Тікелей эфир

ТМД елдері ішінде екінші орында: Елде тұрғын үйді жалға алу құны бір жылда 28% қымбаттады

Қазақстанда жалға алу құны инфляция мен жалақыға қарағанда айтарлықтай тез өсуде.

Биыл шілде айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бір айда 1,9% және бір жылда 28,6% қымбаттады. Бұл туралы energyprom.kz жазды.

Шілде айында елде тауарлар мен қызметтер бір айда 0,6% және бір жылда 14% қымбаттаған, ал 2023 жылдың екінші тоқсанында жалақының нақты өсімі 4,7% және былтырғы сәйкес тоқсанмен салыстырғанда небәрі 1,2% өскен. Яғни, жалдау құны азаматтардың жалақысы мен инфляцияға қарағанда тез өсуде.

Айлық динамикада еліміздің ірі қалалары арасында жалдау құны Қарағандыда (3,9%), Алматыда (3,1%), Петропавлда (0,6%) және Шымкентте (0,1%) өсті.

Жылдық динамикада бағаның өсуі барлық ірі қалаларда байқалды, тек Түркістанда 3% төмендеді. Ең жоғары қымбаттау Алматыда (43,1%), Петропавлда (40,3%) және Көкшетауда (37,1%) байқалды.


Оқи отырыңыз: Вьетнамның ең ірі конгломераты Қазақстанда сауда-логистикалық орталық салады


Numbeo мәліметінше, биыл 17 тамызында қала орталығынан алыс жерде орналасқан бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны бойынша Қазақстан 102 елдің ішінде 56-орынға ие болса (394,9 АҚШ доллары), қаланың орталығында орналасқан пәтерді жалға алу құны бойынша – 57-орынға (569,1 АҚШ доллары) ие болды.

Мұндай пәтерді жалға алудың әлемдегі ең төмен бағалары Бангладеш, Пәкістан және Непалда олса, ең жоғарысы Сингапурда болды.

ТМД елдері арасында Қазақстаннан тек Арменияда ғана қымбат. Онда қала орталығында бір бөлмелі пәтердің құны 1 мың АҚШ долларын құрады. Орталықтан алыс жерде орналасқан пәтер – 680,1 АҚШ доллары. Мұндай тұрғын үйді жалға алудың ең төменгі құны Әзірбайжанда байқалды: 326,9 АҚШ долларына орталықтағы пәтерді, ал 193,6 АҚШ долларына орталықтан алыс жерде орналасқан пәтер жалдауға болады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда пәтер жалдау құны 33 пайыз арзандады.


 

Серіктестер жаңалықтары