Қазақстанда кепілсіз несие рәсімдеген тұтынушыларға қарыздан бас тартудың жаңа мүмкіндігі беріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа талаптарына сәйкес, азаматтар банк немесе микроқаржы ұйымымен шарт жасасқаннан кейін 14 күн ішінде несиені қайтаруға құқылы, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы
Жаңа тәртіп бойынша, егер тұтынушы несие рәсімдеп, кейін қаражатты алудан бас тартса, оны 14 күн ішінде қайтаруға болады. Бұл жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы қарызды мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін өсімпұл, комиссия немесе тұрақсыздық айыбын талап ете алмайды. Алайда азамат ақшаны өз шотында пайдаланған күндері үшін есептелген сыйақыны төлеуге міндетті. Яғни қарыз алушы қаражатты үш күн, бір апта немесе он күн пайдаланса, тек сол кезеңге есептелген сыйақыны өтейді.
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, жаңа норма екі тарапқа да тиімді.
"Егер сен, мәселен, дүкеннен бір зат алсаң, оның бір жері сәл ұнамаса, қайтарып беруге мүмкіндігің бар ғой. Әрине, ол бұзылмай, бәрі орнында тұрса. Онда сен ештеңе жоғалтпайсың. Ал бұл жерде сен, мәселен, үш күн, бір апта, он күн пайдалансаң, сол күндік несиені қолданғаның үшін ақша қосымша төлейсің", – деді сарапшы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие шарттары мен пайыздық мөлшерлемені, сондай-ақ қарыз алуға байланысты тәуекелдерді жасыруға тыйым салуды көздеп отыр. Сонымен қатар қаржы ұйымдарының клиенттерге қосымша қызметтерді мәжбүрлі түрде ұсынуына шектеу қойылады.
Бұл талаптар тұтынушылардың қаржылық құқықтарын қорғауға және несие рәсімдеу кезінде шешім қабылдаудың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, қазір коллекторлық агенттіктердің өндірісіндегі проблемалық қарыз көлемі 1,2 трлн теңгеден асқан. Сегіз айдағы өсім 26,2%-ды құраған.
Есептелген сыйақы мөлшері 129,2 млрд теңгеге жетіп, 27,8%-ға өскен. Берешектің негізгі бөлігі – шамамен 1 трлн теңге – екінші деңгейлі банктердің үлесінде. Ал микроқаржы ұйымдары коллекторларға 67,3 млрд теңгенің талаптарын өткізген.