеңсіз әсерлерді көп қабылдай қоймайды. Осының бәрі зерттеле келе, мидың толық жұмыс істейтін кезі, яғни ең шарықтау шегі адамның 70 жасына сәйкес келеді деген ғылыми тұжырым жасалды.
Бұл жаста мида миелин атты зат көбейетіні анықталды. Ол нейрондардың бір-біріне белгі беруін тездетеді. Содан зерденің қабілеті бұрынғыдан үш есе артады. Монреаль университетінің профессоры Мончи Уридждің бақылауынша, адам 60 жастан асқан соң мидың екі бөлігі бірлесе шешім қабылдауға көшеді. Оған дейін бүкіл ой мидың бір бөлігінде ғана пайда болады. Адамның жас кезде жиі қателесетіні сондықтан. Нобель сыйлығы лауреаттарының орташа жасы 62 болғаны және сондықтан.
Айналып Қадырға оралайық. Түркістан қаласына арналған топтамасындағы:
Осында екен барлығы да миуаның мен мақтар,
Бірте-бірте кеуіп қалған ми сияқты жаңғақтар, –
деген өлең жолдары ойымызда қалған еді. Енді өшіріп тастау керек-ау. Өйткені, мидың кеппейтінін біліп отырмыз.
Оқи отырыңыз: Байқаңдар, көкте "Байрақтар"!
Микроскоптағы ми
Иә, миды кептіргеннен пайда жоқ. Оны сақтау үшін тым құрмаса формалинге салу керек. Тарихта болған атышулы оқиға. Әрі өте белгілі адамға қатысты.
1955 жылы АҚШ-тың Принстон қаласында айтулы ғалым, әлгі Нобель сыйлығы лауреаттарының ішінде теңдессізі Альберт Эйнштейн өмірден өтті. Өзін жерлемей, денесін өртеуді аманаттапты. Себебі "тіршілігімде артық-ауыс бірдеңелер істеген болсам, әлдекімдер моламды қорламасын" дегенге саяды.
Ұлының аты – ұлы! Мұндай шешімге мұхиттың арғы жағындағы жазушымыз Мұхтар Мағауин да келгенін бір жазбасынан оқыдық. Мазар салдырса бұл кісінің де, Эйнштейннің де қаржысы жетер еді.
Хош. Эйнштейннің денесі аманатқа сай өртеледі. Бірақ, толық емес екен. Ғұламаның неден өлгенін анықтау үшін денесін сойған ғалым Томас Харви оның миын сақтап қалуды жөн көрген. Рұқсатсыз. Ғылыми әуестікпен. Зерттеу үшін.
Сонымен адамзат тарихындағы ең теңдессіз миды алып, барлық жағынан фотоға түсіреді. Содан кейін 170-ке бөліп, біразын формалинде сақтайды, біразын коллоидпен қаптайды. Миды бұлай жұқалап турағаны – микроскоппен қарауға ыңғайландырғаны екен. Әрі қарай оны зерттеймін деген ғалымдарға таратады.
Ғалым болмағанымен біздің ауылдағы шалдар да миды турайтын. Тек адамның емес, қойдың. Миға араластыра құйқасын жұқалап кесіп, "мипалау" деген тамақ шығаратын. Балалар жаққа жолатпай өздері соғып алатын. Тіске жұмсақ, шайнамай жеуге қолайлы болғандықтан шалдардың сыбағасына айналған-ау деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ақсақалдар атам заманнан қойдың миында еш холестерин жоқтығын анықтапты. Өздерінің миы жақсы істеп тұрғандықтан соны білген! Ал салыстыра кетсек, шошқаның 100 грамм миында 2 грамм холестерин бар.
Не, мал қорасын аралап кеткенбіз бе, әлгі әңгіменің жүйесіне оралайық. Бұл жәйттен бастапқыда хабарсыз болған Эйнштейннің отбасы жағдайды естіген соң шу шығарады. Миды толық қайтаруды талап етеді. Бірақ, ақыры зерттеулер тек ғылыми жолмен жүргізілсін деген талаппен тоқтайды.
1984 жылдан бастап ғұламаның миы ашық түрде зерттеледі. 2007 жылы бөлік-бөлігі түрлі ғалымдардың зертханаларынан жиналып, Денсаулық пен медицина тарихы музейінің сақтауына қойылды. Осы жерден көруге және зерттеу үшін алуға болады.
Ғұламаның миы ара-тұра басқа елдерге аттандырылады. Мәселен, Германияның Мюнстер қаласындағы Табиғаттану көрмесіне әкелген. Мұнда Эйнштейндікі жарқанаттың титімдей және пілдің 4 келі тартатын, ұзын-саны 70 түрлі мидың арасында тұрды.
Эллиот Краусс атты ғалым Эйнштейннің миында ерекше (глиальды) тордың көптігін анықтайды. Ал Дин Фальк теңдессіз теоретик-физиктің миының алдыңғы бөлігінде басқа ешкімде кездеспейтін қатпардың болғанын жария етті. Осы қатпар арқылы оның жадысы, есте сақтау қабілеті ерекше болған деп тұжырды. Мидың есепке жауап беретін бөліктері басқалардан анағұрлым қатпарлы және қалың деген және бір тұжырым жасалды.
Оқи отырыңыз: "Ұшатын тәрелкелер" мен ұлылар
Біздегі ми
Миды зерттеу жалғасып жатыр, жалғаса бермек. Назарбаев университеті студенттерінің тәжірибесіне қызығып, өзіміз оған қосылып едік. Соны әңгімелейік.
Аталмыш жоғары оқу орнының бірнеше студентін ел астанасындағы медициналық көрмеден жолықтырдық. Олардың басқа киетін торлы қаусырма қызықтырды.
– Бұл не? – деп сұрадық әуестікпен.
– Мидың командасын сезетін құрал.
Ертеректе біреудің миындағы команданы алыстан оқимын деген Юрий Горныймен жүздесіп, ол туралы жазғанымыз еске түсті. "Ойдағыны оқитын адам" атты мақаламызды талайлар мақтаған. Одан бері Есілден қаншама су ақты. Жаңа ұрпақ өсті. Жеке ел болдық. Бірақ, мидағы ойды оқиды дегенге екінші рет жолығып тұр едік. Горный – адам, мынау – аппарат.
– Біздің миымыздың командасын сезе ме?
– Оны сынау керек, – деді студенттердің бірі.
– Біз дайынбыз, – дедік журналист екенімізді танытып.
Осылайша әлгі қаусырманы басқа кидік. Одан кейін жауырынның сыртынан басқа сауыт кигізді. "Экзоқаңқа" делінеді екен. Оны иықтан төмен және шынтақтан төмен екі тұстан бекітті. Компьютерге жалғады. Біз қолды қимылдатпай, тек "қолды қимылдатамын" деп ойлауымыз керек. Сонда әлгі аппарат өзі қозғайды.
Кешікпей ресми түрде университет ғалымдары мен түлектері оны толық жасап шыққаны туралы ақпаратты оқыдық. Бұл жаңалық нейро сауықтырғыш деп аталады. Миына қан құйылып кеткен науқас сауығу кезінде қолын қозғай алмауы мүмкін. Оған "ақылды" протез көмекке жарайды.
Мұндағы ең бастысы – мида берілетін команданы ұғып және есептеп алатын компьютердегі бағдарлама. Басымызға киген торлы қаусырма микробақылаушы аталады. Мидағы команданы сол жазып, әрі қарай науқасқа таңылған экзоқаңқаға түседі. Ол қозғалады.
Жетілдірген түсін әлі көрген жоқпыз. Бірақ, алғашқы тәжірибеге қатысушылар ішінде болғандықтан отандық ғылымға тырнақтай болсын үлес қостық дейміз. "Тырнақтай" деген теңеуді көлем жағынан қарғаның миымен теңестіруге болар.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.