Тікелей эфир

Қорғанға – қорған

Жалғыз суретішінің жанайқайы және жоғарыдағылардан жанашырлық жоқтығы жайында

Мемлекеттің топыраққа тірелген мүйізі

Мақаланың тиегін әлеуметтік желі тауып берді. Алматыдағы Розыбакиев көшесінің өр жағында бос алаңқай бар. Ортасында қорған тұр. Алып қала ішіндегі оймақтай ғана жерге қолдан гүл егілмеген, жабайы шөбі жыр қаһаны Жұматайдың тілімен "хиппидің шашынан қалың".

Қорған біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV ғасырдағы сақ жұртынан қалған. Алатау баурайындағы қаланың аумағында мұндай ежелгі үйме көп болған. Боралдайдағыдан басқасының бәрі тегістеліп, үстіне үй салынып  кетті. Астындағы қазынасы қолды болды ма, әлде жер астында мәңгі қалды ма – оның дерегін таппайсың. 

Енді "жалғыз қорған тұрған жерге тұрғын үй кешенін салады-мыс" деген хабар әлеуметтік желінің желкенін керіп кеткен. Өйткені, қорғанның жан-жағына қаңылтыр қоршау орната бастапты. Бізде қаңылтырмен қоршаған жерден зымырандай зу етіп зәулім үй өсіп шығатыны белгілі.

Бұл жолы белсенді жұрт бекер дүрліккен сыңайлы. Әкімдік жауабы солай. Мұнда сақ қорғаны түріндегі археологиялық кешен салынбақ. Әзірге жобасы сызылуда. Негізі 2017 жылы жобалануы керек екен. Әлі созылып жатыр.

Айналадағы зәулім үйлерді жобалау мен салу көзді ашып жұмғанша. Себебі, тұрғын үй салып, сатқаннан ырғын ақша түседі. Бес есе артық бағамен сатылатыны даусыз. Оны Қазақстанның Алматысы мен Түркияның Антальясындағы шаршы метрі бірдей пәтерлердің бағасын салыстырған кез-келген адам біледі.

Ал музейден жеке кәсіпкерге пайда жоқ. Жеке кәсіпкерге пайда түспейтін тұсқа биліктегілер бас ауырта қоймайды. Жобаның бітпей, жоба бітпеген соң құрылыстың басталмай жату сыры осында ма дейміз.

Музейге келгенде мүйізіміз тіке шаншылмай, топыраққа тіреліп қалатын мемлекетпіз ғой. Әттең.


Оқи отырыңыз: Байқаңдар, көкте "Байрақтар"!


Сақтан сақтанғандардың саз түмені  

Еліміз сақ қорғандарын сақтай алмай, әспеттеуге мойын жар бермей жүргенде басқалар не істеді? Мәселен, Қытай. Сиан қаласы. Жыл сайын ағылатын жүздеген миллион туристің бірі болып көрдік. Саз балшықтан жасалып, жер астына жасырылған қалың қолды. Әзірге табылғаны 8 099 әскер. Әлі қазылып жатыр, он мың, бір түмен болатын шығар.

Алдымен аумағы таң қалдырды. 16 гектарды қазып, айналдыра қабырға тұрғызып, үстін шынымен жауып қойған. Аяғымыз жеткен мемлекеттердегі ең үлкен музей. Біздің "сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар" деп жүргеніміздің көлемі жарты гектарға жетпейтін шығар.

Автор Сиан қаласының іргесіндегі "Саз балшық әскер" музейінде. Фото автордың архивінен алынды

Сиан музейі үш ғимараттан тұрады. Біріншісі мүсіндердің топырағының құрамы, бояуларының өзгешелігі, жауынгерлердің бет-кескін айырмашылығы, киімдерінің матасы мен тігісі, қаруларының түрлері, әскери шендері мен тұрған тұрыстары, аттардың тұқымы мен әбзелдері, арбалары мен ыдыстары, музыканттардың аспаптары мен масқарампаздардың құралдары дегендей сан қилы зерттеулерге арналған. Химия, механикадан бастап 3D көрініске дейінгі ғылым жетістіктерін бағзы заманды баяндауға арнаған. Мұны толық білу үшін жарты тәулік аралайсың.

Одан кейін түменнің өзін көру үшін екінші ғимаратқа кіресің. Қабырға берік қоршалып, төбе мығым жабылғандықтан жауын мен жел қорқыныш емес. Осыншама жерді ғимаратқа сыйдырған инженерлік шешімге бір, мұншама әскерді балшықтан жасатқан императордың әміріне екі, мұны істеген шеберлердің ұсынықтылығына үш, қайта бүлдірмей қазып алып жатқан археологтардың ыждағаттылығына төрт таңдай қағасың.

Түмен жер астында, турист жер үстімен қарайды. Жер астына түсіп, дәл жанынан қарауға рұқсат жоқ. Обама, Путин сияқты құрметті қонақтарға ондай мүмкіндік берілгенін жазып қойыпты. Президент болмағанымызға жалғыз рет өкінсек, осы жерде шығар. Онда да Америка Құрама Штаттарының президенті болмағанымызға.

Үшінші ғимаратта қазып алған кезде бүлініп шыққандары сақталыпты. Әрбір саз аттың салмағы 2 центнер, сарбаздың салмағы 135 келі болғандықтан, бүлінгендері бар. Оларды лақтырып тастамай, мұқият жеке жинастырған.         

Кезінде осыншама саз әскерді жасатып, жерге жасырған Цинь Шихуанди деген әмірші Ұлы Қытай қорғанын салғызуды бастаған екен. Не үшін? Әрине, солтүстіктен келетін сақтардан қорғану үшін. Біздің бүкіл ел болып сақ қорғанының үстіне ашық музей жасай алмай жүргенімізді естісе, Шихуанди жарықтық күлкіден екінші рет өлетін шығар.


Оқи отырыңыз: "Ұшатын тәрелкелер" мен ұлылар


Картинадағы кефир қақпағының қиындысы

Мемлекеттік билікті қайдам, бізде қорғандарды қорғау үшін шырылдап жүрген азамат бар. Кім екенін айтпас бұрын алғаш ол туралы әсерді еске алайық.

"Хабар" агенттігіне қызметке тұрған тұсымыз. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысы. Сол кездегі агенттік басшысы қызметкерлердің эстетикалық талғамын көтеруді ойлағаннан шығар, офистің қабырғаларына картиналар ілгізетін. Дүкеннен алынған көшірме емес. Түпнұсқа. Жаңа "арбаттанып" жатқан Жібек жолы көшесіндегі арзанқолы емес. Белгілі суретшілердің қылқаламынан шыққандары.

Сондай картинаның бірі таң қалдырған. Ризалықтан емес, түсінбестіктен. "Мұнысы несі" деп ойлағанбыз. Біз ұқпадық па, әлде суретші ұғындыра алмады ма? Әйтеуір иықты қиқаң еткізіп кетіп қалғанбыз. Түсінбеген себебіміз: көлемі, салынуы жағынан мінсіз картинаның бір жерінде... кефир қақпағының қиындысы тұрды.

Ол кезде Алматының сүт фабрикаларына "Тетрапак" компаниясының сан қилы қораптары жете қоймаған. Сөз арасында айта кетсек, журналистік жолдар бізді шведтің атақты "Тетрапак" зауытына да жеткізген. Кейін реті келгенде сөз етерміз.

Сонымен сүт өнімдері шыны құтымен сатылатын. Аузы қаңылтырмен жабылатын. Өнім түріне қарай олар ақ, сары, көк түстермен боялатын. Кефирдің қақпағы көк еді. Сол қақпақты картинаға қиыстырып кеткен суретшінің ниетін түсіне алмағанбыз.

Бірер жылдан соң "Хабар-2" арнасы үшін бағдарлама түсіруге Алматының ортасындағы, Есентай өзенінің жағалауындағы шеберханасына барғанда көк қақпақтың сырына бойладық. Ол үлкен мақсатқа жетудің алғашқы қадамы екенін ұқтық.

Қазір сүт зауыттары ондай қақпақ жабылған өнім шығармайды. Суретші де дайын қаңылтырды қойып, картиналарына жабыстыратын қалайы мен мырышты, алтын мен күмісті өзі соғатын болған. Ежелгі сақ шеберлері сияқты. Туындыларында көшпелілер мәдениеті көрініп тұруы үшін.

Сондықтан металдың өрнегінде сақ қорғандарынан шыққан бұйымдар мен таңбалы тастардағы бедердің елесін жеткізеді. Өз сөзімен айтқанда: "картиналардан көшпелі жұрттың иісі шығып тұрсын" дейді.

Бұл – атақты Амандос Ақанаев.

Амандос Ақанаев картинасына металдан әшекей жасауда. Фотоны түсірген Жанұзақ Керімбекұлы 

Оқи отырыңыз: Кемедегі керме


Бір қорғандағы бірнеше мәдениет бастауы

Ақанаевтың кедір-бұдырлы, ағаш, бояу және металл қатар қолданылған 90 жұмысы Германияның музейлері мен коллекционерлерінде. Америка Құрама Штаттарындағы картиналары 300-ден асады. Италияның өнертанушылары Ақанаев десе ішкен асын жерге қояды. Оның қолынан шыққан көркемөнер туындылары Бельгия, Норвегия, Лихтенштейн, Швейцария, Швеция, Франция, Дания, Ресей, Мысыр, Жапония, Қытай, Түркия, Украина, Пәкстан, Үндістан және басқа мемлекеттерде тұр. Жай тұрған жоқ, қазақ деген халықты танытуда.

Ол – әйелі Нелли Бубэ, қызы Ботагөз, ұлдары Руслан мен Ескендір және немере-жиендері Мұхит, Рада, Глеб, Аспарух, Александра бар тұтас суретшілер әулетінің тізгін ұстаушысы. Оның сыртында бауыры мен одан тараған тағы бір топ суретші бар. Өте белгілі өнертанушы Лаура Оразбекованы да Ақанаевқа тағдыр қосып еді. Қазақ тұрмақ әлем топырағында болмаған құбылыс!

Осы даңқ оған жетер еді. Картиналардан түсетін қаржы тыныш отыруын қамтамасыз етер еді. Жоқ. Лаура екеуі қаншама жыл Алматы облысы Қопа стансасының ар жағындағы Таңбалы тас шатқалын қорғау үшін қоңырау қақты. Ақыры киелі жер қағаз емес, іс жүзінде қорғалатын болды.

Бұл – оның көкейіндегі арманның жарым-жартысы. Амандос жас кезінен, өнер жолын бастаған шағынан даланың қорғанына қамқор болғысы келген. Неге? Жиырма жыл бұрынғы жүздесуімізде суретші "сақ қорғандарында бабаларымыздың ашылмаған құпиялары жатыр" деген.

Одан табылған заттардың ағылшын аралдарындағы қорғаннан табылған жәдігерлермен ұқсас екенін археологтан емес, Ақанаевтан естігенбіз. "Демек, қорғанда бір емес, бірнеше этностың мәдениетінің бастауы жатыр". Бұл оны тарихшы деңгейіне шығаратын пікір емес пе! "Үлкен аумақты алып жатқан қорғанның айналадағы жер бедерімен үйлесім табуы – бағзы адамдардың дүниетанымының жоғары болғанын байқатады." Мұндай ойды қай архитектор айтып еді? "Жердегі қорғанның орнын белгілегендер әлемнің қалай жаратылғанын білген". Мына сөз суретшінің астрономиялық білімін байқатпай ма!

Оның қорғанға іңкәр болуының сырлары осындай. Тек, Таңбалы тастағы сияқты, қорғандарды қорғауда серігі болған Лаурасының апатқа түсіп, соның салдарынан қаза табуы жан-дүниесін күйзелткен. Қолында болса, ең үлкен қорғанды жан жарына арнап тұрғызар ма еді...


Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы


Көңілден кетпес көне төбешіктер

2014 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарындағы бірнеше қорғанға мемлекет қорғауына алынғаны жазылған тақтайша орнатқызды. Бұл үшін ауылдан бастап облыс орталығы арасына сабылды. Бірнеше ауданның аумағын шарлады. Жандосов кентінің іргесіндегі 22 қорғанды санап, әкімдерге көрсетті. Ал бізде әкім ауыса береді... Алматыда 1 200 қорғанның тегістеліп кеткенін айтып шырылдады. Тегістелуден сау тұрғаны сөз басындағы қорған шығар.    

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы қорғанның көрінісі. Фото Амандос Ақанаев дронмен түсірткен бейнекөріністен жасалды

– Қорған – ежелгі ел екеніміздің бірден бір белгісі, – дейді Амандос аға. – Армяндар мен әзірбайжандардың Таулы Қарабақтағы қырқысы неден шықты? Дау кім бірінші ол жерде тұрған, кімнің алдымен ол жерде мәдениеті болған дегеннен басталды. Соның түбін таба алмай отыр. Құдайға шүкір, Қазақстанның оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыс – төрт шетінде бабалардың қорғандары тұр.

Онысы рас. Қазақта қайтыс болған атасын жайлаған жерінің ең шетіне қоятын дәстүр бар. Сол арқылы шекарасын белгілейтін. Қорған тұрған жердің бізге қатысты екеніне ешқандай тарихи дау тумайды.

Қорғанды қорудың тағы бір сырын осыдан түсінген шығарсыз. Бірақ, неге суретші шырылдауы керек? Алматы облысынан, оның Қарасай, Жамбыл аудандарынан қаншама депутат, әкім, министр, одан жоғары лауазымдағылар шықты ғой. Соның қайсы қорғанға қамқор болыпты? Қайсы қорғаны бар өңірді жеке шаруашылыққа үлестірген, үстіне егін салып, бау-бақша отырғызуға, мал жаюға рұқсат берген жергілікті билікке "қой" депті?

Ал әлем адам қолымен үйілген көне төбешіктерден ырғын пайда табады. Жер жүзін шарлағанда оны талай рет көзімен көрді. 

– Ирландияда он қорған бар. Ол жақта Қазақстан сияқты емес, жер аз ғой, – дейді. – Он қорғанды тегістеп тастаймыз дегенде қоғам у-шу қылып, аман қалдырды. Енді жыл сайын содан 65 миллион доллар пайда тауып отыр. Жаңағы қорғандарды көруге туристер келеді. Мәз болады, ақшасын төлейді. Біздің Еңбекшіқазақ ауданында бір топ қорған қараусыз жатыр. Қаракемер, Түрген,  Лавар, Қаратұрық, Тескенсу, жоғары жақтағы Асы-Сағаның қорғандарын ешкім қорғамайды.

Өзі көріп кеткен бүтін қорғанды қайта барғанда әлдекімдердің қазып тастағанын, тонағанын немесе тонауға ниеттенгенін байқағанда тіпті, қаны қайнайды. Бұған мүлде жол беруге болмайды.

– Бүкіл қорған, балбал мен таңбалы тасты инвентаризация жасап, құжаттарын дайындау керек. Оларды қазатын, қозғайтын болса, үкімет рұқсат беруі керек. Қазір қалай? Күмәнді археологтар келеді, қазады. Артынан тегістеп тастайды. Бұл  дұрыс емес.

Суретшінің айтуынша, қазақ даласының әр шетінен табылған Алтын адамның киім мен  қару-жарағындағы өрнектің өзі тың ақпарат береді. Өткен дәуірлердегі адамдардың дүниетанымы мен діні қандай еді? Ойы қаншалықты терең болды? Ол кездегі табиғатты, қоршаған ортаны бедерден біле аламыз дейді. Демек, сақ қорғандарынан табылған әшекейлердің мәні терең.

Ақанаевтың пайымдауынша, көне шеберлердің қолынан шығып, қорғанда сақталған бұйымға қарағанда ұзын темірден айқыш-ұйқыш құрастыра салған Париждің Эйфель мұнарасы еш құнды емес. Ол мұнара мемлекет қорғауында. Бізде қорғанды қопару мен тегістеу сияқты сорақылыққа қоса жергілікті тұрғындар оны қоқыс төгетін орынға айналдырған.

– Жақында қорғанның жайын білейін деп мына Асы-Саға жаққа бардым, – деген Амандос Ақанаев әңгімесінің соңында. – Ауылдың көшелері тап-таза. Түнгі шамы самаладай жарқырайды. Бірақ, іргесіндегі көне қорғанның түбіне ауылдан шыққан барлық бықсықты үйіп тастаған. Сұмдық!

Қорғанның қорғаны болған Ақанаевқа қосылып, Сіз де "сұмдық" деңізші!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары