Тікелей эфир

Вьетнамның ең ірі конгломераты Қазақстанда сауда-логистикалық орталық салады

SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгты қабылдады. Кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі. 

Президент компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды.

"Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтты. Бұдан бөлек, SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр", – делінген хабарламада. 

Президент вьетнамдық компанияның алдағы жоспарларын құптап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін еліміздің Үкіметі тарапынан жан-жақты колдау көрсетілетініне сенім білдірді.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Вьетнам Үкіметі визасыз режимге қол қойды


SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары