Қазақстанда балаларға зорлық-зомбылық көрсету өршіп тұр. Олар негізінен отбасында және мектепте психологиялық қысым көреді екен. БҰҰ Қазақстанда зерттеу жүргізген кезде елдегі балалардың 79 пайызы сәби күнінен бастап кемсіту мен қорлыққа тап болатынын анықтапты.

Соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуы себепті балаларға қатысты зорлық түрлеріне кибербуллинг немесе онлайн қорлау қосылған. Соның кесірінен жасөспірімдер ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті араларында өз-өзіне қол жұмсайтындары да бар.

Осыған орай мамандар балаларды кибершабуылдан қорғаудың қазақстандық бағдарламасын әзірлеп, бекітуді көздеп отыр. Бұл бағдарламада қандай шаралар қамтылады және олар балалар мен жасөспірімдерді кибербуллингтен қалай сақтандырады? Төменде бұл сауалдарға жауап береміз.

Кибербуллинг дегеніміз не?

Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.

Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоққы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.

"Жақында бір жағдай болды. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 8 жастағы қыз ұялы телефоны арқылы әлеуметтік желіде өзі қатарлы бір қызбен танысады. Ол желіге қызықты виделар мен жалаңаш түскен суреттерін салуға үгіттейді. Шындығында бұл желіні өзге атпен тіркелген педофилдер де жиі қолданады. Қыздың бақытына қарай, оның телефонын жасырып, мінезінің өзгергенін анасы дер кезінде байқаған. Бұл – кибербуллингтің шынайы өмірдегі бір ғана мысалы", – деді БҰҰ адам құқықтары жөніндегі тренері, әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова.


Оқи отырыңыз: Қазақстан Еуропада балалар суицидінен алғашқы жеті елдің қатарында


Күресу жолы қандай?

Халида Әжіғұлованың айтуынша, балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан, мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зомбылық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-аналар мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған.

Сондай-ақ, мұндай жағдайға тап болмау үшін қандай әрекет ету қажеттігі айтылады. Енді қаланың білім басқармасы мен барша мектеп ұжымы осы бағдарламаны жетілдіріп, маусым айына дейін бекітуі тиіс. Сөйтіп, балаларды бопсалау мен қысымнан қорғап, аман алып қалуға болады.


Балалар
Балалардың ғаламтордан қорқуы кибербуллингтің басты белгілерінің бірі / Сурет shutterstock.com сайтынан алынды

Ұстаздарға арналған нұсқаулық

Егер ұстаздар оқушының мінез-құлқында қандай да бір өзгеріс барын байқаса, оны мұқият бақылауға алуы қажет. Ал кибершабуылға ұшырағанын немесе жоғары сынып оқушыларынан теперіш көргенін анықтаса, жасырмай мектеп директоры мен ата-ананы да дереу хабардар етуі тиіс. Әрмен қарай, бұл құрықтан баланы құтқарудың жолдарын іздеуі керек. Егер мектеп ұжымының оқушыны тығырықтан шығаруға шамасы жетпесе, арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені жөн. Кейін болған жайтты журналға тіркеп, оқушының мінезіндегі өзгерісті тағы бір ай бойы бақылауы қажет.

Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен онлайн қорлықты болдырмау үшін әр мектепте қамқоршылық кеңес құру ұсынылды. Кеңес мүшелері білім ошағындағы барлық мәселеден хабардар болып, оны жылдам шешу үшін күш салу қажет. Сондай-ақ, тәлімгерлер арасында сауалнама жүргізіп, әр жауапқа анализ жасауды әдетке айналдыру ұсынылды.


Оқи отырыңыз: Балалардың гаджетке тәуелді болуына ата-ана кінәлі. Кішкентайлар экран алдында екі сағаттан артық отырмауы керек.


Ата-аналар білуі тиіс сақтық шаралары

Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды. Олар баланың қауіпсіздігіне ең бірінші кезекте жауапты адамдар болуы тиіс дейді мамандар. Сондықтан, ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез-келген өзгерісті бақылау ұсынылды.

Егер қамқоршылар өз ұл-қыздарының күмәнді желілерге кіріп, қаскөйлердің құрбаны болғанын анықтаса, оларға ұрыспай, барынша қолдау көрсеткені жөн. Балаға оны түсінетінін жеткізе отырып, оны жұбату қажет. Кейін проблемамен бірге күресіп, баланы психологқа да көрсетіп алған дұрыс дейді зерттеушілер.

"Егер бала проблемасын айтып келсе, оны бас салып кінәлап, ұрысудың қажеті жоқ. Телефонды да бірден тартып алып, ғаламторға шектеу қоймау керек. Мұндай жағдайда бала ата-анасынан көңілі қалып, екінші мәселесін айтпайтын болады. Әке-шешелері балаларымен байыппен сөйлесіп, олардың еш кінәсінің жоқтығын түсіндіруі керек. Қамқорлықты сезінген баланың сенімі оянып, тығырықтан шығатынына сенеді. Бізде көп ата-аналар балаларымен сөйлеспейді, оларды не мазалап жүргенін байқай бермейді. Ал білген кезде кеш болуы мүмкін", – деді әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова.

"Ұлттық бағдарлама қабылдау керек"

Ал Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабировтың айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуде мектеп аралық бағдарлама қабылдау жеткіліксіз. Ол үшін ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Оның сөзінше, көптеген мемлекеттерде балаларды қорғайтын осындай бағдарламалар бар.

"Жыл өткен сайын ғаламтор қолданатын балалардың саны артып келеді. Бұл, әрине, алаңдатпай қоймайды. Бізде бір кездері халықты интернетті қолдануға үйретті ғой, дәл сол сияқты балаларды интернеттен қорғануға үйрету керек. Оның барлығы ұлттық бағдарламада жазылуы тиіс. Негізінен баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ана жауапты болуы қажет. Мектептің басты міндеті оқытып, білім беру. Қазір мектепте болып жатқан бұзақылықтың барлығы ғаламтордың әсерінен. Балалар интернетте көргенін өмірде қайталайды. Сондықтан, олардың тәрбиесіне ден қою керек", – деді Шавкат Сабиров.


Оқи отырыңыз: «Балалар туристік пойызы» іске қосылады. Ал «Kids go free» жобасы Мәжіліс қарауында


"Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырған жөн"

Қазақстанның бала құқығы жөніндегі омбудсмені Аружан Саин жасөспірімдерді ғаламторға тәуелді болудан қорғау үшін олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек дейді. Яғни, пайдалы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысып, бойындағы талантын таныған бала кибербуллингке тап болмайды. Бірақ, өзі қызыққан үйірмелерге қатысуға барлық баланың отбасылық жағдайы келе бермейтіні тағы бар.

"Біздің елде пайдасыз іс-шараларға қаншама ақша бөлінеді. Концерттерге, веложарысқа 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Осы жылы еркін күрес өткізуге 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсамақ болды. Мен барлық әкімдіктерге хат жазып, балалар үшін үйірмелер мен секциялардың қол жетімділігін қамтамасыз етуді сұрадым. Әзірге сұрауымызға нақты жауап ала алмадық. Қазір біз қанша бала үйірмелерге қатысатыны туралы статистика жүргізудеміз. Спорт секциялары мен мәдени үйірмелер оқушыларға қолжетімді болуы тиіс. Балалар сайыстарға және спорттық жарыстарға қатысса, ғаламторға тәуелді болмайды", – деді Аружан Саин.

Қазір Қазақстанда жасөспірімдерді интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайттар жоқтың қасы. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар посттың заңсыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғаттайды. Былтыр бұл желіге кибербуллингке тап болған 3 жасөспірім арызданған.

Кибербуллингке не үшін бірден назар аудару керек?

  • Қорлап, кемсіту баланы психолигиялық күйзеліске ұшыратады;
  • Жанын ауыртып, суицидке итермелейді;
  • Мінезінің өзгеруіне әкеледі;
  • Ешкім қорлықтың құрбаны болмауы керек;
  • Әркім өзінің ар-намысын аяққа таптатпауға құқылы;
  • Ата-ана мен мұғалімдер мұндай қорлықты байқаса, бірден балаға көмектесуі керек.


Оқи отырыңыз: Жеті жасар баланың трагедиясы. Жаман бала қайдан шығады?


Қысым көрген балалардың айрықша белгілері:

  • Мектепке барғысы келмейді;
  • Сабақ оқуға зауқы болмайды және үй тапсырмасын нашар орындайды;
  • Көңіл-күйі түсіп жүреді;
  • Үнемі уайымдайды және өзіне сенімсіз болады;
  • Ешкіммен әңгімелесуге зауқы соқпайды және оқшау жүреді;
  • Қорқып сөйлейді, тамақ ішуге тәбеті тартпайды;
  • Үйден қашып кетуге тырысады;
  • Суицид жасайтынын айтып қорқытады;
  • Түнде дұрыс ұйықтамайды және шошып оянады;
  • Өзіне не болғанын айтудан қорқады;
  • Жиі ақша сұрайды не ұрлық жасайды;
  • Ғаламторды не гаджеттерді қолдануға үрейленеді;
  • Телефонына хабарлама келсе, ашуланады.

Кибербуллингке тап болғанда:

  • Әлеуметтік желіде қысым көрсеткен адамның хабарламасына жауап бермеу;
  • Онымен сөйлесуді тоқтатып, бұғаттау;
  • Әлеуметтік желі әкімшісіне сен туралы жарияланған жазба не суреттерге шағымдану;
  • Күдікті жазбаларды скриншот жасап, ата-ана не ұстаздарға хабар беру керек.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter