Бал жүрек ауруларынан айықтырады. Оның ғылыми дәлелденген пайдасы қандай

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Ғалымдардың айтуынша, апитерапия жүйке, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің жұмысын қалпына келтіреді.

Заманауи медицина мен биохимия ғылымы балдың бактерияға қарсы антиоксиданттық әрі иммунитетті көтеретін қасиеттерін толықтай дәлелдеген. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, балдың құрамында 200-ден астам белсенді зат, соның ішінде ферменттер, аминқышқылдары, микроэлементтер мен флавоноидтар бар. Ал ара өнімдерімен емдеу әдісі – апитерапия жүйке, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің жұмысын қалпына келтіруде жоғары тиімділік көрсетеді.

Жетісу облысында бал шаруашылығымен айналысатын Сұңғат Қайролла балдың басты үш пайдалы қасиетіне тоқталды.

"Өнім өндірісінде Қазақстанның кең байтақ жерінде өсетін жеміс-жидектер, шөптер мен гүлдерден алынатын экстрактілер мен эфир майлары пайдаланылады. Оған қоса омартамыздан жиналған табиғи таза, жабайы балымыз бар. Осы табиғи байлықтарды қосу арқылы денсаулыққа пайдалы өнімдер дайындаймыз. Компания ашылғалы екі жыл ішінде 21 түрлі өнім дайындалды. Олардың бағыты әртүрлі: асқазан жұмысын жақсартатын, инфаркт пен инсульттың алдын алатын, стресс пен депрессияға қарсы қолданылатын өнімдер бар. Өнімдерді табиғи дәрумендерді өзара үйлестіру арқылы жасаймыз. Омартаны осы жерде ұстауымыздың да өзіндік себебі бар. Балдың ғылыми әрі медициналық тұрғыда дәлелденген үш ерекшелігі мынадай: консервант: Таза бал өнімнің ұзақ мерзім бойы сақталуын қамтамасыз етеді; катализатор: Өсімдік экстрактілері мен майларын балға арнайы рецептурамен қосқанда, бал олардың шипалық қуатын табиғи жолмен 2-3 есеге дейін күшейтеді; табиғи транспортир: Бал жеген соң асқазанда толық ыдырап кетпей, бірден қанға өтеді де, ағзаға жылдам әсер етеді. Осы ерекшеліктерді ескере отырып 21 түрлі өнім дайындадық. Сондай-ақ қысқа уақыт ішінде экспортты да қолға алдық. Бұл өнімді жай бал сияқты жеуге болмайды, оның өзіндік ережесі бар: таңертең және кешке аш қарынға иммунитет көтеруші табиғи өнім ретінде қабылданады. Болашақта омарта аумағын кеңейтіп, келесі жылы апи-үйшіктер орнатуды жоспарлап отырмыз. Апитерапия – арамен емдеу әдісі. Келушілер апи-үйшіктерде 1-2 сағат демалып, жүйке жүйесін тынықтыра алады. Бұл – әлемде дәлелденген әрі кең тараған емдеу тәсілі", – деді Сұңғат Қайролла. 

Бал құю процесі. Фото: Informburo.kz

Сұңғат Қойролланың айтуынша, балдың үш негізгі қасиеті биохимиялық тұрғыдан толық расталады. Балдың төмен ылғалдылығы мен жоғары осмостық қысымы микроорганизмдердің көбеюіне жол бермейді, бұл оны табиғи консервант етеді. Сондай-ақ балдың құрамындағы глюкоза мен фруктоза қарапайым қант болғандықтан, олар асқазанда ұзақ қорытылуды талап етпей, ішек пен кілегейлі қабық арқылы бірден қанға сіңіріледі. Ал апи-үйшіктердегі терапия – ара ұясынан бөлінетін прополис, эфир майлары, перга мен фитонцидтерге толы микроклиматпен демалу арқылы тыныс алу жүйесін тазалап, стресс деңгейін төмендететіні клиникалық зерттеулерде дәлелденген.

Фото: Informburo.kz

Жетісу облысы Текелі қаласының тұрғыны, тәжірибелі омарташы Ақан Оразбекұлы Жұматаев аралардың тіршілік циклі мен тау балының ерекшелігіне тоқталды.

"Осыдан жеті жыл бұрын бұл істі әуесқойлық ретінде төрт омартадан бастаған едім. Осы шаруашылықпен түбегейлі айналысқаныма екі жылдай болды. Жыл сайын омарта санын көбейтіп, қазіргі таңда 250 ара отбасын бағып отырмыз. Ара өсірудің денсаулыққа пайдасы мол, тіпті ара шағудың да емдік қасиеті бар. Бұрын жүрегім ауырып, стенокардиядан зардап шегетінмін, ал арамен айналыса бастағалы бері денсаулығым жақсарып, жүрек ауруы мазаламайтын болды. Біз алып жатқан өнім – таулы аймақтың сан түрлі өсімдіктерінен жиналған табиғи, таза әрі бағалы бал. Қазіргі таңда 250 омарта бар, алдағы уақытта оны одан әрі көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ауа райы қолайлы, жаз жауын-шашынды әрі берекелі болса, маусымына екі-үш рет бал шайқап аламыз. Әр омартадан орта есеппен 30 келідей бал жиналады", – деді Ақан Жұматаев.

Омарташының айтуынша, араның тіршілігі мен жұмыс процесі де өте қызық. Аналық ара жазғы бал жинау маусымында күніне 1500-2000-ға дейін жұмыртқа салады. Қарбалас мезгілде аянбай жұмыс істейтіндіктен, жұмысшы аралардың өмір сүру ұзақтығы шамамен 40 күннен аспайды. Олар өзінен кейінгі ұрпаққа орын босатып, ұя үздіксіз дамып отырады. Ал еркек аралардың ұядағы орны бөлек: олар бал жинамайды, бала бақпайды, тек тамақтанып, тіршілік етеді.

Фото: Informburo.kz

Жұмысшы аралар өз өмірінде бірнеше кезеңнен өтеді:

  • алғашқы аптада ұяның ішіндегі дернәсілдерді бағып, күтім жасайды;
  • екінші аптада ұяны тазалап, санитарлық қызмет атқарады;
  • үшінші аптадан бастап бал жинауға сыртқа ұшады.

Сондай-ақ ұяны қорғайтын күзетші аралар болады. Олар бөгде ұяның араларын ішке кіргізбейді, өйткені әр ұяның өзіне тән иісі мен тұқымдық ерекшелігі бар. Таулы аймақта жүзден астам гүл мен өсімдік түрі кездеседі. 

"Араларымыз жақын маңдағы аңғарлардан бастап, биік жоталарға, қар жатқан "Суықтөбе" бөктеріне дейін ұшады. Азық қоры азайған жағдайда аралар 5-тен 8 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшып барып, бал жинай алады", – деп қосты Ақан Жұматаев.


Оқи отырыңыз: Ара өсіріп, бал сатып байып кетуге бола ма?


Омарташының ара уымен емделу (апитоксинотерапия) туралы жеке тәжірибесі заманауи кардиофармакология ғылымымен толық сәйкес келеді. Ара уының құрамындағы мелиттин мен апамин пептидтері қан тамырларын кеңейтіп, қанның тұтқырлығын төмендетеді. Бұл жүректің ишемиялық аурулары мен стенокардия кезінде қан айналымын едәуір жақсартады. Сонымен қатар, таулы аймақтардағы алуан түрлі дәрілік өсімдіктерден жиналған бал бір ғана өсімдіктен жиналған балға қарағанда антиоксиданттарға, минералдарға және ферменттерге әлдеқайда бай келеді.

Омарта. Фото: Informburo.kz

Сонымен қатар, балдың шаш пен теріге пайдасы оның құрамындағы В тобындағы дәрумендер, С дәрумені және мыс, цинк сияқты элементтерге байланысты. Олар коллаген синтезін ынталандырып, жасушалардың жаңаруын тездетеді. Ал балдың кристалданбауы оның құрамындағы глюкоза мен фруктозаның арақатынасына тікелей байланысты. Егер балда фруктоза мөлшері глюкозадан жоғары болса, ол ұзақ уақыт бойы сұйық әрі мөлдір қалпын сақтайды. Бұл – өнімнің табиғилығы мен жоғары сапасының белгісі.

Фото: Informburo.kz

Бал мен ара өнімдері – табиғаттың адамзатқа ұсынған ең бағалы сыйларының бірі. Оны дұрыс өндіру, ғылыми рецептурамен ұштастыру және орынды тұтыну – денсаулықты нығайтудың ең табиғи әрі тиімді жолы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау