Тікелей эфир

Биоагенттермен жұмыс істейтін ветеринарлардың еңбекақысына 35-50% қосымша ақы төленеді

Сонымен қатар, 2 лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы қарастырылған.

Биылдан бастап I және II патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринарлардың еңбекақысына кемінде 35 және 50 пайыз қосымша ақы және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленетін болады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

"Сондай-ақ, кәсіпорындар түрінде де, мекеме түрінде де құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ақылы қызмет түрлерін көрсетуі есебінен еңбекақыны ұлғайту мүмкін деп есептейміз. Бұл ретте, қолданыстағы заңнама ветеринария саласындағы мекемелерге тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді, оларды өткізуден түскен ақша олардың иелігінде қалады", – деп жазылған хатта.


Оқи отырыңыз: 


Сонымен қатар жалақыны көтеру мәселесін жүйелі шешу үшін "Ветеринария туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделен. Онда ветеринарлардың мәртебесі нақты жазылады, "Қазақстанның ветеринария саласына еңбек сіңірген маманы", "Ветеринария саласындағы үздік маман" сынды ведомстволық наградалар бекітіледі, ветеринариялық іс-шараларды өткізу кезеңінде арнайы киіммен, жабдықпен қамтамасыз ету көзделеді.

Мамандардың нормативтік жүктемесіне сәйкес жалақыны ұлғайту, біліктілік деңгейіне сәйкес еңбекке ынталандыру, қосымша ақылар, үстемеақылар төлеу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту (кемінде 2 лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы белгілеу; ветеринария саласындағы ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы) көзделеді.


Оқи отырыңыз:


Айта кетейік, биыл ветеринариялық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50,3 пайызға өскен. Сонымен қатар кадр даярлау үшін ауыл квотасы 5 пайызға ұлғайтылды, 925 білім беру гранты бөлінді. Министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының базасында студенттер үшін практикалық сабақтар өткізіліп жатыр.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары