"Ата-ана бақылауы": Баланың смартфонын қалай қашықтан қадағалауға болады?

Фото: Informburo
Фото: Informburo

Бұл функция арқылы бала тұтынатын контентті, гаджетті қолдану уақытын шектеуге, қайда жүргенін біліп отыруға болады.

2020 жылы коронавирус пандемиясының салдарынан мектептер қашықтан оқуға көшіп, гаджеттер балаларға қажет құралға айналды. Бала смартфон арқылы видеосабақтар қарайды, үй тапсырмасын орындап, мұғалімге жібереді. Қалған уақытта әртүрлі ойындар ойнап, YouTube пен TikTok-тан видео көреді. Алайда смартфонды шамадан тыс қолдану балада тәуелділікті оятады. Оған қоса, смартфонды бақылаусыз қолданған балалардың кибербуллингке ұшырау оқиғасы да көбейді. 

Мұның қалай алдын алуға болады? Android және iOS операциялық жүйелерінде, бірқатар қосымшаларда "Ата-ана бақылауы" деген функция бар. Ол қалай жұмыс істейді оны қалай қосады? Шынымен де ата-ана бақылауы баланың смартфонды пайдалану уақыты мен тұтынатын контентін шектей ала ма? Informburo осы және өзге сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. Ата-ана бақылауы деген не?

Ата-ана бақылауы – келесі екі функцияны орындайтын бағдарламаларды қамтиды:

  • балалардың зиян контент көруіне шектеу қою.
  • гаджетті, интернетті немесе нақты бір қосымшаны (мысалы, ойындарды) қолдану уақытын шектеу.

Мұндай бақылау болса балалар зорлық-зомбылық немесе балағаттау көріністері бар фотолар мен видеоларды көре алмайды. 18+ сайттарға кірмейді. Рұқсат етілген қосымшалардан басқасын жүктей алмайды. Белгіленген уақыт аяқталған соң гаджетті пайдалану мүмкін емес, сондықтан басқа нәрсемен айналысуға немесе ұйықтауға мәжбүр болады.

№2. Ата-ана бақылауы қалай жұмыс істейді?

Ата-ана бақылауының үш түрі бар:

  • Теледидарда, планшетте, компьютер мен смартфондағы кіріктірілген бақылау функциясы.
  • Гаджетке орнатылатын шектеулер енгізуге мүмкіндік беретін қосымша.
  • Әлеуметтік желілерде немесе видеоконтенті бар сайттарда (мысалы, YouTube) балалар режимі.

Ата-ана бақылауы көмегімен балаға белгілі бір сайттарға кіруге, жаңа қосымшаларды жүктеуге рұқсат беруге не тыйым салуға, сонымен бірге гаджетті қолдану уақытын шектеуге, әлеуметтік желілердегі белсенділігін қадағалауға болады.


Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?


№3. Бала бақылауды "бұза" ала ма?

Әдетте бақыланатын қосымшалар құпиясөзбен қорғалады. Бала құпиясөзді білмесе шектеуді алып тастай алмайды. Егер рұқсат желілік баптаулар арқылы қадағаланса, мысалы роутерде, үлкен балалар шұқылап, шектеуді алып тастауы мүмкін. Бала роутердің баптауларын ретке келтіре алса, ата-ана бақылауын алып тастап интернетті еркін қолдана алатын жаста деген сөз.

№4. Ата-ана бақылауының қандай түрлері бар?

Әмбебап қосымшалар. Ата-ана бақылауының көптеген мүмкіндікке ие қосымшалары антивирус өндірушілері мен Google және Apple компаниясына тиесілі.

Трекер-бағдарламалар. Балалардың тұрған жері мен қозғалысын қадағалауға арналған қосымшалар. Мысалы, GeoLocator, Find My Kids: Parental control. Locategy және Boomerang секілді ата-ана бақылауы қосымшалары баланың тұрған жерін қадағалап қана қоймай, орынсыз контентті бұғаттап, балаға бірнәрсе бола қалса SOS сигнал жібереді.

Кіріктірілген бағдарламалар. Кейбір планшеттер мен смартфондарда кіріктірілген бағдарламалар арқылы құпиясөз енгізіп, балалардың гаджетті қолдануын қадағалауға арналған арнайы режимді қосуға болады. Функциялары: қосымшаларды жүктеп алу және пайдалануға шектеу қою, гаджетті қолдану уақытын шектеу және веб-іздеуді пайдалануға тыйым салу.

Желілік фильтрлер. Бірқатар роутерлер қажетсіз сайттарды бұғаттауға, интернет-трафикті сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді. Мұны роутердің баптауында жасауға болады. Алаяқ және тыйым салынған сайттар DNS-серверлерде сақталады. Роутердің баптауынан нақты DNS-серверді таңдауға болады. 

Әлеуметтік желілердегі ата-ана бақылауы функциясы. Әлеуметтік желіге тіркелу үшін баланың жасы 13 немесе 16-дан асуы керек. Бірақ балалар жасын қате көрсетіп, бұл шектеуді айналып өтеді.


Оқи отырыңыз: Видеоойындардан жүйкесі жұқарған оқушылар көбейді

№5. Google-дің ата-ана бақылауын қалай орнатады?

Google компаниясының ата-ана бақылауы Google Family Link деп аталады. Ата-ана алдымен қосымшаның ересектерге арналған нұсқасын  өзінің құрылғысына орнатуы керек. Балаларға сәйкесінше балаларға арналған нұсқасы орнатылады. Ата-ана өз қосымшасында отбасы тобын ашып, балалардың Google аккаунтын тіркейді. Балаларға арналған нұсқасын тек Android-та орнатуға болады. Ал үлкендерге арналған қосымша iOS-та да қолжетімді. Бұл бағдарламаға 6 аккаунт қосуға болады. Қосымшаны іске қосу үшін:

  • Ата-анаға арналған Family Link-ке кіріп, код алу;
  • Кодты балаларға арналған қосымшаға енгізу;
  • Экран уақыты мен жас шектеуін баптау.

Бала өзінің планшетінде не смартфонында ата-ана енгізген баптауларды өзгерте алмайды. Ал ата-ана баласының гаджетті қалай және қанша уақыт қолданғаны жайлы есеп алады. Егер бала жаңа ойын немесе қосымшаны жүктегісі немесе сатып алғысы келсе, ата-анасының телефонына ескертпе жіберіледі. Бұдан бөлек, баланың гаджетіндегі кез келген қосымшаны бұғаттауға болады. 

Гаджетті қолдану уақытын шектеумен қоса құрылғыны түнде немесе үй тапсырмасын орындау кезінде құлыптап қоюуға болады. Интернетке қосылған планшет немесе смартфон арқылы баланың қайда екенін бақылай аласыз.

№6. Play Market-те шектеу қалай енгізіледі?

Android операциялық жүйесінде ата-ана бақылауын Play Market қосымшасы арқылы орнатуға болады. Play Market баптауында "Отбасы" деген менюде "Ата-ана бақылауы" деген пункт бар. Бұл функцияны қосып-өшіру үшін пин-код орнатып, оны растау керек. Содан кейін фильт қойғыңыз келетін контент түрлерін таңдап, ойындар мен қосымшаларды пайдалануға арналған әртүрлі жас шектеуін таңдауға болады. Шектеу енгізілген соң бала өзінің жас санатына ғана арналған ойындарды жүктей алады. Үлкен балаларға арналған ойындар смартфонда көрінгенімен, оларды бала қоса алмайды. 


Оқи отырыңыз: Смартфон бала үшін неге ата-анадан да жақын? Психолог жауабы


№7. Айфонға ата-ана бақылауы қалай орнатылады?

Айфонда ата-ана бақылауы "Экран уақыты" менюінде орнатылады. iOS-тың кейбір нұсқаларында ата-ана айфонына Apple ID енгізу керек. Құпиясөзді ұмытып қалса қалпына келтіруге болады. 

Қалған параметрлерді баланың iPhone, iPad немесе iPod touch құрылғысына енгізе аласыз. Тағы бір нұсқа – өз айфоныңызда баптауларға кіріп, "Отбасылық кіру" функциясын қосып, "Экран уақытын" таңдап, баланың атын белгілеп балаңыздың гаджетіндегі баптауларды айфоныңызбен өзгерте аласыз. 

"Экран уақыты" – "Контент және құпиялық" – "iTunes Store және App Store сатып алулар" менюін баптау арқылы қосымшаларды сатып алуға, орнатуға және қшіруге тыйым салуға болады. Қолдануға болатын қосымшалар тізімі "Экран уақыты" – "Контент және құпиялылық" – "Рұқсат етілген қосымшалар" менюінде баптауға болады. Музыкаға, фильмдерге, кітаптарға, іздеу нәтижелеріне, интернет-сайттарға, Siri арқылы іздеуге шектеулерді "Экран уақыты" – "Контент және құпиялылық" – "Контентті шектеу" менюі арқылы орната аласыз. 

№8. YouTube-те ата-ана бақылауы қалай жұмыс істейді?

YouTube желісінде балалар контенті ғана көрінетін қауіпсіз режим бар. Ол үшін аккаунтүстін басып, "Қауіпсіз режим" дегенді таңдау керек. Бұл режим іске қосылса балаларға сай келмейтін видеолар көрінбейді.

YouTube желісінде бала көретін контентті қадағалаудың екі жолы бар. Біріншісі – балаларға арналған YouTube Kids қосымшасы. Бұл сервисте арналар мен видеолар негізгі YouTube сайты мен қосымшасына қарағанда көп емес. Мұнда отбасы бірге көре алатын, балаларға қызық болатын сапалы видеолар көрсетіледі. Қосымшаны күйге келтіру үшін ата-ана гугл-аккаунтына кіріп, сервистің ережелерімен келісіп, баланың атын, жасы мен туған күнін көрсетуі керек. Содан кейін баланың жасына қарай контенті таңдап,  баптауларды өзгерту үшін құпиясөз орнатады. YouTube Kids қосымшасында үш жас санаты бар: ең кішкентай балаларға арналған, мектепке дейінгі балаларға арналған және үлкен балаларға арналған.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары