Тікелей эфир

Байқаңдар, көкте "Байрақтар"!

Соңғы уақытта түрлі соғыс кезінде осындай ескерту айтылып жатқаны анық.

Дүкеннің дроны

Өлеңі отты, жыры жалынды, мінезі мәрт Мұқағалидың мына бір:

Жырлар жазам, алайда ол кімге керек?!
Жанға шипа іздеймін, тілге дерек, – деп басталатын өлеңін ара-тұра ойға алатынбыз. Ақын одан арғы шумағында өлеңінен халыққа пайда бар ма, жоқ па – соны аңғара алмай қапаланады:

Жырлар жазам, білмеймін не берерін,
Көгерерін білмеймін, тек өлерін.
Күйінішін халқымның, сүйінішін,
Өз үнімен жырласам деген едім.

Мұқағалиды шалған мұң ара-тұра бізді торлап тұрады. "Апта сайын жалықпай мақала жазып келеміз, сонымыз халыққа бірдеңе беріп жатыр ма?" деп ойлап қоямыз. Осы тұмандай ойды сейілткен жәйт болды. "Ұшатын тәрелкелер" мен ұлылар" атты мақаламыз шыққан соң ит көйлекті бұрын тоздырған журналист телефон шалсын. "Қайнаржан, мақалаңды оқыдым. "Ұшатын тәрелкенің" ұлы адамдарға көрініп, қуат құятынын түсіндірген-ақ екенсің. Енді сен түріктің адам отырмай, өзі ұшатын, жауды талқандап жүрген ұшақтары туралы жазсаңшы" десін.

Шыны керек, ешкімнен тақырып сұрамайтынбыз. Қағаз бен файлға тізіп алған, көбінің материалы жиналған тақырыптарымызды шетінен кертіп келе жатырмыз. Әрі өшпенді әзірбайжан-армян соғысын көшпенді қазақ-жоңғар соғысымен салыстырып мақала жазғанбыз.

Бірақ, үлкенді сыйлаған ұлттың баласымыз. Журналистика саласында жол бастаған ағамыз өзі күткен тақырыпты ұсынып жатса, қалай бас тартармыз?! Тәуекел, ұшқышсыз ұшақ аппараттары (ҰҰА) туралы қалам тербейік. Айтпақшы, "ұшақ" сөзін Шерхан Мұртаза Түркияға барғанда бәсіреге алып қайтқан.

ҰҰА дегенде ойымызға бірінші оралғаны – Қытайдан сатып алған ойыншық дрон. Оған он жылдан асса керек. Дүкенінен бе, базарынан ба, әйтеуір 7-8 жасар баламызға ойыншық іздедік. Төрт бұрышында төрт ебелегі бар, қуат көзін қосып, одан басқару пультіндегі тетікті басса, сырылдап ұша жөнелетін ойыншық ұнады. Әкелген соң ұлға да ұнаған. Екеулеп ұшырып, кезек ойнап, он шақты күнде қираттық. Ұшуын ұшты, бірақ дұрыс басқара алмағандықтан бірде тасқа құлап, бірде шатырға тиіп, тағы бірде биіктегі сымға ілініп, ақыры саудасы бітті.

Беріде өзіміз қызмет ететін телевизия саласына дрон келді. Операторларымыз жұмыс істей бастады. Фильм түсіру барысында қалай қолданылатынын көзімізбен көрдік. Камерасы түсірген бейнекөріністі бағаладық. Сөйтіп ұшақсыз ұшатын аппаратпен бейбіт өмірде танысып алғанбыз. Ал, ағамыздың "жазшы" деп отырғаны майданда қолданылатыны еді. Майданда...

Маршалдың мерейі

Іздестіріп көрсек, ұрыста ҰҰА қолдана бастау дегеніңіз баяғыдан бар екен. Қайбір жылы Венецияға бардық. Австрияның астанасы Вена арқылы. Автокөлікпен пәленбай тескентаудан өткенбіз.

Автор Венецияда. Фото автордың мұрағатынан алынды

Басында тоннелдерді қызықтап санадық. Саны отыздан асып кеткен соң жалықтық. Одан Вена мен Венецияның байланыс тарихына ден қойдық. Сонда мына факт ойда қалыпты.

Венадағы билік кезінде Венецияны ұшқышсыз бомбалаған. Бұл тәжірибенің адамзат тарихында алғаш кездесуі. Ал керек болса! Біз өткенде Вена мен Венеция арасындағы шекара сызығында кедергі жоқ, кеден бөгеті мен қарулы әскер жоқ. Екі елдің екі қаласын таспадай тартылған жол жалғап тұр. Бірақ, тарихта болғанды өшіре алмайсың.

1849 жыл екен. Австрияның империя кезі. Қазір картада алақандай болғанымен бұл да Алтын Орда сияқты шалқыған уақытты бастан өткізген. Қазір бұзаудың терісі шөншіктей жері онда өгіздің терісі талыстай болған. Талыстың бір пұшпағындағы Венецияда бұлғақ басталыпты. Табаны тайғақтай бастаған австриялық әміршіге бағынғысы келмеген көтерілісшілер қаланы тәуелсіз республика деп жариялаған.

"Жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар" демей ме. Австрия императоры әскер аттандырып, Венецияны құрсауға алады. Екінші жаһандық соғыста біздің Жамбыл жырымен қуат берген Ленинград сияқты мұның да құрылық жағында жау әскері, басқа үш жағы тегіс су болған.

Зеңбірекпен ату шабуылдаушы жаққа онша пайда әкелмеген. Сонда зеңбірекші Франц фон Юхатик қаланы әуе шары арқылы бомбылауды ұсынады. "Жел Венецияға қарай соққанда аэростат ұшырайық, оған арнайы сағаты бар тетік орнатайық. Мөлшерлі уақытта тетік шарға ілінген бомбаны босатып, жарылғыш қаланың үстіне түседі" депті.

Ұсыныс Австрия әскерінің қолбасшысы маршал Йозеф Радецтің құлағына жетеді және оған ұнайды. Идеяны іс жүзінде қолдануға бұйрық береді.

Сонымен 12 маусым, жел оңынан соққан күні астына бомба байланған екі аэростат Венеция жаққа ұшырылады. Бірақ, Құдайдың құдіретін қараңыз, бұлар ұшысымен желдің бағыты өзгеріпті. Мөлшерлі уақытта айдалаға екі бомба құлайды. Еш нәтиже жоқ. Венеция дін аман.

Үш күннен соң теңіз жақтан тынбай жел азынап тұрғанын байқаған маршал енді кемеге екі аэростат тиетіп, сол тұстан бомбылауға тапсырма берді. Бұл жолы Жаратушы қолдаса керек, әуе шарлары дәл ұшып, сағат тетіктері бомбаны уақытылы босатып, шрапнел қаланың төбесіне түскен.

Тұрғындардың бойын үрей билейді. Алыстан зеңбірекпен атқанға көз бен құлақ үйренген, ал мынау бұрын болмаған пәле еді. Әрине, біз барғанда бомбаның түскен орны сақталмапты. Бірақ, қала шежіресінде "алғаш басқа бомба түскен күн" деп таңбаланыпты.

Табыста масайраған австриялық маршал бұл тәсілді жалғастырған. 22 тамыз күні Венецияның үстіне тура 200 әуе шары ұшырылған. Әрине, бәрінің байланған бомбасы бар. Осылайша бұлғақ жасаған қаланың рухы жасып, белі шойырылған. Австриялықтар тарихта мұндай тәсілді бірінші болып қолданғанымен әрі қарай ізденуге құлықты болмаған. Себебі империя ыдырап жатты.

Берідегі бедерлер

Жел қалай қуса, солай кететін әуе шары тиімді бола қоймады. Біртіндеп әлемдік ғылым алыстан басқарылатын машиналарды жасауға кірісті. Енді ашылған электр қуаты мен радио бұған мүмкіндік берді. ХІХ ғасыр соңында біртуар өнертапқыш Тесла өзінің "телеавтоматика" атты жаңалығын ұсынды. Ол радио арқылы басқарытын шағын кеме жасады. Осылай құрылық пен әуеде адам көмегінсіз қимылдағыштар жасауға болады деді. Оны "автоматон" деп атады.

Бірақ Бірінші және Екінші жаһандық соғыс кезінде қарудың бәрін адам басқарды. Жапонның камикадзелері, қазақша айтқанда "жастығын ала жығылғандар" жауына таңдай қақтырды.

Одан кейін әлем қайтадан ұшқышсыз ұшатын аппараттарға мойын бұрды. Вьетнамдағы соғыс кезінде АҚШ ұшқыштардың өмірін сақтау үшін қатерлі барлауға ҰҰА жібере бастады. Вьетнам жағы осындай 554 аппаратты атып түсіргенін ескергенде, соншама өмір сақталғанын ойлайсың.

Айтпақшы, бала кезімізде кеңестік газеттер күн сайын "ержүрек вьетнамдықтар жаудың 540-ұшағын атып құлатты" дегендей мәлімет беретін. Соның бірталайы дрон болған шығар-ау.

Ұшқышсыз ұшатын аппаратты көп жасаған әрі қолданған елдің бірі – Израиль. Олар ҰҰА-ны 1967, 1970, 1973 және 1982 жылғы араб елдеріне қарсы соғыстарда пайдаланған. ҰҰА-ның арқасында Сирияның 16 зенит-зымыран кешенін, 68 ұшағын жойған.

Израиль өз бағытын жалғастыра берді. 2005 жылы жасалған "Harpy" ҰҰА-сы радармен және 360 градус төңіректі түгел түсіретін цифрлы камерамен жабдықталды. Ол қарсыластың нысанын анықтаса, тура тиіп, жарылады.

Кейін нысана таппаса, қайта оралатын, жетілген түрін конвейерге қойды. Оны "Harop" деп атады. Осы ҰҰА бірқатар елге сатылды. Көп алған және қолданған Түркия еді. Әзірбайжан сатып алып, Таулы Қарабақта пайдасын көрген.

Израильдің "Harop" ҰҰА-сы оны жасаған концерн алдына қойылған. Фотоны түсірген Julian Herzog 

ҰҰА туралы сөз қозғағанда күлкілі жәйт бар. Ол Солтүстік Кореяға қатысты. Кейінгі кезде Оңтүстік Кореяның шекараға жақын тұстарына іргелес қандастары ұшырған ҰҰА құлай бастады. Әлде адасып кетті, әлде әдейі жіберілді, әйтеуір бірнеше аппарат таудан, орманнан табылды. Бұлар еш қорқынышты емес. "Ойыншықтың о жақ-бұ жағы" депті зерттеген профессор Ким Хен Жун. Тағы бір сарапшы "солтүстіктегі елдің жасағаны бар болғаны оқушылардың ұшақ үлгілері деңгейінде" деп бағалаған көрінеді.

Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, табылып жатқан дрондар бір текті. Ұзындығы 122 сантиметр, қанаттарының екі ұшының арасы 193 сантиметр, әрі олар үшбұрыш түрінде. Басқалардың ҰҰА-сының қанаттарының арасы 20 метрге дейін екенін ойлағанда, 2 метрге жетпейтін бұлардың шынында, ойыншықтан айырмасы шамалы. Тегіс көк бояуға боялған. Бәріне қарапайым фотоаппарат қойылған. Ұшып жүріп шпиондық ақпарат беретін мүмкіндігі жоқ.

Сұлтанмахмұт Торайғыров патшаның ұлықтарына жағып, сый-сияпат алған шалдың "біздерде мынандай бар, мынандай бар" деген сөзін өлеңде кекесін ететін. Солтүстік Корея сол шал сияқты елестеген.       

Төбедегі "ту ұстаушы"

ҰҰА жасауда өзіндік жол тапқан ел – Түркия. Бастапқыда мұндай аппараттар жасаудың қажеттігі болмаған. Израиль мен АҚШ-тан сатып алып келді. Алдымен жау нысанын тапқан соң оған тиіп жарылып кететін, бір рет пайдаланатындарын алды. Одан беріде "Harop" ҰҰА-ға қол жеткізді.

Бірақ, 2012 жылы АҚШ Конгресі түріктерге өздерінің MQ-1 мен MQ-9 соқты беруші ҰҰА-сын сатуға тыйым салған және Изарильге ым жасаған соң Түркия өзі істеп алуға кірісті. Алғашқы "Anka-ны" бірнеше жылдан соң жетілдіріп, "Anka-S" соққы беруші ҰҰА жасады. Ол әуеде бір тәулік тұра алады. Жерден басқаратын стансадан 200 шақырымға дейін әрекет істейді.

2016 жылы "Байрақ Макина" компаниясы "Байрақтар" атымен жаңа ҰҰА-ны сынақтан өткізді. Ол 8 шақырым биікте тұрып жердегі нысананы жойып жібереді. Сөйтіп Түркия соққы жасайтын өз ҰҰА-сы бар мемлекеттер клубына қосылды. Оның "Байрақтарын" Украина, Катар және басқа елдер сатып алды. Әзірбайжанға сатты ма, сыйлады ма, қалай дегенде 2020 жылғы Арменияның апшысын қуырған соғыста ҰҰА-ның пайдасы ұшан-теңіз болды.

Кешікпей Түркия бірнеше дронды бір станса арқылы басқаратын технология жасады. Бұл ұялы араның аюды талағаны сияқты қарсыластың зымыранға қарсы қаруын талқандауда таптырмас әдіс болды. Сириядағы соғыста түрік дрондарының даңқын осы тәсіл шығарды.

Бейтарап Швейцарияның "Neue Zürcher Zeitung" басылымы Түркияның "Байрақтарына" үлкен мақала арнаған. Онда "Сирия мен Ливиядағы соғыста мәселені түріктің ҰҰА-лары шешті. Түркия Президенті Ердоғанның күйеу баласының бірнеше жылғы ізденісі жемісін берді" деп жазылды. Идлиб түбіндегі шайқаста Сирияның үкімет әскері 151 танк пен 47 зеңбіректен, 3 ұшақ пен 8 тікұшақтан, 8 әуе күштеріне қарсы жүйеден айырылса, соның көбін түрік ҰҰА-сы қиратқан.

Байрақтар Сарос шығанағында күн шығар сәтте. Фото ҰҰА-ның артқы камерасы арқылы түсірілген

Берлиннің халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік институтының ғылыми сарапшысы Вольфрам Лахер "Ливиядағы күштердің ара салмағы 2020 жылы күрт өзгерді. Бұрын аспанға БАӘ ұшақтары иелік етсе, ақыры түріктің ҰҰА-сы бәрін ығыстырып тастады" деп жазды.

Енді "Байрақ Макина" компаниясы "Ақыншы" атты ҰҰА-ны сынақтан өткізуде. Ол 12 шақырым биікке шарықтай алады. 24 сағат қонбастан көкте тұрады. GPS бойынша команда түспесе, өз бетімен дұрыс әрекет істейді. Аппарат 2021 жылы армияның қолына тапсырылмақ.

Біздің жас кезімізде "Ленин дегеніміз – партия, партия дегеніміз – Ленин" ұран болатын. Сол сияқты Түркияда "ҰҰА дегеніміз – "Байрақтар", "Байрақтар" дегеніміз – ҰҰА" деуге болады.

Негізі Байрақтар – түрік азаматының сойы. Аты Селжүк. Батыстың айтулы екі университетінде оқыған. 2016 жылы Түркия Президенті Ердоғанның қызына үйленген. Қайын атасына масыл болмай, машина жасау компаниясын құрып, ҰҰА жасаумен айналысады. Жасаған аппараттарына қайын атасы Президент болса да, оның атын емес, өзінің атасының атын беруі қалай! Бізде біреулер кезінде әулетіндегі Әлиев деген фамилиясынан бас тартып еді...

"Байрақтар" демекші, 2013 жылы Ресейде тұратын Байрақтаров деген мектеп директорымен скайп арқылы сөйлескенбіз. Ол Томск облыстық думасына депутат болған, Ресейдің орденімен наградталған. Аты – Лашын, Қазақстанның Қызылорда облысында туған. Тегі – месхеттік түрік. Сыр бойына әке-шешесін Сталин күштеп жер аударған. Сол кісі "атымды қыран құстай болсын деп қазақтар қойған, ал атамның Байрақтар аты түрік тілінде ту ұстаушы деген мағынаны білдіреді" деп еді. "Иә, туды қазақ та байрақ дейді. Айтулы ақынымызда "бөрілі менің байрағым" деп келетін өлең бар" деп ол кісіні қостағанбыз.

Енді міне, бүкіл түрік нәсіліне ортақ "байрақ" сөзінің мәнін әлемге Селжүк Байрақтар танытты. Ұғындырды. Мойындатты. Түрік нәсілінің байрағының даңқы қаншама жылдардан соң қайта асқақтауын нәсіп етсін!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары