Тікелей эфир

"Ұшатын тәрелкелер" мен ұлылар

Бұлардың арасында қандай байланыс болды?

Миландағы милы

Бірер жыл бұрын қызымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының бәсекесінде жеңімпаз болып, "ерікті" деген атпен Италияның Милан қаласында ағылшын тілі мен қазақ дәстүрінен сабақ берді. Бағдарлама аяқталған соң мектептің оқушылары естелікке көркем суретті табақтай кітап сыйлапты. Мұқабаның ішкі бетіне бүкіл оқушысы Жайнаға арнап тілек жазыпты.

Италия оқушыларының қолтаңбасы. Автордың фотосы

Кітап Леонардо да Винчи туралы. Ағылшын тілінде. Ара-тұра қолға аламыз. Ағылшынша сауатымыз жоқ, сонда да түрлі картиналарға, олардың фрагменттері мен сызбаларға қарап, қызық-ау деген тұсын аудартып аламыз.

Ал жақында ғылыми телеарнадан осы суретшіге арналған өзгеше деректі фильм көрдік. Қайта өрлеу дәуірінің ең айтулы тұлғасы жайында жап-жақсы білеміз деп ойлайтын едік, мына кітап пен әлгі фильм білгенімізден білмегеніміз көп екенін аңғартты.

Салыстырып қарасақ, бірегей тұлға бізде жеткілікті, олар жөнінде кітап баршылық. Әттең, көбі мақтау, дәріптеу тәсілі арқылы жазылған. Әсіресе, соңғы жиырма жылдың бедерінде мұндай әдет қалыптасты. Жуырда жоғары оқу орнының ректоры туралы қалыңдығы қарысымызбен бірдей кітапты көрген едік. Мұндай кірпіштен ауыр кітап басқасын айтпағанда Қаныш Сәтбаевқа бұйырмаған еді. Мына кісінің ашқан жаңалығы бар болса, әлем, ТМД тұрмақ, қалың қазаққа беймәлім.

Жыл бойы жемделген ту биенің қазысының екеуіндей болатын кітап баршаға белгісіз ғылыми табыстарға талдау жасар деп күткенбіз. Ерінбей жарты тәулік парақтадық. Еш талдау жоқ, сыпыра мақтау! Ғылыми еңбегі мен басшылық қызметін білетіні бар, білмейтіні бар көбікті көпіртіпті. Жүрек кілкітеді. Жарықтық Қалтай Мұхамеджановтың "бұл кітапты жазып шыққанға емес, оқып шыққанға Мемлекеттік сыйлық беру керек" дегені ащы әжуасы еске түссін.

Осындай жағдайда қарапайым қазақ оқырманының сөресінде ағылшын тіліндегі кітап тұр. Батыс Еуропада туып, әлемге таңдай қаққызған ғажайып суретшінің өмір кезеңдерін, сол кезеңдерде тудырған ғажайып картиналары мен фрескаларын түсіндіріп, талдаған еңбек. Қызымызға Италия елінің оқушылары сыйлағаны үшін ғана емес, адамзат тарихындағы біртуар тұлғаның, Миланның мақтанышы болған милының еңбектерінің мәні мен мағынасын аша білгені үшін талай кітаптан төрге озып кетті.  


Оқи отырыңыз: Кемедегі керме


Тақырыптағы түйткіл

Енді тақырыбымызда тұрған "ұлы" деген анықтауыш туралы ойымызды айта кетелік. Кейінгі кезде осы сөзді екінің біріне жапсырып, қор қылдық. Сексеннің сеңгіріне шыққандар тұрмақ, қолына ықпалды қызмет тигеннің талайы осылай ұлықталды. Баласы ортақ астаудың ожауын ұстаған соң бұрын мүлде белгісіз әкесі мен шешесі "ұлы" атанғанда ондай сөзді естімей кеткен Құнанбай мен Ұлжанға жаның ашиды.

Қазақта "ұлы" деген теңеуге лайықтылар санаулы болуы керек еді. Бірақ, еліміз ХХІ ғасыр басталарда асыра мақтау дәуіріне кіріп кетті. "Ұлы" сөзі екінші деңгейдегі банк иелері мен әкімдердің таныстары мен туыстарына үлестірген қайтарылмайтын несие мен қаржылай қолдау сияқты оңды-солды лақтырылды.

Енді түрлі басылым мен кітапта, телеарна мен радиода, жиналыс пен конференцияда бір рет болсын "ұлы" атанғанның бәрін жинақтап, "Ұлыларымыз" деп энциклопедия шығару ғана қалды. Оған қырағы корректор керек деп алдын ала ескертіп қоялық. Әйтпесе, энциклопедияның атауында бір әріп қағыс түсіп, "Ұрыларымыз" деп масқара болмайық. Негізі, ол да қисынды.

Хош. Абайдың ұлы болғанын замандастары айта қоймаған. Өз құлағымен естіп кетпеген. Оның ұлылығын Алаш қайраткерлері ақын өмірден өткенде ғана жазған. Құрманғазының ұлы күйші екенін домбырасын өз құлағымен тыңдағандар бағалады деймісіз. Мұндай бағаны ХХ ғасырдың бел ортасына жақындағанда Ахмет Жұбанов жария етті.

Негізі осылай болуы керек. Көзін бақырайтын қойып "ұлы" деу ешкімді ұшпаққа шығармайды. Көкірегіне нан пісіргеннен басқа. Әлдебір пендешілігі байқалған кезде келекеге қалдырып, табаға тап қылғаннан басқа. Мұны қазіргі дәуірдің дүлдүл ақыны Абзал Бөкен тап басып өлең жазыпты:

Киіп алып кемеңгердің шапанын,

Кеңкелестер көпшілікке қатады үн.

Кімнің болмасын "ұлы" екенін көзі тірісінде бағалау мүмкін емес. Мұндай асқақ баға салыстыру арқылы берілмек. Өзінен арғы-бергілермен. Оның ісін, даналығын, өнерін басқалар қайталай алмаса, сонда тұлғаның ұлы болғаны мойындалмақ.

Осындай өлшемге салғанда өз тұсы мен өзінен кейін Абайға теңдес ақын, Құрманғазыға жетер күйші тумады. Оны Қадыр Мырза Әли өлең жолымен өріп берген:

Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды,

Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай.

Құрманғазы туралы өлеңінің соңғы шумағы былай аяқталатын:

Заманыңа жалыңмен сипатпаған —

Ұлылығың — осынау асаулығың!

Өлеңде – Абайдың, күйде – Құрманғазының ұлы тұлға болғаны осылай Қадырдың қаламымен анықталған ақиқат. Оған дау бар ма!


Оқи отырыңыз: Бактерия – "бізден", вирус – "сізден"


Биіктегі бозторғай

Өнердің және бір түрі – әнде ше? Қазақ әншілерінің ішінде ұлы бар ма? Мұнда дауысты ғана емес, өнер жолында істеген қызметін қоса қарастыру керек. Халықтың құрметін ғана емес, тұлғаның халыққа деген махаббатын ескерген ләзім. Осындай таразыға салғанда ұлы әнші – біртуар Роза Бағланова!

Роза Бағланова сахнада. Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Коммунистік партияның қаймағының алдында Бағланованың атом полигонынан зардап шеккен халқын қорғап сөйлегені қандай! Қан майданда жау оғынан қорықпай, алғы шепте шырылдаған бозторғай қырық бес жылдан соң биліктен сескенбестен сол қасиетінен танбады.

Ортада тағы бір ерлігі бар еді. Өзін құшақтамақ болған көсем Хрущевті көптің көзінше кеудеден итеріп жіберген. "Көп" дегенде анау-мынау емес, Кеңес Одағының партия, кеңес, үкімет мүшелері сынды ығай мен сығайларының көзінше. Меселі қайтып, мысы құрыған көсемнің қолынан келгені – Бағлановаға "КСРО Халық әртісі" атағын бергізбеу. Хрущев тізгіннен айырылып қалған соң атақ иесін тапты. Намыс деген осындай болуы керек. Момышұлы мен Бағланова қалдырған өлшем!

Ал, дауыс! Оны қарапайым халық та, талғампаз музыка зерттеушілері де өте жоғары бағалаған. Жалғыз мысалмен шектелейік. Өткен ғасырдың отызыншы-елуінші жылдары орыстың ең атақты әншісі болған Лидия Русланова өзі айтып келген "Ах, Самара, городок" әнін Роза Бағланова шырқаған соң ризашылық білдірген. Қызғанбаған, қайта қазақ әншісін құрметтеп, әлгі әнді мұның репертуарында қалдырған. Даусыз мойындау ғой.

Роза апамызды "ұлы" дегізетін мысал жеткілікті. Бағланова Қазақстанға түпкілікті ораларда Өзбекстанды басқарған Осман Юсупов қонақасы береді. Қоштасарда айтылып жатқан тілекте толас болмаған соң жолаушылар пойызын 45 минутқа күттірген.

Алматыдағы Республика сарайын салғызған. Қазақстанды басқарған Қонаевқа жолыққанда: "Мен Кеңес Одағында Карпаттан Камчаткаға дейін он рет гастрольдік сапарда болдым. Ірі қалалардың бәрінде концерт беруге лайық үлкен сарайлар бар. Ал Алматыда әлі жоқ" деген. Димекең – кемеңгер басшы, әншінің сөзінен кейін дереу іске кіріскен.

Солтүстік Кореяда ән салғанда алдында 75 мың солдат тізіліп тұрған. Айтпақшы, сырттағы 75 мыңды қайтеміз, өзіміздің бір солдат оқиғасын айта кетелік.

ХХ ғасыр соңында Алматыдағы пәтеріміз соғыс ардагерімен көрші болды. Хасан Дауытов деген ақсақал еді. Кешкілік аулада әңгімелесеміз ғой. Соғыс кезінде Керчті қорғап тұрғанда Роза Бағланованың концерт бергенін айтты.

Біз дереу Роза апамызға хабарластық. "Сіздің концертіңізді соғыста тамашалаған ардагер сәлем бергісі келеді" дедік. Әнші "келе қойсын" деді. Ұлының басты белгісі – қарапайымдық. Ақсақалға гүл ұстатып, тілші мен оператор ертіп, ерекше әсерлі сюжет жасап едік. Бораған оқ астынан аман шыққан майдангер мен әнші сұрапыл жылдарды еске алып, қатты толқыған.


Оқи отырыңыз: Оба жайлаған жыл


Дауласпаған дін

Бағлановадан төрт ғасыр бұрынғы Леонардо да Винчи бүкіл адамзат үшін ұлы тұлға саналады. Суреттері, сызбалары, қабырғадағы фрескалары – әлемнің бағалы мұрасы. Сурет пен мүсін өнерін ғана емес, математика, анатомия, астрономия, инженерлік және механикалық ғылымдар, жануар мен өсімдік тану, геология, топырақ тану және басқасын жетік білген. Бір адамның басына осының бәрі қалай сыйғаны әлі күнге зерттеушілерді таң қалдырады.

Леонардо да Винчи туралы кітаптың беті. Автордың фотосы

Картиналарының жөні бөлек. Джоконданың жұмбақ жымиысының сырын ашу үшін жүздеген зерттеу жасалыпты. Бұл туындысы сурет өнері бойынша жер бетіндегі ең құнды, сондықтан ең қымбат деп танылған.

Қылқаламын айтпағанда қолынан шыққан сызба мен жазудың бәрі теңдессіз. Солдан оңға жазылатын латын жазуын ол оңнан солға қарай теріс жазыпты. Солай қолайлы болса керек. Өзіне дейін жер жүзінде болмаған, бірақ кейін жасалған бірнеше ондаған машинаның сұлбасын қағазға түсірген. Велосипед, сүңгуір қайық, парашют және басқасын болжап қойған. Су астында жүзетіндер оның нұсқауын күні бүгін сақтап келеді. Теңіз түбінде тыныс алатын аппарат қандай боларын сипаттап берген. 

Адам ағзасын тануда оған теңдес жоқ. Суретшілер ғана емес, анатом мамандар оның суретіндегі дене мүшелерінің орналасудағы және өзара салыстырудағы дәлдігіне таңдай қағады.

Ол алқап суғару үшін жарманың қандай болуы керектігін дәл көрсеткен. 1502 жылы Екінші Баязит сұлтанға хат жазып, Босфор бұғазынан көпір салу ниетін білдірген. Оның сызбасын жолдаған. Жел диірмен мен кемеге арқансыз-ақ су тартатын қондырғы жасауға дайын екенін білдірген. Бұл хатты Осман патшасының неге ескерусіз қалдырғанын тарихшылар анықтай алмай келеді.

Жер қыртыстарының қашан қалыптасқанын анықтап шығарған. Бұл жазбасы әлгі күнге кәдеге жарап келеді. Леонардо да Винчи Жердің жасы Інжілде көрсетілгеннен анағұрлым үлкен екенін есептеген. Бұған дін дауласпаған. Басқа біреу болса, отқа жағар ма еді.     

Жерді айтқан соң аспанды ескерусіз қалдырмау керек. Ол бірінші рет аспанның неге көк болып көрінетінін түсіндірген. "Негізі ғарыш қара түнек, тек Жерді қоршаған ауаға түскен сәуленің арқасында ол бізге көгілдір болып көрінеді" деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазыпты.

Ұлы адам. Даусыз ұлы.


Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы


Ғарыш қуаты

Ақыры баяғыдағы Леонардо да Винчи мен біздің Бағлановаға ортақ  жәйтке жеттік. Ұлыларды мақаланың тақырыбында тұрған "ұшатын тәрелке" ортақтастырады.

Теңдессіз суретшінің заманынан үш-төрт ғасырға озық ойлауын кейбір зерттеушілер ғарыштан алған қуатымен байланыстырады. Бұл орайдағы басты дәлел – оның өмірбаянында екі жылдың "ақтаңдақ" болып қалғаны.

Иә, 1476-1478 жылдар арасында қайда болып, немен айналысқаны жұмбақ. Бозбала кезінде үлкен әрі құпия үңгірге тап болғанын өзі жазған. Бірақ, не көргенін сипаттамайды. "Ең шетінде тұрдым, соншалықты қараңғы екенінен бойымды қорқыныш биледі, – деген. – Бірақ, ішінде не барын білуге қатты ынтықтым".

Ұлы суретшінің үңгір жайындағы сөзі осымен тәмам. Оның тұспалдағаны "ұшатын тәрелке" болуы тиіс дейтін болжам бар. Ғұмырында талай жағдайға тап болғанымен, ешбірін жазып кетпеген. Тек үңгір туралы күңгірт сөздер қалдырған.

Леонардоның егжей-тегжейі айтылмайтын және енді анықталмайтын екі жылы толықтай немесе ішінара ғарыштан келген белгілерді қабылдауға, олармен танысуға арналды деушілердің бірнеше уәжі бар. Мәселен, "Джоконда" мен "Шоқындырушы Иоанн" картиналарында жай көзге байқалмайтын нықап таққан беймәлім мақұлық тұр. Оны суреттерді бірнеше айнаға түсіру арқылы көруге болады. Айналарды дәлдеп қойғанда мұнда Мона Лиза, анда Иоанн соған қарайды. Бұл мақұлық Леонардо көрген ғарыш қонағы шығар?

Оның картиналарында осындай құпияланған нәрсе көп. Соның бәрі ғарыштан қабылдаған белгілері. Беймәлім машиналардың сызбасын жасауы – ғарыштан алған білімінің арқасы деседі. Айналасына түгел оқ ата алатын машинаның сызбасы кәдімгі "ұшатын тәрелкеден" еш аумайды.

Леонардо да Винчидің "айналаға оқ ататын машина" сызбасы бойынша жасалған макет. Фото gradmaket.com сайтынан алынды. 

Енді Роза Бағлановаға келейік. Апамыз тірісінде екі рет ғарыштан қуат алғанын айтып кетті. Біріншісінде "беймәлім аспан денесін анық көрдім" деген. Тура төбесінде айналып, қалықтап тұрды. "Екі алақанымды созып едім, соған қуат құйылғанын сездім" дейді. Әрі маңдайында күріш сиятын ойық пайда болыпты.

"Екінші рет ғарыштан өзім медет тіледім" деген содан кейін ұлы әнші. Бағланованың соғыс кезінде көзінен алған жарақаты бар. Беріде сол сыр беріп, соқыр болып қалу қаупі төнеді. Сонда ғарыштан қуат сұраған. "Көзім онда дұрыс көрмейтін кезім. Бірақ, келгенін сездім. Маңдайыма, иығыма және арқама тоғыз тұстан тарыдай қызғылт шұңқыр түсті. Көзім жазылған соң бұл шұңқырлар өз-өзінен кетіп қалды" деген.

Біздің білетініміз: көзі жазылған соң өзі өтініп салғызған сарайда үш бөлімді концерт берді. 85 жастағы әнші үш сағат сахнада шырқады. Соны тыңдағанда ұлы әншінің ғарыштан қуат алғанына еш күмәніміз қалмаған.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары