Қазақстандық альпинист Ғалымжан Құспан үш жыл бұрын ғана альпинизммен кәсіби түрде айналыса бастаған. Содан бастап небәрі үш жыл ішінде әр құрлықтың ең биік жеті шыңы мен жеті жанартауына шығу жобасын аяқтады. 61 жастағы альпинист мұнымен тоқтап қалмақ емес. Енді ол сегіз мыңдық шыңдардың бәріне шығуды мақсат етеді. Бұған дейін Ғалымжан Құспан әлемнің ең биік Эверест шыңына және Манаслуға шыққан.
Информбюро тілшісі альпинист Ғалымжан Құспанмен альпинизмге қалай келгені, экспедицияларға дайындық, таудағы қауіп-қатер және алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасты.
– Ғалымжан аға, тауға қызығушылығыңыз қашан басталды? Кәсіби альпинизмге қалай келдіңіз?
– Кішкентай кезімнен тауға қызықтым. Балалық шағым көрікті Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында өтті. Сондықтан мектеп кезіндегі естеліктерім де таумен байланысты. Кейін әскердегі қызметімді де Памир тауларында, №92843 әскери бөлімде өткердім. Қазір ол – жеке тау атқыштар дивизиясы. Сондықтан өмірімнің таумен біте қайнасып жатқаны таңғаларлық жайт емес.
Биік таулы альпинизммен үш жыл бұрын айналыса бастадым. "Жақын маңдағы таулар ұяң сияқты" деп үнемі айтамын. Күнде барып жүрген сол таулардың аясы бір сәтте тарлық ете бастайды да, жаңа нәрсені көргің келеді. Мен мұны қалыпты дүние деп есептеймін. Адамдар әуелі Қырғызстан тауларына барады. Содан кейін бірте-бірте одан да алысқа бет алады. Алғаш Эльбрус шыңына шығатын экспедицияға аттандым. Бұл сапар қатты әсер қалдырды. Биік таулы альпинизм деген осы екен. Қызыққаным сонша, небәрі үш жылдың ішінде 20-дан астам биік тауға шықтым.
– Әлемдегі ең биік жеті шың мен жеті жанартауға шығу идеясы қашан пайда болды?
– "Жеті шың" және "Жеті жанартау" жобаларына биік таулы альпинизмге қызыға бастағанда назарым түсті. Биіктігі 5642 метрлік Эльбрустан кейін тағы бір шыңға шыққым келді. Сөйтіп Танзаниядағы 5895 метрлік Килиманджароны таңдадым, өйткені сол кезде шығуға ең қолайлы осы тау сияқты көрінді. Өзімді де дәл осы шыңға шығуға дайын сезіндім.
Шыңға сәтті көтерілгеннен кейін Эльбрус пен Килиманджароның бірдей екі жобаға да кіретінін білдім. Яғни бұл екеуі жеті құрлықтың ең биік жеті шыңының қатарына да, жеті құрлықтың ең биік жеті жанартауының қатарына да кіреді екен. Осы жобаларды аяқтау туралы ой алғаш рет сол кезде көкейіме ұялады.
Одан кейін Аргентинадағы биіктігі 6962 метрлік Аконкагуа шыңы болды. Оған шыққан соң әлемнің ең биік шыңы Эверестке бет алдым.
– Әр экспедицияның өз ерекшелігі бар. Ең қауіптісі қайсы? Қателеспесем, Деналиге екінші рет барғанда шықтыңыз.
– Иә, расында да, әр таудың өз ерекшелігі бар. Әр тауға, әр шыңға, әр жанартауға көтерілу өмір бойы есіңде қалады. Бір-біріне ұқсас тау жоқ. Қайсысы ең қауіпті дейсіз бе? Таудың өзіне емес, ең алдымен, ауа райына байланысты. Таудағы ауа райы мен жазықтағы ауа райы – мүлде екі бөлек. Тауда ауа райы санаулы минуттардың ішінде өзгеріп кетуі мүмкін.
Биік таулы альпинизммен айналысатын адам өміріне қауіп төнсе таудан құтқарушылардың көмегімен түсу мүмкін бола бермейтінін түсінеді. Жедел жәрдем келмейтінін, жаныңда дәрігер болмауы мүмкін екенін, тіпті қасыңнан ешкім табылмауы мүмкін екенін де біледі. Адам осының бәрін саналы түрде қабылдап, қандай тәуекелге баратынын түсінеді. Сондықтан әр тау өзінше қауіпті. Қай тау болса да, оған қандай ауа райы жағдайында көтерілетінің маңызды.
Иә, расында да, Денали шыңына екінші әрекетімде ғана көтеріле алдым. "Жеті шың" жобасының аяқталуы да сол себепті созылып кетті. Бастапқыда күрделірек саналатын "Жеті шың" жобасын бірінші аяқтап, содан кейін оған қосымша "Жеті жанартау" жобасын орындаймын деп ойлағанмын. Жанартаулардың пішіні өзгеше болғандықтан, оларға шығу салыстырмалы түрде жеңілірек саналады. Жанартауларда тік өрлер, альпинистер өрмелеп шығатын кәдімгі құз қабырғалары болмайды.
Бірақ Деналиде ауа райына байланысты бәрі басқаша болды. Шыңға шығатын шешуші өрлеудің дәл алдында америкалық рейнджерлер мен гидтер қар көшкіні қаупінің аса жоғары болуына байланысты барлық топты лагерден артқа қайтарды. Қалыңдығы бір жарым метр қар жауды. Ол беткейде тұтас сөре тәрізді қабат болып жиналып, кез келген сәтте төмен қарай сырғып кетуі мүмкін еді.
Деналидің өзі де табиғаты қатал, қауіпті тау саналады. Сондықтан сол жолы қауіптің шынымен жоғары болғанымен келісемін. Осындай үлкен тәуекелге қарамастан шыңға ұмтылу орынсыз болар еді деп ойлаймын. Осылайша Денали екінші талпыныста ғана жеткен жалғыз шыңым болды.
– Жеті шыңның ең соңғысына шыққан сәтте не сезіндіңіз? Шың басында Қазақстан туын көтерген кезде әркез қандай сезімді бастан кешесіз?
– Биік таулы альпинизмге қатты қызыққаным соншалық, екі жылдың ішінде "Жеті жанартау" жобасын аяқтадым. Ал биыл, тауға өрмелей бастағаныма үшінші жыл болғанда, Денали шыңына көтеріліп, "Жеті шың" жобасын да тәмамдадым. Осының бәрі аяқталғанына аздап қимастық сезімі бар. Дегенмен жер шарында басқа да таулар көп қой. Сондықтан әлі де талай жаңа шыңға көтерілемін деп сенемін.
Қай тауға шықсам да Қазақстан туын жанымнан тастамаймын. Бір туды жиырмадан астам шыңның басына алып шықтым. Қолымда көк байрағымыз желбірегенде және оның шыңға тіккенле еліме аз да болса өз үлесімді қосқандай боламын. Оның үстіне кейбір шыңдарда туымыз тұңғыш рет көтерілді. Сондай сәтте бойымды қуаныш, бақыт, Отаныма деген мақтаныш кернейді. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Тек ең асқақ сөздермен ғана сипаттауға болады.
– Екі бағдарламаны орындауға қанша уақыт кетті? Бір экспедицияға орта есеппен қанша уақыт кетеді?
– Экспедицияға дайындық әрдайым ниеттен, өзіңді іштей сол сапарға бейімдеуден басталады. Шынымды айтсам, жұмысбастылыққа байланысты дайындыққа үнемі жеткілікті көңіл бөле бермеймін. Мұндайда, сірә, ағзамның биік таулы альпинизмге табиғатынан бейімділігі, жазықпен салыстырғанда ауадағы оттегінің аздығына төзімділігі көбірек көмектесетін болар. Әрине, бұдан басқа да көптеген фактор бар.
Экспедицияға кететін уақыт негізінен шыңның немесе жанартаудың биіктігіне байланысты. Биіктігі шамамен бес мың метр болса, әдетте бір аптадан аспайды. Алты мың метр болса – екі апта, 7 мың метр болса – үш апта деуге болады. Ал 8 мың метрлік шыңға шығуға жалпы бір айға жуық, кейде тіпті бір жарым ай уақыт кетуі мүмкін.
Шыңға шығуға кететін уақыт жыл өткен сайын қысқарып келеді. Бұған биік таулы экспедицияларды ұйымдастыру тәсілдері жетіліп, құрал-жабдықтар да жақсарып келе жатқаны себеп. Сапасы артып қана қоймай, салмағы да жеңілдеп жатыр. Бұл да аз рөл атқармайды. Шыңдарға шығатындар қатары да артып келе жатқан сияқты. Соның арқасында адамзаттың осы саладағы тәжірибесі де толыға түседі.
– Экспедицияларға қалай дайындаласыз? Қай жағынан қиынырақ: физикалық тұрғыдан ба, әлде психологиялық тұрғыдан ба?
– Психологиялық тұрғыдан дайындалу маған жеңілірек, өйткені тауға ғашықпын. Сондықтан экспедиция кезінде ешқашан психологиялық кедергі болмайды.
Ал дене дайындығына келсек, әрине, әрдайым көбірек әрі жақсырақ дайындалғың келеді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, уақыт тапшылығынан ойдағыдай дайындалу үнемі мүмкін бола бермейді. Сондықтан дайындықтың белгілі бір бөлігін таудың өзінде, биіктікке бейімделу кезеңінде пысықтауға тура келеді.
– Коммерциялық альпинизм көп ресурсты қажет ететіні анық. Бір экспедицияға шамамен қанша қаржы қажет?
– Коммерциялық альпинизм де, спорттық альпинизм де, әрине, көп ресурсты, қомақты қаражатты қажет етеді. Өйткені ең алдымен базалық лагерьлерге жету керек. Ал олар әртүрлі құрлықта орналасуы мүмкін. Шығынға әуе билеттерін, басқа да көлік шығындарын, сондай-ақ құрал-жабдық пен киім-кешекке кететін қаражатты қосыңыз. Осының бәрі жинала келе едәуір сомаға айналады.
Сондықтан бір экспедицияға нақты қанша қаражат кететінін айту қиын. Бірақ қалай болғанда да, альпинизммен әуестену шынымен қомақты шығынды талап етеді.
– Ақшадан бөлек, қасыңызда тәжірибелі команда болуы керек емес пе? Оларды қалай таңдайсыз? Экспедицияның сәтті болуы командаға қаншалық тәуелді?
– Экспедицияда команда мәселесі бірінші орында тұрады. Ең маңызды нәрсе деуге болады. Кіммен бірге жолға шығатының, жаныңда кім болатыны аса маңызды. Психологиялық тұрғыдан да, көңіл күйің үшін де, шыңға сәтті шығу үшін де мәні зор.
Шыңдардың көбіне Александр Абрамовтың жетекшілігіндегі "Жеті шың" клубымен бірге көтерілдім. Өзге шыңдарға көтерілген сапарларымның едәуір бөлігін Тау даярлығы орталығының подполковнигі Аманжол Рахметовпен бір командада өткіздім. Ол – рухы мықты, қайсар, кәсіби альпинист, Отанымызды шексіз сүйетін азамат.
– Экспедициялар кезінде өміріңізге қауіп төнген жағдай болды ма? "Осы шыңнан кейін бітті, енді қауіпті экспедицияға бармаймын" дейтін кезіңіз болды ма?
– Экспедициялар кезінде қиын да қауіпті жағдайларға тап болдым. Бірақ мұндай сәттерде үрейге бой алдырмай, абыржымай, сабыр сақтадым. Сондықтан "енді тауға ешқашан шықпаймын" деп серт берген емеспін. Керісінше, қиындықтарды қайсарлықпен еңсеруге тырыстым. Таудан түсіп үлгермей жатып-ақ, келесі тауды армандайтынмын. Қазір де дәл солай. Сондықтан "осымен болды, енді ешқандай тауға шықпаймын" деген ой болған емес.
– Антарктидадағы Сидли жанартауына шыққанда боран соғып, айнала көрінбегенін айтқан едіңіз. Осындай жағдайда тоқтамай жүре беру не артқа қайту туралы шешімді қалай қабылдайсыз?
– Төтенше жағдайда әрдайым ақылға салып, өмірің мен денсаулығың үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз шешім қабылдау аса қажет. Тіпті кері қайтуға шешім қабылдаудың өзі де үнемі ең дұрыс қадам бола бермейді. Кейде экспедицияны жалғастырған орындырақ болуы мүмкін. Бірақ мұндайда қауіпсіздік шараларына баса назар аударып, денсаулығың мен өміріңе қатер төндірмеу үшін өз күшіңді, қолыңдағы мүмкіндіктер мен ресурстарды мұқият бағалап отыру керек.
Бастысы – ең парасатты шешімді таба білу.
– Биік тауда ағзаңызда қандай өзгерістер болады? Оттегі жетіспеушілігімен және биіктік ауруымен қалай күресесіз? Биік тауға шыққанда акклимитизация жасау не үшін маңызды?
– Альпинизммен айналысатын адамдардан сұрасаңыз, әрқайсы әрқалай жауап береді. Биіктік адам ағзасына әрқалай әсер етеді. Расында да, тау ауруы деген бар. Бірақ өз басым оның белгілерін байқамаймын. Ағзамның туа біткен табиғи ерекшелігі деп ойлаймын. Биікте өзімді жақсы әрі сергек сезінемін. Дегенмен биіктіктің ағзаға әсер ететіні анық.
Тау ауруының белгілерімен күресудің әрі оның алдын алудың бірден-бір жолы – биіктікке дұрыс бейімделу, яғни акклиматизациядан сауатты өту. Бұған тиісті көңіл бөлу қажет.
– Альпинист үшін ең қауіпті деп қайсын атар едіңіз? Физикалық шаршау, тәжірибенің жетіспеуі әлде психологиялық тұрғыдан сынып қалу ма?
– Мұның бәрін біртұтас қарастыру керек. Адам алдымен психологиялық тұрғыдан сыр береді. Бұл бірден оның физикалық тұрғыдан қажуына, жалпы ағзасының күйіне әсер етеді. Сондықтан бұларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Қандай жағдай болса да адам сабыр сақтап, рухын түсірмеуі керек. Үрейге бой алдырмауы қажет. Әрбір әрекеті байыпты, ақылға қонымды әрі дер кезінде жасалып, жағдайға сай болуға тиіс.
– Сіз қазір 61 жастасыз. Ал қоғамда "жас болмаса, мұндай физикалық дайындықты қажет ететін іспен айналысу қиын" деген стереотип бар. Альпинизм денсаулығыңызға қалай әсер етті?
– Иә, альпинизм тек жастарға арналған деген стереотипті жоққа шығармаймын. Альпинизмнің тек пайдасын көріп жүрмін. Денсаулығымның нығайып келе жатқанын, мінезімнің шыңдала түскенін сеземін. Өзімді жас сезінемін.
– Альпинизмді "азарт" деп жатады. Әрдайым адам өмірі қатерде тұратындықтан мұнымен не үшін айналысады деп түсінбейді. Сіз бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз?
– Меніңше, кез келген спортта қызығушылық та, құлшыныс пен жеңіске деген ұмтылыс та бар. Сол құлшыныс жеткен жетістігіңмен шектелмей, алға басып, жаңа белестерге ұмтылудан көрінеді.
Альпинизмнің ең қауіпті спорт түрлерінің бірі екенімен келісемін, себебі кей жағдайда адам қаза табады. Кейде тіпті денесін табу да мүмкін болмай қалады. Мұндай да болады.Кейбіреулер бұл спортты түсіне алмайды. Адамдар әртүрлі ғой, әркімнің дүниені қабылдауы да бөлек. Сондықтан олардың ойынша, альпинизммен айналысу – орынсыз тәуекел жасау, басыңды қатерге тігу.
Ол ғана емес, тәуекел жасауға тура келетін мамандықтар көп. Адамзаттың бір бөлігі дүниені танып-білуге құштар. Олар жер шарындағы әлі де сыры ашылмаған түкпірлерді көріп, танығанды ұнатады.
Сондықтан қауіп-қатері жоғары болғандықтан альпинизмді қабылдай алмайтын адамдардың ұстанымын қалыпты деп санаймын. Сонымен бірге батыл қадамға баратын, қиындықтан қорықпайтын, үнемі алға және биікке ұмтылатын жандардың бары да қалыпты әрі жақсы құбылыс деп ойлаймын.
– Екі жобаны аяқтап, мақсатыңызға жеттіңіз. Алдағы уақытта қандай экспедицияларға дайындалып жатырсыз? Ендігі жоспарыңыз, арманыңыз қандай?
– Әйгілі "Жеті шың" және "Жеті жанартау" жобаларын аяқтағаннан кейін жеткен жетістігіммен шектеліп қалмақ емеспін. Ендігі жоспарым – сегіз мың метрлік шыңдарға шығу. Мені әлі осындай 12 шың күтіп тұр. Қоржынымда Эверест пен Манаслу бар. Әртүрлі құрлықтарда өзім баруды армандайтын басқа да әсем таулар көп.
Жақын арада Латын Америкасына экспедицияға аттанып, ондағы бірнеше шыңға көтерілсем деймін. Ал көктемде Гималайдағы сегіз мың метрлік шыңдардың біріне шығуды ойлап жүрмін.
– Қазақстанда альпинизмнің дамуына қандай баға бересіз? Қандай мәселелер бар? Жас альпинистерге жағдай жасау үшін не қажет?
– Меніңше, қазақстандық альпинизмнің әлемде лайық орны бар. Басқа елдердің альпинистерімен араласқанда, олардың Қазақстанға деген құрметін үнемі сеземін.
Жас альпинистер үшін базалар мен тау лагерьлерін ашып, альпинизм саласын қаржыландыруды дұрыс жолға қою қажет. Сондай-ақ бұған ең жоғары мемлекеттік деңгейде зор көңіл бөлінуі керек.
Биыл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына орасан үлес қосқан әйгілі он альпинист алғаш рет жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Менің ойымша, бұл да өз кезегінде көпке серпін беріп, халқымыздың арасында альпинизмге қызығатын жандардың қатары арта түсуіне ықпал етеді.
– Қазір альпинизмге қызығатын, тауға шығатын жастар көп. Алайда олар қауіпсіздікті ұмытып кетеді. Жастық максимализммен тіпті тауға дайындықсыз жалғыз шығып кетеді. Кей жағдайда адасып, тіпті өліп кетіп жатыр. Шыңға ұмтылған жас ұрпаққа қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Қазақстанда альпинизммен айналысатындардың қатары жастармен толығып келеді және бұл қуантады. Бірақ жастар биік таудың қатері бар екенін әрдайым есте ұстауы керек. Өзім жиі айтатынымдай, таумен "сіз" деп сөйлесу керек, оған зор құрметпен қарау қажет. Тауда қауіпсіздік ережелерін елемеуге болмайды.
Өз басым тауға жалғыз шығуды, әсіресе білмейтін жолмен жүруді құптамаймын. Ал кейін соны мақтанға айналдырғанды мүлде ұнатпаймын. Өйткені тауға шығу өз нәпсіңді қанағаттандырудың, жұртқа бірдеңе дәлелдеудің, көзге түсудің немесе мақтанудың жолы емес.
Сондықтан адам ең алдымен қауіпсіздікті ойлауы керек. Тауға аттанбай тұрып-ақ, тек шыңға жетуді емес, үйге аман-есен, сау, еш жарақатсыз оралуды мақсат етуі қажет.
Жастарға айтар кеңесім: кім тез көтеріледі деп, бір-біріңмен жарыспаңдар. Тау – жарыс алаңы емес. Меніңше, тауға байыппен, ақылға салып шығу керек. Әсіресе жастар үшін ең бастысы – қауіпсіздік, қауіпсіздік және тағы да қауіпсіздік. Қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Асықпау керек.
Нәтиже дегеніміз – шыңға жету ғана емес, сол шыңнан аман-есен түсіп, үйге оралу.
Эвересті бағындырған қазақ қызы: Өте қорқынышты сәт болды. Бірақ "Күшіміз барда, жүре беруіміз керек" деп ойладым
Қазақ қызы Эвересті бағындырмақ. Альпинист Анар Бурашевамен сұхбат