Алматы қаласында тауға шығатын туристерді міндетті түрде тіркеуден өткізу жүйесі енгізілмек. Құтқарушылар мен туризм басқармасының өкілдері бұл бастама қауіпсіздікті арттырып, оқыс оқиғалардың санын азайту мақсатында қолға алынып отырғанын мәлімдеді.
Алматы қаласы туризм басқармасының туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ерғалиевтің айтуынша, жаңа жүйе Төтенше жағдайлар қызметі және альпинизм федерациясымен бірлесіп әзірленіп жатыр.
"Жобалар пулы бар, алда топтасып сапар шегетіндерді тіркей бастаймыз. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін керек", – деді ол.
Оның айтуынша, қалада тау маршруттарын абаттандыру және қауіпсіз инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1000 шақырымнан астам тау жолы цифрландырылып, оның шамамен 850 шақырымы абаттандырылған. Бағыттаушы белгілер, навигациялық көрсеткіштер орнатылып, демалыс аймақтары мен қауіпсіздік элементтері жабдықталған.
Былтыр 100 шақырым тау соқпағы жаңартылса, биыл тағы 350 шақырымды қамту жоспарланған. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін күн панельдері бар кемпинг аймақтары да жасалған.
ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Вадим Пактың айтуынша, таудағы оқыс оқиғалардың басым бөлігі туристердің дайындықсыз шығуынан болады.
Оның сөзінше, туристер көбіне ауа райын ескермейді, дұрыс киім мен аяқ киім таңдамауы және маршруттың күрделілігін бағаламауы салдарынан қиын жағдайға тап болады. Сондықтан сапарға алдын ала дайындалып, мүмкіндігін дұрыс бағалау маңызды. Сондай-ақ құтқарушылар тауға шығар алдында жақындарына бағытын хабарлап, дәрі қобдишасы, су, азық-түлік және жылы киім алып жүру керектігін ескертеді. Навигация құралдарын пайдалану және ауа райын алдын ала тексеру де ұсынылады. Жабайы жануарлармен кездескен жағдайда сабыр сақтап, оларды үркітпеу, арақашықтықты сақтау қажет екені айтылды.
Мамандардың пікірінше, туристерді тіркеу жүйесі мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау таудағы демалысты қауіпсіз етіп, төтенше жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді.