Тікелей эфир

Видеоойындардан жүйкесі жұқарған оқушылар көбейді

Психолог смартфонға тәуелділік психикалық неврозға әкелетінін айтады.

Қазақстанда жүйкесі жұқарған балалар көбейді. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов әлеуметтік желідегі түрлі негативті ақпараттар мен смартфоннан бас алмай, жүйке-психикалық ауруға шалдыққан жеткіншектер екі жарым есеге көбейгенін мәлімдеді. Ал телефонға телміріп, интернет құрсауыннан шыға алмай қалған 22 мыңнан астам мектеп жасындағы бала көз ауруының потологиясымен тіркеуде тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Елордалық Нұрболаттың 6-шы сыныптағы ұлы қазір телефонды құшақтап ұйықтайды. Айтуынша былтыр ұлымен хабарласып отыру үшін алғаш рет смартфон сатып әперген. Үйге келгенде баладан алып қоятын. Алайда 2-3 айдан кейін ұлының телефонға телміруі жиілеп, тартып алса, үздіксіз жылайтын болыпты.

"Ұялы телефондарға, гаджеттерге тәуелділік көп. Сондықтан жүйке жүйесі аурулары пайда болады. Гаджетке көп телміргеннен кейін неврологиялық аурулар пайда болады. Гаджетті көріп-көріп бала өздігінен шошиды", Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрболат Елубаев.


Оқи отырыңыз:


Былтыр 2 миллионнан астам мектеп жасындағы бала түрлі дәрігерлік тексеруден өткен. Мамандар оқушылардың көз-жанары ауруларының жылдан жылға көбейіп жатқандығын айтуда. Одан кейін жастар арасында жүйке-психикалық невроз дерті дендеп тұр. Санмен сөйлетсек, былтыр 15 мыңнан астам бала жүйке жүйесін қаратқан. Арасында ауруханаға жатып, ем алғандары да бар.

"Зейіннің шашыраңқылығы, депрессияға шалдығу, тұйықтық, оңашада қалуды ұнату, адамдармен сөйлескенде көзіне тіке қарамау, екі адам отырған кезде телефон арқылы сөйлесу деген сияқты белгілер қарым-қатынастан қашу дегенді білдіреді. Сіз біреумен сөйлескен кезде өзіңіздің эмоцияңызды көрсеткіңіз келмесе көзіңізді төмен жасырасыз. Оның соңы стресске, депрессияға алып келуі мүмкін", – дейді психолог Жаңагүл Қайырова.

Түрлі гаджет пен ұялы телефонды ретсіз пайдаланғанның кесірінен оқушылардың мойыны мен омыртқасы қисаюда. Оған, сөмкесіне симайтын ауыр-ауыр кітаптарын қосыңыз. Осы ретте оқушылардың аз қозғалуы, мектеп жиһазының жасына сай келмеуі мектеп тәлімгерлерінің денсаулығын құртуда. Оқу-ағарту министрлігі оқушыларды шынықтыру үшін арнайы 5 минуттық сергіту жаттығуларын жасатамыз дейді. Ал, интернет илеуіне илікпеу, гаджетке тәуелді болмаудың бірден бір жолы – әрбір ата-ананың қадағалауды күшейтуі дейді мамандар.

Серіктестер жаңалықтары