Тікелей эфир

Швецияға қоқыс шығар

Біздің билік тұрмыстық қалдықтар мәселесін шеше алар ма екен?

Пакет жауған күн

Тақырыбымызда қате жоқ. Дұрыс. "Швеция қоқыс шығар" емес, "Швецияға қоқыс шығар"! Неге осылай жазып отырмыз, енді соған келейік. Қазақстанның оңтүстігінде күн жарқырап шығып, ауа жылынып, қар ери бастап еді, жер бетіне... жоқ, бәйшешек емес, сансыз қоқыс қаптап шықты. Қыстай қар астында жатып еді. Енді қайда қарасаң да, целлофан пакет, пластик, шыны мен қаңылтыр құты және басқасы.  

Біреулер қазаққа қатер солтүстіктегі орыстан төнеді деседі. Енді біреулер жерімізге келетін қауіп оңтүстік-шығыстағы Қытайдан дейді. Ал біз қазаққа ең басты жау – дала мен қаланы басып қалған қоқыстан деп ойлаймыз. Мұны ақпарат құралдарында сан рет айтып жүрдік. Билікте естір құлақ байқалмайды. Отыз жыл ішінде экологияға өте жауапты жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығуға болар еді. Біздегі босқа кеткен жылдар. Швеция осындай отыз жылда қоршаған ортаға қылдай қиянат жасамайтын сауатты да жауапты ұрпақ шығарды.

Шерхан Мұртазаның көзі тірісінде Жуалыда 80 жылдық мерейтойы аудандық стадионда өтті. Тәлімін алғанның бірі болғандықтан шақырылыппыз. Ашық аспан астында, көп алдында іріктелген үш тұлға сөйледі. Биліктен – сол кездегі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, аймақ атынан – ел ағасы Өмірбек Байгелді, қаламгер қауым, әріптестер ортасынан – Әбіш Кекілбаев. Тау бөктері болғандықтан аздап жел соғып еді, далаға тасталған сансыз пакет бұрқырады да кетті. Біреуі мінберге дейін Байгелдімен жарысып барды, екіншісі сөйлеп тұрған Мұхтардың маңынан өтті, тағы бірнешеуі Әбекеңінің алдын орағытты дегендей. Бір пакеттің әріректегі ағашқа ілініп, тойдың туы сияқты желбірей қалғаны есімізде.

Дәл осы жәйт біздің халықтың қазіргі сана деңгейінің өлшемі іспетті еді. Мына жақта арда туған азаматты құрметтеуге асық. Ал анау далада не болып жатқанына мән бермейді. Тойға құлшына келгендердің біразы дәл осындай пакеттерді лақтыра салатыны күмәнсіз.

Белгілі суретші Ерболат Төлепбай Жапониядан келген әріптесіне қазақ даласының кереметін – қызғалдағын, құмын көрсетемін деп қатты ұятқа батқанын айтқан. Екеуі анда тоқтайды, көретіндері – үйіліп жатқан қоқыс. Мұнда тоқтайды, тағы сол шашылған қоқыс. Арасында не барын біз сипаттамасақ та, әрбір қазақ біледі. Сонда жапондық суретші "сіздердің мемлекеттің жаулары ма осылай істеп жатқан?" деп таңырқаса керек. Жерімізге ешқандай жау кірмегенін, өз адамдарымыз қалдырған тұрмыстық қалдықтар екенін айтып көр. Түсіндіріп көр.

Алматының іргесіндегі қоқыс алаңдарының бірі. Фото veters.kz сайтынан алынды

Оқи отырыңыз: Қорғанға – қорған


Айналымға енген күн

Қоқыс – адамзаттың ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасыр басындағы асқынған мәселесінің бірі. Химия мен соған сабақтас салалар дамыған сайын бұл мәселесі асқына берді. Рас, оған дейін қоқыс болды. Тамақтың қалдығы. Ағаштың жаңқасы. Жыртылған киім. Тозған тулақ. Үзілген кендір жіп. Қаламға ілінбей жатқан тағы қаншамасы. Бірақ, олар шіріп, құрт пен қоңыздың өңдеуінен кейін топыраққа айналатын. Бірі ерте, бірі тез. Сөйтіп Жердің тіршілік үдерісіне еш кедергісіз келесі айналымға түсетін.

Қи мен ағаштың күлі де солай. Күлтөкпенің орнында көп жылдан соң қалың қау басқан төмпешік тұрады. Қи мен ағашты жаққанда түтін шықты ғой, ол зиян дерсіз. Зияны – онда көмірқышқыл газының болғандығы. Ал ағаш біртіндеп шірігенде ауаға тура сол мөлшердегі көмірқышқыл газы шығады. Айырмасы – жанғанда бірден, шірігенде біртіндеп бөлінетіні ғана. Ол газ қайтадан жердегі өсімдік пен судағы планктонға керек. Осылайша табиғатта тепе-теңдік сақталып келді. Қашан жер астынан көмір мен мұнай шығарғанша.

Қазақтың көшпелі өмірінде оларға соншалықты қажеттік бола қоймады. Темір балқытып, қару соққанның өзінде жердің астындағы көмір емес, ұсталар ағашты шала жағып, қайта суытып алатын көмірді пайдаланды. Мұнайды жермай деп танығанмен, оны өңдеуге талпынбады. Бұл туралы кезінде Қадыр Мырза Әлиден өлең қалған:  

Ақиқат талай нәрсе жетпеді де,

Алайда бабам шүкір етпеді ме?!

Астында жамбасының көмір жатып,

Қи жағып өмір-бақи өтпеді ме?!

Ақиқат талай нәрсе жетпеді де,

Алайда бабам шүкір етпеді ме?!

Астында жамбасының жермай жатып,

Жарықсыз бүкіл түні өтпеді ме?!

Тағы Қадырша айтсақ, бабаларымыздың бір жаманы: техникаға жүгінген елдерден артта қалғанымен, бір жақсысы: өз даласының экологиясын сақтады. Алдымен патшалық Ресей, одан Кеңес Одағы Қарағанды мен Екібастұздағы көмірді, Ембі мен Доссордағы мұнайды жер бетіне шығарғанша табиғаты бұзылмаған. Астыдағының үстіге шығуы миллион-миллион жылдық тепе-теңдікті бұзды. Жер бетін іске жарамсыз етті, ал ауаны мүлде ластады.

Беріде ғана адамзатқа ақыл кіре бастады. Көмір мен мұнайды пайдаланбаған жөн екенін пайымдады. Бірақ, үдеріс тым қарқындап, оны тоқтату мүмкін емес кезде ғана ойланған.


Оқи отырыңыз: Байқаңдар, көкте "Байрақтар"!


Қуат алған күн

Бәрібір Жерді сақтап қалуға деген талпыныс бар. Батыс Еуропа мемлекеттері көмір қазу мен жағуды қойды. Тек Германия жағып отыр, бірақ өз шахталарын жауып тастаған. Ресейден сатып алуда. Бұл ел 2038 жылы атом және көмір жағатын стансаларды мүлде тоқтату туралы бағдарлама қабылдаған. Мұндай стансалар әзірге қуаттың 30 пайызын береді.

Көмір, мұнай мен мұнай өнімдерін кіргізуге тыйым салған мемлекеттер қайтеді: көмірсіз қалай жылиды, мұнайсыз қалай қуат алады? Бардық, көрдік. Бұған дейін бір мақаламызда толық жазып кеттік, Австрия астанасында қоқыстан электр қуатын өндіріп, тұрғындарға  жылу мен жарық және ыстық су беріп отырған зауытты аралағанбыз.

Әңгіме ықыласта, пейілде. Біздің үкіметіміз күмәнді, орындалуы мүмкін емес және қажетсіз бағдарламаларды қабылдайды. Қыруар қаржы бөлінеді. Аяғында не біткен іс жоқ, не қайтарылған қаржы жоқ, әлдекімдерді соттаумен тынады.

Неге қоқыстан электр қуатын өніретін зауыт салмасқа? Технология дайын. Сатып аламын десең, Еуропаның қаншама компаниясы айналысқан. Соған жетер қаржы жыл емес, ай сайын желге ұшып жатыр.

Ондай зауыт арқылы еліміз бір оқпен екі емес, үш қоянды атар еді. Біріншіден, электр қуаты, жылу және ыстық су алынады. Екіншіден қала мен дала тазарады. Үшіншіден, ауаға зиянды түтін, өзенге былғанған су, ал топыраққа улы қалдық шығарылмайды.

Венадағы зауыт мұржасынан аспанға қаладағыдан таза ауа шығып жатыр. Дунайдан алған судан оған қайта құятын қалдық суы таза екенін тағы көрдік. Күлінен бетон жасап, оны жолдың астыңғы бөлігіне төсеніш ретінде қолданады.

Біздің билік мұндай қадамға әзірге бара қоймас. Өйткені, оның бизнеспен сорпасы қосылған не, сүйегі кірігіп кеткен. Мұндай стансаларды ірі қалаларда салу – көмірден бас тарту деген сөз. Ал көмірге қожа болған алпауыттар тірі тұрғанда бұған жол бергізе ме? Олар – лобби ғана емес, биліктің сенімді тірегі.

Қоқысты бізде де өртейді. Тек, ешқандай жылу мен қуат алмастан, аспанға қара түтінді бұрқыратып, улы газбен төңіректі тұншықтыру арқылы. Алматы мен Қапшағай арасындағы қоқыс полигоны өртенгені туралы жыл сайын бірнеше рет ақпарат шығады. Алматыдан ұшып шыққан не осы қалаға қонар жолаушының бәрі бұрқырап жатқанын талай көрген. Қоқыс өртеудің кесірінен күре жолды түтін тұмшалап, бірнеше автокөлік соғылғаны мәлім. Жанталасып тікұшақпен үстіне су құйып жатады.

Бірақ, осы қоқыстан қуат алатын орталық салу туралы мәселені биліктен ешкім көтермейді. Себебі Екібастұзды және басқа көмір кен орындары мен мұнай зауыттарын ұстап тұрған алпауыттар ауыз аштырмайды.


Оқи отырыңыз: "Ұшатын тәрелкелер" мен ұлылар


Қоқыс іздеген күн

Швеция қаласында отбасы қоқыс жәшігі қасында. Фотоны түсірген Анн-Софи Рузенквист

Швецияға барғанымызда қалалары тұрмақ, сиыр фермасының айналасынан ең болмаса пластик бөтелкенің аузындағы тығыны көзімізге түспеген. Бүкіл елде лақтырылған темекінің қорабын, тасталған сағыздың қабығын таппадық. Арнайы іздегеніміз жоқ әрине, бірақ бір рет көрінбеген соң, оларды ешкім бет-албаты тастамайынын білдік.

Сұрастырсақ, әрбір үйде қоқысты 7 түрге бөліп жинайды екен. Тамақ қалдықтары, қағаз, пластик, әйнек, металл бөлек. Өңдеуге жатпайтын қалдықтар үшін жеке шелек тұрады. Өңдеуге жатпай, полигонда көмілетін қалдық 7 пайыздан аспайды. Біздің елімізде қалдықтың 7 пайызын өңдесе, нәтиже санар едік. Айтпақшы, қағаздың өзін екіге бөлген. Газет-журнал, парақшалар жеке, түрлі картон қораптар жеке жиналады.

Үлкен дүкеннен бірнеше гүлдің пиязы мен тұқымын алғанымызда қалыңдау қағазға орап берді. Баяғыда ауыл дүкенінде аты "парварда" болуы керек-ау, біз әппақ түсіне қарап "бор кәмпит", кейде жасалған түріне қарап "жастық кәмпит" дейтінбіз, соны осындай қоңыр қағазға орап беретін. Біз оны ұмытып, дүкен атаулыда целлофанға салынғанын жетістік көреміз. Швед елі қоңыр қағазға қайта оралыпты.

ХХІ ғасырда көп елдер целлофанды заңнан тыс деді. Африкаңыңыздың өзінде ондай мемлекеттер көбейді. Біздің парламент министрге мемлекеттік тілде сұрақ қойғанды жетістік санап отыр. Дәл қазір Қазақстанға целлофан орама мен пакетке тыйым салған заң қажет. Содан кейін су мен сусынды түрлі жасанды құтыларға құятын кәсіпорындарға қаншасын шығарса, сонша құтыны кері қабылдаттыратын заң керек. Бәрі әкімдіктер мен бақылаушы органдарға пара беріп құтыла салмайтындай болуы керек.

Швецияда көшеге тастамақ түгіл қоқысты дәл өзіне арналған шелекке салмасаңыз, айып төлейсіз. Сондықтан қоқысты тегіне қарай жекелеп жинауды балабақшадан бастап үйретеді. Бастауыш сыныптарда жалғастырады. Кәдімгі пән. "Ресайклинг" деп аталады. "Қайта өңдеуді қадірле" деген тақырыппен роликтер, әнге бейнебаяндар телевизордан көрсетіледі. Біздікі – келіннің қойнын ашқан қайын ата тақырыбы ғой. Швециядағы роликтің бірінде оқылған газеттен ит пен мысықтың дәретін қырып, бүктеп алатын күрекше жасайтын компанияны көрдік. Осыны неге жасамасқа? Күштеп жаздыртатын газеттер бір кәдеге жарар еді...  

Австрияның қоқысқан қуат алатын зауытын аралап жүргенде балаларға арналған бірнеше үлкен залында қызғылықты ойындар ойнап, сабақ оқып отырған оқушыларды көрдік. Ойын мен сабақ экологияны сақтауға, таусылмас қуат көздерін пайдалануға бағытталған. Біздің қалалардағы жылу-злектр орталығына балаларды жиіркендіру үшін апармасақ, басқа қандай экскурсия болсын.

Швецияда қала ішіндегі ескі ғимаратты бұзу тәсілін көрсеткен. Тұтас қабырғаны кесіп алып, үгітіп, жаңа қабырғаға пайдаланады. Ескі ғимараттағы ағаш есік пен терезенің, еденнің бояуын қырып, тұрмыстық химия зауытына қайта өңдеуге жібереді екен. Мұны Алматы мен ел астанасын ескі үйден арылтамыз деген бағдарлама бойынша екі қабатты үйлерді қалай бұзып жатқанымен іштей салыстырарсыз.

Пластикті жеке жинайды дедік қой. Ол жеті рет осындай жаңа зат болып оралады екен. Сегізінші жолы ғана электр қуатын беретін пештің көмейіне түседі.

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған жәйтке жаңа жеттік. Швецияда мүлде қоқыс қалмаған. Енді өңдеу мен қуат өндіру үшін басқа елдерден қоқыс әкелуге мүдделі. Әзірге Норвегия беріп жатыр. Бірақ, одан шамалы ғана шығады деседі. Біздің атқамінерлер электр қуаты мен жылуды қоқыстан алатын зауыт сала қоймайды екен, онда қоқысты Швецияға шығаруды ойластырсын. Ең болмаса қала мен ауыл көшелерін осылай тазартып алайық. Жапон суретші келесі келгенде "ә, достарыңыз да бар екен" десін...

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары